СУҒА КЕТКЕН ПЕРІШТЕ (ӘҢГІМЕ)

Жадыра ДӘРІБАЕВА

Белгілі ақын Жадыра Дәрібаева оқырманға өзінің «Гүлжайна», «Мейір», «Біздің жақтың аспаны», «Қасиеттілік шырағы» атты жыр жинақтары, «Ақ бура сезімдер» деп аталатын әңгімелер және бір томдық шығармалар кітаптары арқылы таныс.
Еліміздің тәуелсіздігінің тұғыры биік, келешегі жарқын болуы үшін өткенімізді саралап, басымыздан кешкен қиын-қыстау сәттерді естен шығармауға тиіспіз. Қоғамымыздың бір формациядан екіншісіне өту кезеңіндегі әрқилы келеңсіздіктер мен қиындықтарға халқымыз бойындағы бар күш-жігерімен төтеп беріп, парасаттылық пен бірлігін, болашаққа зор сенімін сақтай отырып, өзінің ерен еңбегінің Ота­нына деген ұлы сүйіспеншілігінің арқасында игіліктерге жете бастады.
Осының бәрін тұлғалық, аналық болмысымен терең ұғып, елінің мұңымен мұңайып, қуанышына шаттанған ақынның жақында жарық көрген «Қос қанатты дүние» атты таңдамалы жинағында еліміздің тәуелсіздігінің 1991жылдан бастап әр жылдары жазылған жырларымен қатар, қазіргі заман тынысымен тыныстаған көңіл толғаныстары шынайы берілген. Елге, жерге, халқына деген ыстық, сырлы сезіммен шабыттана жырлаған ақын оқырманын асқақ рухқа бөлеп, ізгі құндылықтарға ұмтылдырады.
Бұл жинақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ұлы дала елінің қасиеті мен киесін, халқымыздың қастерлі ұғымдары мен дүниетанымын айшықтайтын шығармалар баршылық.
Төменде қаламгердің жаңа кітапқа енген әңгімелерінің бірі оқырман назарына ұсынылып отыр.

Шілденің аптабы жер­дегінің бәрін шыжытып, қуырып барады. Шағын Тереңөзек ауылында мұндай кезде қыбыр естілмейді. Иттің де үруге, мысықтың да мияулауға шамасы келмейді. Тірі жан атаулының бәрі қуыс-қуысқа кіріп кеткен. Аласа тамдардың алдында саялайтын көлеңке де табылмайды. Кейбір аулада ғана азын-аулақ қарағаш өсіп тұрғаны болмаса, ағаш түгілі, жерде көк шөп жоқ. Судың тапшылығына жұрт та көнген, әйтпесе, ауданнан жеті шақырымдай жердегі Сырдария өзенінен орталыққа су тартқызуға да болар еді. Оны қолға алатын басшылардың бәрі жоғары биліктегілерге тәуелді, өз беттерімен ештеңе шеше алмайды. Қызылорда облысы, оның ішінде Тереңөзек те күріш өсіретін аймақ болғандықтан, Сырдың суы да есептеулі, оның үстіне дарияның жоғары жағындағы Өзбекстан мақтасына да су керек. Сондықтан аудан орталығында бау-бақша өсіру оңай емес, тек қана Майжарма каналының бойындағылардың есіктерінің алдында мәуе, шие, алма, алмұрт сияқты жеміс ағаштары бар. Жаздыгүні оның да суы азайып қалады. Жұрт дария жаққа барып еккен бақшасын мал, құстан қорып күзге дейін басында жатады. Сол саз құмды жерде өскен қарбыз, қауындардың уылжыған тәтті дәмі жегендердің аузынан кете ме, сірә! Қауындардың ішінде, әсіресе «әміре», «торлама», «күлябі» сорттарының жұпар иістері бұрқырағанда танауың­ды жарып жібере жаздайды. Ал­ғашқы болып пісетін сап-сары тостағандай әңгелектерді: «пейіш жемісі де осындай-ақ болар. Иә, Алла, биылғы бұл несібеңе де жеткізгеніңе, шүкір» деп, үлкендер аруақтарға бағыштап, осы құмды, тұзды далиған даланың нәрін бойына сіңірген сараң табиғаттың мына сыйына елжірей, қуана отырып, оның әрбір тілігін тәубешілік сезіммен қолына алады.
Сырдарияның жағалауында, сирек болса да, жыңғыл, жиде, шеңгел қамыс өседі, оның ағысы қатты болғандықтан, суы лай, иірімдерінің екпінінің күштілігі сонша, қарауға дәтің шыдамайды. Үлкен қайық сияқты жайындар жағада судан басын шығарып, қыздырынып жатады, сосын су ішуге келген бұзауды, қойды олар құйрығымен ұрып құлатып түсіреді де, қылғытып жұта салады. Осындай лақа, жайындарды аулайтын балықшыларды мемлекет қаржыландырып отырады. Жайын аулау өте қиын. Оған арнайы қатты темірден үлкен қармақ жасалынады, үзілмейтін капрон жіптен жуан арқан еседі, оны мотоциклге мықтап байлайды. Қармаққа қоян немесе балықтың етін іледі. Жайынның басы қармаққа ілінісімен, оны балталап шаба бастайды да, мотоциклмен жағаға тартып, сүйрете жөнеледі. Бірде, сондай жайынды балталап сойғанда, ішінен әйелдің ұзын шашы мен сағаты шыққаннан кейін жұрт оның етін жемейтін болды. Дарияға бөгет салынғаннан соң жайындар, бірен-саран болмаса, келе алмай қалды.
Үлкендер балаларды дария жаққа жібермейді. Бірақ олар жасырынып, ағысы бәсеңдеу жерге барып, шомылады. Жылда бір-екі бала суға кетіп жоғалып, ата-анасы зар илеп жатқандары.
Қысы адуынды, қарлы, боранды, күзі мен көктемінің алғашқы айлары жанға дауа, қоңыр желі жусан, жалбыз, жиде сияқты неше түрлі қыр өсімдіктерінің бұрқыраған иісімен көңіліңді көтеріп, серпілтсе, ал жазы, бар көк біткенді күйдіріп, жерді кептіріп, қаңсытып жіберетін осы өр даланың адамдарының да болмысы туған табиғатпен астарлас сияқты. Қуанса, төбесі көкке жеткендей, қолындағы барын шашу ғып шаша салатын, ашуланса, қараспан үстінен төнгендей, бұлқан-талқан болатын, бірақ кешірімшіл де мейірімді, арқасынан біреу қағып, жылы сөз айтса, бала сияқты аңқылдап, жарқылдап шыға келетін, менмендікті осалдық, жағымпаздықты бейшаралық деп санайтын, қолынан келсе, аянбай жақсылық жасай алатын, жүздері қатал, жандары жайсаң адамдар осы Сыр бойында, біздің заманымызға дейін өмір сүрген сақтар мен сарматтар жерінде тұрады.
Бүгін де сондай ыстықтан мезі болған жұрт, самарқау қозғалып, денелері дел-сал болып, мынадай аспан айналып жерге түсер ыстықта, кесек тамдарына кіріп алып, есік-терезелерін қап-қараңғы ғып қымтап тастап, күн қайтқанша жатқан.
Ауданның шетіндегі, дариядан тартылған канал жаз бойы құжынаған бала-шағаға толы. Оның бастау жағында қамыс, қоға қаулап өсіп кеткен, олардың арасында жабайы үйрек тығылады, майда шабақ балықты да балалар сол арадан аулайды. Каналдың ортасына қарай айдыны жазық, жағасының кейбір жерлерінде шеге құмы бар, жұрт сонда шомылады, суды да жазда осы каналдың бас жағынан тасып ішеді. Аудандағы құбырдың аздығынан, әсіресе қыстың күндері, жұрт айналдырған төрт-бес құдықты жағалап, су іздеп сүрлігіп жүргендері. Құмды жер болғандықтан, тереңдетіп құдық қазу қиын. Малға да, адамға да су жеткізе алмай, күн суыта бастағаннан әбігер-сарсаңға түскен қатын-қалаш, бала-шаға құдық түбіндегі лайға дейін еселеп тартып тұрғандары.
1962 жылдың сондай бір аптапты жазы Сәуленің көз алдынан кетер емес. Әдеттегідей, түс бесінге ауа, ұйқыдан денелері дел-сал болып тұрған балалар, бірін-бірі шақырып, Майжармаға бет алды. Жұрт «кеңкелес» санайтын, Ресейден соғыс кезінде жер ауып келген, жасы отыз алтылар шамасындағы Ұрқияны ертіп, Сәуле де, түрлі түсті бояу­мен сыртына майда гүлдер салынған иінағашқа ілінген бос шелектерін салдыратып, Ерболаттың үйіне, Жамалды өздерімен бірге алып шығу үшін, соқты. Ол екі жасар Бағланмен отыр екен, «үйде бұған қарайтын ешкім жоқ, папам мен мамам жұмыста, балалар совхоздағы туысқандарға қыдырып кеткен» деп, Жамал інісін арқасына мінгізіп алды да, есігін құлыптап, дарбазасын бекітіп, Сәулелерге ілесті. Жолда бұларға біраз қыздар мен балалар қосылып, бәрі каналға пысынап жеткен бойда, апыл-ғұпыл шешіне сала, суға қойып кетті. Жамал Бағланды алып, жағаға жайғасып, саз құмды ойып, оны суға толтырып, інісін ойнатқан болады, бірақ екі көзі шомпылдап рахатқа батып жүрген құрбыларында. Оларға қызығып, суға «күмп» бергісі келіп, әрең отыр. Ұрқия келіп Бағланның томпиған беттерін екі алақанымен қысып-қысып, маңдайынан иіскеп, құшырланып сүйіп-сүйіп алды да, қолын бұлғап, ол да көйлегінің етегі парашют сияқты жазылып, суға кірісімен жүзе жөнелді.
Балалар қазір жазғы демалыс­та. Сәуле алтыншы класта, Жамал жетіншіде оқиды. Екеуінің үйіндегі үлкендер бір-бірімен туыстық қарым-қатынаста болған соң, бұлар да өзара араласады. Ал Ұрқияны Сәуле аяйды, ешкімге тигізбей, жанына ертіп жүреді. Оның ұлты татар, бұрын, көбінесе, ол орысша сөйлейтін. Өзінің айтуынша, соғыс кезінде бұлар оқып жатқан мектепке бомба түскен екен, содан болар, есі түзу емес, бірақ кейбір кездерде, санасы сауларды мың орап алатын ой айтады. Көрші балаларды жинап алып, Ұрқия неше түрлі әңгімені өтірігін шындай ғып соға береді, оған тыңдайтын адам болса болғаны. Оның Тереңөзекте тұрып жатқанына да жиыр­ма жылдай болып қалған екен, қазір қазақша сөйлегенде алдына жан салмайды. Тәуіп әже қолқанат, әрі серік болсын деп оны қолына алған, сол кісінің бір бөлмесінде тұрады. Тәуіп әже Ұрқияны суық күндері қуып жүріп жуындыруы қиын, ал жаз болса, оны Майжарманың суынан шығара алмай әлек. Түс қайта жұрттың үйіне су тасып беруге кетіп, кеш қарая бір-ақ келетін Ұрқияға Тәуіп әже жекіп жүргені. Ондайда Ұрқия бұртиып, алдына қойған асқа да қарамай, жатып алатыны бар. Сосын Тәуіп әже: «Бұл байғұсқа несіне ұрысамын. Бұл да бір үйірінен адасқан үйрек қой. Ел-жұртынан, әке-шеше, бауырдан айырылып, қайта жер басып тірі жүргеніне шүкір. Құдай жалғыздықты ешкімнің басына бермесін, оның тауқыметін өзім де тартып, қу басым қақшиып, отағасыны да, балаларды да соғысқа беріп, отырғаным мынау емес пе» деп уһілеп келіп Ұрқияның басынан сипап, айналып-толғанып, тамағын ішкізеді. Сөйтіп, «екі жарты – бір бүтін» болып олар бірге өмір сүріп келеді. Өзі бойшаң келген, оқтаудай тіп-тік, ашаң жүзді, жаз бойы ұзын бүрме көйлек пен қара қамзол киіп, ақ кимешегін басынан шешпейтін, кейуананы емшілік қасиеті үшін ауылдастары «Тәуіп әже» деп атап кеткен. Балалар ауырса, бұл кісі дем салып, шөптен жасаған тұндырма береді, «тіл-көзді» дұға оқып алып тастайды, сөйтіп, емі шипа болып, келгендер дертінен айығып кетеді.
Суға қойып кеткісі келіп өзі зорға шыдап отырған Жамалдың жанына Ерсін деген кластасы келіп: «Судың шетінде шомпылдатып жатып-ақ ініңе қарауға болады ғой. Ол жағада ойнап отыра берсін немесе оны да суға шомылдырып алайық, кел, мен саған көмектесейін» деп Бағланды қолына алып суға бір сүңгітіп еді, бала «шар» етіп бақырған соң оны су жиегіне қайтып отырғызды да, Ерсін өзі каналдың ортасына қарай жүзіп кетті. Жамал шыдай алмай шешініп, жұқа сарғыш мая матадан тігілген ішкі көйлегімен судың шетіне түскен, бірақ екі көзі жиекте отырған інісінде. Сәуле және бір-екі құрбылары суда жүріп Жамалға бірдеңе деген болады, бірақ балалардың шаңқылдаған дауыстарынан ештеңе естілмейді. Бағлан да қолын балаларға бұлғап, мәз-мәйрам болып шықылықтап күледі. Жамал артына қарап бұрылып, қыздармен сөйлесіп, бір-біріне су шашысып жатып, баланы бір сәт көзден таса етіп алған. Ол жан-жаққа көз жүгіртіп көріп еді, Бағлан еш жерде көрінбейді. Бір кезде судан атылып шықты да, үрейлене бақырып жіберді: «Ойбай! Бағлан, Бағлан қайда?! Бағлан! Бағлан! Қайдасың?!» деп жанұшыра өкіріп, жағада жүгіріп жүрген Жамалдың жанына балалар жиналып, бәрі жағаны да, суды да шарлап, іздеп жүр, бала еш жерде жоқ. Үлкендерден бір-екі суға келген әйел, жағдайды естіп: «Жаңа ғана су шетінде ойнап отырса, суға кеткен ғой, ойбай, судан іздеңдер!» деп, ересектеу бозбалаларды суға сүңгітіп еді, олар таба алмаған соң, бір-екі баланы Ерболаттың үйіне хабар беруге жүгіртіп жіберген.
Сәуле мен Ұрқияның құты қашып, әр жаққа зыр жүгіріп, баланы іздеп жүр. «Масқара, Бағлан табылмаса, Жамалдың жағдайы не болады, мамасы өгей ғой» дейді Сәуле. «Енді Жамалды папасы өлтіреді» деген Ұрқияның сөзінен кейін, онсыз да қорыққанынан қалш-қалш етіп тұрған Сәуленің, бетінен қаны қашып боп-боз болып кеткен. «Жамалды өлтірмесе де, енді өгей шеше оңдырмайды ғой, анасы жоқ болған қандай жаман» деп, іштей ойлаған Сәуленің Жамал құрбысына жаны ашып кетті.
Сәуленің көз алдына Жамалдың анасы Нұрхатша апай келді. Ол кісі Сәуленің екінші әкесі Жармағанбеттің рулас қарындасы болатын. Өзі өте сұлу, талдырмаш, ұзын бойлы, дене бітімінде бір үйлесім бар, ақ қайыңдай сымбатты Нұрхатшаның қою қара көздері күлімдеп, ақша жүзі жарқырап тұратын еді. Ерболат екеуі қол ұстасып, Жамалымен Қуат атты ұлын ертіп, жиі қонаққа баратын. Жұрт оларды «Қыз Жібек пен Төлеген» деп кеткен. Ерболат аудандық сот, Нұрхатша кітапханашы болып істейді.
Рыскүл әжесі қайтыс болғаннан кейін Сәуле Дархан атасы екеуі Ханша апасы мен Жармағанбет көкесінің үйіне келіп бірге тұрып жатқан. Олардың төрт баласы бар, өздері үш бөлмелі кесек тамда тұрады. Осы кішкентай үй демалыс сайын қонақтан арылмайды. Жармағанбет орман шаруашылығында инженер болып істейді. Құс, аң аулап, саятшылық жасап, қырғауыл, қоянның етіне туған-туыс, көршілерді қарық қылып жүреді. Қонақтың аяғы саябырлап қалса, оларды шақырып алатын Жармағанбет пен Ханша «өле жегенше, бөле жеу керек» деген қағиданы берік ұстанған. Қырғауылдан жасалған қуырдақ, палау ерекше дәмді. Қысы-жазы аптаның соңына қарай, осы үйге жиналған туыс, жолдастардың әйелдері Ханшаға көмектесіп, дастарханды ортаға жайып жіберіп, ентігін баса алмай тұрған самаурыннан шәй ішіп, бірде қуырдақ, кейде палау, не қуырылған сазан балыққа тойып алып, әңгіме-дүкен құрып, әзіл-қалжыңдары жарасып, бәрі мәз-мәйрам болып отыратын. Басқа бөлмеде балаларға да дастарқан жайылады. Тамақтарын ішіп болып, Сәуле олармен бірге далаға шығып ойнайды. Әсіресе, Жамал екеуі дос болып алды. Олар әңгімелесіп көрген-білгендерін айтады, сосын резеңке допты дуалға лақтырып, қағып алу, одан кейін он төртбұрыштан бір аяқпен секіріп шығу сияқты неше түрлі ойындар ойнайды. Жамал «үй, отбасы» ойын­дарын ұнататын, керілген жіпке ескі перделерді іліп, жасап қойған «шымылдық» ішінде оның сызылып, ұялып төмен қарап, келіншек болып отырғанын көріп, жас балалар: «Өлә, Жамалды қараңдар, байға шыққысы келіп жүр екен, күйеуің қайда, келіншек?» деп келемеждеп, әрқайсысы бір келіп «шымылдықты» ашып, Жамал оларға ұмтыла бергенде, қаша жөнеледі, сөйтіп жүргенде, онысы сусып жерге түсіп қалады. «Күйеу» табу қиын, еркек баланың бәрі ондайдан ат-тонын ала қашады, сондықтан Сәуленің кішкентай төрт жасар Бақыт інісін бұлар «күйеу» етіп сайлап, оны шымылдықтың ішіне кіргізіп қойса, балалар «ұят болады, қыздардың қасында отырма», деп, оны да азғырып шығарып алады, сонымен ойынының шырқы бұзылып, Жамалдың «келіншектік» дәурені ұзаққа созылмай, бұлар басқа ойынға кіріседі. Есіктің алдындағы бес-алты қарағаштың екеуіне Жармағанбет көкесі жуан арқан байлап қойған, оның ортасына кішкене ескі көрпеше салып, балалар таласып-тармасып «әткеншек» тебеді. «Тығылмақ», «қуыспақ», «жалақ» ойнайды. Ойынның неше түрлісін ойлап табатын да сол Жамал. Өзі анасына ұқсайды, бойы да сұңғақ, кішкене қара көздері де күлімдеп, нұр шашып тұрады, бірақ әкесіне тартқан бидай өңді. Нұрхатша апай сияқты бұл да сауықшыл.
Қыс түскенде қонақ азаяды, ол кезде балалар қар атыспақ ойнап, шанамен сырғанап рахаттанады. Осындай балалық шақтың қызыққа толы кездері де көзден жарқ еткендей болып, Жамал үшін бір күнде, анасы аяқ астынан ауырмай-сырқамай отыз тоғыз жасында қайтыс болғанда, онымен бірге келмеске кеткендей. Тамыз айының соңғы күндерінің бірінде, Нұрхатшаны жер қойнына тапсырып келгеннен кейін жұрттың бәрі Жамал мен оның он жасар Қуат інісін құшақтап көріскенде, әйелдер безеріп тұрған Жамалға таң қалған: «Мына қыз тасжүрек екен, көзіне жас алмады ғой. Сақтай гөр мұндайдан» дегендері де бар. Кейбіреулері: «Қайтсін, байғұс қыз ішінен түйіліп қалды-ау, онан да ішіндегі зарын сыртқа шығарып алғаны дұрыс болар еді ғой. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыз дертті болып қалмасын» деп өрімдей, он екі жасар Жамалды аяп жатыр. Қуат еңіреп, біраз күнге дейін қоймай жылады. Жамал оған: «Жігіт емессің бе, қойсай енді. Жалғыз сен бе, анасыз қалған. Сенен кішкентайында жетім қалғандар қаншама» деп жекіген болады. Сөйтіп, өзі оңаша бір жаққа кетіп қалады да, бір қуысқа тығылып, үнсіз жылайды. Үйге келгенде көз жасын көрсетпей, ешкімнің сөзіне жауап қатпай, сазарады да жүреді. Сәуле құрбысының қандай көңіл-күйде жүргенін сезеді, бірақ қалай көмектесерін білмей қиналады. Оқыған кітаптары туралы айта бастаса, Жамал, мұның сөзін бөліп жібереді: «Жарайды, Сәуле, менің жұмыстарым бар, қазір Қуат сабақтан келеді, тамақ беруім керек» деп бұрылып кетеді. Осылай жүргенде Нұрхатша апайдың қырқы да, жүзі де өтті. Бір күні Сәуле құрбысының мынандай халіне шыдай алмай кетті де: – Жамал, сен ешкімді де жақсы көрмейтін сияқтысың. Әйтпесе, өзіңді осылай ұстамаған болар едің. Папаң мен Қуаттың, туыс-жанашырларыңның да саған қарап жүректері ауырып, не істерлерін білмей жүр. Ешкіммен сөйлеспей, тұнжырайсың да жүресің. «Өзіңнің қайғы-қасіретіңді жаныңдағыларға артпай, басыңа түскен қиындықты мойныңмен көтере біл» дейді атам. Сен өзіңді ғана ойлайды екенсің. Сонда саған жаны ашып жүргендер жау ма? Жарайды, мен енді саған ештеңе айтып, мазаңды алмаймын, – деп Сәуле орнынан тұрып кетуге ыңғайланған. Сонда Жамал: – Сәуле, кетпеші! – деп жылап жіберді. – Мен мамамды сағындым. Күнде оның дауысын естимін, сенесің бе. Сосын ол келіп басымнан сипап, еркелетіп: «Жамалым, жаным, әппағым» деп бауырына қысады. – Осылай мен оны күнде көремін». Жасқа булыққан құрбысын құшақтап, Сәуле де егіл-тегіл болды. Түсте үйге келіп, Сәуле Жамалдың жағдайын атасына жеткізген. Ол кісі бұл жағдайды естіп, толқып: «Мұндайда молдаға дем салдыру керек, бірақ Ерболат көнер ме екен, өкімет адамы ғой, түсінбей жүрсе, ыңғайсыз бола ма, қайдан білейін. Айтып көрейін, Жамалды бұл жағдайдан шығармаса, дертті болып қалуы мүмкін» деген. Атасы сөйлескеннен кейін, Ерболат Жамалды емдетуге келісіпті, содан астыртын бір молдаға үш күн дем салдырған соң, Жамал өз-өзіне келіп, адамдармен сөйлесе бастады.
Араға екі жыл салып, Ерболат Айым­­торы деген отыз екі жастағы, орта бойлы, қап-қара шашы жерге түсетін, көздері мойылдай, қасы қар­лығаштың қанатындай, қараторы жас келіншекпен бас қосты. Ол бала көтермеген соң, күйеуі басқа әйелге үйленіп кеткен екен. Айымторы Жамал мен Қуатқа анасының орнына ана болуға тырысты. Екеуіне киім сатып алып беріп, қолынан келгенінше көңілдерін аулап, мейірімін төгіп, айтқандарын екі етпейтін. Бір жылдан кейін дүниеге осы Бағлан атты ұл келген. Онымен бірге үйге береке, ынтымақ, қуаныш кіре бастаған еді. Қайғыдан құлазыған жүректері жібіп, Жамал мен Қуат нәрестені кезек-кезек келіп қолдарына алып, сүйіп-сүйіп кетеді. Өскен сайын қылығы артып бара жатқан Бағланды көрмесе тұра алмайтын олар мектептен үйге жеткенше асығады. Бағлан екі жасқа көктемде ғана толған еді, өзі балпақтай болып, былдырлап сөйлеп, «тәтелеп», «ағалап» екеуінің соңынан қалмай, тәлтіректеп жүретін. Енді, міне, сол балдай бүлдіршін інісінен көзді ашып-жұмғанша қапелімде айырылып, Жамал еңіреп жағада аласұрып жүгіріп жүр.
Шамалы уақыт ішінде ауыл жақтан Майжармаға бірнеше адам жанталаса жүгіріп жеткен еді. Бірінші болып, майлы қарны бүлкілдеп, табаны жерге тимей енгезердей Ерболат келеді, оның артынан өкшелей басып алқына ентіккен Айымторы, олардан кейін қас-қабағын тарс түйіп, қос танауынан бірдей дем алған Ханша және бірнеше көрші әйел-еркектер жағаға жеткен. Ерболат балалардан мән-жәйды сұрап алып, өзі суға сүңгіп жүріп, біраз жерді сүзіп шықты. Бірнеше жігіт онымен бірге іздеп жүр. Тағы біреулері каналдың төменгі сағасын көруге кетті. Бір кезде аласа бойлы тапалтаң келген қара жігіт көз жасын тия алмай, екі қолымен Бағланның жансыз денесін көтеріп сол жақтан келе жатқанын көргенде, әйел, бала-шаға ойбайлап қоя берді. Ерболат баланы қолына алды да, бауырына қысып, екі иығы селкілдеп көзінен жас парлап, аһ ұрып тұр. Іріленіп, ісініп кеткен Бағланды көрген Айымторы талып қалды. Оның бетіне су бүркіп Ханша мен екі-үш әйел жүгіріп жүр. Майжарманың жағасы улап-шулап кетті. Жамал жақындауға қорқып каналдың жоғары жағына қарай кеткен. Сәуле мен Ұрқия екеуі оны іздеп артынан барды. Жамалдың бетінде қан-сөл жоқ, аяқ-қолы сіресіп қалған, жылап та отырған жоқ. Ол үнсіз бір нүктеге қадалып, судан көзін алмай есеңгіреп қалғандай.
Жиналған жұрт Ерболатпен Айымторыны жұбатқан болады: – Бұл Алланың ісі. Ол періште ғой, күнәсіз күйінде Жаратқанға керек болған шығар. Өздерің аман болсаңдар, әлі Құдай берер. Анау Жамалың мен Қуатың бар ғой, – деген бір әйелдің сөзін бөліп, Ерболат дереу жұлып алғандай: – Қайда ол қыз өзі. Оңбаған неме! Есіл-дерті су болып жүріп, ақыры баланы жұтып тынды ма? Шақырыңдар бері, келсін, көзімен көрсін өзінің ісін, – деді дірілдеген дауысын көтеріп. Жұрт демдерін ішіне тартып, үн-түнсіз тұр. Бір кезде есін жиған Айымторының әлсіз дауысы естілді: – Қой, тиіспе Жамалға. Ол кінәлі емес, әдейі істеген жоқ. Бағланжанның маңдайына о баста осылай жазылған. Екі-ақ жыл бізді қуантып, көрген түстей, кетіп қалуы керек болған. Жамал байғұстан несіне көресің, бұл Құдайдың мені жазалағаны болуы керек, – деп, солқылдап жылайды. Сонда Миуа атты Ерболаттың туысқан жеңгесі тұрып: – Ей, Мырзажігіт! Бір балам өлді деп, анасынан жас қалған Жамалдың төбесін ойып жіберетіндей, қаһарланғаның болмас. Мына сөздеріңді ол қыз естімей-ақ қойсын. Өзі іштен тынып тұрған ол, қорланып, бір жамандыққа ұшырап қалар. Қой, ашуыңды бас, – дегеннен соң, Ерболат сабасына түсті.
Бұл оқиғадан кейін Жамал бірден есейген. Ол енді байыппен сөйлейді, орынсыз күлмейді, Айымторының қас-қабағына қарап, оның айтқанын екі етпейді. Айымторы да оны ерке­леткісі келіп, мейірлене қарайды, бірақ ол көмейіне келіп тұрған жылы сөзін Жамалға айта алмай қиналады. Бұлар екеуі түсінісіп, бір-бірін жақсы көріп кеткен. Бір жыл өткен соң Айымторы және бір ұл тапты, оның атын Жұбан деп Жамал қойған. Содан кейін Ерболаттың отбасына және ұл, қыз келді. «Құдай адамның пейіліне қарай береді» деген осы шығар. Мектеп бітірісімен Жамал тұрмысқа шығып кетті. Қуат Алматыға институтқа оқуға түсті. Айымторы Жамалды да, Қуатты да өз балаларынан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Олар да Айымторыға бауыр басқаны сонша, кейін бала-шағалы болғанда да сағынып, «апалап» келіп, аунап-қунап кетпесе, көңілдері көншімейтін.
Айымторының үлкен адамгер­шілігі мен пайым-парасатына, жай­дарлылығына ағайын-туыс, ауылдастары да тәнті. Ол сыйлы әже, қадірлі жан болып ғұмыр кешті. Сол кезде, тұңғышы Бағланынан айырылып тұрып, Жамалдың да, өзінің де болашағына сызат түсірмей, сабырлылықпен ақыл сақтауының өзі – Айымторының болмысының тектілігін танытқан еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.