«ЖИДЕБАЙДАН ЖЫЛАП ҚАЙТТЫМ…»

Көрнекті өнер қайраткері, Қазақ­станның Халық артисі, ҚР Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, актер-режиссер ­Досхан Жолжақсынов ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлының мәңгілік мекені – киелі Жидебайға жиі ат басын бұрып, баба рухына тағзым етіп жүретінін білеміз. Ойға алған ірі жобаларды аруақты жерден бата алып бастау бағзыдан келе жатқан кәде. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Ұлыларымызға топырақ бұйырған қай мекен болмасын – қасиетті. Қасиетті жерді қастерлеп, ұлықтау, ұрпаққа үлгі ету тірілердің міндеті. Ал соңғы кездері Досхан ағамыз Жидебайдан неге көңілсіз қайтты? Неге жанұшырып тиісті орындарға дабыл қақты?
Ендігі сөз кезегін өнер иесінің өзіне берелік:

– «Құнанбай» киносын түсіру барысында киноның негізгі бөлігі Семейдегі Абай ауданы Қарауыл ауылында болды. Біріншіден, Құнанбай, одан кейінгі кіндік қаны тамған Абай мен Шәкәрім, сосын Мұқаң. Осы кісілердің өсіп-өнген, білім алған, ел басқарған жерін басып жүрудің өзі бізге бір үлкен мәртебелі де, жауапты да іс болғаны анық, – деп бастады режиссер өз ойын. – Қарауылда жүріп Абайдың туған күнінде екі-үш күн қалғанда «Абай атамыздың туған күні келе жатыр. Барымызды киіп бәріміз шығамыз. Дайындалайық, халықтың арасына барайық, білген-көргенімізді айтайық, не істеп жатқанымыз туралы хабар берейік, – деп өзімнің тобыма ескерттім.
Сол күні ауа райы салқындау болды. Маңайда бір адам жоқ. Енді жиналатын шығар деп Абай ескерткішінің қасына келдік. Қырық минуттай күттік, ешкім жоқ. Бір уақытта бойы ұзындау бір кісі келе жатыр, қасында 5-6 жетектеген ұл-қыздары бар, мектептің оқушылары екені көрініп тұр. Амандасып, қауқылдасып, жөн сұрастық. «Бүгін ұлы Абайдың туған күні ғой, ел қайда, жұрт қайда?» дедік. «Досхан-ау, мұнда тойланбайды ғой» дейді. Естімеген елде көп, мен жағамды ұстадым. Бұл қалай болды? «Абайдың туған күні Қарауылда, Абай ауданының орталығында тойланбайды» дегенге көрмесек, сенбес едік. Оқушыларымыз өздері де Абай атасына арнап өлең жазады, ақынның өлеңдерін жатқа айтады екен. Ескерткіштің түбінде балаларды оқытып, өзіміз қол соғып қолдадық. Алып келген біраз сый-сияпаттарымыз бар еді, соның барлығын тапсырып, суретке түсіп, қоштастық.
…Мен мұны немен түсіндірерімді білмеймін. Киелі топырақты басып жүрудің өзі үлкен рухани жауапкершілік сияқты көрініп жүрген біз көмекейімізге құм құйылғандай, салымыз суға кеткендей, мойнымыз салбырап, қонақүйге қайтадан қайттық.
Баяғыда Асқар Сүлейменов ағамыз бір зиялы топтың ортасында отырып «Абай ескіре ме?» деген екен. Сонда барлығы «Асқар аға, не айтып тұрсыз, Абай қалай ескіреді» деп ду етіпті. Ағамыз «қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді» деген. Сол қазағымның есі әлі кірмей келе жатқаны. Осыны өзім сезініп, шыны керек, түршіктім…
Арнайы атымның басын бұрып Жидебайға тағы бардым.

Абай мен Шәкәрімнің басына! Сол баяғы құлаққа ұрған танадай… Баяғыда Абайдың 150 жылдығында мешіт салынып еді, мешіттің іші соншалықты ғажап, үйлесімі бар еді. Қасиеті артқан үлкен істің бірі – Абай мен Шәкәрім­нің кесенесі болса, екіншісі қасындағы имандылықтың қақпасындай мешіт тұрып еді. Қыз-келіндер бөлмелерді аралап көрсетті. Мешіттің ішіне кірсек атқора, адамды бейжай қалдыр­майтындай күйде. Маңайында сиыр жүр, ішінде қаңсыған, құлаған бір­нәрсе, пла­каттардың суреті жатыр. Одан шықтық… Астынан көтерілетін жол бар, сонымен келе жатырмыз. Қа­бырғаның бәрі сөгілген, бір есік ашық, бір есік жабық, уілдеген жел, шаң-тозаң. Сонымен жоғарыға көтерілдік. Онда да баяғы итжеккенге әкетіп бара жатқан жолдарды еске салатын төгілген құм. Абайдың басына келсек біреу етегінен жыртып алғандай матамен есігі жабық тұр. Әлгі «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным…» деген баба сөзі миымды мұздатып жібергендей…
Шәкәрімнің басына келдім, ол да солай… Құлазыған дүние. Әлде мен барған кез солай ма, білмеймін. Аяқ басқан ешкім жоқ. Шәкәрімнен шығып, қайтадан Абайдың басына кірдім. Бір жігіттер дұға қайырып отыр екен. Мен бар, қасымдағы азаматтар бар, бәріміз отыра қалдық. Екі-үш қазақтың жігіті ішіп алған, удай мас. Ашуымның келгені соншалық, сол жерде түгін қалдырмадым. Біреуі кешірім сұрап, сол күйі кетті. Бұл қазақтың Абайға деген құрметінің түрі осы ма? Жеткен жеріміз осы ма? Сол құлазыған күйі қыстағына қайта келдім.
Кезінде облыс әкімінің қабыл­дауында болып, ақыл-кеңесімді айтып едім. Оның барлығы сол айтылған күйде қалды. Көзіммен көргеннен кейін, көкірегіммен сезгеннен кейін сол кездегі әкімімен сөйлестік. «Барлық ақшаны орталыққа, Семейге жібереді. Олардан бізге там-тұмдап бірдеңе бөлінеді» дегенді айтты. Апыр-май десеңізші! Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне барған кезде кіре беріс етегіне ең болмағанда бір дұрыс гүлзәр да бұйырмапты-ау… Құдай Тағаланың құдіретімен өскен даланың табиғи жабайы гүлдерін қайта еккен болыпты, онысы не өспейді, не жайқалмайды. Сұрқай тартқан бір әлем. Мен сөйтіп Жидебайдан жылап қайттым…
Содан енді жол түсіп, Елбасы қабылдайтын болды. Құжаттың барлығын дайындап, тайға таңба басқандай көрсетіп, барлығын алып барып, Президентке көрсеттік. Менің ойым Жидебайға қазақтың та­баны тиген кезде бұл өңір күңіреніп тұруы керек. Күңіренгенде Абай мен Шәкәрімнің бүкіл шығармасы орындалып тұруы керек. Ол бүкіл Абай-Шәкәрімге арналған музыка, ән, симфония, оратория осының бәрі көмкеріліп тұруы керек. Бірақ осының қадір-қасиетін білетін, дауысы бар актерлер оқу керек. Кәдімгі әр оқылған дүниенің арасы бір ғасырлықтай әдемі музыкамен көмкеріліп, келген адам сонымен табан тіреп, құлақ бұрауын келтіреді. Қайда келгенін, не үшін келгенін, не іздеп келгенін сезінеді. Сол салтанатпен Абай мен Шәкәрімнің басына барады. Сол жерде Құран оқып, үн шығарады. Мұның барлығы толастамауы керек. Бұл өңір осылай күңіреніп тұруы керек. Елбасына осыны айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сияқты бұған да бір мемлекеттік бағдарлама әзірлеу керегін жеткіздім. Мысалы, менің ауылым – Күршім ауданы Балықшы ауылы. Ауылдағылар ат төбеліндей Абай мен Шәкәрімнің басына барып, кесененің маңын басып көрген жоқ. Мұнда адамдарды уақыт суытпай әкеліп тұруымыз керек. Оны жіберуге кейде әкімнің қолында қаржы болмайды. Бұған мемлекеттік бағдарлама болмаса, олар келе алмайды. Ал оларды келтіру үшін жаңағы бағдарлама үкіметтен шығуы керек сияқты.

Шәкәрімнің басына келдім, ол да солай… Құлазыған дүние. Әлде мен барған кез солай ма, білмеймін. Аяқ басқан ешкім жоқ. Шәкәрімнен шығып, қайтадан Абайдың басына кірдім. Бір жігіттер дұға қайырып отыр екен. Мен бар, қасымдағы азаматтар бар, бәріміз отыра қалдық. Екі-үш қазақтың жігіті ішіп алған, удай мас. Ашуымның келгені соншалық, сол жерде түгін қалдырмадым…

Және бір мысал, Ресейде Толс­тойдың, Пушкиннің, Лермон­товтың, Крыловтың музейлері орналасқан. Олардың бәрімен байланысқа шығу керек. Алдымен Абай-Пушкин, Абай-Крылов, Абай-Лермонтов, Шәкәрім-Крылов, Шәкәрім-Пушкин деген сияқты бағдарлама жасап, екі жылда бір немесе белгілі бір уақытқа қойып, адамдарды келтірудің жолдарын қарастыру керек. Қарауылдан шыққан үн, Абайға, Шәкәрімге арналған ниет, соққан жүрек осының бәрі кәдімгі үлкен шеру болып жатуы керек еді… Жастардың ішінде Абай мен Шәкәрім не, бүгін Әуезовты сұрасаң да анықтап айта алатындарды табудың өзі қиын. Тұшымды ой айтып, кім екендігін, не жазғанын, не туралы жазғанын білмейді. Бара-бара біз осындай болсақ, біздің Елбасымыз бастаған «Рухани жаңғыруымыз» не болады? Біз немен жаңғырамыз? Тарихи жерлерімізді көріп, оның бәрін кітапқа шығарып, оқып жатпасақ, оның басына бармасақ, бұл қалай болады? Біз Абай мен Шәкәрімді жаңғырта алмасақ басқа ұлыларды қайтпекпіз? Міне, осының барлығын баяндап, қолдан келгенше жазып, апарып тап­сыр­дық. Елбасыға да кіргенімізге көп бол­мады, енді бір нәтижесі шығып қалар…
Мені осы мәселе қатты ойландырады.

Жазып алған
Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Дәуір Жақан, мұғалім

    Досханның жаны шырқыраған ахуалға мұны оқыған қазақтың жаны шырқырайтыны анық. Абайдай дана Ақынның аруағын ардақтай алмай отырған қазақ-ай, не болып кетер екенсің?!. Осындай жәйттерден анау еркетотай министр, әкім дегендер хабар-ошарсыз. Егер олардың, жергілікті портфельшілдердің тамырында таза қазақ қаны толық болса, мәдениеттің, әдебиеттің бастауы Абай екенін естерінен шығармай, Жидебайға жыл сайын барып, көруге міндеттіні көріп қайтып жүрер еді, бірақ ондай сергек, қазақы намысты басшы қайда?! Ең болмаса, Семей қаласының әкімі қол созым жердегі киелі орынға ат ізін салсашы! Әкімнің аты Ермак екен, әйгілі жауыз Ермақтың атынан құтылу ойында жоқ сияқты, тым құрыса «Ермек» деп, бір әрпін өзгертсе, тағынан түсіп қала ма екен?.. Досханның президентке жеткізген наласынан не шығарын да көрерміз. Ал Досханның осындағы бір ойы, Асқар Сүлейменовке жүгіне: -Ағамыз «қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді» деген. Сол қазағымның есі әлі кірмей келе жатқаны… — дегені түсініксіз. Өзі күйіне айтқан жағдайлар қазақтың есі кірмегеніне дәлел ғой, ал есі кірмегендер Абайды ескіртіп жүргенде «есі кірген қазақ Абайды ескіртер» болса, мүлде құрыдық қой?! Асқардың астарлы сөздері баршылық, бірін түзу, бірін қисық айтқан. Мынау пікірі, қалай айтқанда да, мағынасыз.

  2. Арман

    Рас айтқан Досхан ағамыз. Абай мен Шәкәріс кесенін құлазытып ұстап отырғандардың жұмысын неге тексермейді екен… Жидебайға барып шаннан тозған Балалар кеменің коріп, қашанғы қабырғамыз қайысып осындай күйде жүреді екенбіз.

  3. Аноним

    Өте жаксы айтты ағамыз. Біз ондайды басшылар келерде ғана жөндеймыз ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.