ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙҒА ОРАЛСАҚ…

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Осыған дейін «Тіл сақшысы» айдарында министрліктердің сайтындағы қателер мен сауатсыз аудармалар туралы бірнеше мәрте жазған едік. Жазып қана қоймай, жазғанымызды өздеріне жолдадық. Жауап келді.

Естеріңізде болса, газетіміздің №31 нөмірінде «Министрлік сайтын аштың ба, қателерді көрдің бе?» деген тақырыппен Ішкі істер, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ­ми­нистр­ліктерінің ресми сайтына жасаған шолуымыз туралы жазған едік. Сайттағы ақпараттарында қате жазылған мәтіндер мен ­сапасы сын көтермейтін аудармалар бар екенін ескертіп, аталған министрліктерге хат жолдадық. Бір уақытта. Әзірге тек Ішкі істер министрлігінен ғана жауап келді. Онда «Республикалық «Ана тілі» газетінің 2018 жылғы 2-8 тамыздағы №31 (1445) санында жарияланған Қазақстан ­Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ресми интернет-ресурсының «Балалар айдарындағы» қателіктер түзетілді» деп жазылған. Түзетілгеніне көз жеткізуді жөн санадық.
«Есіртіге масаю белгілері. Есірткі тұтынудың жалпы белгілері» деген ақпаратта «Мінез-құлық белгілері: қасында болып жатқандарға барған сайын мән аудармау» деген жол туралы жазғанбыз. «Мән бермеу», «Көңіл аудармау» деген тіркестің бар екенін, бірақ «мән аудармау» дегенді бірінші рет естіп отырғанымызды атап өтіп, сөйлемнің «Айналасында болып жатқан жағдайларға қызығушылығының азаюы, мән бермеу» болуы керек екенін ескерттік. Тақырыпта «к» әрпінің түсіп қалғанын да қостық. Қате дәл біз айтқандай түзетіліпті. «Жол «ұстаулары» деген бөлімдегі сапасыз аудармалар да жөнге келтіріліпті. «Жол ұстаулары» енді «жол кедергілері» деп өзгертілген. «Судағы қауіпсіздік ережелері» деген жадынамаға қатысты айтылған ескертулер де назарға алыныпты. Біз онда «Қоршау белгісінен әрі жүзімеңіз», «Өтіп бара жатырған катердің, қайықтың астынан жүзіп өтпеңіз» деген сынды қателерді көрсеткен болатынбыз.


Дегенмен, біздің тарапымыздан айтылған сын-ескертпелердің ескерілмеген тұстары да бар. Мәселен, әкімшілік полиция ко­митеті әзірлеген «Өзіңді сексуал­дық зорлық-зомбылықтан қалай қорғау керек» деген жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына арналған құжат бар. Сондағы әріптік қателер мен қисынсыз сөйлемдер сол қалпы мұрты қисаймаған күйі қалыпты: «отбаснан тыс жерден», «бұрынғы рұқсат оларға болашақтағы қылыққа міндеттемейді», «базбалалар», «көлікті тәуекелдеп тоқтатпаңыз, сізді бейтаныс адамдар жетк3з3п салуына келіспеңіз», «жетелсаты», «сізд34 достарыңыз болуға рұқсат етпейді, сізді тексереді, қарым-қатынастың ізілуін қабылдамайды», «көмектесңіздер», «очылай істеуге міндетті», «ренжетушілер», «мәселелерден қытылуға көмектесу», «қадір-қасеті сезімі», «зрлықшылды» және тағы да басқа. Бір бұл ғана емес, «Балаларға арналған жадынама» да – баяғы жартас. Енді сұрақ: Министрлікке қарасты Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры А.Садубаев қол қойған жауап хатында жазылғандай, қателіктер түзетілген бе? Жоқ деуге қисыны келмей тұр, иә деуге тағы аузымыз бармайды…
Дегенмен, жыламаған баланың аш қалатыны сынды, аш қалмау үшін әрекеттенуді жалғастыра береміз. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және сауатсыздықпен күрес мақсатындағы бастаманы қолдаушылардың қатары да күн санап артып келеді. Оқырмандарымыз поштамызға өздерінің пікірін жазып, көрген-білген қате жазуларды суретке түсіріп жіберуде. Мәселен бір оқырманнан келген жарнама назарымызды аударды. Ол – су өткізбейтін праймердің жарнамасы. Алматыдағы №38 автобуста ілінген. «Сіз ендігәрі ешқашан көршілеріңізді суырмайсыз!» деп жазыпты. Көршісін «суырмайтын» жарнаманың иесі – «Белый дом» ЖШС. Жарнама мәтінінің қате аударылғанын ескертіп, кімге аудартқанын, қайда жасатқанын білу үшін суретте көрсетілген нөмірге хабарластық. Тұтқаны көтерген қызметкер жарнама бөлімінің басшысы еңбек демалысында екенін, ал суреттегі жарнаманың уақыты бітуіне 2 күн қалғанын, одан кейін алып тастайтынын айтты. «Келесі кезекте ескереміз» дейді.
Тағы бір оқырманнан «Ай­на­лайын» сүтінің суреті келді. Сүт­тің сыртында «Мені қайнатуға керек жоқ. Құйып ішуге болады» деп жазылған. Ал орысшасы – «Меня не нужно кипятить! Можно наливать и пить!». Сауатсыз аударма. ­Осыны ескерту үшін өндіруші Raimbek GROUP АҚ-қа хабарластық. Компанияның PR-директоры Татьяна Бендзь мәтінде шынымен қателік кеткенін мойындап, қаптаманың жаңа дизайнын шығарарда мәтінді түзеуге уәде беретіндерін жеткізді. «Ең алдымен, біздің өнімге ­назар аударып, оның ішінде мәтінге жіті көңіл бөлгеніңіз үшін Сізге өз алғысымызды білдіреміз. Сіз нұсқаған қателіктердің орын ал­ғанын өкінішпен мойындаймыз.Ескере кетер жәйт, жарнамалық мәтіндерді аударған, біздің серіктесіміз – Tetra Pak компаниясы. Біз бұл аса маңызды ақпаратты оларға міндетті түрде жеткіземіз. Және де қаптаманың жаңа дизайнын шығарарда мәтінді түзейміз деп уәде береміз» деп жазды Т.Бендзь. Хош, ескертулер мен берілген уәде жерде қалмайды деп сенеміз…

Ең алдымен, біздің өнімге назар аударып, оның ішінде мәтінге жіті көңіл бөлгеніңіз үшін Сізге өз алғысымыз­ды білдіреміз. Сіз нұсқаған қа­те­ліктердің орын алғанын өкінішпен мойындаймыз.Ес­кере кетер жәйт, жарнамалық мәтіндерді аударған, біздің серіктесіміз – Tetra Pak компаниясы. Біз бұл аса маңызды ақпаратты оларға міндетті түрде жеткіземіз. Және де, қап­таманың жаңа дизайнын шы­ғарарда мәтінді түзейміз деп уәде береміз.

Құрметпен,
Raimbek компаниясының
PR-директоры
Татьяна Бендзь

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.