ЗАР ЗАМАН толғауы

Өзінің терең пәлсапалық көзқара­сымен де, еркіндікті аңсаған асау жырымен де түркі әлеміне айрықша әсер еткен Шортанбай жырау мұрасы ХХ ғасырда сан дауға түсіп, бар ғұмы­рын айтатын кешегі дуалы ауыз қария­лардан өмір жолы толық жазып та алынбады.
Жырау туралы алғашқы мәліметті 14 жасынан оның атқосшысы бол­ған Әбеу ақсақалдан (жыраудың пәуескесін де сақтап қалған осы кісі), Көпжан Бәйменұлынан естісек, кейінде Ескей жыршыдан, жырау толғауларын айтқаны үшін екі рет сотталған Анарбектен, тоқсанға келіп көз жұмған Қази ақыннан алған едік. Енді, міне, тілсіз архивтер «Зар Заман» деп зарлаған Шортанбай жырау дүниеден өткен соң Петерборда оқып жүрген қазақ жастары орысқа қарсы «Зар Заман» деген ұйым құрып, оған 20 жастағы Әлихан Бөкейханов мүше болғанын алдыға жайып отыр. Тіпті, сонау АҚШ-тағы ғалым Томас Виннер Шортанбай өлеңдерін зерттеп, ағылшын тіліне аударған екен.

Шұбыртпалы руы Арқаға қоныс­тана алмай Сыр бойын мекен етіп жүргенде Шортекеңнің бабалары сол румен қыз алысып, араласып бірге көшіп жүрген, Жыраудың әкесі Қанай Арқадағы Шалтас, сондағы «Қанай бұлағы» деген жерді мекен еткен. Қанай Сарым ішіндегі Нақып қожаның қызы Шүкіманға үйленген. Нақып – осы деректі айтушы Есмағанбет қарияның үлкен әкесі.
Қанайдан Шүкман төрт-бес жыл ішінде екі қыз туды. Сол шақта Қанайдың әкесі дүниеден қайтып, әлдебір себептермен інісі Қаратау жаққа көшіп кетеді де жалғыз үй қалған Қанай қайын жұрты Нақыптың ауылына қоныс аударып, бар ғұмырын Нұра бойында өткізген. Келер жылы, яғни 1818 жылы осы нағашысының ауылында болашақ жазба әдебиетінің көшбасшысы «Зар Заман» деп кітап жазған Шортанбай жырау дүниеге келген. Бұл туралы Тұңғышбек ақын, Нақыптың Алтыбайы, Есмағанбет қария, т.б. айтып жүрген деректерді жыраудың 1993 жылы өткен 175 жылдық мерейтойында ұзақ жылдар оқу бө­лімін, редакцияны басқарған З.Әлікеев ақсақал теледидар алдында дәлелді айтып берді.
Шортанбай пушкасын сүйреткен орысты, оның қазаққа жасаған зор­лығын көріп, сол қиянатты халқы­мен бірге басынан кешкен жырау:
Бағынба қазақ, орысқа.
Бағынсаң қазақ орысқа,
Күні бұрын қоштасқын,
Сарыарқа деген қонысқа, – деп Кенесары ханның ұлт-азаттық соғысы жеңіліске ұшырап, жүдеп-жадаған, рухы сынған қазағын жырымен демеп, айқасқа үндеген жырау.
Осы кезеңде орыс әкімшілігіне арқа сүйеп, өз еліне жауша тие бастаған ендігінің бай-болысынан түршіккен жырау олардың қайырсыз істерін ел алдына жайып салудан жасқанбаған.
Қасақана мал бітер,
Қайыры жоқ қабанға, – дегені өздерін «имандымыз» деп жүрген шен таққандарға оңай тимесе керек. Оларды харамның харамы «қабанға» теңеу жұрт көзінде де құбыжық сурет. Бұл бейнелеу сүттей ұйыған қазақы қоғамның бүліне бастағанын «жер ұйықтай» өмірдің келмеске кеткенінің көрінісі. Жырау ендігі келген заман сипатын:
Мейір кетті пендеден,
Қасиет кетті төреден,
Ғаділдік кетті билерден
Абырой кетті әкімнен,
Қайын енесі ас ішпес,
Қабағын түйген келіннен, – деп айшықтата әшкерелейді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан, өз қиыншылығын өзі іштей реттеп шешіп отыратын, қазақы қоғамның бұзылуына жол бермейтін билер соты мен ақсақалдық жол отаршыл орыстың өзеуреген саясатымен сыйыс­пайтын. Жеңілген қазақ жұртын біржолата тізерлетіп тастауға билер билігі ақсақалдық көлденең тұрып, кедергі болды. Ол сақталса қазақы болмыс, тірлік салты жанданып отырады да, қазақ бағынбақ емес. Сол себепті де билер билігі де, ақсақалдық та күйретіліп, тек орыс заңына бағыну енгізілді. Өзін-өзі іштей реттеуден қалған қазақ қоғамы бұрын-соңды болмаған ішкі қайшылыққа тап болды, тұтастығынан айырылып, іштей іріді.
Бай кедейді көрмейді,
Кедей байға ермейді,
Қызметін бір күні қылмаса,
Майлы сорпа бермейді.
Әні байдың қайыры, – деген жыраудың жүрегінен жарып шыққан шындық осының куәсі. Арқасын орысқа сүйеген кей болыс-би зор­лық жолына көшті. Хан билігін жойып, ақсақалдықты тежеп, қазақ қоғамын іштей іріткен отаршыл орыс бұл қиянатқа қарсы тұрар күшті де тұқыртып тастаған еді. Дала халқы қасқырдан үркіп аңшының аяғын сағалаған киіктей жосыған күй кешті. Бұл халді Ұлы жырау:
Ендігі сорлы бейшара,
Қорыққанын барып паналар, – деп суреттеген.
Қазақ арасында бұрын болмаған сараңдық, барын ұқсата алмаушылық, бойкүйездік, даңғойлық етек алды. Қазақ бұрынғы салтынан айрылды. Жетімін өгейсітпейтін, кедейіне сауын беріп, ел қатарына қосуды парыз санайтын ел еді, ендігінің жақсылары жеке басының қамын ойлаудан басқа­ны білмейтін халге түсті.
Дүние малын сүйгендер,
Мінбей, кимей өтеді.
Бір кісі емес, әр кімнің
Басында бар, сөйтеді, – дегені соның айғайы.
Ішкі қайшылықтары өсіп, жандаралды Ресейдің тегеурінді тепкісіне түскен халқының лажсыз жағдайын Ұлы жырау былай суреттеп, онан жирендіреді.
Жандаралға сыйындың,
Майырды көрдің жездеңдей.
Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгеңдей.
Дуанды көрдің үйіндей,
Абақты тұр қасында,
Қазулы қара көріңдей.
Сонымен, отаршылдыққа қарсы­лық бағыт ұстаған Шортанбай жырау мына зобалаң шақта қазақ қоғамында ендігінің болмысын сақтау – қазақтың ұлттық мінез-құлқының сақталуына тікелей байланысты екеніне елдің көзін жеткізе түседі. Ол алдымен иманжүзділікті алға тартады.
Малдан зекет бермеген,
Аузына Құдай кірмеген,
Қайыры жоқ сараңды, – дегені кәусі.
Жыраудың қазақ ұлын татулыққа, бір-біріне деген мейірімге шақырып, қанағат пен тәубәшілік өмірдің негізгі дегенінің өзі қирап бара жатқан қазақы қоғамдағы бірлікті, тұтастықты, соны негізінде ұлттық айбарды сақтап қалсақ па деген жан дәрмен ұмтылыс. Оның ар жағында жерінен, дінінен айрылып бара жатқан халықтың орыстың сұрқия саясатына қарсылық жатыр.
Арам пиғыл залымның,
Тату болмас құдасы.
Құдай деген мұхминнің,
Ауыздан кетпес бабасы.
Иманы бардың белгісі,
Тілінен тамар шарасы.
Ел арасынан «жерден жік, екі құлағы тік» шыға бастаған, жұрттың сөлін сорса да тек баюды мақсат тұтқан пысықайлардың қазақы болмыстан алыс жатқанын әшкерелей суреттеген жырау адалмен жиналған мал – бұл дүниелік бақытың, адамгершілігің деп түсіндіреді. Адамгершілігің – ол дүниеде алдыңнан шығар иманың.
Өлгенде малың – иманың,
Тіріңде қамын жиғаның.
Жыраудың жақсылық, бақытты өмір туралы түсінікті халық сенген ислам дінімен байланыстырады. Дін халықтың санасына сіңген қоғамдық идеология, сондай етене ұғымды пайдалану оның ұтқырлығы екені даусыз. Жыраудың:
Ғайбаттың жаман екенін,
Біле тұра айтасың, – дегені қай заманда болса да мәнін жоймайтын ұғым. «Ғайбат», біреуді сыртынан жамандау, қасақана арыз жазу орыстың қазақ арасына тастаған, қасақана сіңірген уы. Бұл дерт әлі қазақ арасында өрістемесе, өше қойған жоқ.
Туған халқының жаршысы бола білген жырау:
Арқа деген Құба жон,
Аялай біткен көл екен.
Атты керуен естірген,
Арқаның тарлау шөбі екен.
Жігіті кердең өсірген,
Ат пен малдың лебі екен.
Ұрлық қылып, мал жидың,
Өтірік сөйлеп, жан жидың,
Ойлап тұрсам жігіттер,
Не қылса құдай еп екен, – деп халге назаланады.
Қазақ жерін отаршыл орыс жаппай тартып ала бастаған кезеңде, қазақ баласы енді таза жерсіз қалмас үшін, осы қысылтаяң тұста Шортекең халқына жаңа жол іздеп, елді отырықшылыққа шақырып, соның үлгісі ретінде баласы Аязбайға Нұра өзенінің жағасына су диірмен салдырып егін салған. Оның ізін қуушылар сол кезде-ақ табылған.
Шортанбай жырларында «Заман ақыр таянды» деген ұғым жиі кездеседі. Бұл Алла тағаланың күнәһар адамзатқа жіберер қаһарлы «Заман ақыры» емес, қазақты халық ретінде құртуды шебер ойластырған орыс отаршылдарының түпкі мақсатын танып, сол сұрқия саясатты халыққа жеткізу жолы. Ол орыс билігінің қазақтың басына салған «Заман ақыры». Бұл иен далада еркін өмір сүрген ел үшін төнген ақырзаман. Шортанбай ақырзаманы міне осы, яғни сол кездегі отаршыл биліктің шындығы.
Отаршылдықтың тегеурінімен азып-тозып бара жатқан қазақы қоғам, қазақы болмысты сақтаудың бір жолы деп жырау отбасының таза пәк болуы­на қатты назар салып, күрт өзгеріске түскен қазақ қауымында пайда болған жағдайды ашына суреттейді.
Кейін келер заманда,
Ұл сыйламас атасын.
Қыз сыйламас анасын,
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын, – десе, шынайылықты аңсап:
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың, – дейді
Жырау:
Қылымсыған қатыны,
Қызыл көйлек киеді.
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді, – деген пікірі қай заман болса да өзінің мәнін жо­ғалт­­пайтын, пәктік, парыз, күнә деген ұғымдардың адамзат үшін мәңгілік қасиетті екеніне жұртты сендіреді.
Қай заманда болмасын өнер иесі айналасында болып жатқан қасіретті жағдайларды жақын қабылдап, елмен бірге қайғырған. Ақынның «мені» өз ба­сы­ның жеке ісі емес, біраз жұрт ба­сы­нан өткеріп жатқан жағдай. Шортекеңнің:
Қайғылы болып барамын,
Жалғанда жеген парадан, – дегені отаршыл орысқа арқасын тіреп, ел ішінде көрініс берген парақор, жалақор, арызқойларға назасы. Басында мол дәулеті, қолында билігі болып көрмеген жыраудың «парадан» аулақ екені елге аян. Жыраудың өз басына қарата айтқан кейбір сөздерін кейбір шаласауатты берекесіз жандардай тіке түсінбей, осылайша байыбына барып ой қорытқан жөн-ау.
Шортанбай жырау (Әлимұхаммед) 1881 жылы жаз айында Семейден қайтып келе жатып құдасы әрі досы Жанғұтты шешеннің ауылында дүниеден өткен. Жанғұтты заманында өзі тәріздес ел билері Бәйсейт, Дүйсенбай, Қаралармен бірге Кенесары ханды қолдап көтеріліске қатынасқан. Ел тарихы мен шежіресін терең білетін Ілияс Молланың Жанғұтты көтерілістен соң елге қайтқанда 30 жаста еді деген дерек берген.
Елді азаттық күреске шақырып:
Жалаңаш мін де жауға шап,
Ажалдан бұрын өлер ме.
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де пенде жүре ме.
Қатын, бала қамы үшін,
Қарсы шап та, мылтық құш
Құр жабырқап, жүдеме, – деген Шортанбай жырау ақ дұшпанға да, қызыл жауға да ұнамаған. Ғасырдан аса уақыт бойы Ұлы жыраудың есімін атауға тыйым салып, қудалауға салса да халқы оның жырларын ұмытқан жоқ. Жүректе жатталған, ел есінде мәңгі сақтала бермек.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы, «Құрмет»
орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.