КІТАП — ТАҚТАН ДА ҚЫМБАТ…

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА,
«Ана тілі»

«Кітап – білім бұлағы,
Білім – өмір шырағы».
Иә, қазекем кітаптың қадір-қасиетін осы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген.
Кітап оқу, кітапқа үңілу, кітаптың ішіне кіру, жата-жастана оқу, астын сызып оқу секілді тұрақты сөз тіркестері кітап бағасының құндылығын көрсетсе керек. Жан азығын кітаптан, көркем шығармадан алатын адамның тұла бойы тұнып тұрған қазына. Оқып отырып кейіпкеріңнің бейнесін көз алдыңа елестетесің, бірде мырс етсең, енді бірі мехнатымен азап шектіреді. Қиял әлеміне жетелеп, рақат сезімге бөлейді. Ойға ой қосып, жан сарайыңды ашады. Ақы­лыңа ақыл қосады. Әйгілі Шекс­пирдің «Кітап мен үшін тақтан да қымбат» дегені арада қанша ғасыр өтсе де өз маңызын жоймай тұр.
Кітаптың осындай сиқырлы қасиетін, адамның қу жанына шын мәнінде демалыс сыйлайтынын қолына кітап ұстап, парақтап көрмеген, иісін де сезбейтін пенденің түсінуі екіталай-ау. Өкініштісі, бүгінгі қоғамда соңғыларының қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады.

Белгілі жазушы, балаларға арналған «Балбұлақ» журналы мен көпшілікке арналған медициналық, танымдық «Дертке дауа» газетінің бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира ҚОЖАХМЕТОВА жастардың сауатсыздығына налитынын, айналада болып жатқан жағымсыз іс-әрекеттердің барлығы кітап оқымаған­дықтан шығып отырғанын айтты.
«Бүгінгі күні кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөнінде сөз қозғаудың өзі күлкілі. Бізде кітапты насихаттайтын ешқандай мекеме жоқ. Адамдар да кітап насихаттауға құмар емес. Балалардың кітап оқы­майтынына үйреніп алдық. Етіміздің үйреніп кеткені соншалық, біз кі­тап оқымайтын елдің жазушыларымыз. Аракідік жазушылардың өздері тыраштанып, еңбектеніп, соның арқасында жарыққа шығып жатқанымен, оны да миллиондаған оқырман оқып жатыр деп ойламаймын. Аға буын жазушылардың кітабын ел білмейді, ел түгілі, қазіргі жас журналистер білмейді. Немен айналысып жатқанымыздан да хабарсыз. Телеарна, радиоларға сұхбатқа шақырып, «сіздің өлеңіңізді оқыдық» дегенде кірерге тесік таппай, өзім қатты қысылам, жүрген жерімде, кездесулерде «Мен кітап оқымайтын елдің жазушысына айналдым. Оқырманы жоқ елдің газет-журналының редакторымын деп ашық айтамын» деп, бұл құбылыстың өте қауіпті екенін жеткізді. «Кітап оқымау – үлкен бір қасіреттің басы. Айналамыздағы жасөспірімдердің бірін-бірін өлтіруі, т.б. неше түрлі қиын жағдайлардың болып жатқанының түп төркіні жастардың, жалпы адамдардың кітап оқымауынан. Біз демократиялы елміз, әркім өз еркімен өмір сүреді деген ойды алып тастап, балаларға кеңес өкіметі кезіндегідей кітап, газет-журнал оқуды мәжбүрлеп, міндеттемей, ештеңе бітпейді. Мәселен, елімізде 12 мыңға жуық кітапхана бар. 12 мың кітапханаға біздің бірде-бір кітабымыз түспейді. Екі мың данамен шығатын кітап он екі мың кітапханаға тимейді ғой. Мұндай жағдайда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру былай тұрсын, біз кітап оқымайтын елдің жазушысы атандық. Мәселен, мен «Балбұлақ» журналы мен «Дертке дауа» газетін шығарамын. Жыл өткен сайын таралымы өшіп барады. Ашығын айтқанда, бүкіл әдебиет, бүкіл идеология шоуға айналды. Өтірік сөз, бос әңгіме көп. «Рухани жаңғырудың» шараларының өзінде бір тереңдік жоқ. Әйтеуір бірдеңені өткізе салу, тендер алу, соған ақша алу, тағы сол сияқты құндылығы жоқ дүниелер.
«Рухан жаңғыру» бағдарламасы кітапханадан басталып, кітапха­на­ның сұранысына орай қажеттілігі өтелуі тиіс. Жаһандану жағдайында кітапхана жүйелерін қайтадан дамыту қажеттігін айтпағанда, кітап­ха­нашылардың жалақысын көтеру керек. Дәл қазіргі уақытта кітапханашылар ғана идеологиялық тәрбиемен айналысып отыр. Өйткені кітапханадан өзім шығаратын балалар журналына ылғи материал алып отырамын. Сонда байқағаным, балаларды тәрбиелеуде, жалпы оқырманды кітапханаға тартуда өте көп еңбек сіңіріп жатыр. Жұмыс істеп жатыр, өкінішке қарай, кітапханашылардың еңбекақысы өте төмен және кітапханашыларды насихаттау бізде мүлдем жоқ. Беделді, абыройлы мамандық емес. Сондықтан кітапханашылардың мәртебесін айқындау керек. Олардың мәртебесін көтерсе халыққа пайдасы тиеді деп ойлаймын. Өз басым кітап оқитындарды, жалпы кітапханаға барып жүрген адам­дарды көрмеймін. Кезіндегі бай кітап­хана бүгін жоқ. Кезінде түрмедегі кітап­ха­налардың өзі бай болатын. Қазір түрме тү­гілі, біздің ауылдарда кітапхана, кітап жоқ. Көп жерде кітапханалар жабыл­ған. Қазір мен ауылға барғанда кітап­­хана көрмеймін. Кітапханалар жұмыс істемейді, клубтар жабық тұр. Жазушы­ның жазғанына газет-журнал қаламақы төлей алмайды, журналистің жалақысы да мардымсыз. Егер біз осылай жүре беретін болсақ, болашағымыз бұлыңғыр. Қазір жасық елдің ұрпағы өсіп келеді. Технология дамыған сайын, ұялы телефон, компьютерді қолданып, барлық мәліметті дайын күйінде алады, мимен жұмыс істеу жоқ. Тіпті ғылым да сондай. Ондай адамда қандай талғам болсын. Сондықтан да өзімше тыраштанып, бірен-саран адамдар болса да газет-журнал шығарып, балалармен жұмыс істеп, шарқ ұрып жүрмін. Әйтпесе бізде тұлға шығаратындай ешқандай жағдай жоқ. Жеке адамды емес, топты тәрбиелейді. Тобырдың мүшесіміз. Біз әлемге шығуымыз үшін көптің бірі емес, жоқтың бірі болуымыз керек» дейді жазушы.
Мәселенің барлығы кітап оқы­маудан, тереңге бойламаудан шығып отырғаны ақиқат. Сондықтан кітап оқу технологиясын мемлекеттік деңгейде көтермесе болмайды. Кітап оқу, кітап оқудың технология­сын қалыптастыруды қатаң түрде қолға алатын кез жетті. Облыстық, аудандық білім басқармаларына, т.б. жауапты мекемелерге тапсырма жүк­телуі тиіс. Балабақшадан, мектептен бастап жұмыстар жүргізілуі керек.
Қазір халықтың талғамы арзан, татымсыз дүниелерге әуес. Әнші, асаба, тележүргізушілердің заманы. Өйткені бүкіл халық тек қана теледидарға телміреді, кітап оқымағандықтан талғамсыздық қалыптасатынына бас ауырта бермейді. Бұдан бөлек, толып жатқан бағдарлама бар, миллиондаған қаржыны соларға бөліп, халыққа еш пайдасы жоқ іс-шаралар өткізіліп жатыр. Той өткізуде алдымызға жан салмаймыз, ал халыққа идеологиялық тәлім-тәрбие беру далада қалды. Жастар үлгі алатын зиялы қауымның халықтың талғамын қалыптастыруда, адамдарды тәрбиелеуде ешқандай әсері жоқ. Себебі нағыз зиялыны жастар білмейді, танымайды. Қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырады дейтін зиялының халыққа қажеті жоқ болып қалды.
Бұл тұрғыда оқырман мен зиялы қауымның арасына алтын көпір орнатып, көптеген іс-шаралардың басы-қасында жүрген, еліміздің болашағын тәрбиелеуде, кітапхананы жастардың шығармашылық ортасына айналдырып, оқырмандарды жаппай кітап оқуға ықпал етуде зор еңбек етіп жүрген кітапханашылардың ой-пікірін білуді жөн санадық.
Алматы қалалық орталықтан­дырылған кітапхана жүйесінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ қоғамдағы «кітап оқылмайды, кітапханаға оқырман келмейді» деген пікірді жоққа шығарды. Жастарды әлеуметтік ортаға бейімделуге, мемлекет және азаматтық қоғам институттарына тартуға арналған іс-шара­лардың жиі өтетінін атап өтіп, жүзеге асырылған әртүрлі бағыттағы жобалардың бағыт-бағдарына тоқталды. Қаладағы 25 кітапхананы қамтитын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оқырман сұранысы бойынша жүз кітаптың тізімін жасап, Әдебиет және өнер институты, Жазушылар одағымен бірлесіп, «100 үздік қазақстандық кітап» жобасын ұйымдастырған. Отбасылық кітап оқу дәстүрін насихаттау мақсатында «Анашым, оқып берші» байқауы да көпшіліктің көңілінен шыққан жоба. «Алтай-Атырау» жобасының алатын орны тіпті айрықша. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар кітапхана төрінде өзінің кітабын таныстырып, ерекше сезімге бөленген. Белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбек жүргізетін «Мамандыққа жол: кәсіби бағыттау», т.б. әртүрлі курстар мен үйірмелер тұрақты жұмыс істейтіні қуантты. «Жас ғалым», «Тасқын» интел­лектуалды клубтары, бұдан бөлек тіл үйрету орталықтарының жұмысы өз нәтижесін берері анық. Біз атқа­рылған жұмыстардың тек бір пара­сына ғана тоқталдық, бұл кітапхана­шы­лардың үнемі ізденіс үстінде жүретін­дігін айқындайды. Бұдан былай кітапханалардың біразы демалыссыз, үзіліссіз, кешкі сағат онға дейін жұмыс істейтінін, кітапхананың жұмыс тәртібіне өзгеріс енгізілгенін де ескерте кеткіміз келеді.
Ал әлеуметтанушы Айсұлу ­МОЛДАБЕК 1995-2000 жылдармен салыс­тырғанда жастардың кітап оқу деңгейі едәуір көтерілгенін айтады. Кітап оқуға деген халықтың ынтасын ірі қалаларда ашылған дүкендер желісі мен кітапқа байланысты іс-шаралардың көбеюімен байланыстырды. Дей тұрғанмен, ауыл­дық жерде кітап баяғыдай оқыл­майтынына қынжылыс білдірді. «Баяғы кезде ұялы телефон, компьютер, интернет деген жоқ еді. Ауылдың негізгі қызығы кітап болатын. Қазір оның орнын әлеуметтік желі, ұялы телефон басып кетті. Оқитындар бар болар, тым аз. Мектеп жасындағы оқушылардың өзі бұрынғыдай оқымайды. Қарап отырсаңыз, қазіргі буын кітаптардың көбін бала кезінде, мектеп жасында оқып тастаған. Ал қазіргі балалар біз оқыған кітаптарды оқып жатыр деп айту қиын» дейді А.Молдабек.
Әлеуметтанушының пікіріне сүйенсек, әлеуметтік зерттеу нәтиже­сінде «Сіз кімді үлгі тұтасыз?» деген сауалға, мектеп жасындағы оқушы­лардың үштен бір бөлігі өнер адамын, оның ішінде нақтырақ айтқанда театр, кино артистері емес, әнші болғысы келетінін айтып, әншілерді үлгі тұтатынын көрсеткен. Өкінішке қарай, бұл бүгінгі зиялы қауымның идеологиялық тұрғыда жастардың, мектеп жасындағы оқушылардың қалыптасуына, өмірлік мақсаттарын айқындауға әсері аз екенінің дәлелі.
«Зиялы қауым дегенде, алдымен ғалымдар үлгі болу тиіс. Ал ғалымдардың қазір қоғамның алдында, жастардың алдында бет-бейнесі, беделі түсіп қалған» дей келе, тағы бір өзекті мәселенің шетін шығарды. «Бұрын кітапханасы жоқ үй жұпыны үй сияқты болып көрінетін. Мынау әкем оқыған кітап деп, ашып, көріп, оқып отырушы едік. 1995-2000 жылдары кітап сөрелері жоғалып кеткен еді. Қазір қайта айналып, кітапхана бұрышы, кітап бұрышы, кітап сөресі болып, үйдің дизайнына қосылып, интерердің бір бөлігіне айналды. ­Демек, кітап құндылыққа айналуда деп ­есептеуге болады» дейді А.Молдабек.
Кітап оқуды насихаттау жолында идея да көп, жасалып жатқандары да бар. Дамыған елдерде, мәселен, Еуропаның көп мемлекеттерінде, Америкада, Германияда кітапхана – кітап оқитын жер ғана емес, жергілікті халық көп жиналатын, кездесетін орын. Әңгіме-дүкен құрып кофе-шай ішетін, танысып, сөйлесетін орталықтары, клубтары, балалар ойнайтын жерлері бар. Бізде де бұл қолға алына бастады. Мұндай заманауи кітапхана бүгінгі таңда өте қажет. Айнұр Молдабектің пікіріне құлақ түріп көрелік. «Бізге заманауи кітапхана керек. Ол жерде интернет, вай-фай болса бала бірінші кезекте келеді. Оған бір сағат қана вай-файда отыратынын түсіндіріп айтса, уақыты біткенде жанында сөреде тізіліп тұрған қызықты кітапқа, әдебиеттің түр-түріне еріксіз назары ауады. Біреуін ашып көріп, ішіне жайлап кіре бастайды, оқиды. Осылайша, бала әрі интернетке, әрі кітап оқуға келетін болады» дей келе, біздегі кейбір кітапханалардың іш пыстырарлық әрекеттеріне тоқталды. «Бізде кітапты бағалау төмен. Мәдениет үйінің бір қуысына кітапхананы қыстырып қояды. Не болмаса ғимараттың бір түкпіріне кітапты жинап қоя салады, оны кітапханашыдан басқа ешкім білмейді. Сондықтан ауылдық жерлердегі, қаладағы барлық кітапхананы заманға сай ету керек. Кітапханаға көбінесе ғылыми қызметкер барады. Ал «Мега» тәрізді сауда үйлеріне баратын қарапайым халық кітапханаға неге бармайды? Себебі іш пыстырарлық, заманауи жабдықталмаған. Бір-екі рет барады, көреді, адамды тартпайды, ол адам екінші рет бармай, өзіне қызықты жаққа кетеді. Оның үстіне қазір кітапханаға бару жастар үшін «не модно». Сондықтан жаны қалайтын жер іздеп, түнгі клубқа барады. Ол жерден демалады, жаны рақаттанады. Енді бірінің санасына түнгі клуб мүлдем жат, керісінше, кітапханадан ләззат алады. Демек, бізге кітапхана дегенде емін-еркін барып, оқи алатындай көзге елестетін жағдайға жеткізуіміз керек. Цифрландыру дейміз, бірінші кезекте осы кітапханаларды цифрландыру керек. Үйде отырып, кітапхананың сайтынан қандай кітап барын көріп, бірақ барып оқитындай дәрежеге жеткізген тиімді».
Ал жастарымыз не дер екен? Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітап­хана­сының жас қызметкері Жантас ЕРКІНҰЛЫН сөзге тарттық.
«Біріншіден, «Кітап оқу азайып барады» деген пікірдің өзін кітап жанашырлары, жалпы кітап оқудың пайдасын түсінетін сіз мен біз сияқты кітапсүйер қауым шығарып отырмыз. Міне, осыдан-ақ кітап оқитын, оған жанашыр болатын жандардың бар екенін білуге болады. Екіншіден, бұл пікір салыстырмалы тұрғыда түйген ой. Иә, бір кездері бәрі «кітапқұмар» болды, дегенмен ол кезде интернет, электрондық оқулықтардың да болмағанын ескеру керек. Әр заманның өз кітапсүйерлері бар. Бірақ оқу формасы әртүрлі. Біз оқу азайды деп қағаз кітапты көп ұстамайтын жастарға сын айтсақ, интернетті меңгере алмайды деп олардың да бізге наз айтуға құқығы бар. Солай емес пе? Осы тараптан ойлап қарасақ, кітап оқу әлі күнге «модыда», тек формасы өзгерген.
Мен кеше ғана «Меломан» дүкенінде болдым. Ағылшын және орыс тіліндегі кітаптар жақсы өтіп жатыр. Демек, кітапты оқымайды дегеннен гөрі, кітаптың қадірі жоқ деген дұрыс. Себебі дүкеннен кітапты сатып алады, сатып алынған дүние оқылады. Ал кей авторлар кітабының тұсаукесерін жасап, тегін таратады. Әрине, тегін таратқандықтан кітаптың да, автордың да қадірі жоқ. Айналып келіп, кітап оқылмайды деген пікірді алға тартады. Жалпы елімізде кітап бизнесін дамытып, баспа өндірісін қолға алатын болса оқырманның саны көбейер еді. Кітапты оқу-оқымау – әр тұлғаның жеке басына қатысты дүние» деп сөзін бастаған Жантастың пікірі көп нәрседен хабар береді.
Бүгінгі оқырманның талғампаз­дығын тілге тиек етіп, бізге жаңа­шыл­дық қажет екенін баса назар аударды.
– Қазір оқырман талғампаз. Мәселен, маған ұнаған шығарма сізге ұнамауы мүмкін. Мен қазақ әдебиетінде Оралхан Бөкейді қайтара оқысам, екінші адам оны қабылдай алмайды. Себебі мен өскен тәрбие, мен өскен қоғам оған жат. Оның өскен ортасы, алған тәрбиесі жан дүниесіне жақын шығармаларды қабылдайды. Кітапты талдап оқу – тәрбиеге, қоғамға, қоршаған ортаңа бай­ланысты. Қазақи дәстүрді құрмет­тейтін, қазақи салт-сананы елейтін, ұлттық құндылықтарымызды дәріп­тей­тін оқырманның аздығы, өзге тілді оқыр­манды былай қойып, біздің өзімізге тән болып бара жатқаны ұлттық на­мысқа тиетін дүние. Оның басты себебі сол құндылықтарды күнделікті өмірде өзі­міздің қолданып жатқанымыз шамалы
Ф.Достоевскийдің «Біз оқырман­ға жақсы кітап оқуды үйрету үшін Гогольдің деңгейін түсірмей, оқырманды Гогольдің деңгейіне көтеруіміз керек» дегенге саятын жақсы бір сөзі бар. Біздің қазақ әдебиетіне, жалпы қазақтың көркем шығармашылығына осындай бір дүние ауадай қажет. Ол үшін автор талғампаз болуы керек. Бұл тұрғыда белгілі бір сюжетті, оқиғаны езіп жүргеннен гөрі еуропалықтар сияқты жаңа дүние ойлап табуға тырысқан жөн болар. Қазақ әдебиетінде 60-шы жылдары, оның арғы жылдары көркем әдебиеттің үлгілері әлі күнге дейін сақталып, жазылып келеді. Жаңа заманға сай дүниелер қатты дамып жатқан жоқ. Бұл тұрғыда Еуропа мемлекеттері бізді басып озуда. Авторлар оқырманды «олардың құндылықтары басқа, бізді танымайды, білмейді» десе, оқырман керісінше авторды кінәлап, «түсінікті әлемді түсініксіз ғып көрсетеді» деген өкпе-назын білдіріп жатады. Бір сөзбен айтқанда, біздің өзімізге тән бет-бояуымыз, әдеби тіліміз бар, қазақтың майлы сөздері көп. Ал оны қазіргі қазақтың жастары қабылдай алмайды. Мына уақыты тығыз ғасырда оларға көп уақытты құртпайтын, қысқа да нұсқа, оқуға жеңіл шығармалар керек екені байқалады. «Оларды қабылдай алмаймын, оқи алмаймын» деген дүниелер көп айтылады. Осыған қарап, авторлар қазақы тәрбиеде, қазақы нақышта жаңа дүниелер әкелу керек деп ойлаймын. Бұл өзі оқырман мен автордың арасындағы үлкен дау болып тұрған мәселенің бірі, осы дау шешілмейінше кітап оқу мәселесі шешіле қоюы екіталай.
Әлемге танымал Э.Хемингуэй, Ф.Фицджеральд, Ф.Кафка, Д.Джойс, Т.Манн, М.Метерлин және т.б. шығармаларында болашақтың шешімін табуға тырысады, идеялық құндылықтарын болашақтың шешіміне қарай бастайды. Қазақ жазушыларында оқиға қозғалады, кітаптан гөрі өмірлік тәжірибе көп. Бәлкім, біздің жазушылар тарихи зерттеулер жасап, тарихи кезеңдерді көркем шығармаға арқау етсе, еңбектері өтімді болар ма еді.
Дей тұрғанмен, жастарды қолдап, көмек қолын ұсынатын аға буын өкілдері де бар. Есенғали ­Раушанов, Светқали Нұржан жастарға көп көмектеседі. Дидар Амантай жастарды тартып, жаңашылдық бағытта, жаңа стильде жазуға, оқырманның талғамына сай жұмыс істеп, бұрынғы таптаурыннан арылуды, ол сол дәуірге ғана тән екенін, ал бізге жаңа нәрсе әкелу керектігін ұсынып жүретінін айта кету керек, – дейді жас маман.
Қазір заманның дамыған уақыты. Кітап оқуға уақыт жоқ деген тек сылтау болса керек. Кітаптың өмір сүруге ешқандай кедергісі жоқ. Сондықтан ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры екенін, ал білімнің қайнар көзі, бұлағы кітап екенін, оның құнының өлшеуі жоқ екенін, алдыңнан даңғыл жол ашылатынын түсінетін кез жеткен сияқты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ақын Көкше

    Мақаланы оқып шығып, өзіме кітап оқыйтын адамбын ба? деген сұрақ қойдым. Бала күнімде, мектеп қабырғасында оқыдым, қазір оқымайтындардың қатарындамын десем дұрыс шығар. Тек ғаламтордан қысқа-нұсқа, ғыйбратты ой-тұжырымдарды, пайдалы кеңестерді ғана оқыймын. Ілгеріде Жапон халқы да кітап оқымайтын дертке шалдығып, кейіннен қалпына келген деген ақпарды бір жерден оқыған едім. Ылай біздерде күндердің күнінде аялдамаларда, саябақтарда мейірлене кітап оқып отырар күнге жеткізсін деп тіледім.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.