ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: УАҚЫТ ТУДЫРҒАН ҚАЖЕТТІЛІК

Латын әліпбиіне көшудің ұлтымыз үшін мәні ерекше. Ол қазақ халқының алға жылжуына, еліміздің жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне ықпал етері анық. Бұл жөнінде Елбасы да өз сөздерінде нақты айтып жүр. «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жүзеге асыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген еді Жолдауында Мемлекет басшысы.
Осы маңызды мәселені арқау еткен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессорлары, философия ғылымының докторы Өмірбек Бекежан мен филология ғылымының кандидаты Жұмазия Абдрахманованың мақалалары жұртшылық назарына ұсынылып отыр.

ЖАҢА СЕРПІН АЛҒАН ҚҰБЫЛЫС

Өмірбек БЕКЕЖАН,
философия ғылымының докторы

Қазақ тілін латын графикасына көшіру еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері іске асырып жатқан қоғамдық өмірдің барлық саласын, барлық әлеуметтік институттарды қамтитын модернизациялау процестерінің ең күрделі, тарихи маңызды формасының бірі болып табылады. Экономикада нарық пен жекеменшікті енгізу, жекешелендіру және тағы басқа реформалармен қатар бұл процесс те мәдениет пен қоғамдық санада, әлеуметтік ортада үлкен резонансты оқиғаның бірі екендігіне талас жоқ. Сондықтан елдің ішінде және алыс-жақын шетелде бұл туралы кереғар көзқарас баршылық. Соның ішінде шынын айту керек, көп адамды бұл алфавит реформасының саяси жағы қызықтырады.
Жалпы латын алфавитіне әлемдегі елдердің көшуі – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан, әсіресе ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында жаңа серпін алған құбылыс. Біз, әдетте, осы графикаға көшу мәселесі көтерілгеннен бері туыстас түркі халықтарының тәжірибесі туралы көп айтамыз, сонау 1929-1940 жылдары латынды қолданғанымызды тілге тиек етеміз. Бұл әліпбиге көшу жобасының кеңес үкіметі кезінде болғаны жайлы да қазір айтылып жүр.
Саяси төңкеріс нәтижесінде орнаған кеңес үкіметінің мемлекет тіршілігінің барлық саласында, сол кезде кеңес империясына кіретін барлық республикалар мен халықтарға ортақ реформалар жаса­ғаны белгілі. Кеңес үкіметінің үлкен реформа­сы­ның бірі мәдениет пен білімге арналды. Соның ішінде сонау 1930-шы жылдары кирилл әрпін латиницаға ауыстыру жөнінде әңгіме де көтерілген. А.Х.Даудов, Е.П.Мамышева өз мақаласында латын алфа­витіне кеңес халықтарын көшіру талпынысының тарихы туралы фактілер мен құжаттарға сүйене отырып жазады. Филология ғылымының докторы, Ресей Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, Тіл білімі институтының директоры Владимир Алпатовпен болған сұхбатта да кезінде кирилл әрпін латынға алмастыруға бетбұрыс болғаны айтылады. Сонау 1920 жылы Білім Халық Комиссары А.В.Луначарский мұсылман халықтары мен басқа да ұсақ ұлттардың (барлығы 50-дің айналасындағы ұлттар) әліпбиін ортақ латын графикасына көшіру жөнінде бастама көтеріп, арнайы комиссия да құрады. Оның бұл идеясын тіл маманы, профессор Н.Ф.Яковлев қолдайды және латын әліпбиіне негізделген орыс алфавитін жасайды. Оның бірнеше себебі де анықталады, біріншіден, саяси себеп, кирилл әрпі бұрынғы патша заманының әрпі, ескінің көзі, сондықтан ол жаңа заманға қызмет ете алмайды, екіншіден, ол «әлемдік революция» жүзеге асыру идеясы әлі де күн тәртібінде тұрғандықтан латын әліпбиі – революция жолына түскен халықтарды біріктіруші фактор деп саналды, себебі сол кездің өзінде әлемнің көптеген халқы, әсіресе Еуропада осы әріпті пайдаланды.
Кеңес кезіндегі латын жазуына көшу жос­пары тек өзге ұлттар емес, орыс тіліне, оның төл графикасы – кирилл әрпіне де қатысты жүргізіле басталды. Интернеттегі ақпарат көздерінен А.В.Луначарский айтқан екен деген мынандай жолдарды көруге болады: «…о желательности введения латинского шрифта для всех народностей, населяющих территорию Республики … что является логическим шагом по тому пути, на который Россия уже вступила, приняв новый календарный стиль и метрическую систему мер и весов». Осы жерде жоғарыда аталған А.Х.Даудов, Е.П.Мамышева мақаласынан мына сілтемені келтірген жөн сияқты. 1929 жылы РСФСР Білім Халық Коммисариаты 13 адамнан тұратын орыс жазуын латынға алмастыру жөніндегі комиссия құрады. Комиссия кирилл жазуын қатаң сынға алып, былай деп жазады: «идеологически чуждой социалис­тическому строительству форма графики, пережиток классовой графики феодалов-помещиков и буржуазии, самодержавного гнета, миссионерской пропаганды, великорусского шовинизма, насильственной русификации». Міне, осындай бір жағынан, сол заманға сай саяси-идеологиялық қағидаға сүйенген, екіншіден, отар ұлттардың саяси тарихы тұрғысынан қарасақ, әділетті деуге де болатын көзқарасқа сүйене отырып, комиссия латын графикасына негізделген орыс жазуының үш нұсқасын жасайды. Комиссияның 1930 жылғы 14 қаңтардағы хаттамасында тура былай деп жазылған: «Переход в ближайшее время русских на единый интернациональный алфавит на латинской основе – неизбежен». Басқа ұлттық тілдер сияқты бұл жерде де орыстың төл әріптерін беру мәселесі қиындық туғызады. Соған қарамастан Н.Ф.Яковлев жасаған латынға негізделген орыс алфавитін қазір де тілші ғалымдар жоғары бағалайды екен, оны жарияланған кейбір мақалалардан байқауға болады. Бірақ осындай графикаға байланыс­ты үлкен жобалар өткен ғасырдың 30-шы жылдарына қарай тоқтап қалады да, кеңес елі территориясында кирилл әрпі ортақ жазу ретінде қабылданады. Соның салдарынан жаңағы комиссия сынға алған құбылыстар кеңес заманында қайтадан идеологиялық сипат алып, өз жалғасын тапты. Бірақ латын графикасын кеңес елінде жаппай енгізу идеологиялық қысымды азайтып немесе репрессияны болғызбай әлде аз ұлттардың тағдырын жеңілдеткен болар еді деген құр иллюзияға ұрынудың қажеті жоқ. Сол жылдары Қазақстанда «Улы Сталин» деп әріп қатесін жібергендердің тағдыры соның куәсі. Әріпті жазу тұрғысынан кереғарлық ол кезде де көп болған.
1989 жылы Молдавияда латын алфавиті қолданысқа енгізілді, оның қабылдануына ұлттық қозғалыс зор ықпал етті. Молдавияда латын әрпін енгізу айтарлықтай қиындық туғызған жоқ, себебі олар өздеріне туыстас румындардың латын графикасы негізіндегі алфавитін пайдаланды. Бірақ бұл елде кирилл әрпін қолдану әлі де жалғасуда және оған ықпал етуші күштер де бар, соған қара­мастан латын графикасы негізінен толық­тай қолданысқа енді. Әліпбиі жағынан бұрынғы кеңес елінде ерекше тұрған елдер Бал­тық жағалауының үш елі – Литва, Латвия, Эстония болды. Бұларда латын графикасы негізіндегі алфавит өзгерген жоқ, сондықтан орыс тілінің де таралуы басқа одақтас елдер­дегідей болған жоқ, кириллица мен орыс тілі латын әрпі мен ол елдердің ана тілін ығыс­тыра алмады. Бұл жағдай ол елдерде белгілі бір деңгейде саяси ішкі тәуелсіздіктің болуына ықпал етті. Бұл елдерде ұлттық сана мен тіл, менталитет, құндылықтар барынша бейтарап жағдайда сақталды.
Посткеңестік түркі елдеріне келетін болсақ, латын әліпбиін бірінші болып Әзербайжан қабылдады. Көп аналитиктер бұл реформаға Түркияның ықпалы зор болды деп санайды. Әзербайжанда латын графикасына көшу 1992-2001жылдары жүзеге асты. Кезінде сонау өткен ғасырдың 20-шы жылдары да Әзербайжан латын тілін енгізуде басқа түркі тілдес елдерден алда тұрғаны, оларға үлгі болғаны тарихи факт. Сондықтан Түркия ықпалы бұл жағынан тарихи қалыптасқан деуге болады. Түркмения мен Өзбекстанда латын графикасына ауысу процесі қиындықпен өтті және әлі де толықтай аяқталған жоқ. Жалпы Өзбекстанға қатысты латын графикасын енгізуге саяси немесе ұлтаралық қатынастың ықпалы болған жоқ. Оған қарсы әрекет еткен сыртқы күштер немесе қысым туралы да айту қиын. Сондықтан бұл жерде латын графикасын енгізу процесінің созылып кетуіне негізінен лингвистикалық және экономикалық факторлар қатты әсер етті деуге болады. Соған қарамастан осы мәселені зерттеушілер қашанда бұл өзгерістерден саяси астар іздейді. Мысалы, жоғарыда аты аталған профессор В.Алпатов өз интервьюінде бұл құбылысқа былай деп баға береді: «В Азербайджане и бывших советских республиках Средней Азии отказ от кириллицы был продиктован политическими соображениями. Этот демонстративный шаг преследовал цель максимально обособиться от ареала русской культуры и сблизиться с Турцией. Периодически о переходе на латинский шрифт говорят на Украине. Но по опыту, например, Узбекистана мы видим, что это непростой и весьма дорогостоящий процесс, сопровождаемый колоссальными издержками. Чтобы сменить письменность в условиях почти поголовной грамотности населения, нужны очень веские основания и политическая воля». Шын мәнінде, тілге, әсіресе алфавитке саясаттың ықпалы зор. Әлемдік тарихтағы жазудың таралуын қарайтын болсақ, көп халықтарға тараған алфавиттердің артында мықты діні немесе империялық саясаты бар өз заманының іргелі елі тұрады. Тарихта руна жазуы, латын жазуы немесе араб әліпбиі болсын осындай жолмен әлем халықтары арасында кеңінен тараған. Түркі империясы жойылды, сонымен бірге оның жазуы да өшті. Кешегі кеңес империясының тарауы нәтижесінде кирилл әліппесінің де қолдану аясы тарыла бастады. Елдердің бәрі дерлік қазіргі әлемдегі ғылым мен технологияның алфавиті болып отырған латынға көше бастады. Бұл жерде де әлемдегі көшбасы елдердің ықпалы болғаны жасырын емес. Сонымен қатар латынмен, латын әріпті елдермен бәсекелесіп тұрған елдердің бар екені де белгілі.
Алфавит бәсекесінің негізгі факторлары экономика, саясат, дін және мәдениет екені белгілі. ХХ ғасырда саяси фактор шешуші болды, одан бұрынғы ғасырларда, әсіресе орта ғасырда діни фактор басым болып тұрғаны белгілі. Осы ғасырда экономика мен технология әліпби таңдауда шешуші сияқты көрінеді, бірақ бәрібір саяси таңдауды, саяси мүддемен байланысты критериді жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі әліпби ауыстыру құбылыстарынан да осыны байқаймыз. Бірақ ешкім ресми түрде саяси фактор жөнінде жария жасамайды. Мысалы, Әзербайжан өз шешімін «әлемдік ақпараттық кеңістікке ену үшін» деп айқындады, бірақ өз ренішін жасырмаған Ресей өкілдері бәрібір Түркия факторы ұстанымынан таяр емес. Осындай көзқарасты олар біздің елге де қа­тысты ұстанып отырғаны тағы жасырын емес. Сондықтан әліпби ауыстырудың таза техникалық, әрине лингвистикалық, эко­номикалық сұрақтарынан басқа саяси астары да сақталатыны белгілі. Бұл жерде елдегі халықтың бір тұтастығы, көзқарас, құн­дылықтар ортақтығы маңызды рөл атқарады. Тағы бір фактор – бәсекелес әліп­бидің мәселесі. Егер оның потенциалы мықты, қолдаушысы көп болса ол әліпби ауыс­тыру процесінің ұзаққа созылуына, негативті сипаттағы жазу бәсекесіне, соның нәтижесінде тіл мен әріп негізінде қоғамның әлдебір бөлінісіне апаруы мүмкін. Сосын әрине, Өзбекстан факторын қайталамас үшін қонымды жасалған әліпби және мықты қаржылық демеу керек.
Тағы бір мәселе, ұлт өкілдерінің әр түрлі алфавит қолдануы айналып келгенде ұлттың өз ішінде түсінбестік пайда болуына әкеліп отырады. Қазіргі Моңғолиядағы жағдай соған мысал, Моңғолияның өзінде кезіндегі Кеңес елінің ықпалымен латын әрпі қолданылса, ішкі Моңғолияда ескі моңғол әліпбиі қолданылады. Тілі қай елде болса да, өзінің тарихи тазалығын сақтаған қазақтарда үш алфавиттің қалыптасқанын білеміз.
Бұрынғы кеңес елдерінің ішінде Белоруссия мен Украинаның да латын әрпімен тарихи байланысы баршаға аян. Мысалы, Белоруссияда «латинка» аталған латын әрпі нұсқасы сонау ХVІ ғасырдан мәдени өмірде үлкен рөл атқарса, 1940 жылдардан қазіргі латын әліпбиі қолданысқа енген. Ал Украинада бұл мәселе Ресеймен арадағы қайшылықтарға байланысты күшейе түсуде. Бұл елде де латын графикасы ХVІ- ХVІІ ғасырларда енгізілген. Зерттеушілер оған Польша мен Чехияның ықпалы болғанын айтады. Бұл елдердегі кирилл алфавитінің латынмен қатар енгізілуі – саяси және мәдени факторге ие құбылыс. Қазіргі кириллицадан кері латынға көшу жөніндегі ұстанымдар да саяси астары бар көзқарас екені сөзсіз. Оның үстіне батыс Украинаға католик шіркеуі мен Польша ықпалын және жалпы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрлерді ескерсек, Украинаның болашақты латын әрпіне көшуі тосын жағдай болып көрінбейді. Сондықтан тарихи болашақта әртүрлі көрініс табатын әліпби ауыстыру процестері жаһандану заманындағы бәсекелестік пен саяси, геосаяси тартыстардың құрамдас факторы ретінде жалғаса береді.

БҰЛ БІЗГЕ ТАҢСЫҚ ЕМЕС

Жұмазия АБДРАХМАНОВА,
филология ғылымының кандидаты

Елімізде 2025 жылға дейін латын графикасын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны баршамызға аян. Осы нақты іске көшкенге дейін Қазақстан қоғамында латын графикасына көшу жөнінде көптеген тартысты әңгіме болғаны да белгілі. Бірінші сұрақ латын графикасына көшудің қажеттігі мен мақсаты жайлы болды, бірақ қазіргі әлемдік медиакоммуникациялық кеңістіктегі латын алфавитінің қолданыс аясының кеңдігі, оны қолдануды негіздейтін бірден-бір фактор ретінде интернет пен электрондық мәдениеттің дамуы айналып келгенде жеткілікті дәлел мен объективтік фактор болып шықты. Осыдан кейінгі аса маңызды, тіпті негізгі мәселе, қазақ тіліне бейімделген, оның тілдік ерекшеліктерін қамтитын латын қарпімен қазақ әліпбиін жасау болды. Оның да бірнеше нұсқалары жасалды және Елбасы барынша қазақ тіліне ыңғайланған нұсқасын енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты біздің еліміздегі лингвистикалық кеңістікте латын әліпбиінің осыған дейінгі және қазіргі қолданыс практикасы қандай, қаншалықты ол кеңінен тараған деген сұрақтарға жауап іздеу қажеттігі туады. Себебі, бұл сұрақ арқылы біз еліміздің тұрғындарының латын әліпбиін қолдануға қандай тәжірибесі бар, қаншалықты осы таңбаларды қабылдауға және қолдануға дайын деген сұраққа жауап алуға болады. Бұл жерде біз сонау 1929-1940 жылдарда қолданыста болған латын әліпбиінің тарихын айтып отырған жоқпыз. Әңгіме бүгінгі ұрпақтың латын әрпін оқу, жазу тәжірибесі төңірегінде және біздің елімізде күнделікті немесе кәсіби қызметте латын әрпін қолдану, онымен жұмыс істеу тәжірибесі қандай деген сұраққа жауап іздеу төңірегінде болмақ. Біріншіден, аға буынға қатысты айтатын болсақ, 1929-1940 жылдары қазақ әліппесі латын графикасында болғаны белгілі. Сол кезде мектепте оқыған аға ұрпақтың есінде ол қалуы мүмкін. Бұл − бүгінгі қарттарымыз. Одан кейінгі ұрпаққа келер болсақ, 1961 жылдың 27 мамырында КСРО министрлер кеңесінің «шетел тілдерін оқуды жақсарту» жайлы қаулысы шыққан екен. Ол бойынша елде 700-ден аса арнаулы мектептер ашылып, шетел тілінің жаңа оқулықтары шыға бастаған. Егер Кеңес одағы кезінде жоғарыдан (Мәскеуден) шыққан қаулының бәрі одақтас республикалар үшін заң екенін ескерсек, бұл Қаулы Қазақстанда да орындалғаны сөзсіз. Демек, бұның нәтижесінде қазақ мектептерінде де, ең болмаса, латын әріптерін танып білуге мүмкіндік болды деуге болады. Сонау 1961 жылдан бері де талай бала шет тілін, мейлі ол ағылшын тілі болсын, неміс пен француз тілі болсын оқу барысында латын әріптерін үйренді деген сөз. (Бұл жерде тіл туралы айту қиын, себебі шет тілін оқыту сапасы мен оған көзқарастың қандай болғанын сол кездегі ұрпақ біледі).
Ал сонау 70-80 жылдары сол кезде біртіндеп кеңес еліне тарай бастаған атақты «Rolling Stones», «Pink Floyd», «The Rolling Stones», «Modern Talking», «The Beatles», «Boney M», «ABBA» топ­тарының тек кирилл әрпінде ғана емес, латынша жазылған аттарын оқушы дәптерінен, ауылдағы, қаладағы граффитилерден көруге болатын еді. Демек, бұл да латын әрпін пайдаланудың кеңестік тәжірибесі деу­ге болады. Латын әрпі сонымен бірге кеңес еліне, әсіресе 80-жылдардан кейін джинсылармен (Adidas, Montana, FUS) және басқа да киімдермен бірге молынан келе бастады. Латын әрпін білетін, тіпті оны жұмыс барысында қолданатын кәсіби мамандар тобы да кеңес үкіметі кезінде баршылық болды, олар: шет тілі мамандары, дәрігерлер, информатиктер, педагогтар (филологтар, физик, химик, биолог және т.б.). Жалпы сол кездегі жоғары және кейбір орта білімді мамандардың бәрі дерлік аты-жөнін жазатындай деңгейде латын әліпбиін білді.
Латын әрпін жаппай қолдану біздің елімізге ұялы телефон мен компьютерлік техниканың келуінен басталды. Компьютерді жаппай қолдану, e-mail пошталардың қолданысқа енуі, интернетті пайдалану үшін латын әрпін үйрену қажеттігін туғызды, бұл да осы алфавиттің халық арасына тез тарауына әсер етті. Алғашқы ұялы телефондарда кирилл әрпінің болмауынан жаппай латын әрпі қолданылды. Орысша және қазақша жазуға, ақпарат беруге телефонда бар латын әрпі жеткілікті болды, әрине олар қазақ тілінің төлтума дыбыстарын беруге жеткіліксіз болғаны белгілі және оның қолданысы қазақ әріптерінің, дыбыстардың қолданыстан шығуына әкелді. Мысалы, «ң» әрпінің орнына «n», «ө» – «о», ал «ү», «ұ» орындарына «u» қолданылып жүрді. Әрине, бұл әріптермен-ақ жоғарыда айтылғандай ақпараттар беріліп жүрді, әлі беріліп те жүр. Бірақ оның бәрі қазақ төлтума дыбыстарының шет қалуына, ауызша айтылғанмен, жазғанда көптеген бұрмалаушылықтың болуына әкелді. Мысалы, «Бүгін үйде болмаймын, жеңіс күніне арналған шараға барамын» деген сөйлем былай жазылады: «bugin uide bolmaimyn, zhenis kunine arnalgan charaga baramyn». Сөйлемдегі ақпарат түсінікті болғанымен, айтқанда дұрыс дыбыстағанымызбен, айналып келгенде қазақ тілінің дыбыстық құрылысын толықтай бұзушылық болып шығады. Міне, сондықтан қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіруге байланысты шаралар осы мәселені шешуге мүмкіншілік туғызады. Бірақ осы тәжірибелердің бәрі еліміздегі ресми болмаса да кириллмен қатар латын әрпінің кең тарауының басы болды.
Осындай жағдай ҚР азаматының жеке куәлігі және халықаралық пас­порт, жүргізуші куәлігі, банк карточкалары сияқты құжаттарда да молынан кездеседі. Жалпы тәуелсіздік жылдары халықаралық коммуникациялық кеңістікке бейімделген латын графикасындағы жазуы бар осы құжаттардың пайда болуы да тек іс қағазы емес, қоғамдық санаға, әліпби қолданысына үлкен өзгеріс әкелді, бұл құжаттардың жаппай қолданыста болуының өзі қазіргі болып отырған әліпби ауысуына дайындық сияқты сипат алды. Себебі, адамдар өзі аты-жөнін болса да латынша оқыды, үйренді, әріпке көз үйретті.
Енді жалпы латын алфавитінің біздегі қоғамдық өмірдегі басқа да қолданысына келер болсақ, бүкіл жаһандық әлемдегі сияқты Қазақстан Республикасында да көптеген шетелдік компаниялар, фирмалар, инвесторлар қызмет етеді. Ағылшын тілінің іскерлік, экономикалық салада кеңінен тарауы да латын графикасының күнделікті өмірде, әсіресе қалалық лингвистикалық кеңістікте молынан кездесуіне мүмкіндік жасап отыр. Елімізде қалалардың өркендеуіне орай урбонимдер де салалық, тілдік бағыт жағынан кеңею үстінде. Солардың ішінде тек қана кирилл әрпіндегі немесе қазақша ғана емес, латын әрпімен жазылған ағылшынша, түрікше және тағы басқа да тілдердегі атаулармен қатар латын әрпімен жазылған қазақша және орысша онимдер де жеткілікті. Бүгінде қалалық ономастика кең диапазонға ие. Оған көше атаулары, шағын аудандар, әлеуметтік-мәдени құрылымдар (мектеп, аурухана, балабақша, т.б.) атаулары сияқты көп нәрселер енеді. Осының бәрі қалалық әлеуметтік-кеңістіктегі тіл құбылысын қамтиды. Осы тұста үлкен құбылыстың бір ғана саласын – қаладағы іскер кәсіпорындар, жалпы экономикалық іскерлікпен, кәсіпкерлікпен байланысты атаулардың басым екенін айтқан жөн. Бұл бағыт – қазір «эргоурбонимдер» деген атау алған тілдік, лингвомәдени зерттеу саласы болып табылады. Атау екі сөзден құралады, ол «эрго» – грекше «ergon» – жұмыс және түбірі «қала» сөзінен тараған «урбоним» сөздерінен құралған.
Қаладағы эргоурбонимдерді бір­неше салаға бөлуге болады: сауда-сат­тық орындар, қызмет көрсету орта­лықтары, фирмалар, кіші кәсіпорын­дар және т.б. Олардың қалалық тілдік кеңістіктегі орын алу, көріну түрлері: маңдайшалар, жарнамалар, баннерлер т.б. Жалпы түрде қалалардың эргоурбонимдік номинациялар номенклатурасын мынандай деңгейге бөлуге болады:
1. Халықаралық эргоурбонимдер;
2. ТМД көлемінде туындағандар;
3. Шығыстық тілдік мәдени сипат­тағылар;
4. Қазақстандық немесе ав­тохтондық эргоурбонимдер.
Іскерлік саласында, соның ішінде мұнай өндірісінде, оған қызмет етуші түрік компанияларының да үлесі жоғары, сондықтан түрікше номинациялар да негізінен латын графикасында кездеседі. Бүгінде елімізде мың жарымнан аса түрік компаниялары бар екен, олай болса, сонша латын атаулары да бар деген сөз. Мысалға мына атауларды келтіруге болады: «Basaran group», KOÇ Holding, YILDIRIM, Yildizlar SSS, KIBAR Holding, Ulker Group, «Turkuaz Group», «YildirimGroup», «YildizHolding», «AkfelHolding», «AselsanElectronic,«Acibadem», «Calik Holding», «Аgrobest Group», «Yildirim Holding», «Yildizlar SSS Holding», болмаса итальяндық «Saipem International B.V.(ENI Group Company)», Қазақстандық ТОО «Magnum Cash&Carry», «Astana», «Dastan Hotel Aktobe», бұдан басқа мыңдаған америкалық, Батыс еуропа елдері компаниялары бар екенін ескерсек, соның ішінде жүздеген латын әрпімен жазылып жүрген отандық компания, фирмаларды айтуға болады. Айта кету керек, еліміздің көптеген үлкен компаниялары өз атауларын бұрыннан-ақ әлемге ортақ латын алфавитінде жазып келді. Қазірдің өзінде елімізде жаңа қабылданған латын әліпбиінде жазылған атауларды көруге болады.
Осы айтылғанды қорыта келгенде, қазақ тілінің латын графикасына көшуі белгілі бір қолданыс тәжірибелері бар, ешкімге жат немесе тосын емес, қолдану алғы шарттары бар шара деу­ге болады. Жоғарыда айтылғандарды түйіндейтін болсақ, қазақ баласының әрбір ұрпағының латын әрпін үйренуге, қолдануға мүмкіндігі болған. Ал тәуелсіздік алғаннан бері интернет, ұялы телефон, компьютерлік технология келуімен латын алфавитін қолдану күнделікті нәрсеге айналып отыр. Қолданысқа еніп жатқан qazaq latin keyboard сияқты бағдарламалар әріп енгізу үрдісін техникалық жағынан тағы да жеңілдетері сөзсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.