Суы шипа – Алакөл

Биыл мамыр айында Елбасы Алматы облысына іссапары барысында Алакөл ауданының Ақши ауылындағы теміржол вокзалының жаңа ғимаратын аралап, еліміздің туризм саласын және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Мемлекет басшысы: «Алакөл Қазақстан бойынша демалушылар ең көп баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасқандығымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр.

Көлдің кереметтігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құра­мында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды» деп атап көрсетіп, Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға бірқатар тапсырма берген болатын.
Жақында Алматы облысы Туризм басқармасы, «Ветер странствий» журналы және «Пеликан» отба­­сылық демалыс орталығының ұйым­дастыруымен Алакөл көлінің жағалауында, нақтылай айтқанда Ақши ауылында «Окуньколь» әуес­қой балықшылар фестивалі өтті. Алматы облысы әкімдігінің қол­дауы­­мен дәс­түрлі түрде өтетін фестиваль биыл сегі­зінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Бекітілген бағдарлама бойынша балықшылар алғашқы күні кешкі сағат 16-19, екінші күні таңғы сағат 6-9 аралығында көл жағалауында тап­жылмай отырып, қармақ салып, балық аулауға кірісті. Ба­лық­шылар өзара қызу бәсекеге түс­кенімен, қармағына балық ілін­бегендер бар. Олардың бірі – пойызда жолсерігіміз болған Нина Савельева. Нина балық аулауға отбасымен келді, жарысқа қатысқан балықшылардың арасындағы жалғыз нәзікжанды. Жарыс нәтижесінде 3 келі 115 грамм балық аулап, өзге­лерден оза шапқан – Муслим Агапашев жеңімпаз болып танылды.
Фестиваль барысында әртүрлі ша­ралар ұйымдастырылды. Қаты­сушылар өз арманындағы кемені қол­мен жасап, әсемдесе, психолог маман адам баласының арман-мақсатына қалай жетуге болатыны жөнінде тренинг өткізді.
Алматы облыстық Туризм басқар­масының бас маманы В.Ежикова, «Ветер странствий» журналының бас редакторы Н.Боровая және т.б. сөз сөйлеп, өткізіліп отырған іс-шараның, бағыт-бағдары мен мән-маңызын кеңінен түсіндірді.
Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуан­дықов «100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламасының 57-ші қадамы – Туристік кластерлер құруда үздік тә­жірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту екенін атап өтіп, өңірде атқарылып жұмыстарға тоқталды.
«Қазіргі таңда Алакөл ауданы инфрақұрылым бойынша облыстың 30 пайызын құрап отыр. Былтыр 19 нысан салынса, биыл 32 нысан іске қосылды. Бір күнде 21500 адамды қабылдайтын мүмкіндігіміз бар. Биылдың өзінде бір миллионнан астам турист келді. Мұның барлығын мониторинг бойынша есептеп отырмыз» дейді Дәулет Базенұлы. Оның айтуынша, қазір халық сапалы демалыс орнына келетін болған. Сондықтан ірі демалыс орындары мен шағын жекеменшік кәсіпкерлер арасында бәсекелестік туындап, биыл шағын демалыс орындары өз демалушыларына үш мезгіл тамағымен есептегенде күніне 4-5 мың теңгеге қызмет көрсеткен.
Бүгінде Алакөлге аптасына үш рет пойыз қатынайды. Демалушылардың пікіріне құлақ түрсек, сұраныстың жоғары болуына байланысты пойыз­ды күнделікті жүргізу қажет. Бұл жөнінде Дәулет Базенұлы былай дейді: «Ішкі туризмді дамыту үшін – жаңадан авиарейс ашуымыз керек. Әзірге «Алматы-Үшарал», «Астана-Үшарал», «Талдықорған-Үшарал» бағы­тында ғана ұшақ бар. Маусым кезінде мәселен, Шымкент т.б. ішкі қалалардан тікелей Алакөлге келетін ұшақ болуы тиіс. Соған жұмыс жасауы­мыз қажет. Сондай-ақ халықтың көбі пойыз­бен келіп жатыр. Пойыздың күнде жүріп-тұрғаны тиімді болар еді» деп, жол салынып жатқанын, бо­ла­шақта бұл іс те жүзеге асатынын жеткізді.
Әдетте шілде, тамыз айлары суға шомылуға ыңғайлы деп есептеледі. Біз барғанда су жып-жылы. Демек, қыркүйектің 10-15-іне дейін суға шомылып, демалып қайтуға болады. Алакөлдің суында Менделеев кестесіндегі элементтердің йодтан басқа­сының бәрі бар. Ол тері ауруларына, сүйек сырқырағанда, тамақ ауырғанда және т.б. ауруларға тап­тырмайтын ем. Қоссор мен Шұбар­көлдегі балшығын да Алматы мен Талдықорғанның маңайындағы санаторйилер емге қолданады.
Ішкі туризмнің дамуына үлес қосып, шипалы суға шомылып, емдік балшығын пайдаланып, балық аулап, оңашада рақат сезімге бөлен­генге не жетсін! Қоршаған ортаның әде­мі­лі­гінен, табиғаттың көрік­тілі­гінен, ға­жайып көлден ләззат алу – адам ден­саулығының басты кепілі болса керек.

Бағдагүл Балаубаева

Алматы – Алакөл –
Ақши – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.