Бір кездесуден кейін…

Көшербай Дәметов – ағыл­шын тілінің маманы. Бүгінде алпыстың жуан ортасынан асып кеткен ағамыз Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте ұзақ уақыт ұстаздық қызметті абыроймен атқарды.
Көшекең бір қызық, әрі жақсы мағынасында мазасыз адам. Көп оқиды, көп біледі, сонысымен әрдайым өзінің ойын дәлелдей сөйлейді, арғы-бергіні тереңнен қозғап, ақтарыла әңгіме айтады, соғыс алаңына атойлап шыққан баяғының батырларынша кейде қып-қызыл шайқасқа – пікірталасқа түсіп, қарсыласын шаң қаптырып кететін кезі аз емес.
Ол кісімен жа­қында Алматыда кездесіп қалдық. Елге қайтып барады екен, екпіні қатты, желпіне, желдірте әңгімелей жөнелді.
– Мынаны біраздан бері табанымнан таусылып таппай жүр едім, – деп ол сонда қолындағы кітабын мұрнымызға тақап мақтана көрсетті. – Көрдің бе, інім, іздеген табады, қуған жетеді, айласын асырған алға асып кетеді, сан асудан сас­пай өтеді. Ал енді мұны мен қалай қолға түсірдім? Ендеше, құлағыңды салып тыңда. Тұп-тура автордың үйіне барып, бала-шағасынан сұрап алдым. Өздері бір жақсы иманжүзді жандар көрінеді. Қатты риза болдым. Ал…
– Оу, Көшеке, асықпай айтсаңызшы, – дедік біз бастырмалата сөйлеген оны әрең тоқтатып. – Кәне, беріңізші, байқайық не кітап екенін.
Сөйтсек, бұл 2008 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген, Кеңесбай Табылдиев құрастырған «Қазақ батырлары» атты кітап болып шықты.
Шынымызды айтсақ, өзіміз де оқуға құмар, жазу-сызудың адамы болға­нымызбен бұл кітапты бірінші рет көріп тұрмыз. Оның үстіне қазір баспа да көп, олардың «өнімі» де көп, былайша айтқанда, шалқыған кітап мұхитының бетінде қалқып жүріп, кейде анық адасып кеткендей күй кешетініміз де рас қой…
– Көшеке, – дедік сонан соң,– мынаны бір-екі күнге бере тұрсаңыз, оқып шыққаннан кейін қатынаған біреуден беріп жібереміз.
– Жоқ, болмайды! – деп шарт ете қалды ол кісі көзі алайып. – Өзім әрең дегенде тапсам. Мұның не?
Бірақ сәл ойланып барып:
– Жарайды, жақсы көретін інімнің бірі едің, ала ғой, алайда, ұзатпа, түсіндің бе? – деді сұқ саусағын жоғары шошайтып.
– Болды, бітті, – дедік біз де ол кісінің лезде жібігеніне риза кейіппен.
Шынында да, бұл оқуға тұрар­лық кітап екен. Автор ерінбей жалық­пай, аянбай тер төгіп, көз майын тауыса еліне қорған болған ерен ерлерді – қазақтың 410 батырын тізіп шығыпты. Әрине, құр тізім емес, әліпби тәртібімен бәрінің дерлік өмірі, ерлік істері жайлы деректер, мәліметтер келтірілген. Абат батырдан (XIV ғасыр, атақты Асан қайғының баласы) басталып, Ысқақ батырмен (1887-1912 ж.ж.) аяқ­талыпты. Тек қара басын ойламай, туған халқының қамы үшін, ел шетіне тиген жаумен арыстандай айқасқан батыр бабаларымыз жайында байыпты баяндаған кітап қалың оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, алты рет қайта басылып (біз соның біреуін де көрмеппіз… Әрине, бұл жерде таралым деген пәленің де «кінәсі» бар ғой…) шығыпты.
Құрастырушы Тараз қаласында туған, марқұм Кеңесбай Табылдиев геология-минералогия ғылымының докторы екен, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің профессоры атаныпты. Қаратау кен-химия комбинатында жұмыс істеген, көп жыл Қ.Сәтбаев атындағы геология ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен.
«Кезінде қызмет бабымен мен Ресей, Украина, Грузия, Армения, Әзірбайжан елдерінде болғаным бар, – деп жазады автор кітабының алғысөзінде. – Сонда ресми кездесуден тыс уақыттағы әңгіме үстінде олардың маған қоятын сұрақтарының бірі: «Осы сіздер, қазақтар, сан жағынан аз болсаңыздар да, ата-бабаларыңыз осынша үлкен көлемді жерді қалай сақтап қалған?» дегенге саятын. «Иә, – дейтінмін мен, – барлығыңызға белгілі, біздің жеріміз көлемі бойынша Ұлыбритания, Франция, ФРГ, Испания, Австрия, Голландия және Дания мемлекеттерін қосып алғанда, солардың көлеміне тең. Жалпы, қазақ халқы басынан батыр халық болған. Осыншама телегей теңіздей жерді иемденіп, қорғап-қоршаған небір батыр бабаларымыз өткен…
…Елімізді, жерімізді қасық қаны қалғанша қорғаған, ұл-қыздарымызды құлдықтан, күңдіктен құтқарған қазақ батырлары туралы аз айтылып, жазылып жатқан жоқ…
…Мен қалың оқырман назарына батыр бабаларымыз туралы қолдағы бар деректерді топтастырып, басылым ретінде бергенді дұрыс көріп отырмын. Әрине, қазақ батырларының саны кітапта көрсетілгеннен әлдеқайда көп…»
Сонымен, біздің көп сөзіміздің дөп қорытындысы не? Ол, әрине, алдымен баһадүр батыр бабаларымыз жайлы дерек, мәлімет жинақталған осындай кітап (бұл туралы бұрын да айтылған, жазылған шығар, бірақ мұндай ізгі іс жайында қайталау артықтық етпейді деген ойдамыз) барын тағы да еске салу еді. Сонымен қатар, қазіргідей ғаламтордың ғажайып иірімдеріне еріксіз еніп кеткен адамдарымыздан бөлек Көшербай ағамыздай кітап құмарлардың, ілім мен білімді кітап бетінен маржандай сүзіп алатын азаматтарымыздың әлі де аз емес екенін атап айту еді.
…Көшекеңнің кітабын ұзатпай беріп жібердік. Іле телефонмен тілдескенімізде ол кісі әдеттегіндей асығып-аптығып тез-тез сөйлеп: «Қалай, ұнады ма, айттым ғой, оқитын дүние деп. Риза болған шығарсың, мен оны еш жерден кездестірмеген соң, алыстан ат арытып, тон тоздырып дегендей, ерінбей-жалықпай,ұялмай-қызармай автордың Алматыдағы Таугүл ықшам ауданындағы үйіне барып, сұрап алдым ғой. Солай, бауырым, аса қажет кезде осылай да әрекет жасау керек» деп зорға тоқтады…

Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист

Алматы облысы
Қарасай ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.