Ақтөбенің Астанаға тартуы

Астана қаласының 20 жылдығына орай еліміздің облыстары мен Алматы қаласы Елорда ажарына өзіндік көрік берер тамаша нысандар салып, мәртебелі шаруаны тындырды. Мысал үшін айтсақ, Алматы қаласы 240 орындық балабақша салса, Атырау облысы Есіл өзені арқылы велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді пайдалануға берді, Қызылорда облысы «Ғарыш» тақырыбын қамтыған ашық алаңы бар гүлзар мен экспозиция сыйлады.

Ақтөбе облысы келешек ұрпақ үшін игілігі мол, тәрбиелік тағылымы зор өзгеше жұ­мысты таяуда сәтімен жүзеге асырды. 29 тамызда – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінде Астанада болмыс-бітімі бөлек «Бейбітшілік қабырғасы» монументі салтанатты түрде ашылды. Бұдан дәл 27 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен атышулы Семей полигоны жабылған болатын. Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсында – «Қазақ елі» монументіне жақын жер­де орналасқан нысанды тұрғызу бары­сында Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» антиядролық манифесінің идеясы басшылыққа алынды.
Сымбат-пішіні жұрт назарын аударардай өзгеше кешенді ашу салтанатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ақтөбеліктердің қысқа мерзімде сапалы етіп жүзеге асырған жұмы­сын ризашылықпен атап көрсетті.
Кешеннің авторы – «АСС» сту­дия­сының жетекшісі, сәу­летші Юрий Смирнов бастаған, құрамында Ресейдің, Герма­ния­ның, Литваның сәулетшілері бар топ зәулім жапырақ тәріздес монумент арқылы ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Жалпы ұзындығы 111 метр, ені 18,4 метр, биіктігі 17,5 метр болатын алып құрылысты тұрғызуға аумағы 6 мың текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылды. Үш бөліктен тұратын кешеннің біріншісі бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Аспалы шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар 616 текше метрді алып жатқан LED жүйемен қам­тыл­ған. Яғни кез келген шараны өз дең­гейінде таратуға мүмкіндік бар, ең соңғы үлгідегі бейне, аудио, арт-нысан. Монументте 51 тілде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Аппақ түстен жасалған құрылым түнге қарай ерекшеленіп көрінеді. Жарықшамдар, түрлі заманауи жабдықтар барынша көп орнатылды.
Облыс әкімі Бердібек Сапар­баев­­тың кәсіпкерлермен тіл табысып, оларды ел мүддесі үшін аса маңыз­ды шаруаларға жұмыл­дыру ше­берлігі тағы бір қы­рынан көрінді. Біз атап өткен айрық­ша сипаттағы кешенді салуға Еура­зия­лық топ, «Қазмұнайгаз» АҚ, «ВІ Group» және басқа компания­лар 1,8 миллиард теңге жұмсады.
Монументтің ашылу салтанатында үлкен экран арқылы БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчактың, Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқа­рушы хатшысы Лассино Зербоның және басқа тұлғалардың бейнеқұттықтауы көрсетілді. Егемен еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтан, Оралбай Әбдікәрімов баспасөз арқылы ақтөбеліктерге тамаша тартуы үшін алғыс айтып, ерекше сипатты кешен Қазақстанды әлем жұртшылығына танытатынын, келешекте туристер көптеп келетін орын болатынын атап көрсетті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.