ЖАҢА ЕМЛЕ: ОЙ. ПІКІР. ҰСЫНЫС

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ана тілі»

Қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің соңғы редакциясы Қазақстан Жоғарғы Кеңес Президиумының 1983 жылғы тамыз айындағы Жарлығымен бекітілген еді. Ғалымдардың айтуынша, бұл Ереже халықтың сауаттылығын жоғарылатуға, ілім-ғылымның сан салалы тармақтарында қазақ сөзінің нормалануы мен қалыптануына елеулі ықпал жасады. Ережелер негізінде жасалған сан алуан ортологиялық және дидактикалық құралдар, ғылыми-техникалық әдебиет, көркем шығармашылық жанрлары ұлт тілінің өміршеңдігінің, сөз мәдениетінің сақталуына, қоғам мүшелерінің лингвис­тикалық капиталының толығуы­на айрықша үлес қосты. 

Қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасы ҚР Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік топ мүшелерімен 4-10 шілдеде және 22-24 тамыз аралығында сарапталып, талқыланды, нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Өткен аптада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің жаңа емле ережесі және оның алғашқы апробациясының нәтижесі «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» атты семинар-кеңесте талқыланған болатын. Шараны Қазақстан ­Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан ­Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйым­дастырған. Аталмыш жиында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жө­ніндегі ұлттық комиссия жа­нын­да­ғы орфографиялық, әдістемелік, тер­минологиялық, техникалық және ақ­параттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының өкілдері мен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық терминология және ономастика комиссиясының мүшелері, жетекші лингвист ғалымдар өзара пікір алмасты. Семинар барысында жаңа емле ережелерінің пилоттық жобасын апробациядан өткізу бойынша Көкшетау, Қарағанды, Семей, Өскемен, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында жүргізіліген сынамалардың нәтижелері, статистикалық көрсеткіштері көпшілікке ұсынылды. Осы орайда біз семинар барысында ғалымдар ортаға салған пікірлерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Нұргелді УӘЛИ, филология
ғылымының докторы, профессор:

– Әліпби түзу аса жауапты бастапқы кезең болса, ендігі кезекте негізгі орфо­графиялық ереже түзу осы кезеңнің қисынды жалғасы болып табылатыны белгілі. Бұл кезең әртүрлі ортологиялық құралдары (емле ережелерінің анықтағыш­тары, ономастикалық атаулардың анықта­ғыш­тары, т.б.) және ортологиялық лексикография түзудің (орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер құрастырудың) бастамасы болып саналады.
Қазақ орфографиясы негізгі ере­желері – латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көр­сететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын жаңа әліпби бойынша дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Емле ережелерінің негізінде орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар осы ережелерге сәйкес құрастырылмақ.
Ұлттық жазу-сызудың емле ережелерін жасауда алдымен ескерілетін заңдылықтар мен ерекшеліктер негізге алынды. Олар:
— тілдің жалғамалы (аглютинация) заңдылығы;
— тілдің ықшамдалу заңдылығы;
— тіл дыбыстарының үндестігі (дауыс­тылардың дауыссыздармен үндестігі) және дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділік заңы.
Осы айтылған заңдылықтар мен ерек­шеліктер аясында жазба тілдің жаңа Ережесінің нұсқасы жасалды. Ережеде латын негізді әліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының репрезетанттары бо­лып табылатын әріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасы көрсетілді; сөздерді бірыңғай жуан немесе жіңішке жазу, соған сәйкес қосымшалардың жуан немесе жіңішке жазу үлгісі берілді; қосар дыбыстардың (ұу/үу, ый/ій) дара әріппен (у, и әріптерімен) таңбалануының үлгісі ұсынылды; қазақтың төл әдеби тіліндегі емлесі қиын сөздердің орфографиялану ерекшеліктері көрсетілді; латын негізді әліпбиде жоқ ё, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ, әріптерінің жазылу баламасы берілді; бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тәртібі көрсетілді; халықаралық терминдер мен атаулардың (шетел тілдік сөздердің) орфографиялану үлгісі берілді; күрделі сөздердің (біріккен, кіріккен, тіркесті сөздер, қос сөздер) және бас әріппен жазылатын атаулардың емлесі, сондай-ақ тасымалдаудың тәртіптері көрсетілді. Ал жаңа ереже жобасында қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заң­дылықтарына сәйкес болуы; тәжірибеде сыннан өтіп, дәстүрге айналған базалық нормалардың сақталуы; техникалық жақтан қазақ орфографиясының қолдануға оңтайлы, мобильді, жинақы болуы; халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтыла түсуі; жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталып, космополиттік әсірелікке ұшырамауы көзделіп, орфографиялық ережелер түзудің басшылыққа алынған негізгі ұстанымдары болды.

Айман АЛДАШЕВА,
филология ғылымының докторы,
профессор:

– Ғылыми қисындары анықталған Емле ережелерінде қазақ әдеби тілінің тұрақ­талған базалық нормаларымен қатар тілдің қазіргі жай-күйінде анықталған және қалыптанған жаңа тілдік құбылыстардың бірізді орфографиялану моделі жинақ­талды.Бұл үшін қазіргі жазу практикасында актуалды қолданыстағы тілдік бірліктердің – әріптердің таңбалануы, түбір сөздердің, біріккен сөздер мен қос сөздердің, шеттілдік сөздердің емлелік жиілігі мен жазу дағдысының басымдығы, бас әріптің қолданылуы, сондай-ақ жазу дәс­түрінен біршама айырым белгілері бар тілдік бірліктердің ерекшеліктері ғылыми және практикалық тұрғыдан топтастырылды.
Әрбір ереже қағида түрінде қысқа, нақты, анық, түсінікті жазылған. Ереженің тілі мен стилі жалпы қоғам мүшелеріне бағытталған.
Ереженің әр тармағындағы қағиданы негіздейтін тілдік фактілер әріптердің таңбалануы мен оқылуына назар ­аударту мақсатында латыннегізді әліпбимен жазылған. Мысалы: kóshbasshy, shańyraq, arsha, búrshik, qylysh,tarıh, fılosofıa, hıkaıa, jıhaz. Қағиданы дәлелдеу үшін берілген мысалдардың тепе-теңдігі сақталған.
Жазу практикасында бірнеше вариантта қолданылып келген тілдік бірліктердің қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес емлесі нақтыланған. Мысалы, kúmáni, kinási, kúmánina, kúnásina; qonaqasyna, otaǵasyna, otanasyna.
Бірге және бөлек жазылатын сөздердің емлесі, сондай-ақ бас әріптің қолданылуы, қысқарған сөздердің, ономастикалық, топонимикалық атаулардың емлесі қазіргі жазу практикасындағы ерекшелік­терге, қазақ тілінің дамуындағы үнемдеу заң­­ды­лығына, ұғымдық тұтастық пен мағыналық даралыққа ие тілдік факті­лердің сипаттамалары ескеріле отырып, жаңғыртылған.
Емле ережелерінің аса маңызды тармақтары шеттілдік сөздердің емлесіне арналған. Қазірге дейін түпнұсқа қалпының сақталуы орфографиялық норма болып келген шеттілдік сөздердің емлесінде қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына бейімдеу мен қоғам мүшелерінің қазіргі жоғары сауаттылығына нұқсан келтірмеу мақсатында соншалықты күрделендірмеудің арасалмағы, халықаралық терминдермен атаулардың тұрпатын сақтау мен шет тілдерді үйренуді оңтайландырудың арасалмағы барынша ескерілген. Бұған төмендегі мысалдар дәлел бола алады: moderator, moderatorǵa;dızaın, dızaınǵa; akvarel akvarelge;párоl, párоli; medalıon,  pıesa; parashýt, valýta; epopeа, býrokratıa, ýchılıshe, rejısоr, profesor, klasıfıkator; dısonans, komersıa, gramatıka, komýna, kardıogram, metalýrgıa; kolej, ılokýtıv, bılıard, atestat;pitsa,sılındr, sırkýl, sırkýlge, fılm, fılmge, aloı, kanoı.
Ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w әрпімен басталатын сөздер ý әрпімен жазылады: ýаtsap, ýıkı, ýıkıpedıa, ýeb-saıt, ýebınar, bıznesýmen.
Танымал бренд, марка, тауар, т.б. атаулары түпнұсқа тұрпатында, сондай-ақ қазақша игеріліп те таңбаланатындығы нақтыланған: «Coca-cola» kompanıasy, Koka-kola ishti; «Facebook» áleýmettik jelisi, Feızbýkte pikir jazdy; «air astana» qyzmeti, Eırastanamen ushtym.
Қазақ орфографиясының негізгі ере­желері тиянақталған жаңа мазмұндағы қағи­далар Орфографиялық сөздік, Орфоэпиялық сөздік, Шетел сөздерінің сөздігі, Емлесі қиын сөздер сөздігі, Анықтағыштар мен анықтамалықтар, басқа да әдістемелік құралдар түзу мен жасауда, мамандар ­даярлауда ғылыми-нормативтік тірек ретінде алынатын басты құжат болып саналады.

Құралай КҮДЕРИНОВА, филология ғылымының
докторы, профессор:

– Қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасының ғылыми кеңесшісі академик Рәбиға Сыздық, авторы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының фонолог, морфолог, грамматолог ғалымдары.Ережелердің құрылымын былай бөлуге болады: фонематикалық ұстанымға негізделген ережелер (әріптер емлесі), қазақ тілінің үндесім және үйлесім заңына (фонетикалық ұстаным) негізделген ережелер (қосымшалардың, шылау сөздердің емлесі), морфологиялық ұстанымға негізделген ережелер (түбір сөз, бөлек, бірге және қосаралықпен жазылатын сөздер емлесі), таңбаға негізделген ереже (бас әріптің қолданылуы), техникалық ереже (сөздердің тасымалдануы).
Сонымен, орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобының қарауындағы шешілуі қиын проблемалар болып,төл сөздердегі и, у әріптерінің емлесі; шет­­тіл­дік сөздердегі ъ, ь, ц, ч, я, ю әріпте­рі­нің және ұяң дауыссыздан аяқталатын сөздер емлесі болды.
и, у таңбасын уı, іı (ый; ій) әріп тір­кесімен барлық буында жазуды ұсынған және алғашқы екі буында ғана жазуды және қазіргі жазудағыдай 1 таңбамен беруді ұсынған 3 түрлі көзқарас-пікірді ұстанған ғалымдардың өзіндік негіздері де болды. Шешілуі қиын болған соң, дауысқа салу нәтижесі бойынша басым дауыс 1 әріппен таңбалау жағына ауып, емле ережесіне мына тарауша енгізілді: I,у́ әріптері дара дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады: aı, úı, oıshyl, aý, sáýkele, demeýshi, qaýyn.§7. I, у́ әріптері өзге тілдерден енген сөздерде дауысты дыбыс ретінде таңба алынады: ınstıtýt, kıno, granıt; ýnıversıtet, fýtbol, resýrs.§8. Айтылудағы уı, іı (ый; ій) дыбыстар тіркесі сөздердің барлық буынында ı, у́әріптеріарқылы таңбаланады: ıgilik, ınelik, ınabat, ıman; kıim, tıin, mıras, sıa; bı, álipbı, mı, tarıhı. Е с к е р т у. Қосарлы уı (ый) әріптері тек sуı, tуı (сый, тый) сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады: sуılyq, sуıymdylyq, sуıý; tуıym, tуıylý, tуıý.§9. Айтылудағы ıuý (йұу), ıúý (йүу) дыбыстар тіркесі ıý (йу) түрінде жазылады: baıý, qoıý, oıý, jaıý, taıý, kúıý, túıý, kórkeıý, kóbeıý, súıý.§10. Айтылудағы uý (ұу, ыу), úý (үу, іу) дыбыстар тіркесі cөздердің барлық буынында ý әрпімен жазылады: ýyldyryq, ýyz, ýildeý; týys, qýyrshaq, gýil, tintýir; oqý, sý, irý, tóný.
Әрине, бұл ереже жобасы әлі сарапталу үстінде, осы шарадан соң барлық ЖОО тіл кафедраларына, тәуелсіз сарапшыларға беріліп, нәтижесі бойынша тағы түзету енгізілмек, сондықтан процесс жалғасады.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының докторы,
профессор:

– Кірме дыбыстарға көпшіліктің көзі мен құлағы әбден үйренгені соншалық физиканы – пійзійке, фосфорды – ­поспыр, вагонды – бәгөн немесе уәгөн, чатты – шат деп жазып, айтайық деген ұсынысты қолдайтындардан гөрі, оны қабылдай алмайтын, тіпті өре тұрып қарсы болатындардың саны әлдеқайда көп болатындығы айдан анық. Бұл ­арнайы әлеуметтік-лингвистикалық зерттеу жасап, сауалнама жүргізбей-ақ көзге ұрып, айқын көрініп тұрған жағдай. Бүгінгі өміріміздің шындығы. Лингвист мамандардың қазақ тілінде бұрын болмаған кірме дыбыстардың таңбасы в, ф, х, һ, ч әріптерін әліпбиде қалдыру немесе қалдырмау және кірме сөздерді, шет тілдерінен енген түрлі ғылым салаларының терминдерін үндестік заңымен өз тіліміздің дыбыстар тіркесімділігіне лайықтап жазу жөніндегі пікірлерінің қақ жарылып, ұсынылып отырған емле ережелері жөніндегі ойларының бір жерден шықпай, қызу пікірталас туындауының сыры осында жатыр.
Көптің көңілін табамыз деп бірқатар тілмамандары әліпбиді жетілдіруде, емле ережелерін дайындауда бүгін істелуге тиіс өзгерістердің біразын кейінге қалдыруды, біртіндеп жүзеге асыруды ұсынып отыр. Егер бұлай етсек, жаңа емленің орнығуы тым ұзаққа, бітпейтін дауға ұласып кетері даусыз. Сондай-ақ қазіргі мақұлданып отырған әліпбидің де жетілдіретін тұстары бар. Жақсы емле ережелерінің жасалуы қолданысқа ұсынылған әліпбидің қазақ тілінің дыбыстық жүйесін қаншалықты дәл бейнелейтіндігіне де тікелей байланысты.
Қазіргі қолданысқа ұсынылып отырған әліпбидегі sh(ш) және ch(ч) диграфтарын бір таңбамен алмастыру қажет деп ойлаймыз. Алфавитте жоқ «С с» таңбасын қосып диграф жасау да қисынға келіп тұрған жоқ. Қазіргі әліпбиіміздегі Іі, Ии, й дыбыстарының бас әріптерін бірдей таңбамен І түрінде беру де орынсыз. Мысалы, «Айқын» газетінің бас әріптерімен жаңаша жазылған «КЕІІРКЕR» деген айдарын «кеййпкер», «кеиипкер»,«кеийпкер», «кеііпкер»немесе «кейіпкер» деп те оқуға болады. Немесе «ІLE» өзенінің атауы «ИLE» деп оқылуы да мүмкін. Дұрысы, «Іі»-нің бас әрпінің де төбесіне ноқат қою. Әйтпесе, кейін, дейін, пейіл, сейіл, мейір сияқты көптеген сөздер бас әріптермен терілгенде оқуда қиындықтар туындайды. Сол сияқты Sh диграфы арқылы жазылған «Shana» сөзін – «шана», «схана» немесе «сһана» түрінде оқуға болады. Осы таңбаларды да қосар әріптен гөрі акут қойып Śś: (Śana–шана), ал Ćć (Ćаt– чaт) деп неге алмасқа? Әрине, Ch(ч) дыбысын әліпбиде қалдырған жағдайда.
Ағылшынның -ng-ге аяқталатын briefing, branding, clearing, shopping сөздерін дәл орыс тіліндегідей брифинг, брэндинг, клиринг, шопинг деп –нг арқылы жазып жүрміз. Жаңа әліпбиімізде кириллшедегі ң әрпін ń деп бір таңбамен алғаннан кейін ағылшынның –ng қосымшасына аяқталатын сөздерін бір ғана ń (ң) әрпімен жазған дұрыс деп ойлаймыз. Мысалы, ағылшынның bankıng сөзін bánkıń деп алсақ, түпнұсқаға да мейлінше жақын, біздің тілімізге де барынша икемделе түскен болар еді.

Таңат АЯПОВА,
филология ғылымының докторы,
профессор:

– Жаңа қазақ әліпбиін қазақ және өзге тілді аудиторияларда үйретудің жас ерекшелігін ескере отырып арнайы сатылық әдістемесі қарастырылған.
Тұжырымдаманың мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін қазақ және өзге тілді аудиторияларда үйренушінің жас ерекшелігін ескере отырып сатылық негізде үйрету. Осы қойылған мақсатқа жету барысында мынадай міндеттер іске асырылады: латын графикасына негізделіп жасалған қазақ тілінің жаңа орфографиялық ережелерін үйренушінің жас ерекшеліктеріне қарай сатылық негізде сынақтан өткізу; орфографиялық ережелерді сынақтан өткізу мақсатында ғылыми-практикалық негізде сынақ жаттығулары жүйесін жасау; сынақ нәтижелерін сараптау арқылы жаңа орфографиялық ережелер нәтижелерін баяндау; жаңа әліпбиді үйрету мақсатында когнитивтік негізде сатылық топтарға бөлу (1 саты – балабақша топтары, 2 саты – бастауыш мектеп сыныптары (1-4); 3 саты – орта мектеп (5-9); жоғары сынып (10-12); 4 – саты ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім, мемлекеттік қызметшілер, қызметкерлер сатысы; 5 саты – егде азаматтар); ғылыми-теориялық негізде жаңа әліпби үйретудің кешенді сатылық әдістемесін жасау; әдістеме негізінде оқу-әдістемелік кешендер дайындау.
Осы міндеттерді іске асырудың төрт кезеңі жоспарлануда.
1-кезең: Латын графикасына не­гіз­делген орфографиялық жұмыс тобы­ның дайындаған қазақ тілінің ең не­гізгі орфографиялық ережелерін рес­пон­денттердің жас ерекшелігіне қарай жоғарыда аталған сатылар бойынша сынақтан өткізу.
2-кезең: Сынақ нәтижелерін талдау, сараптау, қорытындылау, баяндау.
3-кезең: Жаңа әліпби, орфографиялық ережелерді қазақ тілді және қазақ тілді емес аудиторияларға үйретудің ғылыми-практикалық әдістемесін жасау және тарату. Әдістеме негізінде ұсынымдар әзірлеу.
4-кезең: Ұсынылған жаңа әдістеме негізінде оқу-әдістемелік кешендер дайындау.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
Ш.Шаяхметов атындағы
«Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы:

– Сынама-сауалнама не үшін керек? Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ғылыми практикалық орталығының негізгі қызметтерінің біріне әрі бастысына әліпби ауыстыру жөніндегі еліміздегі жалпыұлттық тілтанымдық реформаның оператор-менеджері міндеті жүктелді. Орталық бүгінгі күні реформаның барлық кезеңдерін ұйымдастыру, әр кезеңдегі осы «процестің ойыншылары», яғни саяси шешім қабылдаушы, атқарушы органдар мен халық, сол сияқты жаңа жазудың теориялық негіздері мен ғылыми базасын жасайтын ғалымдар т.б. арасындағы әрекеттерді үйлестіруші, реформаның жаппай жүзеге асырылуына қажетті практикалық еңбектерді әзірлеуші мекеме қызметін атқарып отыр. Қазіргі кезде реформаның ғылыми-теориялық негіздеріне, лингвистикалық базасына жауапты зерттеу орталығы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты латыннегізді әліпбидің орфографиялық ережелерін әзірлеп, алғашқы жобасын Орталыққа ұсынды. Емлеші-тілтанушылар үшін жобаны жетілдіруде тіл иелмендері санасындағы орныққан орфограммаларды, қазақтілді жазарман үшін сөздердің қолайлы графикалық образдарын анықтау аса маңызды. Осы мақсатпен Орталықтың ұйымдастыруымен Көкшетаудағы «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығында дем алып жатқан жоғары сыныптың үздік оқушылары, Орталық Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Астана, Алматы қалалары тұрғындары (жалпы саны 1601 адам) және16 министрлік пен А.Байтұрсынұлы білім академиясы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі, Хабар арнасы, Қазақстан Ұлттық телеарнасы, Егемен Қазақстан газеті, ҚазАқпарат Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері арасында (жалпы саны 674) сынама-сауалнама (апробация) өткізілді.
Сауалпарақта бір сөздің орфограмасына (емлесіндегі қиындыққа) қатысты оның екі түрлі таңбалану үлгісі берілді, сөйтіп, даулы орфограммаларды анықтауда қоғамдық пікірдегі басымдықтар сараланды. Мәселен, біріккен сөз сыңарлары жігіндегі қатар келген екі дауыстының жазылу/жазылмауы (alaaiaq/alaiaq), ә әрпінің екінші буында таңбалану/таңбаланбауы (múbarak/múbárak), б дыбысының сөз аяғында таңбалануы (arab/araр), шығыс тілдерінен енген кірме сөздердегі ф, х әріптерінің жазылуын (qalyń/haliń, arafaǵa/arapaǵa, raqmet/ rahmet), қысаң езуліктері бар соңғы буынға тәуелдіктің үшінші жағы қосылғанда ы, і әріптерінің түсірілуін қабылдауды айқындау (daýysy/ daýsy), ë (dirijer/ dirijоr), ю (parashýt/ parashiýt), я (asambleia/ asamblea), э (aloe/ aloi), ц (aseton/atseton), щ (ashshy/ashy) әріптері бар шетел сөздерін жаңа әліпбимен жазу емлесін анықтау, ш әрпі бар сөздердің екіұшті оқылмауы үшін таңбалау әдісін іздестіру (sholastika: схоластика/шоластика), шетел сөздерін таңбалау нұсқаларының ішіндегі танымалын анықтау (váls/ vals; brifing/ brifiń).
Бүгінгі жазарман қалауы немесе емлеші-тілтанушыны қызықтырған кейбір деректер: pıtsa – 57%, pıssa – 43%; pıtsa– 36 %, pıssa– 41%, pızza– 23 %; glıýkoza– 26 %, glýkoza– 44 %, glukoza– 30%; konstıtýsıa– 36%, konstıtýtsıa– 49%, kanstıtýtsıa– 13 %; aseton – 69%, atseton – 58% (1 кезең бойынша); pıtsa – 62%,pıssa – 38%; dırıjer– 60%, dırıjıor–40 %; parashýt– 53 %, parashıýt– 32 %, parashýut– 19 %, parashut– 5 %; pıtsa – 57 %,pıssa – 42 %, pızza– 29 %; konstıtýsıa – 48%, konstıtýtsıa – 52 %; ashshy – 34%, ashy – 38% (2 кезең бойынша). Мұндағы қою қаріппен терілген нұсқаларға респонденттер артықшылық берген. Бұл орфограммалардың таңдалу себебі шеттілдік сөзді түпнұсқа тұрпатқа мейлінше жақын таңбалауға бейімдікті көрсетеді. Респонденттердің мұндай таңдауы мен емле ережесін жасаушы тілтанушы мамандардың көбінің көзқарасы ұқсас келеді. Ал glukoza, parashut нұсқаларын ұсынуына қарап, респонденттердің кириллдегі у-ды латынның u графемасымен таңбалауға артықшылық бергені байқалады, мұндай мәліметтер әліпбидегі кейбір таңбаларды түзету керек деген қоғамдық пікірдің негізсіз еместігін растайды. Алайда бұл бекітілген әліпбиге қайшы, себебі онда кириллдегі у-ды латынның ý әрпі таңбалайды. Сол сияқты Ashat: Асхат –78%, ашат –22%; shema: схема –70%, шема –30%; sholastika: шоластика –73%, схоластика –27%мысалдарынан sh әріп тіркесінің респонденттер арасында екіұшты (бірде ш, бірде сх түрінде) оқылуға әкеп соқтырғанын да ерекше ескеру керек. konstıtýsıa – konstıtýtsıa; aseton – atseton, pıtsa – pıssa нұсқаларының шамамен бірдей мәндерден, яғни жұртшылықтың қалауы екеуінде де бірдей көрінуі ц әрпін бір ғана s таңбасмен берудің қолдау таба алатынын көрсетеді.
Жаппай қолдау тапқан сөздердің жазба бейнелері: bıologıa (bıalogıa емес), dırıjer (dırıjor емес), elektr (elektır емес), plash (plashsh емес). Алдыңғы үшеуінің басымдық алуы респонденттердің шетел сөзі емлесінде түпнұсқа принципке, яғни донор тілдегі орфограмма тұрпатына мейлінше ұқсас түрде игеруге артықшылық беретінін көрсетеді: айтылымы бойынша екпінсіз буындағы о-лардың а түрінде айтылыуын (биалогиа), тілімізге сөз соңында бірнеше дауыссыздың тіркесуі жат болғандықтан, олардың арасына түскен қысаң сына дыбыстың жазуда таңбалануын (електір) жұртшылық қолдай қоймады. Сол сияқты ë әрпін оның дыбыстық мәні, яғни о түрінде емес, өз графикалық тұрқына ұқсас е түрінде таңбалауға артықшылық берілгені аңғарылды. Plash нұсқасының басымдығы шетел сөздеріндегі щ әрпін латыннегіздегі әліпбидегі ш-ның sh таңбасы арқылы жазуды қолдайтынын байқатты.
Сонымен, қорыта айтқанда, сынама-сауал­нама нәтижелері емлеші-тілтанушылар тіл иелмендері санасында қалыптасып қалған сөздердің танымал жазба бейнелері мен ор­фо­граммалары туралы пайдалы деректер берді.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
филология ғылымының
докторы, профессор:

– Қазіргі әліпби түзу мен емле-ереже құрастыру барысында мамандарымыздың екі жар болып отырғанын жасыруға болмайды. Бір топ мамандар бүгінгі қолайлы сәтті пайдаланып, әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдырып, қазақ жазуының ұлттық үлгісін қалыптастырып алайық деп отыр. Ондағы мақсат – «бір дыбыс – бір таңба» ретімен төл дыбыстарымызды өз күйінде таңбалау. Соның нәтижесінде төл сөздеріміздің жазылымы (орфографиясы) мен айтылымы (орфоэпиясы) өзара үйлесе кетеді. Өйткені орфография деп жазып, орфоэпиямен түзетіп, бір жұмысты екі жұмыс етіп жүрміз. Сонда «үнеміміз» қайда қалды? Ендеше төл сөздеріміздің құрамында жазылып жүрген кірме и, у, я, ю, щ тәрізді тіл бұзар әріптерден құтылу керек. Сонда «ықшам» да өзі келеді, «үнем» де болады, «қағаз» да көп кетпейді. Мысалы, мый дейтін жуан әуезді сөзімізді ми деп жіңішкертіп жібермей немесе «дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген сықылды бейрет ережелерден арылар едік. Бұл бір ғана мысал емес, тізе берсек жетіп жатыр: су, бу, ту, ти, ки, т.б. бір буынды сөздер, ал екі және көп буынды сөздердің шегі жоқ: тиын, тиін, суыр, сурет, иық, иін, алу, келу, т.б. Енді осы сөздердің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті қалай болады екен? Төрелігін оқытушы-мұғалім қауымға, оқулық авторлары мен әдіскерлерге қалдырдық.
Егер осыларды сұу, бұу, тұу, тій, кій, тыйын, тійін, сұуыр, сүурет, ыйық, ійін, алұу, келүу, т.б. таратып жазатын болсақ, онда сөздің, ең алдымен, үндесім әуезі сақталады (тіліміз үндесім тіл екенін ұмытпайық), морфем құрамы бұзылмайды, буын реті сетінемейді, тасымал оңай шешілетін болады. Ең бастысы, қазақ сөзінің табиғи айтылымын қайтарып аламыз.
Келесі топтың уәжіне келейік: егер кейбір дыбыс тіркестерін бір таңбамен белгілесек, онда жазу ықшамдалады, қағаз(?) үнемделеді, жазу оңтайланады, сөзді оқу жеңілдейді, т.б. Сөздеріміз «шұбалаңқы» дейді.
Қарсы пікірімізді бірден айтайық, қазақ тілінің (сөзінің) табиғи тұрқын бұзатын ықшамның, үнемнің, оңайдың, жеңілдің т.б. алдамшы ұстанымдар (принциптер) кімге және неге керек?! «Шұбалаңқы» деп тілімізден жиренеміз бе? Тіліміздің әлем тілдерінің құрамындағы ерекшелігі мен құндылығы да сол көп қосымшалылығында.
Олардың тағы бір уәжі – қазіргі қоғам су, бу, т.б. деп жазғанға көзі әбден үйренген, сұу, бұу, т.б. деп жазғанды қабылдамайды-мыс. Расты рас деу керек, қазіргі қоғам дәл солай, оны біз білмей отырған жоқпыз. Жарты ғасыр бойы (1957 жылдан бастап) су, бу, т.б. деп тоқпақтай берсе, сеніп қалмағанда не істейді. Сеніп қалған нәрсе бұрыс болса да дұрыс көрінетіні анық.
«Бұу» мен «сұуды», «мый» мен «қыйды» қазіргі қоғам қабылдамайды деп бас ұра беретін болсақ, жазуымызға реформа жасап несіне әуре болып жатырмыз, онда қоғамды ырза қылу үші кириллде отыра берейік.Біздің бүгінгі мақсатымыз – қазақ сөзінің қазақы жазылымы мен айтылымын бүгінгі қоғамға түсіндіру, қабылдату, тіптен, мойындату емес пе? Әрине, бұл іске оңай аса қоймайды, себебі реформаның оңайы болмайды.
Көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып, санамызға сіңіп қалған соң кірме жазуды да өгейсінбейтін болдық. Егер рухани сана жаңғыру ұлттың тілінен басталатынын ескерсек, онда алдымен төл әліпби мен емлені қалыптастырып алу керек болады. Төл әліпбиден төл сөз қалыптасады, төл сөзден ұлт тілі қалыптасады. Бұл – әлеми жазу тәжірибесі көрсетіп отырған фонетика-грамматикалық ұстаным.
Әдетте, әлеми әліпби түзу тәжірибесінде бір дыбысты бірнеше (екі-үш) таңбамен белгілеу дәстүрі жиі кездеседі. Ал әлемде жоқ әліпби үлгісі қазақ жазуында ғана бар: бір таңбамен екі-үш дыбыстың тіркесін біз ғана белгілеп келеміз. Мысалы, бір ғана У таңбасын (әрібін) алайық (өзге И, Я, Ю, Щ таңбаларының жайы да осындай), төрт түрлі орфографиялық үлгісі бар: орыс тілінің У дауыс­ты дыбысын, қазақ тілінің У дауыссыз дыбысын, ҰУ және ҮУ дыбыс тіркестерін бір өз-ақ белгілеп келеді. Белгілеп қана қоймай, арнайы емле-ережемен бұлжымастай етіп бекітіп те қойдық. Жарты ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпақ сол емле-ережемен ауызданып, сол емле-ережемен ер жетіп, сол ­емле-ережемен қартайып, сол емле-ережемен «ұзап» кетіп жатыр.
Қазақ тілінің сөзқұрауыш (просодикалық) заңдылығы бойынша жазу үлгісі «бір дыбыс – бір таңба» болу керек, сонда ғана мәтіннің дыбыс/әріп саны, үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлеу ырғағы үйлесімді шығады. Қазақ (жалпы түрік) тілінің өзге тілдердің жазу үлгілерінен басты ерекшелігі осы болып табылады. Тіркестің бірінші сыңары бірде дауысты Ұ болса, бірде дауысты Ү болады. Тіркестің екінші сыңары дауыссыз У[w] дыбысы болып табылады (орыс үлгісімен дауысты у деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ).
Сонымен «У» дыбыс па, таңба (әріп) ма?
1957 жылғы «қызыл саясат» қазақ әліпбиі мен оның емле-ережесіне де жетті. Сөйтіп, «орыс тілінің игі әсері» деген саясатпен қазақтың төл сөздерінің жазылымына орыс тілінің У дыбыс/таңбасы ендірілді. Сонымен кірме У таңбасы қазақтың төл дауысты дыбыстарының құрамына «дауысты» болып қосыла кетті. Осы саяси әліпби реформасының жемісін енді «теріп-жеп» отырмыз. Қазіргі ұрпақты қазақ тілінде дауысты У дыбысы жоқ деп сендіре алмай отырғанымыз сондықтан.
Осы дауыссыздың жасалым белгілері: ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс. Дауыссыздың ақиқат анықтамасы осы болып табылады. Оның қазақ тілі дауыссыздарының жіктелім кестесі мен пішіндемесінде (моделінде) өзінің орны бар. Соған қарамай, көпшілікті шатастырмас үшін У таңбасының іргесіне w таңбасын қосақтап У(w) деп көрсетіп отыруға мәжбүрміз.
Тағы да ғылыми негізге жүгінетін болсақ, халықаралық фонетикалық әліпби (ХФӘ немесе МФА – международный фонетический алфавит) үлгісі бойынша таңбасы Ww болуға тиіс. Бұдан әрі қарай осы таңбаны тұрақты пайдаланатын боламыз. Мысалы, тау[taw], ауа[awa], ту[tuw], туыс[tuwus], т.б.
Дауыссыз У(w) дыбысын жоғалтып жүргеніміздің тағы бір себебі «жалған естілім» (слуховой немесе перцептивный обман) болып табылады. Қазақ тілінде сөз басында кездеспейтін бес дауыссыз дыбыстың бірі – осы У(w). Ендеше дыбыс атауына, өзге дыбыстардай бы, ды болып дауысты соңынан қосылмай, дауысты алдынан қосылып, ұу (уұ емес) түрінде айтылады. Сондықтан ұу тіркесінің айтылымы орыс тілінің у дауысты дыбысының естіліміне ұқсап кетеді. Қазақ тілі мамандарын да, өзге зерттеушілерді де шатастырып жүрген осы жайт.
Жуан әуезді сөздер құрамында:
– жуан әуезді қысаң Ұ[u] мен үнді жуысыңқы У[w] дауыссызының тіркесі ҰУ[uw] болып жазылады;
– сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады:
у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт)
[u-wa-qɪt];
– сөз ортасында: туыс (тұ-уыс) [tu-wus], суық (сұ-уық) [su-wuq], жуан (жұ-уан) [ju-wan], шаруа (ша-рұ-уа) [şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы) [o-quw-şɪ];
– сөз соңында: ту (тұу) [tuw], су (сұу) [suw], бу (бұу) [buw], алу (а-лұу)
[a-luw], толу (то-лұу) [to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу) [qa-ruw];
Жіңішке әуезді сөздер құрамында:
– жіңшке әуезді қысаң Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі ҮУ[üw] болып жазылады;
– сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ү[ü] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (ү-уәж) [ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy], уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir];
– сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [se-nüw-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi];
– сөз соңында: күлу (кү-лүу) [kü-lüw], тілу (ті-лүу) [ti-lüw], күту (кү-түу) [kü-tüw].

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеп жаңа қазақ Ұлттық әліпби жасау мүмкіндігі туды. Сол мүмкіндіктің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ ұлттық әліпбиіне байланысты Жарлыққа қол қойды. Жаңа Ұлттық әліпби қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеруге мүмкіндік жасайды. Осы мақсатта Үкімет жанында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне қатысты Ұлттық комиссия құрылды. Ұлттық комиссия шешімімен төрт жұмыс тобы жасақталды. Әдістемелік жұмыс тобы жаңа қазақ әліпбиін сынақтан өткізу және үйрету үдерістерінің әдістемелік негізін қалайды. Семинар барысында латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің жаңа емле ережесі және оның алғашқы апробациясының нәтижесі талқыланса, ғалымдар алдағы уақытта барлық жұмыстардың қорытындысымен бөлісетін болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Mihail Kazak

    Ǵalymdardyń jańa emle jaıly pikir, usynystaryn zer salyp oqyp shyqtym. Professor Nurgeldi Ýálıdiń ый+ ій, ұу+ үу dybystaryn dara i jáne ý áripterimen bilgileý jóndi dep oılaımyn, óıtkeni -yı+iı, uý+úý oqýǵa yńǵaısyz, qarapaıym qaýymǵa jazý men oqýdyń jeńildigi kerek, dybystyń lıngvıstıkalyq ereksheligi oǵan óte mańyzdy emes, ol ǵalymdardyń mindeti. Durys -i- tańbasynyń bas áripin engizý kerek, mysaly,- İ-, sonda ИГІ sekildi sózderdi shatystyrmaýǵa bolady: İGI. Al -ch jáne -sh dıgraftaryn bir árippen belgileý durys, biraq arnaıy ereje arqyly -sh dıgrafyn qoldanǵannan eshqandaı qısynsyzdyq bolmaıdy, mysaly, асхана sekildi sózderdegi -han,- hana,- hat sıaqtylardy -qan, -qana, -qan dep te jazýǵa bolady, óıtkeni ondaı sózder anaý kóp emes, sosyn -h nemese -x dybysy tilde joq, halyq aýzynda asqana, Asqat bop daýystalady. Схема sekildi kirme sózder múldem az, mysaly osyndaı sózderdi bylaı jazýǵa bolady: skema, qazaq tilinde -e, i dybystarymen qatańdar kezdespeıdi. Jalpy aıtqanda, bir túbegeıli nátıjege keletin ýaqyt boldy, qashańǵa deıin álipbı máselesi sozylýǵa múmkin? Bireýler túrli derekterge súıenip álipbıdiń ózgertýin usynady, menińshe bul qate usynys, Elbasy jylyna bálen ret jazýdy ózgertpes dep oılaımyn, barmen rıza bolyp emleni júıege keltirip kópke sozbaı qabylǵan durys bolar, aǵaıyn.

  2. Алмас

    Менин ойыма конган нуска Әлімхан ЖҮНІСБЕК агамыз усынган вариант. Оте ынгайлы, орынды ари гылыми турде тусиндирилип берилген алфавит. Ал азирги кол койылган нуска оте шики, асыгыс жасалган. Ол казак тилинин казирги бар проблемарын шешуге каукарсыз. Оны тупкиликти кабылдау казак тилине киянат деп ойлаймын. Елбасы ушин казак тилинин болашагы ушин канша озгеристер енгизу кажет болса, сонша рет шешим кабылдау киындык тугызбас деп ойлаймын

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.