Шоқанның археологиядағы ізі

Халқымыздың біртуар ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов ғылымның барлық салаларынан жетік білімдар болған десек, артық айтқан болмаймыз. Ол туралы әдебиетшілер, тарихшылар, философтар, т.б. көптеген ғылым салаларының маман-ғалымдары айтып жүр. Шығыстану саласында оның қосқан үлесі зор. Оны көрнекті шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің мына сөзінен анық байқаймыз. «Ш.Ш.Уалиханов как блестящий метеор, промыкнул над нивой востоковедения» деген еді. Бұл пікірді ғылымның археология саласында айтуға болады. Амал не, ғалым өмірден ерте кетіп, басталған ғылыми бастамалары аяқсыз қалды. Бірақ бүгінгі таңда егемендігіміздің арқасында ғалымның бастаған істері, әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында толығымен іске асуда. Мен өзімнің бұл мақаламда ғалымның археологиялық ескерткіштер туралы жазғандарына тоқталып өтпекпін.

Жас ғалым Жетісу мен Тәңір тауының бөктерлерінен өткенде жол бойында кездескен көне дәуірдің ескерткіштері оған үлкен ой салып, қатты әсер етеді. Әсіресе, қазақ жерінде қала мәдениетінің, тау баурайларындағы қыстау­лар, суландыру жүйелері қазақ халқының жартылай отырықшы халық болғандығын дәлелдейтінін өзінің «Қазақ егіншілері» атты ғылыми еңбегінде жазады. Оның жазуы бойынша, егін салуды XVII ғасырда Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан Байғабыл деген кісі бастаған дейді. Ал гарох, жымық, зығыр сияқты т.б. дақылдың түрлерін Қытай жерінен алып келіп еккендерін жазады. Әрине, жерімізде егін салу ғалым көрсетіп отырған ғасырдан әлде-қайда бұрын басталған.
Ғалым Ыстықкөл жерінде болған кезінде ерте заманғы қа­лалық мәдениеттің болған­дығын, суландыру жүйесінің арық-то­ғандардан көрініп жатқандығын жазған. Ғалым орта ғасырларда Іле алқабында да отырықшылық болған деп тұжырым жасаған. Оған басты дәлел археолог, акаде­мик К.М.Байпақов көрсетілген аймақта археологиялық, ғылыми зерттеулер жүргізіп, ерте орта ғасырдан орта ғасырдың орта кезіне дейін қалалық мәдениеттің болғандығын дәлелдеген. Ғалым сол Іле аймағындағы қалалардың бірі – Алмалықта болып, одан бірнеше алтын теңге тауып алып, оны шығыстанушы-ғалым Вельяминов Зерновқа көрсетіп, оның XІV-XV ғғ. жататындығын білген. Кейін ол туралы өзі мақала жазған. Бұл қалада К.М.Байпақов зерттеу жүргізіп, орта ғасырдың орта кезінде қалалық мәдениеттің дамығандығын көрсетеді.
Ғалым жерімізде кездесетін көптеген археологиялық ескерт­кіштерді көне және жаңа молалар деп екі топқа бөліп қарастырған. Ғалым бұл молалардың барлығы қазақтардікі деп тұжырым жасаған. Әрине, бұл молалардың барлығы қазақтардыкі деп қарауға болмайды. Қазақ халқының құрамына кірген үлкенді-кішілі, ерте және кейінгі кездегі ру-тайпалардың молалары екендігіне ешбір дау жоқ. Бірақ та олардың сыртқы көріністері, жерлеу әдеп-ғұрыптары әртүрлі. Ғалым оларға қазба жұмысын жүргізбеген соң ол кезде нақты пікір айту ертелеу болды. Жалпы, ғалым молалар­дың екі түрін жазады. Молалардың жеке-дара және қорған тәріздес түрлері. Соңғысы ташкенттік ықшам қорған түрінде, батысқа қараған есіктері бар, сырты жалмен бекітілген бекініс сияқты болып келеді. Мұндай молалар Үлкен Ордада (Ұлы жүз), Алатаудың етегінде де ұшырасады деп жазған. Соңғы кездегі қабырларға да сипаттама берген. Ғалым қазақ же­рінде монғол шапқыншылығы­на дейін түркі тектес ру-тайпалар­дың мекендегенін, ұйғыр, қалаж, қаңлы және қарлұқ тайпалары­ның түрік одағының негізін қалағандығын жазады. Ал олардың археологиялық ескерткіштеріне жататын түркілердің балбал тастарын Ыстықкөлдің солтүстік жағасынан кездестіріп, олардың суреттерін салған (1-сурет).
Алайда ғалым балбалды кім жасаған, неге қойылған деп таңданады. Мұндай балбал тастардың Кіші Ресей, Сібір жерлерінде де кездесетінін, олардың әлі неге қойылатындығы анықталмаған дейді. Қазіргі кезде де бұл адам тәріздес мүсін тастардың неге қойылатындығы нақты шешілмеген. Мұндай балбал тастар Жетісуда өте көп кездеседі, бұлар туралы археолог А.Досымбаева Жайсан, Мерке жерлерінде зерттеу жүргізіп, бұл бал­балдарды түркілердің ғұрып­тық орындары дейді. Ш.Ш.Уәли­ха­нов түркі тілдес халықтардың ішін­де бұлғарларды, хазарларды, башқұрттарды, мадиярларды түрік тілді және әдеп-ғұрпы бір болғанымен, олар шығу тегі жағынан басқа ұрпаққа жатады дейді. Ал моңғол шапқыншылығы бұлардың халқын мүлде өзгертіп жіберді, тайпалардың бұрын­ғы аттары мүлдем жоғалып кеткендігін, тек кейбіреулерінің ғана аттары қазақ руларының есімдері ретінде сақталғандығын жазады. Бұрынғы халық пен жаңа халықтың араласуы жаңа заңдарды қажет еткенін, Алтын, Еділ ордаларының шығуын, олардың хандарының өздерінің кесенелерін қазақ даласының төріне салды­руы, бүкіл даланы өздері билеп тұрғандай көрсететіндігін жазған. Мә­­селен, Ұлытау шыңдарының бі­рі­нен Маңғыт ордасының негізін қалаушы Едіге моласын (кесенесін) кездестіріп, оған сипаттама бере­ді. Алайда кесененің бұзылып, орны қалғандығын, бірақ оның кезінде биіктігі таумен ұштасып тұрғандығын жазады. Тарихта Едігенің кім екендігі белгілі, бірақ оның кесенесі қай жерде тұрғандығы белгісіз еді.
Ғалым моңғол зираттары мен түркілердің молаларын салыс­тыра келі,п түріктер моң­ғолдардан әлдеқайда білімді әрі олардың отырықшылықта өмір сүргендігін, сауда-саттықпен ай­налысқандығын жазады. Оған дәлел ретінде Қазан қаласынан 60 шақырым жердегі бұлғарлардың астанасы Бұлғар қаласының қираған қалдығының орны осы уақытқа дейін сақталғандығын жазған. Ғалым қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Алтынемел жерінде Тезек төренің ауылында болған кезінде Шолақтаудағы, жартастардағы суреттерді қағазға түсіріп алған. Ғалымның өзі де осы Алтынемелдің бөктерінде, Тезек төренің ауылында қаза болып, осында жерленген. Ғалым Іле бойындағы Таңбалы тас деген жердегі жартасқа салынған суреттерді қағазға түсіріп алған. Бұл жер Алтынемелден онша алыс емес. Бұл сурет жоңғарлардың Жетісу жеріне шапқыншылық жасап, уақытша тұрған кездерінде, шамамен XVII ғасырдың аяғында салынған.
Ғалым Ұлытау аймағында болған кезінде Кеңгір өзені бойында салынған Қамырхан, Алашахан. Болғанана, Домбауыл кесенелерінің сыртқы көріністерін қағазға түсірген. Бұл кесенелердің күйдірілген кірпіштен жасал­ғандығына, олардың мықты болу үшін кірпіштерінің қалауының өзіндік тәсілінің болғандығына да көңіл аударған. Ал кесенелердің сырты түрлі-түсті сырмен сыр­ланған дейді. Әсіресе, Алаша­ханның кесенесіне, құрылыс жү­йесінің қалай салынғандығына ерекше сипаттама берген.
Ғалым Аягөз өзенінің бойын­да тұрған Қозы мен Баянның кесенесіне ерекше мән берген. Ол өзінің жазбасында Аягөз өзенін өте жақсы көретінін айтады. Ол мүмкін алтын шашты Баян мен Қозы Көрпеш туралы поэтикалық аңыздың құдіреті шығар. Мұндай шынайы махаббаттың аңызы болған ескерткішті қалай ғана ұнатпассың. Сондықтан да ғалым сол кездің өзінде бұл сүйіспеншіліктің куәсі болған поэманың қазақша мәтінін жазып қалдырған. Ал кесененің жанында сүйеулі тұрған төрт балбал тастың суреттерін салып, оларды поэманың кейіпкерлері деп жазады (2-сурет).
Қозы мен Баян кесенесінен Аягөздің ағысына қарай бір жарым шақырым жерде, моланың жанында бір ұсқынсыз балбал тастың тұрғаны туралы жазып, ол Қозының қарсыласы Қодардың ұсқыны болуы мүмкін дейді. Ол туралы Қоқанға барған жасауыл жазса керек. Археологиялық ескерткіштер туралы жазғанда ғалым ескерткіштер тұрған жердің маңындағы халықтардан олар туралы сұрастырып отырған. Бұдан байқалатыны, олардың ескерткіштер туралы білетін-білмейтіндерін біліп отырған. Алайда жергілікті халықтар ғалымға оларды ноғайлардыкі немесе моңғол, қалмақтардікі деп жауап беретіндерін жазады. Бұл шындығында дұрыс емес еді. Кейбір жерлерде осы күнге дейін сондай жауаптарды естисіз. Ал шындығына келгенде, жерімізде кездесетін археологиялық ес­керткіштер – халқымыздың құ­рамына кірген көне дәуірден соңғы орта ғасырдағы түркі тілдес және қазақ ру-тайпалардың ескерткіштері.
Ш.Ш.Уәлиханов Алматы ай­мағында болған кезінде қазіргі Талғар қаласының тау жағындағы ескі орны бұзылып жатқан көне Талхир қаласының орнында болып, ол туралы да сипаттама береді. Бірақ ол қаланың көне Талхир қаласы екендігін білмеген. Ғалым ел аузында айтылып жүрген Хантау маңындағы «Қанарық» ту­ралы да жазған. Ол арықты Әмір-Темір ұлыстарының шекарасы деп жазған. Ол аңыз бойынша Жәні­бек ханның баласына байланыс­ты. Қырғыздар Хантау жерінде отырған Жәнібек ханның бір баласын өздеріне хан сайлау үшін сұрап келеді. Бұл шамасы Жәнібек пен Керейдің Әбілқайырдан бөлініп, Қозыбасы, Шуға көшіп келген кезі. Хантаудың солтүстік жағында Жәнібек ханның ордасы деген жер бар. Қанарық осы қыстаудың батыс жағынан солтүстік-шығысқа, Балқаш көліне қарай беттесе, ал екінші жағы Алатауға, қырғыздар жағына қарай жүргізілген. Міне, қырғыздар хан сайлайтын баланы елдеріне алып бара жатқанда алдарынан бір үйір құлан шығады. Хан баласы оларды ұстаймын деп қуады. Қуып бара жатып аттан құлап, мерт болған. Осыған ашуланған Жәнібек хан арықтарды қазғызып, құландарды соған айдап, қырғызса керек. Содан ол Қан арық болып атанған екен. Ғалым бұл аңыздың анығына онша жетпеген.
Ғалымның патша өкіметінің қызметін пайдаланып, қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан мен Орта Азия жерлеріндегі елдерде болып, тарихи-археологиялық ескерт­кіштерге көңіл бөлуі, әсіресе, өз елінің тарихын танып-білуде аянбай қызмет етуі хал­қымыздың тұңғыш археологы болғандығын көрсетеді. Ол ар­хеология ғылымына алғаш жол салғандардың бірегейі болды. Бүгінгі таңда маман-археологтар оның игілікті ісін жалғастыруда.

Сәйден Жолдасбаев,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.