ОМАРДЫ ҰЛЫҚТАЙ АЛДЫҚ ПА?

Ұлт газеті «Ана тілінің» 2012 жылғы 2 ақпандағы нөмірінде белгілі журналист, марқұм Жұмабек Кенжалиннің мақаласы жарияланды. Мақалада автор Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Ресейдің және басқа шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында оқыған қазақтар жайында қызықты деректер ұсынды. Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов және басқа зиялылар қатарында ақтөбелік, Саратов университетінің медицина факультетін 1914 жылы бітірген Омар Есенқұлов та аталыпты.

Мақаласының соңында автор былай деп тұжырымдайды:
«Біздің мақсат – осы тізімдегі қазақ оқығандарының жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейінгі тағдыры қалай болды, олар немен айналысты, қазақ қоғамына қандай еңбек сіңірді деген сауалдарға жауап табу. Егер осы тізімдегі кісілердің туған-туысқандары, ұрпағы табылып жатса, олар өз білгендерін редакцияға жолдаса, құба-құп болар еді. Мұны түптің түбінде өзіміздің тариxымызды түгендеу жолындағы мың сан ізденістің бір мысқалы деп білген жөн. Газет бастамасына үн қосып, тілек білдіріп, xабар беріп жатқандар болса оған біз дереу үн қатуға даярмыз. Алаш оқығандары туралы естеліктер, мақалалар, фотодеректер, олардың тағдыр-талайына қатысты басқа да жәдігерлік құнды материалдар болса, оның бәрін жедеғабыл оқырман назарына ұсынбақпыз».
Жоғарыда аты-жөні келтірілген О.Есенқұлов жайында біраз деректерді бұған дейін де оқығаным бар еді. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романында былай делінеді:
«Жалпы Ресейлік «Алаш» партиясы атынан 1917 жылғы желтоқсан айында Орынбор қаласында өткен учредительный собраниеге Орал облысынан Қалел Досмұқамбетұлы, Жанша Досмұқамбетұлы, Нұрғали Ермағамбетұлы, Ғұбайдулла Әлбекұлы, Сәлімкерей Қаратілеуұлы, Омар Есенқұлұлы, Ғайса Қашқынбайұлы қа­тыс­қан» («Жазушы» баспасы – 1977 жыл, 67 бет).
Абдуллах Дастанов «Мысты өңір» газетінде (2009 жыл, 21 тамыз, №33, 5 бет) төмендегідей мағлұмат келтірді:
«1917 жылғы 2-8 сәуірде Орынборда өткен Торғай облыстық қырғыз, яғни қазақ сье­зін­де Аxмет Байтұрсынов баяндама жасайды. Сьезд жалпықазақ сьезін шақыру жөнінде қаулы қабылдап, бұл үшін 8 адамнан тұратын айрық­ша ұйымдастыру бюросын құрады. Осы бюро­ның құрамына Әлиxан Бөкейxанов, Аxмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен бірге сегіз адамның бірі болып Омар Есенқұлов та кіреді».
«Батыс Қазақстан» энциклопедиясында (Алматы, 2002 жыл, 249-250 беттер) біршама мол деректер бар:
«Есенғұлов Гұмар Қожахметұлы 1886 жылы 15 мамырда Орал облысы Темір уезінде дүниеге келді. Батыс Қазақстан ордасының қайраткері. Тұңғыш қазақтан шыққан жоғары білімді дәрігерлердің бірі. Есенғұлов облыстық Романов атындағы орыс-қазақ училищесін бітіргеннен кейін Оралдағы әскери училищеге түседі. 1910 жылы өзімен бірге оқыған Б.Бисенов, Ы.Шұғыловтармен бірге Саратов университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Университетті аяқтағаннан кейін 1914-1916 жылдары Саратов қаласында Земгорск лазареттер одағында дәрігер-ординатор болып қызмет жасайды. 1916 жылы Орынбор қаласында жедел жәрдем станциясында дәрігер болып қызметке орналасады. 1917 жылы сәуір айының басында Орынборда өткен Торғай және Орал облыстарының қазақтарының съезіне қатысады. Съездің ұйымдастыру бюросының мүшелігіне сайланып, керекті күрделі мәселелерді дайындап, оларды талқылайтын уақыты мен орынын белгілеп, хабарландырулар таратты. Қазақтардың Оралда өткен бірінші съезіне қатысып, ішкі Жайық қазақтарының комитетіне мүше болып сайланады. Есенқұлов Гұмар Темір уезінде дәрігер-эпидемиолог болып қызметке орыналасады. 1920 жылы қаңтар айында денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н. Қалменовтің ұсынысымен эпидемиология отрядының басшысы болып тағайындалады. Облыстық партия комитетінің шешімімен 1920 жылы маусым айын­да Орынбор-Торғай губерниясының атқару комитетіне мүше болып сайланады. 1925 жылдан Ақтөбе қаласындағы Орталық амбулаторияда дәрігер болып қызмет істейді. 1929 жылы ұсталып, Воронеж қаласына жер аударылады. 1930 жылы елге оралып, дәрігер болып жүріп, қайтыс болады».
Мәселені басынан ашып айтқан дұрыс – менің Есенқұлов жайында ізденуіме ықпал еткен жай – ол кісі менің анамның анасының, яғни нағашы әжемнің ағасы еді, кейіпкерімізді алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта тұсында көрдім.
Темір ауданының Шұбарши поселкесінде 14-15 жас шамасында жасөспіріммін. Әкем Сағиым Байқадамов сауатты, көзі ашық адам еді, мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Нағашы әжем Ғайнижамал (ауыл­дағылар Жамал деп атап кеткен – С.Б.) Шектінің Назар тайпасынан тарайтын Шерін руынан еді. Ара-тұра әңгімесінде ағасы Омар жайында айтып қоятын. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жазықсыз айып тағылған, қуғын-сүргін көріпті. Сол кісі аяқ астынан үйімізге келе қал­ғаны. Туған бауы­рымен көптен кездесе алмай әбден сағынған екен, жарықтық әжем дауыс шы­ғарып көрісті. Бидай өңді бойшаң кісі екен. Үстін­дегі ақ бешпет – шалбары, басындағы ақ кепкісі өзіне жарасып тұр. Әкем бойға сіңген дағдысымен мал сойып, қонақасы берді.

Есенқұлов Омардың Қурайлы селосында дәрігер болып жұмыс жасап жүрген кезі. Сурет Елена Николаева Сотникованың анасының жеке мұрағатынан алынды. 1950 жылдардың орта тұсы.
Есенқұлов Омардың Қурайлы селосында дәрігер болып жұмыс жасап жүрген кезі.
Сурет Елена Николаева Сотникованың анасының жеке мұрағатынан алынды. 1950 жылдардың орта тұсы.

Атын сыртынан естігеніміз болмаса алғаш көріп тұрған мейманымыз әңгімені тігісін жатқыза айтады екен. Қажырлылығы байқалып-ақ тұр, жапа шеккеніне налыған сыңай танытпады. Көлеңкелеп жатып, айтқан әңгімесінен ұққанымыз – бостандыққа шыққан соң Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Шұбарқұдық кентінде, Мәртөк ауданының Қурайлы аулында дәрігер болыпты.
Енді туған анам, жоғарыда біз әңгімелеген Омардың туған жиені Алмаш Сағидуллақызын (қазір жасы 92-де, күй-қуаты бөтен емес – С.Б.) тыңдап көрейік.
– Нағашыларымның бай-шонжар болғаны салқынын тигізді ме, әкем Сағидолла 1937 жылы ұсталып, сол кеткенінен оралмады, – дейді анам.
– Балалығымнан шығар, нағашы жұртқа ренішім көпке дейін тарқа­мады. Үйімізге келгенінде Омар наға­шым мені қасына шақыр­ғанда бармағаным содан.
Назардың Шерінінен Мұхамбет­керейді (былайғы жұрт Керей деп атайды, Алматы қаласында тұрады, 1927 жылы туған – С.Б. ) әңгімеге шақырғанымда былай деді:
– Есенқұлдан Қожахмет, Сейдахмет, Төреахмет деген үш ұл туған. Сенің Жамал әжең Қожахметтің бәйбішесінен өрбісе, тоқалы Қамардан Мария, Сафура есімді екі қыз және Рахымберді деген ұл дүниеге келді. Рахым­берді жастай бақилық болған. Сейдахметтен ағайын­ды бес ұл: Сұлтан, Сыдық, Омар, Құсайын және Мұхтар. Төрахметтен – Ақу, Төкен. Сейдахмет Омар деген баласын інісі Қожахметке кішкене күнде-ақ бауырына басуға беріпті.
Қожахмет ауқатты, ел-жұртқа беделді адам болса керек, болыстыққа екі мәрте сайланыпты. Жем бойындағы Көкүй, Шеңгелши, Құмжарған, Жағабұлақ деп аталатын мекендерді жайлаған. Даңқының шарықтағаны сондай – 1913 жылы Романовтар әулетінің патшалық құрғанына үш жүз жыл толуына арналған салтанатқа қатысты деседі.
– Мынаны әкеме Петерборға барғанында патша атынан сыйға тартқан, – дейтін әжем келіншек болып түскендегі жасауы – асүй ыдыс-аяқтарының жиынтығын нұсқап.
Біздің осы мақаламыздың негізгі кейіпкері туралы біраз деректер Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының қорында сақталған. Соның бірінде қысқаша төмендегідей мінездеме беріліпті: «Амбулаторияның балалар көз дәрігері ретінде Исенғұлов Гумар Кожахметович өзінің ар­наулы мамандығын орынды пайдалана отырып, жүктелген міндетті ойдағыдай орындайды» (Мемлекеттік мұрағаттың 55 қоры, 1 бет, 2.37.38).
Ақтөбе губерниясының денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Ирина Григорьевна Вышконың 1926 жылғы 9-қазанындағы бұйрығының көшірмесі бойынша Орталық амбулаторияның балалар дәрігері Гумар Есенгулов тұтқындалған. (Мұрағаттан – 55 қор, 1 бет, 1,6).
Біздің аймақта өлкетанушылық қызметімен танылған азамат Бекарыстан Мырзабаев Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Алашорда қайраткерлеріне ешқандай жазықсыз айып тағылып, қуғын-сүргінге ұшырағанын айтады. Соның бір дәлелі ретінде мұрағаттан табылған Темір уезінде жер мәселесіне қатысты тіркелген Жекей-Назар қақтығысына қатысты Ақтөбе губерниялық партия бюросы жабық мәжілісінің хаттамасынан төмендегі үзіндіні келтірейік: «Исенгулов Гумар Кожахмедович Ақтөбе губерниясының Темір уезінің Эмба-Темір болысының 3-ауылында дүниеге келген. 39 жаста. Руы – Назар. Жоғары білімді дәрігер. Тұтқындалғанға дейін дәрігер болып қызмет жасаған. 7 айдан 11 жасқа дейінгі 6 баласы бар. Партияда жоқ. Алашорда уақытша Үкіметінің комиссары болған. 3-ауылда жылжымалы мүлкі бар. 1922-1923 жылдары Назар руының қолбасшысы ретінде Темір уезінен тыс жерге жер аударылған» (облыстық мемлекеттік мұрағат, 5П қор, 1 жазба, 1243 құжат, 40 бет).
Зерделі оқырман жоғарыда баяндалған мұрағаттық құжаттардан кейіпкеріміздің сол кезеңдегі көптеген тұстастарынан әлдеқайда озық тұрғанын, дүниетанымы тереңдігін аңғарса керек. Бұл бір жағынан Ресейдің жоғары оқу орнында білім алуының, екінші жағынан Алаш қайраткерлерімен мүдделес, мақсаттас болып, емен-жарқын араласуының нәтижесі. Осындай ерекшеліктері менің бойымда әйгілі тұлға жайында мағлұматтар жинауға ынта-ықылас қалыптастырды.
Омар атамыздың жерленген орны туралы ішінара естіп жүретінмін. 2018 жылдың 4-мамырында ертелетіп Ембі қаласына келдім. Кеше Есен­құлдан тараған ұрпақтың бір өкілі Жұбатқанмен телефон арқылы сөйлесіп, марқұмның басына баруға уағдаласқанмын. Жұбатқан – Есенқұл­дың Сейдахмет деген баласынан туған Сыдықтың ұлы Баптың перзенті, жасы 67-де. «Бала кезімде әкемнің қа­сында жүріп, осы Ащының бойында қой бағыс­қан­­мын. Омар атамның сонау Ембіден торы бие­сіне арба жегіп, біз отырған Аққораға сан мәрте келгенін көргенмін» деді ол. Айтуынша, ата жер­ленген аумақты жақсы біледі екен. Ертеңгі шәйдан соң кідірмей жолға шықтық. Ембіден Жағабұлақ арқылы Құмжарғанға келдік.
Елуден астам үйі, бірнеше әлеуметтік нысандары бар ауыл. Соңғы жылдары табиғи газ желісіне қосылған. Мектептің жаңа ғимараты салынып жатыр. Ауыл мен өзен аттас. Құмды қақ жарып аққан өзен мекен сәнін келтіріп-ақ тұр. Өзеннен өтіп ауылдың үстімен Шеңгелшиге бет алдық.
Көктемнің жайма-шуақ күні. Қызғалдақтар бүршік жарған. Әуеде бозторғай шырылдайды. Жаманбұйраттағы Аққора тұсындағы өткелден Ащыны кесіп өттік. Шамасы бір шақырымдай жер, Құмжарғаннан он үш шақырым екен, зираттың дәл үстінен шығыппыз. Темір шарбақпен қоршалған, табиғи тас белгіде әріптер әрең көрінеді. Қына басып кеткен. Пы­шақпен қырып тазартқан соң оқуға мүм­кіндік туды. «Руы Назар. Шерін. Жалымбет аумағы. Есенқұлұлы Омар. 1886 жылы туған. 1970 жылы 28 июльде опат болды. Тас қоюшы әйелі Қалила. Баласы Талғат» деп жазылған. Зират Жем өзенінен төрт-бес, ал Жалымбет тамынан жеті шақырымдай жерде. Аруаққа дұға бағыштадық. Көңілде жүрген бір шаруа орындалды.
Жұбатқанды Ембіге апарып қалдырдым да сол жолмен кері қарай Құмжарған арқылы Кеңқияқ кентіне келдім.
Ниетім – Сейдахметтің Сұлтаны­ның қызы, жасы 92-дегі Алмаш апаймен жүздесу. Бұл кісі әңгімемізге себепші болған Омардың немере қарындасы. Қайынатасы Балтө­ре­мен Омар үзеңгілес дос ретінде араласқан, кезінде ауқатты болыпты, болыстыққа сайланады. Сотталып, мерзімін Башқұртстанда өтеген, 1947 жылы елге оралады. Әңгімеге тартқанымызда апамыздың есте сақтау қабілеті жақсы болып шықты. «Омар ағам біздің сегізінші ауылға (қазіргі Байғанин ауданында бұрынғы «Алтай» кеңшарының аумағы, Балтөре ұрпағымен осында тұрған — С.Б.) келіп, бір айдай қонақ болды» деді Алмаш апа. Омар айдаудан бостандыққа шыққасын Назардың Бәшен бөлімінде Толыбай тармағының қызы, 1914 жылы туған Қалиламен бас қосады, өмірінің соңғы кезеңін Ембі қаласында өткізіпті. Өкініштісі – бұл некеден бала болмаған.
Кейіпкеріміз Саратов универси­тетінің медицина факультетінде оқып жүргенде татар қызымен шаңырақ көтерген. Алмаш апа бұл кісінің бәй­бішеден, яғни татар әйелінен Әнуар, Талғат деген екі ұл және Нәпиза, Қапиза, Әлия есімді үш қыз көргенін айтты. Омар тұтқында жүргенде бәйбіше қайтыс болып, біз атап өткен перзенттері отағасының нағашыларында тәрбиеленеді.
Бізге алғашқы деректерді берген Мұхамбет­керей ақсақалдың айтуынша, Омардың наға­шы­лары Назардың Сәңкібайында Құлан аталы­ғынан, Ресейдің Орск (бұрынғы атауы Жаманқала – С.Б.) қаласында тұрыпты. Жоға­рыда зираттағы белгі таста «Талғат» деген есім­­ барлығын баяндадық. Ол – Омардың бел ­баласы, «аузы қисық,кемістеу еді» дейді. Татар қызына үйленіп, Ақтөбеде тұрған. «Әкесі қайтқанда топырақ салуға үлгермеді. Мәйітті үйден шығарып кеткеннен кейін келген. Көбіне-көп орыс ағайынның ортасында өскесін шығар, перзенттерінің бірде-бірі «Мен Омардың баласы едім» деп, хабарласып тұрған жоқ. Соның салдары – асылдың жұр­нақтарымен қарым-қатынас үзілді» деді Мұхамбеткерей ақсақал.
Омардың ағайын-туыстарымен, оны білетін басқа да бірқатар адамдармен жолығысып, сыр тартқанымда фотосуреті еш жерде сақталмапты. Мақаланы жансыз бейнесімен толықтыруды жөн көрдім. Облыстық мемлекеттік мұрағаттан, облыстық ішкі істер департаментінің мұраға­тынан фотосурет табылмады. «Есенғұлов 1955-1965 жылдар аралығында Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында дәрігерлік қызмет атқарған» деген әңгімені анықтау үшін арнайы осында келіп, емханада болдым. Тіркеуші қызметіндегі Гүлнәр ауылдың ескі тұрғындарының біразын білетін болып шықты. Сол кісінің сілтеуімен Павел Николаевич Забосинге жолығуға келдім. Оның анасы Людмила Павловна ертеректе Қурайлыда медбике болып жұмыс істеген. Павел үйінде болмай шықты, зайыбы Светлананың айтуынша енесі осы ауылда біраз жыл еңбек еткен. Ғұмырының соңғы кезеңінде Орынбор облысында қызы Елена Сотникованың қолында болып, дүниеден өтіпті. Светлана бала шағында Омарды көргенін де айтты. «Фотосурет Еленаның үйінде болуы мүмкін» деп топшылады. Мұны естіген соң байыз таппай Бузулук қаласында тұратын Еленамен электронды пошта арқылы хабарластым. Өркені өскір тілегімді жерге тастамай анасының жеке мұрағатынан Омардың Қурайлыда тұрған сәтінен фотосуретті менің мекенжайыма салып жіберді. Баға жетпес олжаға кенелткені үшін бейтаныс Сотниковаға алғысымды жаудырып жатырмын.
Әлгі тіркеуші Гүлнәрдің нұсқауымен Қурай­лының байырғы тұрғындарының бірі Ханшайым Құспановаға жолықтым. Апамыз 1964 жылы отағасымен бірге осы ауылда қоныстанған. «Бір-бірінен едәуір қашық Хлебодар мен Қурайлыда жалғыз дәрігер Омар атамыз еді. «Ат арбасымен екі ауылды аралап, тұрғындарды емдеп жүрді. Әлденеше рет үйінде қонақ болдық. Қалима апамыз күйеуінен айтарлықтай жас еді. Қожайын бірбеткей, көбіне-көп ішін бермейтін жан. Өздерімен бірге Ескендір деген немересі болды. Жаңылмасам, 1965 жылы туған аулына көшіп кетті» деді Ханшайым апай. Жоға­ры­да біз сөз еткен Светлана Забосина 1975 жылы тұрмысқа шыққанда Омардың немересі Ескен­дір күйеужолдас болыпты. Екеуі де 1951 жылы туған құрдастар, бір мектепте, бір класта оқыған.
Омар туралы деректерге іздестіруге кіріскен бастапқы шақта Ресейдегі Саратов облыстық мемлекеттік мұра­ғатына сұраныс жібергенмін. Хатыма жауап 9-шілдеде келді. Қуа­нышты жағдай – Омардың Орал қа­ласында 1910 жылы түскен фото­суреті Саратов мұрағатынан табылды. Бұдан өзге Орал қаласында орыс-қазақ мектебін бітіргені туралы куәлік, басқа да бірқатар құжаттар анықталды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Омар Есенқұлов белгілі Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлымен, Міржақып Дулатовпен, Әлихан Бөкейхановпен бірге қимылдап, Алаш партиясымен Үкіметін құруға сүбелі үлес қосқан тарихи тұлға, қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігерлердің бірі. «Есіл азамат ел есінен шығып барады-ау» деген мазасыз ой көкіректі кернейді. Кезінде Омар сияқты ұлтжанды азаматтардың соңына түсіп, жазықсыз қуғынға ұшыратқан Ряхов дегенге Ақтөбе қаласында бір көше берілген. Ал Есенқұловты ешкім аузына алмайды. Облыс орталығында ғана емес, Ембі, Темір қалаларында мектепке немесе көшеге атын беріп жатсақ кім орынсыз дей алады?
Туған халқына барынша адалдықпен қызмет еткен Омар Есенқұлов сияқты сайпқырандар халық жадынан ешқашан өшпек емес.

Садыр БАЙҚАДАМОВ,
Қазақстан Республикасының
Құрметті жер қойнауын
барлаушысы, зейнеткер
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.