«Жай тау емес, Ұлытаудың ұлымын!»

Жоғарыдағы сөздер, яғни мақаламыздың тақырыбы етіп алғанымыз жезқазғандық ақын Батырбек Мырзабековтің туған мекеніне арналған өлеңінің бір жолы. Байқайсыз ба? Осы өлең сөздерінен «Шырағым, мен әркім айта беретін көп таулардың бірі емес, ұлы жердің, ұлы топырақтың перзентімін» деген көкіректі керген мақтаныш сезімі атойлап тұр.

Тілге тиек етіп отырған бұл өлеңіміз былай басталатынын айта кетейік.
Ұлылықтың жүрегі
Алатауды,
Қаратауды,
Көкшетауды көрдің де,
Тау біткеннің бәрін бірдей,
Көрдім деп сен сендің бе?
Кешір досым,
Кешір мені әйтсе де,
Ұлытауға келіп сәлем бердің бе?
Ұлытауда болмасаң сен бір рет,
Басқа тауды көрмедің не, көрдің не…
Ал керек болса… Бұған не дейсің енді?! Ақынның меңзеп отырғаны не екен сонда? Ол түсінікті ғой. «Таудың тау екенін шын сезінгің, ұғынғың келсе маңдайыңды алдымен Ұлытауға тіре, атыңның басын Ұлытауға бұр» деп тұр ғой ақын. Жыр жолдарынан айрықша, менмұндалап көзге ұрып тұрғаны, ол – туған жерге деген жүрекжарды ықылас, ыстық сүйіспеншілік.
Өлең былай аяқталады:
Қымбат маған Ұлытаудың әр тасы,
Ақ қайыңы, жасыл терек, шыршасы.
Саф ауасы, самал желі, сағымы
Ақпандағы аппақ қары, баршасы.
Ұлағатын ұғып өскен ұлының,
Қанып ішкен «Тасбұлақтың» тұнығын,
Шынымды айтсам бақыттымын мен шексіз,
Жай тау емес, Ұлытаудың ұлымын!
Расында да Батекең бақытты. Ол жырға қос­қандай жай тау емес, Ұлытаудың ұлы. Ұлы­тауға бас имейтін қазақ жоқ. Ұлытау ұлт бірлі­гіне, ынтымақ пен татулыққа ұйытқы болған жер. Қазақтың басына ауыр күн туғанда бабала­рымыз Ұлытауға жина­лып, кеңес құрған, тығы­рықтан шығу­дың жолдарын саралаған. Үш жүздің басын қосқан Ұлытау деп айтылуы да содан.
Шіркін дейсің, әр қазақ баласының бойындағы атамекенге, кіндік қаны тамған туған жерге деген жүрек лүпілі осылай сезіліп тұрса онда мемлекетіміз отаншыл, елшіл азаматтардан кенде болмас еді ғой. Мұның өзі алтын бесік – туған елдің одан әрі гүлденіп, көркеюіне мейлінше әсер етері анық. Ақын жырынан түйгеніміз осы болды.
Бүгінде жетпіс жастың жотасына көтеріліп отырған Ұлытау түлегі – Батырбек Мырзабеков бүкіл ғұмырын баспасөз саласына арнап келе жатыр десек қателесе қоймаспыз. Алғашқы кездерде аудандық Мәдениет үйінің директоры, аудандық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарғаны болмаса, көзін ашып, көріп келе жатқаны, жанына серік еткені, өмірлік азық болғаны – газет-журнал… Бұған мына қызметтер тізімін түзіп жіберсек өзіңіз де куә боласыз: Жезді аудандық «Октябрь хатшысы» газетінің, Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің жауапты хатшысы, облыстық «Жезқазған туы» газетінің бөлім меңгерушісі, қалалық «Сарыарқа», «Жезказганская правда» газеттері редакторының орынбасары, «Наз», «Дауа» газеттерінің редакторы. 2006 жылдан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Қарағанды облысындағы өкілі. Бұған қосымша «Ұлытау және Ұлт» республикалық тарихи-танымдық, көркемдік-әдеби журналының директорлығын атқарып жүр.
Батекеңнің жазған дүниелерімен жергілікті тұрғындар жақсы таныс. Көпшілік оның өлке тарихына қатысты зерттеу мақалаларына қызығу­шылық танытады. Осының өзі қаламгердің Ұлытау-Жезқазған өңірінің кешегісі мен бүгіні­нен жақсы хабардар екендігін аңғартса керек.
Көңілге демеу болатыны шығарма­шылық саладағы көп жылғы еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Бұған дәлел – «Қазақ­станның құрметті журналисі», «Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты», «Жезқазған қаласы әкімі сыйлығының иегері» атақтарын иемденуі. Марапаттар легі одан әрі жалғаса береді.
Батырбектің өмірінен байқалатыны, журналистика оның поэзиясына кедергі жасаған емес. Қайта екі сала бірін бірі толықтырып, жандандырып отыратын секілді. Мәселен, журналистика – өмір, жаңалық, өзгерістер. Сол өзгерістерді ретін, жүйесін тауып поэзияда ұштастырса оның несі ерсі? Қайта өлең­нің салмағы арта түспей ме? Ал поэзияның журналистикаға титімдей де зияны жоқ. Жүректі тербеген ой-толғаныстарды қағазға түсіргенде немесе жеке адамдар туралы газеттің «жұлдызды» жанрлары – очерк, корреспонденция жазғанда поэзияның көмегі зор. Поэзия, ол – шабыт, көркем сөз, ақжарма көңіл. Осыларды әлгіндегі газет материалдарының өн бойына сіңіріп отырса жазбаңыздың жаны кіріп жүре беретіні еш күмәнсіз.
Батекең үлкен-кіші сүйсініп оқитын жырларды тудырған ақын ретінде де танымал. Сексенінші жылдары бұған дейін елене бермей, қайта қолға алынған сөз сайысы – айтысымыз сахнадан бой көрсеткенде арқасы қозып, қолына домбыра алған алғашқы айтыскер ақын­дардың бірі Батырбек болатын. «Мені ортаға алып шыққан – намыс. Сол кездері айтыс ақындарын іздеп әуре болдық қой. Менің ұмтылыс танытқанымның себебі – ел ішінде ондай адамдардың бар екенін, айтыс шоғының өшпегенін көрсеткім келді» дейді өткен күндерді көз алдынан өткізіп.
Оның өлеңдері жергілікті басылымдарда жиі жарияланады. Республикалық, облыстық мүшәй­ралардың лауреаты да атанып жүр. Кейбір поэзия жинақтарынан ақын өлеңдерін кездестіре аласыз. «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлы­мын», «Алты белдің асуы» атты жыр жинақ­тары өмірге келді. Реті келгенде айта кетсек, ол поэзиямен қатар әдебиеттің өзге жанрлары – әңгіме, пьеса, сықақ… жазуға да шебер. Өзі қандай шапшаң болса, тайпалаған жорғадай қаламы да жүйрік. «Журналға мынандай тақырыпта бір дастан керек еді» десеңіз, әлгі дүниені жарты сағатта-ақ төгіп тастауы мүмкін. Артық айтқандық емес, шыны осы.
Бүгінде қалам иесінің қоржынында өз қолынан шыққан он екі кітап бар. Олар әртүрлі жанрда. Тарихи туындыларын айтпағанда, «Аңшының әңгімелері» атты екі томдық кітабының өзі сізді талай қызықты жайттарға қанықтырады. Бұл әңгімелер де жайдан-жай жазылған жоқ. Негіз бар. Батырбектің атасы Мырзабек Ұлытау-Торғай өңіріне әйгілі мерген болған. Заманында Аманкелді, Кейкілермен қатар тұрып, нысана көздеп аты шыққан. «Жарыс­қа түскен кезде ешкімге есесін жібермей­тін» дейді білетіндер. «Аңшының әңгіме­ле­ріндегі» бірқатар дүниелер мерген атасынан есті­ген қызықты оқиғалар. Қаламгердің жазсам, қолға алсам деген тақырыптары жетерлік. «Алла амандық берсе, ол шығармаларды да оқыр­ман қауымға ұсынсам» дейді. Біздің тілейті­німіз тек сәттілік.
Батекең – бүгінде ел ағасы, төңірегін­дегі­лердің сый-құрметіне бөленген ардақ­ты азамат. Жергілікті жерде қандай да бір маңызды іс-шара өтетін болса, ескерусіз, шақырусыз қалған емес. Ондай басқосуларда ағалық ақ тілегін айтады, жүректі жарып шыққан өлеңін оқиды. Ел-жұртының шапағатына бөленгендігі емес пе – жерлестерінің қолдауымен Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атанды.
Осыдан алты жыл бұрынғы бұл оқиға оның есінде ұмытылмастай қалды. Республи­ка жұртшылығына жақсы мәлім, 2012 жылдың шілдесінде бүкіл ел болып құлақ түрген Жезқаз­ған-Бейнеу теміржол құрылысы пайда­лануға берілді. Оның тұсауы Қазақ­стан Прези­денті Н.Назарбаев қатысқан Индустрия­лық форум­да кесілді. Сол жиында бүкіл жезқаз­ған­­дықтар атынан Елбасы алдында сөз сөйлеу құр­метіне Батырбек ие болып еді. Бұл да тегіннен-тегін емес.
Біріншіден, әрине өңірде абыройлы, беделді. Көптің құрметтісі. Екінші жағы да бар. Ол – сөзге шешендігі. Сөз болғанда мәнсіз, татымсыз нәрсе емес, ойлы, толғамды сөз. Жұрттың айтуы бойынша бұл қасиет бабаларынан дарыған. Арғы атасы елге мәлім атақты Шегір би. Бұл кісі ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Найман ішіндегі Бағаналы руынан. Әділдігі мен дуалы ауыз шешендігі үшін Бағаналының төрт босағасының бірі атанған. Жасы үлкен билердің өзі шешуі қиын мәселенің төрелігін Шегір биге айтқызатын болған. Демек, шешендік, суырыпсалмалық о баста қанда бар деген сөз.
Сол жиында Елбасы алдында тосылмады: «Теміржол магистралі – ғасырдың орасан зор жобасы. Мұндай теміржол бұрынғы Кеңес Одағы кезінде де салынбаған. Бұл – ата-бабамыздың талай жыл армандаған ел тәуел­сіздігінің арқасы, Сіздің дана саясатыңыздың нәтижесі. Еліміздің болашағы бүгінгіден де жарқын болатынына сеніміміз мол» деп, елдің сөзін іркілмей, кідірмей айтып шықты.
Расында да бұл ғасыр жобасы деуге негіз бар ірі құрылыс еді. Жолдың ұзындығы мың шақырым. Тауар экспортын еуропалық бағытта және Парсы шығанағы жағына шығаруға толық мүмкіндік бар. Осының өзі ел үшін үлкен жетістік болатын.
Ол өз отбасын ерекше қадірлейді. «Маған шабыт беретін, қамқоршым, жанашырым Майра ғой» деп бір жағы әзіл, бір жағы шыны, туған-туысқа, айналасына сыйлы зайыбын көкке көтеріп отыратыны бар. Бүгінде балалардың әрқайсысы жеке шаңырақ көтерген. Алды Астанада, кейінгілері Жезқазған төңірегінде жауапты қызметтер атқарады. Немерелер де өсіп, ержетіп азамат қатарына қосылып жатыр. Отбасы бақыты деген, міне, осы.
Батырбектің анасы Мәнуар апаны көзіміз көрді, қолынан дәм таттық. Ол кісі жергілікті жерде аты шыққан Жауғаш ақынның қызы. Апамыз ұлы бес баланың әкесі болса да әлі сол баяғы бала Батырбектей көре ме: «Батырбегімді рен­жітпеңдер. Қамқорлыққа алып жүріңдер» дей­тін. Қайран, ана көңілі-ай… Ұлының ер жетіп, азамат болып, оның өзі де төңірегіне аға­лық, үл­кен­дік қасиет танытып жүргенін қайдан білсін…
Батырбек кейін жұмыс бабымен Жезқазған қаласына көшіп келді. Бірақ Ұлытауда тұратын анасын бір сәт те жадынан шығарған емес. Әйтеуір уақыт тауып, жиі ат ізін салып тұратын. Бір сөзбен айтқанда, ол ана алдындағы перзенттік парызын өзгелерге үлгі болатындай жағдайда өтей білді.
Ұлытаудың ұлы болу мақтаныш, әрине. Бұл қазақтың ұлы болу дегенді аңғартады. Осының өзі иыққа батпандай жүк артатындай. Біздің кейіпкеріміз болса мұны жақсы сезініп, азамат ретінде де, қаламгер ретінде де сенім биігінен көрініп келеді. Бұған біз де қуанамыз.

Серік ТІЛЕУБАЕВ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет қайраткері

Нұрперзент ДОМБАЙ,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.