«ТЫРЖАЛАҢАШ» ТІРКЕСТЕР

«91» тобының мәнсіз әуені мен әдепсіз мәтініне тосқауыл жоқ па?

Музыка – адам жанына, сезіміне, эмоциясына тікелей әсер ететін ерекше, құдіретті құбылыс. Фәниден бақиға дейінгі аралықта әсерлі ән мен күмбірлеген күйсіз бірде-бір күніміз өтпейтіні рас. Бұл ретте қазақтың ұлттық музыкасы бағзыдан бергі терең де ойлы пәлсапаға толы екендігімен ерекше. Қорқыт бабамыздан келе жатқан толғанысты саз ХІХ ғасырда сал-серілердің кең тынысты, терең мазмұнды әншілік өнерінің арқасында шырқау биікке көтерілді. Ал ХХ ғасырдың 60-80 жылдарында Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды композиторлар қазақ ән өнерін заманауи үлгіде байыта дамытты. «Дос-Мұқасан» дәуірлеген кезеңдегі саз бен сөз де сол үлгіден ауытқымай, қазақ эстрадасына жаңаша сипат дарытып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Бірақ жаһанданудың құрсауы мен интернеттің қарыштап дамуымен тұспа-тұс келген жаңа мыңжылдық басында қазақ эстрадасы өзінің бағыт-бағдарынан жаңылып, дүбәра музыка, жеңіл-желпі әуен етек алды. Екі нотаның басын қосып, ән жазғыштар өздері шығарған әуенге өздері мәтін жазып, қазақ әнінің сәнін де, әрін де кетіруге бірінен-бірі өтіп үлес қосуда. Тыңдарман жұрттың талғамын бұзған мұндай әндердің қазіргі шоу-бизнес пен той-бизнестің арқасында дәурені жүріп тұр. «Әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» болмауы себепті, аннан-мұннан әуен ұрлаған «жұлдыздар» концерттеріне «Сен қорқақсың» деп ат қойып, «Өзіме өзім беремін жауап, Сенің де менде шаруаң болмасын» деп, ешқандай сынды қабылдамайтындарын білдіріп, үлкен сахнада атой салып жүр. «Жүре берсең, көре бересің» дегендей, соңғы екі-үш жыл бедерінде аты шыққан «Ninety One» деген топ алдыңғы аға-апаларын басып озып, қазақ эстрадасына «жаңаша» түрен сала бастады. «BTS» деген корейлік топқа еліктеп бес жігіттен құрылған бұл топ өздерінің жаңа музыкалық бағытына – Q(qazaq)-pop – қазақтың поп-музыкасы деп ат қойып, айдар таққан екен. «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, бес жігіт әлем-жәлем сырт келбеттерімен ғана ерекшеленіп қоймай, қазақ эстрадасында бұрын-соңды болмаған бейәдеп әндерімен жаһанға жар салуда.
Жуырда, дәлірек айтқанда, тамыз айының басында осы топтың «Ол айниды» (All I need) деген бейнебаяны шықты. Қазір қазақ интернетінің музыкалық сайттарында көш бастап тұрған бейнебаянды бір аптада ғана миллионнан астам адам қарап тыңдаған. Ашық-шашық жатқан интернет-сайттарымызда қанша рет тыңдалса да оған тыйым сала алмайтынымыз белгілі. Мәселе бұл әннің мәтіні тұтастай сөлекет сөздерден құралғандығында. Тыңдармандарының негізгі аудиториясы 10-15 жастағы жасөспірімдер болып келетін бұл топтың әншілері бұған дейін де талай рет сынға ұшыраған болатын. Тіпті, еліміздің бірнеше қаласында концерттері өтпей қалғаны да бар. Алайда, көпшіліктің қарсылығына тап болған бұл топ пен оның продюсерлері жаманатты да жарнама деп қабылдайтын болса керек, сыннан қорытынды шығарудың орнына өздерінің түпкі мақсаттары қазақ жастарының санасын улау екенін соңғы әндерімен тағы да дәлелдеп отыр.
Жалпы, бойзбендтің бес жігіті айтатын әндердің мәтіндері қазақ және ағылшын тілдерінде аралас келетін, мән-мағынасыз, есірік желікке толы қойыртпақ сөздердің тізбегі. Биді де билеп, әнді де айтатын бесаспап жігіттер өздері орындайтын туындыларының сазын да өздері шығарады, ақыны да өздері. Әндерінің атауының өзі естіген құлаққа түрпідей: «Емделгім келмейді», «Су асты», «Мұз», «Баяу», «Аяма», «У», «Сау», «Айниды», т.с.с. Ал, мәтіндегі анайы, тұрпайы сөздерді ұят та болса, келтіре кетейік: «Мен істеймін шынайы, стиль – жұбайым», «Шайқамаймын, тек дірілдетемін», «Абайла, жатса тіліп тілім», «Yo! Кет-кет, дем ал, дігідік, Тігіліп қал! Мә, ортан терек!», «Қашан айналады екенмін деп сенің байыңа», «Менен олай айныма, бәрібір қаша алмайсың болды, Өйткені саған түсіндіретін менің бір қу әнім бар!», «Біресе былай, біресе былай, менің жүрегім – Алдар Көсе!», «Түйсігім дана көсем, тек ми ісіткен бала өсер», «Құлшынысым болды, сен құрттың ғо тағы!», «Қанағаттанбағандықтан Тоймай, ойнай, қоймай, Шаршаттың мені!», «Сезімге бөленейік, Елемей өзгенің бәрін», «Көздеріңді жұм-жұм, Yeah, көздеріңді жұм-жұм», «Түкірсем мұрнына тиед аа», «Біздің елде \бәріне құй\», «Енді менімен бірге бүйтш бүйтш», т.с.с. (орфографиясы сақталды).
Міне, қазақстандық «бойзбендтің» азғындық пен ұятсыздықты ашық насихаттайтын осындай бейәдеп әндері мен бейнебаяндарын интернеттегі кез келген сайттан қарауға, тыңдауға болады. Адам баласы, оның ішінде жастар тыйым салынған нәрсеге төтенше құмар келеді емес пе, бұл бейнебаян осы айда қазақ эстрадасындағы «хитке» айналды. Кім не айтам десе де ерік берілуі, әншілерге ешқандай талаптың қойылмауы себепті осындай жүгенсіздік етек алуда. Тіпті, музыкаға тән эстетика мен көркемдікті былай қойғанда, аталған топтың әндері қарапайым этикалық қағидаларға да қайшы. Уақыт ағымы деген желеумен, ессіз еліктеушіліктің әлегімен қазақ қоғамын жаулап алған есер әуендерге тосқауыл жоқтығы бізді осыған жеткізді.
Сондықтан да қазіргі қазақ эстрадасында негізінен тобырлық мәдениеттің өнімі өтімді болып отыр. Ұлттың салт-дәстүрін, дүниетанымын, дәстүрлі тәрбиесін мансұқ еткен буынның бұл музыкасымақтары адамды, әсіресе, жас ұрпақты аздырудың, азғындатудың таптырмас құралы екені аян. Аталмыш топ бұл жағынан өздері еліктейтін шетелдік музыка өкілдерінен асып түсуде. Классик ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтпақшы, «керең заман мылқау әуен туғызуда». Әдеп атаулыдан жұрдай, адамды тек хайуандық инстинктіге ерген, бейәдеп іс-әрекетке шақыратын музыка тобырлық мәдениет тыңдарманының құлағына майдай жағуы әбден мүмкін.
Қазір баланың да, шағаның да музыкалық өнімге қол жеткізуі оңай. Түрлі гаджеттердің арқасында интернет мүмкіндіктері шексіз қолданыста. Тәулік бойы құлаққаппен жүретін жастар көшеде де, көлікте де, үйде де, спортпен айналысса да музыка тыңдайды. Олар ең алдымен сырт келбетімен, ән орындау стилімен өзгелерден ерекше топтардың әндеріне әуес келетіні белгілі. Сондықтан да «91» тобы заманауи шоу-бизнес өлшемімен жастар аудиториясын жаулап алды. Бұл топты танымайтын адам кемде-кем. Бұған әлеуметтік желілер де өз үлесін қосуда. Өмірлік көзқарасы мен дүниетанымы әлі толық қалыптаса қоймаған жасөспірімдер қазіргі уақытқа сай, сәнді саналатын музыканы таңдайды. Қайта туу уақыты деп аталатын жастағы, физиологиялық табиғи өзгерістердің әсерімен сыртқы өмірге бейімделе бастаған жасөспірім үшін дәл осы кезеңде музыканың орны бөлек. Аталмыш топтың нысанасы да дәл осы жастағы балалар сияқты. Өнегесіз, өлі дүниелерімен ұрпағымыздың ой-санасын өлтіріп, ақылын алжастыратын, рухани мүгедек ететін мұндай «әндерден» ең алдымен бесіктен белі шықпаған балаларымыз жапа шегеді. Жоғарыда келтірілгендей, «Ninety One» тобының барлық дерлік әндері агрессияға толы, депрессивті, бейәдеп сөздер көп. Әсіресе қыз баланы қорлайтын, қадір-қасиетін таптайтын сөз тіркестері молынан ұшырасады. «Ақылсыздың сүйгені жаман, Ақымақтың түйгені жаман» демекші, бұл топтың жігіттері махаббат деген асыл сезімді ең төменгі физиологиялық қажеттілік деп ұғатын сыңайлы. Құлақ естуге ұялатын сөздермен тұздықталған бұл ағымның музыкасын ән, әуен деудің өзі күпірлік. Бұл өнерді қорлаудан басқа түк те емес. Жаңа музыка дегеніміз азғындықты насихаттау болса, осы әнмен өсетін жастардан не күтуге болады? Жоқ, әлде жаһандық мәдени кеңістікке кірігу деген осы ма?
Жалпы, музыканың ең басты екі функциясы бар. Ол ең алдымен жабырқаған жүректі жұбатып, әдемі әсерге бөлейтін, рухани ләззат сыйлайтын ерекше күшке ие. Яғни, музыка – адамның бойындағы адамшылықты оятатын, жүрекке адалдық дәнін егетін құдіретті құбылыс. Ал сонымен бірге, музыка адамды аздырушы, зұлым күш те бола алады. Оған аталған топтың әндері айқын дәлел.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Музыкалық кеңістігімізді қараусыз қалдырып, есіктен кіріп төр менікі дейтін бейкәсіби, парықсыз, талғамсыз продюсерлер мен музыкантсымақтардың еншісіне берудің ақыры осындай топтардың көбеюіне алып келді. Бүгінде кілең қыздар мен ұлдардан құралған мұндай музыкалық топтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені белгілі. Және бір-екі әнімен танымал бола салып, шеберліктің шыңына жеттік деп санайтын олар республикалық деңгейдегі үлкен сахналардың төрін именбей таптап жүр. Бұндай мәнсіз, мағынасыз әуендерге уақыт төреші, бүгін айтылса, ертең ұмытылады десек те, жоғарыдағыдай мәтіннен тұратын әндер мен бейнебаяндар жас ұрпақтың талғамын бұзып қана қоймай, оның өмір салты мен мінез-құлқына орасан зор ықпал етері сөзсіз. Сондықтан, көз алдымызда болып жатқан мұндай оспадарлыққа тек күйініп қана қарап отыра беруге болмайды. Агрессиялық, порнографиялық сипаттағы әндері мен бейнебаян­дары үшін «Ninety One» тобының мүшелері мен продюсерлеріне құзіретті мекемелер тарапынан тоқтау салынуы қажет. Ең болмағанда, олардың әндері арнайы сайттардан, 21 жастан асқандар үшін ғана қолжетімді болғаны дұрыс. Әйтпесе, заманауи музыка деген осы екен деп, музыкалық эфирімізді азғындық пен әдепсіздікті насихаттайтын топтардың құралына айналдырушылардың қатары көбейе бермек.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Ордалық жігіт

    Дина ханым, қай үңгірден шықтыңыз?
    Жан жаққа карап қойыңыз, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, мына жазғаныңызға ия жыларымды, ия күлерімді білмей отырмын. Уақыт бәріне төреші, сіз сияқтылар қанша табаласаңыздар да прогрессті ешкім тоқтата алмайды. Крыловтың баснясындағы Моська болып жүре беріңіздер.

  2. Sakenkyzuz

    Неге 91 гана. Алде баска группа булар секилди емеспе?! Неге осы топка тисе бересиздер. Я мен Eaglez бын ештене тусинбеймин емес. Баринде тусинем озимди олардын орныныа да койып корем. Тек сиздер олардын жетистиктерине куле карай алмайсыздар! Олар гана осындай жалгыз группа емес баскада группа бар гой мысалы, Newton, MadMan, т.б. Олар баска ел азаматтары мен азаматшаларын казакша сойлеткен топ! Тусинбесениздер ХЭЙТЕР болмай ешкашан тындамай койыныздар!

  3. Аноним

    Хэйтер иглз куа бермеш ертен аке болганда Балан аке Сен сендей жасында кандай болдын десе хэйтер иглз болдым дейсин ба ол оскенде гей болмасына кепилдик бересинба дураксын

  4. Аноним

    Ордалық жігіт, керісінше, сіздер айтатын əннің сөздері мен насихаттап жүрген өмір салттарыңыз сол үңгірден қазір шыққандарға келіңкірейді. Ал, Крыловтың мысалындағы піл — сіздердің деңгей үшін сəтсіз теңеу ғана. Өйткені, нағыз өнер мен попсаның арасы жер мен көктей. Және мұндай музыка да уақытша. Бұл жағынан уақыт төреші дегеніңіз рас. Ал, адамдық пен арлылық жоқ жерде шынайы прогресс те жоқ. Сынды қабылдай алмайтындарыңыз көрініп тұр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.