Қалам киесі

Алматыда жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің шығармашылының 55 жылдығына арналған іс-шара өтті. Шараны Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет және архивтер басқармасы, ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастырып, жиынға зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Игі жақсылардың басын қосқан жиында қаламгердің «Міржақыптың оралуы», «Безінген ләйлек», «Өз өрмегім», «Қызбелдің Қайсары» сияқты жинақтардың тұсауы кесіліп, оқырманға ұсынылды. Аталған алты томдық кітаптың төртеуі «Ана тілі» баспасынан шығып отыр. Соның бірі «Өз өрмегім» деп аталатын күнделіктерінің қос томдығы. Кітаптың біріншісі – 1964-2005 жылдарды, екіншісі – 2006-2017 жылдарды қамтиды. Осы орайда баспаның басшысы Жақау Дәуренбек қаламгердің кітаптарын оқып, сапалы басылуын өзі қадағалағанын атап өтті. «Өз өрмегім» дейтін 2 томдық кітабына өте риза болдым. Онда өз өмірінен бастап, еліміздегі көптеген оқиғалар қамтылады. Оның ішіндегі ең қызықтысы, осы қазақ журналистерінің бәрі аталады. Көптеген журналистерге, өзінің қатарластарына, әріптестеріне, жазушыларға деген көзқарасы осы кітапта деректермен айтылады. Бұл кітап осынысымен құнды. Атының өзі айтып тұрғандай, жазушы өз өмірінің өрмегімен қатар, Президенттен бастап, еліміздегі елеулі жағдайларды тізіп шығады. Кітапты оқып отырғанда көз алдыңыздан экрандағыдай өтіп жатады» деді ол.
1992 жылы қыркүйек айында Торғай облысынан жасақталған арнайы экспедиция мүшелері: алматылық ғалым Марат Әбсеметов, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қайсар Әлім, Жангелдин аудандық жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Айдар Талпақов, милиция капитаны Серік Асқаров, Арқалық автобус паркінің жүргізушілері Кеңесбай Меркин мен Хамит Райымханов Міржақып Дулатұлының сүйегін Карельден туған топырағына жеткізген еді. Міне, арада ширек ғасыр уақыт өткенде «Міржақыптың оралуы. Возвращение Миржакипа» хикаят-сапарнамасы қос тілде жарық көріп отыр. Алғысөзін Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова жазған екен. Кітаптың тұсаукесерінде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып былай деді:
«Шын мәнінде Қайсар Әлімнің есімін оқырман қауым жақсы біледі. «Егемен Қазақстанда» жазған дүниелері біз үшін құнды. «Міржақыптың оралуы» деген кітабының атауының өзі баршамызды елең еткізіп отыр. Бұл құнды дүниелер келер ұрпаққа керек».
Сондай-ақ тұсауы кесілген кітаптардың қатарында «Безінген ләйлек» кітабына жазушының хикаяттар, әңгімелер, пьеса, эсселер, сапарнамалар жинағы топтастырылған. Ал «Қызбелдінің Қайсары» атты кітабында жазушының шығармашылығы туралы баяндалады. Онда қаламгерлер Қайсар Әлім туралы естеліктерімен бөліскен.
Іс-шара соңында режиссер Қалила Омаровтың «Қалам киесі» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Деректі фильм түсіруде өзіндік қолтаңбасы бар режиссер Қ.Әлімнің өмірі мен шығармашылық бейнесін көрсеткен. Деректі фильмде жазушының Тәуелсіздік жолындағы қызметі, Алаш арыстарының арман-мүддесіне адалдығы, ұлт-азаттық қозғалысының тылсым ақиқатына терең бойлауы, Астана тақырыптары мен отансүйгіштігі негізге алынып, жан-жақты қырынан ашылған.

Ақбота ҚУАТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.