АХАҢ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ

5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы күн Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгені жұртшылыққа жақсы белгілі.
«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деген еді Мұхтар Әуезов. Бұл – ел бағасы.
Кезінде Ахаң қаламынан туған «Қалам қайраткерлері жайынан» деген мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз. Мақалада көтерілген мәселелер бүгінгі күні де көкейкестілігін жойған жоқ деген ойдамыз.

Қазақ қалам қайраткерлері қайдан туған, қашан шыққан деп сұрау қойылса, жауап қиын емес.
1) Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, таяқ жеген, орыс табанында езілген жұрттан туған.
2) Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан.
Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болса, онда табиғат заңынан тысқары адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады.
Қазақ баласын «ұлтым»,«жұртым», ­«бауырым» деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал ­(бибауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей «алымсақтан бері коммунист, интернационалист елім» деп айтуға аузы бара алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін бибауырмалдық жолындағы үкімет қош көрмейтін болды. Сөйтіп, қазақ қалам қайраткерлерінің халінде дағдарыс болып, өзгерістен бұрынғы қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды. Сол қайтқан қарқын әлі күнге қайта келіп жеткен жоқ. Бұрынғы қалам қайраткерлерінің бәрі де өзгерістен кейін қалам қайратына әлі белсеніп онша кіріскен жоқ.
Бұл айтылған себептің үстіне жамалған екінші себеп болды. Ол – Қазақстанға ұлық болған адамдардың лағу-төңкеріс болса, істің бәрі өзінен-өзі істеліп, өзінен-өзі өзгеріп кететіндей көруі. Қалыпты өзгертетін – адамның ісі, яғни жұмсайтын күші, қайраты, ісі, білімі екендігін ойламады. Төңкеріс болды, патша үкіметінің орнына совет үкіметі орнықты: қазақты билеген, патшаның оң қолы болған чиновниктер қалып, олардың орнына совет үкіметінің оң қолы болып коммунистер қазақты билейтін болды. Елдің төбесі өзгерді, төресі өзгерді. Онан былайғысын өзгертуге көп күш, көп іс, түрлі еңбек, қайрат керек, яғни істей білетін түрлі адамдар керек.
Қазақтың оқығаны аз, оның ішінде халық ісіне қатысып, жұрт үшін жұмыс қылған адамдар аз. Бірақ аз да болса, қазақта қызмет қылып ысылған, төселген адамдар қазақтың ісіне қатыспақ түгіл, қарасын көрмеген, атын есітпеген жат жұрттың адамдарынан гөрі, қазаққа көбірек пайда келтіретіні шексіз.
Ескі үкімет тұсында қазақтың басына қаптаған қара бұлттай қалың пәле торлаған заманда жұрт үшін, ұлт үшін қызмет қылған, қиналған адамдарға «жұртшыл», «ұлтшыл» деген таңба басылып, олар қораға жолатпайтын қотыр мал сияқты шетке шығарылып, әлеумет жұмысынан аулақ ұсталды. Қазаққа жаны ашып, қазақ сөзін сөйлеген адам болса, оны «ұлтшыл» деп әдепсіздік еткен сиырдай қылатын болды.
Төбелеске шығатын адам сияқты төсін ұрып, тұлданып: «Жасасын бибауыр­малдық!» деген қазақ болса, қошемет айтып, қол шапалақтап, төбесіне көтеретін болды. Қазақтың көрген қорлығын, зорлығын айтатын адам болса, ауызға қағып сөйлетпейтін болды. Қазақ өзгеріс үшін құрбан болса, несі құрайды деуші болса, арқаға қағып, дұрыс пікір осы дейді. Солай болып тұрғанда қазақтың жұртшыл, ұлтшыл, бауырмал қалам қайраткерлері қалайша белсеніп қалам қайратына кіріспек? Қалайша қаламды қолға алуға көңілі шауып, ықыласы түспек?
Қалам қайраткері жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайрат­керлері я бояуы мен түсін өзгертіп, я түленмен түгін өзгертіп бибауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп, бибауырмал бола алмайды. Жалғыз қалам қайраткерлері емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Оны айтып отырса, бауырмал деген сөзден құтыла алмайды. Солай болған соң, я бауырмал деген сөзден қашып, бибауырмал үкіметтің ыңғайымен болып, қазақты басқалар пісіріп жесін, шикі жесін – үндемей қарап отыруы керек, не бауырмал деген сөзді басқалар ауыр мағынада айтса да, қазақ азаматтары ауырламай, қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеуі керек. Енді осыған жеттік.
«Қазақ деп ауызға алмай, не болса, о болсын, қараға қостық, не көрсе көппен бірге көрер» деп отыруға болар еді, егер қазақ мәдениеті қасындағы халықтармен бірдей болса. Қазақ қасындағы халықтар: орыс, неміс, ноғай, жәуіт, ғайлар.
Бұлардың бәрінің де мәдениеті қазақ мәдениетінен жоғары. Мәдениеті жоғары халық мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны –айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін ыспаттайды.
Қазақ мәдениеті жәуіт, неміс, орыс, хатта ноғай мәдениетіндей болса да, «қазақ» деп айыра сөйлеп, ауыз ауыртып, әуре болмай-ақ көппен бірдей көрер деп қояр едік. Қазақ айрықша сөз болатын халі айрықша болатындықтан.
Қазақ мәдениеті қасындағы жұрттан кем екенін біле тұра, мәдениеті кем халық мәдениеті зор халыққа жем екенін біле тұра, қазақты жемтік есебінде жей бер деп қазақ азаматтары тастай ала ма? Оны қазақ азаматтары істей алмайды. Оны істей алмаса, бауырмал деген сөзден құтыла алмайды. Олай болса, бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл десін, оған құлақ ауыртып, ауырламасқа керек.
Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп теңелуіне керек ісімізді қолға алып, қанаттамасақ, қазақ күнін қараң қылатын бибауырмалдық адам арасына жік салады, ­бауыр керек емес, «Жасасын бибауыр­малдық!» деп айғайлағанмен, адам баласының ара­сындағы құр айғаймен жоғалатын көрінбейді. Мәдениет жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай жұмыс емес. Бұл айғайдың қолынан келмейтін іс екендігіне көз жетті.
Алдымен бауырмалдық жігін жоғалту керек деп адасқандар адаса берсін, қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін, ісін сарп ету керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса, жармаса күнелтуге қазақ жеткен күні, қазақты қасындағылар қыңсылатуын қояды, қазақ азаматтарының қазақ үшін айрықша қайғыруы, қаны қызуы жоғалады, бауырмалдық өзінен-өзі жоғалады.
Мәдениет алға басуы тірнек ісі шебер­ле­нуімен, сана-саңылау күшеюімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адам­мен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен та­былатын нәрсе. Үйрену дегеніміз – оқу. Сөйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасын­дағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп тіреледі.
Қазақта оқу ісі қалам қайраткерлеріне қарап тұрғаны, олар не істеуге керектігі өткен нөмірлерде басылған съезге арналған мәселелерде айтылды. Мұнда айтайын дегеніміз – қалам қайраткерлерінің бас қосып, бақыршылығын сөйлесуі. Қалам қайраткерлерін июнь съезіне «топалаң уақытындағы той» емес, топалаң келмеуіне амал қарастырайық деген ой еді.
Съезд июньде болмады деп қою керек емес, июньнен басқа да айлар, күндер көп, әлі де болса бас қосып сөйлесу, қалам қайраткерлерінің ұйымын жасау керек. Жазушыларымыз бытыранды болмай, ұйымдасып, бірлесіп іс істесе, бәлкім істері берекелі, өнімді болар. Өзгеріс болғанымен, өзгермей тұрған қазақта қалып көп, қашаннан бері қазақ ішіне сіңіп, орнығып қалған қалыпты өзгерту оңай нәрсе емес. Бас өзгерді, бастық өзгерді, төре өзгерді, басқасы әлі қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кеміген жоқ. Жеуге жеңіл тұрғанды жеу – табиғи іс. Тіске жұмсақ болған соң, қай уақытта да жеуге қазақ жеңіл болып тұратыны мағлұм. Қазақты бұрын жегендері әлі жеп отыр, бұрын зорлық қылғандары әлі де зорлық қылып отыр. Өзгеріс кімге жағымды, кімге жағымсыз болып шыққаны көзі бар адамдар көрерлік, есі бар адамдар білерлік болды. Өзгерістің негізі тартыс, талас болған соң, тіршілікке қайым біткен қайраттыларға, күн көруге ептілерге, дүние жиюға құмар адамдарға жағымды болғанымен, момындарға, ақкөңіл, анайы, аңқауларға жағымсыз болғаны шексіз.
Ақкөңілдік, анайылық, аңқаулық табиғаттан да болады, тәрбиеден де болады, яғни мәдениет жоғары-төмендігінен де болады, көбінесе мәдениеті төмен жоғары жұрт ақкөңіл, анайы, аңқау келеді. Сондықтан да мәдениеті жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп, жем болады. Қазақ жеріндегі халық көбінесе қазақ пен орыс. Қазақ мәдениеті орыстан кем болған соң, жем болатыны шексіз. Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады.
Үкімет тарапынан қазақтың қазіргі күтетін көмегі – мәдениеті жетілгенше басқалардың зорлығынан қорғау, мәдениеті көтерілуіне қолдан келген жәрдемін аямау. Солай болған соң қазақ үкіметі құр декретін көбейтумен бола бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына көз салып, көбірек күшін жұмсау керек.
Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет бірін-бірі қолдап, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірі сүйрейді. Оқусыз әдебиеттің күні жоқ, әдебиетсіз оқудың күні жоқ, қазақта оқу да, әдебиет те жаңа ғана көктеп, көзге ілінген күйде тұр. Оның өсіп, үлкейіп, гүлденуі үшін көп іс, көп күш керек. Сол көп істі қолынан келгенше істейтін, сол көп күш шамасынан келгенше сарп ететін – қазақ қалам қайраткерлері.
Ол қалам қайраткерлері бұл күнде өз жұмысында емес, өзге жұмыста жүр. Оларды өзге жұмыстан алып, өз жұмысына салу – қазақ үкіметінің міндеті: қалам қайраткерлерінің жұмысы – әдебиет, әдебиетсіз оқу қуаттануы жоқ, оқусыз мәдениет қуаттануы жоқ, мәдениет қуаттанбай қазақ қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Орыстан қазақтың көріп отырған отаршылығы, омыраулығы қазақ мәдениеті орыс мәдениетінен төмен болғандықтан. Азаттық асылы – мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі – оқу мен әдебиетте.

Ахмет Байтұрсынұлы

Ең бірінші боп…

Әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыстанушылармен қатар тұрады. Өнер мен мәдениет теориясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші боп батыл қадамдарға бара алды. Оның «Әдебиет танытқышы» енді қаз тұра бастаған көбең әдебиет түгілі, әлем мойындаған кемел әдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын сүбелі еңбек еді. «Маса» мен «Қырық мысал» өткелекте тұрған ұлт өмірінің ең зәру мәселелеріне ең дәру жауаптар іздеді. Ол бұрын ұтқыр да өткір шешен сөзге ғана құлақ асып қалған жұртшылыққа енді істің байыбына барып, мәселенің мәйегін аршып, еліктіре сөйлеудің орнына ежіктей сөйлейтін шынайы көсем сөздің үлгісін көрсетіп берді. Ағарту ісінде көп мәселеде әлемдік тәжірибеден алға оза әрекеттенді. Көп халықтарда енді талқылана бастаған жайттарға ол сонау ғасыр басында-ақ өз тұжырымын айтты. Кейінгі тәжірибе оларды дұрысқа шығарды. Қазақ тілінің дамуына жер жаралғалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара.

Әбіш Кекілбайұлы

Ғасырдың ұлы перзенті

Ахаңның өмірі, тағдыры, мұрасы – оның ғасырдың ұлы перзенті екендігінің айғағы. Ол күрескен кесапаттар – надандық, қараңғылық, ұйқышылдық, адами хайуандық, отаршылдық, ұлттың азуы мен тозуы, оның бұратаналық болмысы, жараланған жан жарасы, құлшылдық санасы, таланған жері, қансыраған тілі, орыстандырыла бастаған ділі. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының болашақта болу-болмау альтернативасы.
«Ұлт ырысы», «өркениет ырысы», «олжалы жерде үлестен», «ордалы жерде орыннан», «жоралы жерде жолдан» қазақ халқы қалмауын ойлаған, «ұлт­тық құтқару майданының сардары», XX ғасырдағы ұлттық ренессанстың бастауы Ахмет Байтұрсынұлы пла­неталық ойшылдар қатарынан орын алары даусыз. Ахаң бар әлемдік ұлылар галереясында XX ғасырдың ұлы гуманисі Ганди, түркі әлемін оятқан Кемаль Ататүрік, шілдің боғындай шашыраған араб әлемінің басын қосқан Насер, әлемдегі әрбір төртінші адамның жан дүниесін елжіреткен Ден Сяо Пин, тұңғыш ғарыш перзенті Гагарин, адам құқының қорғаны Сахаров, алты алаштың арысы Әлихан Бөкейханов сияқты біртуар тұлғалар тұр.
Әрине, Ахаңды планеталық санаттағы ойшыл, ұлы ағартушы-гуманист, XX ғасырдың ұлы реформаторларының бірі, бір де болса бірегейі деуімізді дәлелдеу алда тұр.
Ахмет Байтұрсынұлы – XX ғасырдың ірі құбылысы, феномені. Оның есімі осы дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан байтұрсынұлытану шын мәнінде ғасыртану десе де болады. Сондықтан байтұрсынұлытануды дамыту – барлық гумани­тарлық ғылымдардың ортақ парызы.
Ендеше, Ахаң болмысы жан-жақты ашылғанда ғана ұлы ұлт перзентінің қырлары мен сырлары ашылады, әлемдік ұлт-азаттық қозғалысына қазақ хал­қының қосқан сүбелі үлесі сомдалады. Сөз жоқ, бұл болашақтың ісі.
Ахаң, ең алдымен, Ресей шығысының ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі. Ахаң Абай мен Ыбырайдан әрі кетті. Ұлт азаттығы үшін, қазақ автономиясы – мемлекеті үшін, ұлттық болмысы үшін күрес қазақ зиялыларының ұлттық платформасына айналды. Бұл болса 35 миллион түркі халықтарының ортақ ұраны еді. Әлихан, Ахмет ұлттық шеңберден шығып, еуразиялық тұғырға көтерілді. Ол ғасыр басында ұлт ұстазы атанып, бір өзі халықтың Абайы мен Ыбырайы бола алды.
Алаш қозғалысы – XIX ғасырдағы ағартушылар қозғалысының жалғасы, оның жоғары сатысы. Абай заманында ағартушылық ұлтымызды өркениетке таныстыру, табыстыру кезеңі болды.
Ыбырай Алтынсарин бұлағынан бастау алған Ахмет заманасы – ағартушылықты ұлтымыздың болмысын сақтап, оны өркениетті халықтармен жарыстыру үшін жүргізілген күрес заманасы еді. Ахаң оқу-білімді, ағартушылықты «ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көп теңгеретін» бостандық жолы деп таныды. Ендеше, Ахаң тек ұлы ағартушы санатында қалмай, оны ұлт-азаттық қозғалысының ең бір айбынды да айдынды шалқар қайнары ете алды.
Әлихан қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалысын еуропалық демократиялық, консти­туция­лық, парламенттік күрес жолына салды. Ахмет болса, ұлт-азаттық қозғалысына гуманистік, ұлттық сипат берді.
Алаш зиялыларының Әлихан, Ахмет бастаған тобына тән басты сарын – барша халықтың мұңынан шыққан-ды.
Ахаңның өз тілімен айтсақ, Алаштың зиялылары «жұртым деп халықтың арын арлады, зарын зарлады, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғады». Ол жалпыұлттық зар-отаршылдар тартып алған нулы, сулы ата қонысы, ана тілі, ұлттық ділі, ислам діні еді.
Жаны жайсаң, ары мөлдір бұлақ, ұлтқа, өрке­ниет­ке сіңірген еңбегі телегей теңіз Ахаңның тұғыры – ұлылық тұғыры. Тарихта әділдік болса, ол Ахаң есімін болашаққа осылай хаттайды, қасиетті ұлы ұлт ұстазын қазақ қазақ болып тұрғанда жадында мәңгі сақтайды.

Манаш Қозыбаев

Феномендік құбылыс

Ахмет Байтұрсынұлының оқу-ағарту ісі мен білім-ғылым саласында істеген қызметі тарихымызда теңдесі жоқ феномендік құбылыс болды…
Егер бүгінгі «Қазақ тіл білімі» деген сала үлкен ғылымның бір тармағы деп танылатын болса, осы саланың алғашқы танымдары, терминдері, танытылуы (ұсынылуы) мектеп оқулықтарынан, оның ішінде А.Байтұрсынұлы дүниеге әкелген «Тіл – құралдардан» басталады.
Қазақ тіл білімінң терминдері үстіміздегі ғасырдың 10-жылдарынан бастап дүниеге келді. Мұндағы бірден-бір еңбек Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұл орайда қазақ тіл білімінің табысы көптеген түркі тілдес халықтардікімен салыстырғанда, көш ілгері болғаны көрінеді: жазба әдебиеті мен ғылым салалары ХХ ғасырдан кейін де біршама дамыған деген әзербайжан, татар, өзбек, түрік халықтарының өзінде оқу-ағарту мен тіл білімі, әдебиеттану ғылымдары қазақ төңкерісіне, кейбіреулер тіпті 30-жылдарға дейін арабша терминдерді қолданып келіп, ұлт тілдеріне негізделген терминдер жүйесін төңкерістен кейін, советтік кезеңде қалыптастырғанын білеміз.

Рәбиға Сыздық

Дәуірдің дара тұлғасы

А.Байтұрсынұлы түзген әліпбиді сол кезеңдегі фонологиялық мектептің аға буын өкілдері, әлемдік лингвистиканың көшбасшылары болған Е.Д.Поливанов, сондай-ақ Н.Ф.Яковлев тәрізді көрнекті фонологтер аса жоғары бағалады. Түркітанушы К.К.Юдахин мен А.М.Сухотин латын жазуына көшкенше қырғыз халқының Байтұрсын әліпбиін сол күйінде қолданғанын атап айтады. Мұның өзі Байтұрсын әліпбиінің ұлтаралық мәртебесін көрсетеді.
ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазу-сызуын демократиялық бағытқа (халық тіліне) бұрады; қазақ жазуы фонетикалық жазудан феномографиялық жазуға қадам ­басты; ұлттық жазудың негізі қаланды. Қазақ жазуының онтогенездік дамуындағы бұл ерекше кезеңде А.Байтұрсынұлы ақыл-парасаты, қажыр-қайраты лингвистикалық ой тереңдігі жағынан дәуірдің дара тұрған біртуар ұлы тұлғасы болды.

Нұргелді Уәлиұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Mihail Kazak

    Uly ustazymyzdy oıǵa ala turyp onyń qazaq jazýynyń tarıhynda sónbes iz qaltyrǵanyn zıatker urpaqtar eshqashan da umytpas. Ahańnyń «TÓTE JAZÝ»yn osy kúnge deıin Qytaıdaǵy baýyrlarymyz qoldanyp jatyr. Eń basty sebebi — tóte jazý ári yńǵaıly, ári jazyp oqýǵa jeńil. Uly aǵartýshy arab áripterin qazaq tiliniń júıesine, áýenine sáıkestirip naǵyz qazaqy álibı túzidi. Osy oraıda taǵy da qosar dybystar (dıftońdar) uw-úw (ұу-үу), yı-iı (ый-ій) jaıly eskertýdi jón kórdim. Ahmet Baıtursunuly bul dybystardy eki emes bir tańbamen belgiledi: у (ұу-үу) — ۋ; и (ый-ій), й (қысқа и) — ي. Qazaq tilinde qoldanbaıtyn, biraq kirme sózderde kezdesetin в (v) — ۆ , ф (f) — ف , ч (ch) — چ áripterin de álippege engizdi. Al osy tájirıbeni ǵalymdar ne sebeppen qoldanbaı tur? Bul týraly pikirsaıystyń da, talqylaýdyń da qajeti joq, Ahań baıaǵyda ony jete zerttep bergen edi. Osy dıftońdardy dara tańbamen belgileý qısynsyz emestiginiń dáleli emes pe, aǵaıyn?

  2. Mihail Kazak

    Ǵalymdardyń jańa emle jaıly pikir, usynystaryn zer salyp oqyp shyqtym. Professor Nurgeldi Ýálıdiń ый+ ій, ұу+ үу dybystaryn dara i jáne ý áripterimen bilgileý jóndi dep oılaımyn, óıtkeni -yı+iı, uý+úý oqýǵa yńǵaısyz, qarapaıym qaýymǵa jazý men oqýdyń jeńildigi kerek, dybystyń lıngvıstıkalyq ereksheligi oǵan óte mańyzdy emes, ol ǵalymdardyń mindeti. Durys -i- tańbasynyń bas áripin engizý kerek, mysaly,- Í-, sonda ИГІ sekildi sózderdi shatystyrmaýǵa bolady: ÍGI. Al -ch jáne -sh dıgraftaryn bir árippen belgileý durys, biraq arnaıy ereje arqyly -sh dıgrafyn qoldanǵannan eshqandaı qısynsyzdyq bolmaıdy, mysaly, асхана sekildi sózderdegi -han, -hana, -hat sıaqtylardy -qan, -qana, -qan dep te jazýǵa bolady, óıtkeni ondaı sózder anaý kóp emes, sosyn -h nemese -x dybysy tilde joq, halyq aýzynda asqana, Asqat bop daýystalady. Схема sekildi kirme sózder múldem az, mysaly osyndaı sózderdi bylaı jazýǵa bolady: skema, qazaq tilinde -e, i dybystarymen qatańdar kezdespeıdi. Jalpy aıtqanda, bir túbegeıli nátıjege keletin ýaqyt boldy, qashańǵa deıin álipbı máselesi sozylýǵa múmkin? Bireýler túrli derekterge súıenip álipbıdiń ózgertýin usynady, menińshe bul qate usynys, Elbasy jylyna bálen ret jazýdy ózgertpes dep oılaımyn, barmen rıza bolyp emleni júıege keltirip kópke sozbaı qabylǵan durys bolar, aǵaıyn.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.