ӨЗБЕК ТІЛІНДЕ сахналанды

Адамның адамдық белгісі мен жасампаздық қарымының коды – тіл екені мәлім. Түркі халықтарының тілі бір қайнаркөзден басталатынын ғалымдарымыз айтып та келеді. Қазақ тілінде жазылған, ұлты ұйғыр ананың тағдыры бейнеленген шығарманы күні кеше өзбек ағайындардың сахналауында көпшіліктің қызыға тамашалауы да тілдің адамзат өміріндегі маңызын аша түсті. Біз айтып отырған «Ана жүрегі» спектаклі өнерде шекара жоқ екенін тағы бір дәлелдеп отыр.

Жуырда Түркістан облыстық өзбек драма театры «Дарын» сыйлығының иегері, актер, сазгер, әнші, Қазақстан Республикасы авторлар қоғамының бас директоры Байғали Есенәлиевтің «Ана жүрегі» пьесасын сахналады. Бас режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Пьесаның басты кейіпкері Бихан ананың ұлты ұйғыр, Қытайдың Қарамайлы деген жерінде өмір сүрген. Тағдырдың тауқыметімен туған шаранасынан айырылып қалған ана 54 жыл бойы өзінің ұлымен кездесуді армандайды. Алла тағалаға жалбарынып, сәбиін бір көру арманы екенін айтады. Ол арманы орындалады да, Бихан ана ұлымен көріскеннен кейін 2-3 ай ғана өмір сүрген. «Ана жүрегін» тамашалауға келген көрермен атаулының көзіне жас алып, анамен бірге толқып, бірге қуанып отыруы шығарманың сәтті сахналанғанын білдірсе керек. Көрермен демекші, басты кейіпкердің бірі өзі туралы жазылған спектакльді алыстан ат арытып келіп тамашалады.
– Спектакльдің жазылуына Аят Ақтеміров екеуміздің кездесуіміз себепкер болды. Аягөзге жұмыс барысымен барғанымда Аяттың көлігімен 12 сағаттық жол жүрдік. Алыс жолда айтып берген әңгімесі шығармаға өзек болды. Әрине әдеби көркемдеу бар, бірақ оған тым бой алдырмай өмірдегі бояуымен алып шығуға тырыстым, – дейді Байғали Есенәлиев.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік толғауы» жаңа пьесалар байқауында екінші орын алған Байғали Есенәлиевтің «Ана жүрегі» шығармасын сахналауға өзбек драма театрының басшылығы хабарласып, ниет білдірген. Бүгінде актерлардың шеберлігі көрермен тарапынан жоғары бағаланып отыр. Иә, елімізде түрлі этностардың өнер ошақтары жұмыс істейді. Солардың бірі – өзбек этносы жиі шоғырланған Сайрамдағы облыстық өзбек драма театры. Талай пьесаны өзбек тілінде сахналап, көрерменінің алғысына бөленген театрдың ашылғанына биыл 15 жыл толды. И.Хашимжанов басқаратын шығармашылық ұжым Қазақстандағы Өзбекстан жылы шеңберінде қазақ драматургтарының еңбектерін өзбек тілінде сәтті сахналауда.

Е.ӘБЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.