МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕГЕМЕН ЕЛ ТІРЕГІ

Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызмет бабында тұрақты қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы керек. Жуырда көпшіліктің осындай қалауы мен талабы үдесінен шығу мақсаттарының бірі болған «Мемлекеттік тіл — мемлекеттік қызметте» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық тіл байқауы өтті. 

Шымкенттегі «Отырар» кітап­ханасында өткен шара тілдер мере­кесіне орайластырылды. Қазақстан Республикасы Прези­денті жанындағы мемлекеттік бас­қару академиясының Шым­кенттегі филиалы мен қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орта­лығы ұйымдас­тыру­ға ұйытқы болған байқауға қатысу­шылар өз аудандарының намысын қор­ғады. Мәселен, Кемербастау ауыл­дық округінің әкімшілігінде жұмыс істейтін Асланбек Мамыш мемлекеттік қызметкер ретінде қазақ тілінде сауатты болу негізгі міндетіміз деп есептейді. «Мұндай байқаулардың бізге берері мол. Мемлекеттік қызметте істегеніме бір ғана жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында біршама тәжірибе жинадым» дейді А.Мамыш.
Тіл мерекесі қарсаңында ұйым­дастырылған сайыстың мақсаты — мемлекеттік тілдің мәр­тебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, қызметкерлердің қазақ тілін меңгерудегі сауаттылығын арттыру. Оған 4 команда, яғни Түркістан облысы бойынша 12 мемлекеттік қызметші қатысты. Олар қазақ­тың ұлттық құндылықтарын білу деңгейі, тіл байлығы, жазу грам­матикасы, тапқырлығы және түрлі ұлттық нақыштағы сахна­лық қойылымдар бойынша 4 кезең­нен тұратын сайысқа түсті. Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, байқаудың биылғы ерекшелігі — арнайы даярлық курсынан өткен жас мамандар, жас мемлекеттік қызметшілердің қатысуы. Олар екі апталық курсқа келген. Байқау барысында олардың терминдердің жазылуын білу, ресми іс-қағаздар стилінде дұрыс жазу деңгейін жетілдіру де көзделген. Облыстық байқауда төрелік еткен білікті тіл мамандарының шешімі бойынша жеңімпаз деп танылғандарға арнайы сый-сияпаттар табыс етілді.


Ересектер ғана емес, 5 жасқа дейінгі, әлі мектеп табалдырығын ат­тап үлгермеген балалар да байқауға қа­тысып, үйренгені, санаға сіңірген білі­мі бойынша бақ сынады. Біз облыстық әзіл-сықақ театрында өткен «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» атты балалар арасындағы байқау туралы айтып отырмыз.

Байқау шарты бойынша балалар бірінші айналымда мәнді де мағыналы мақал-мәтелдерді жатқа айтып, екінші айналымда бойындағы өнерлерін көрсетті. Әрине, мақал-мәтелді жатқа айтқызудың астарында кішкентайынан сөз асылын біліп, мағынасына үңіліп өссін деген мән-мақсат жатыр. Байқау барысында тақылдап тұрған балаларды көріп, көпшілік мемлекеттік тіл аясы кеңейіп жатқанына көз жеткізді. Түркістан облысында өткен бұл байқауда еліміздегі әр отбасын, қоғамымыздың әр мүшесін қазақ тілінің мерейлі мәртебесін қамтамасыз етуге, жан-жақты оқып үйренуге және қолдануға жұмылдыру негізгі міндеттер қатарында болды. Қазақстандық патриотизм ұғымын терең түсіне отырып, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыру, озық тәжірибелерді насихаттау да ұмыт қалмады. «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды» атты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айту және «Өнерліге өріс кең» атты ән, би, өлең оқудан еркін тақырыпта тіл, туған жер, Отан, Астана, өз туындысы бойынша екі аталымнан сайысқа түскен байқауда қатысушылардың білімділігі мен тапқырлығы және белсенділігі, киім үлгісіне, шығарманың күрделілігі мен көркемділігіне басты назар аударылды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Отырар ауданының қатысушысы Сезім Жаңабайқызы лайық деп танылды. І орын Созақ ауданының жас мақалшысы Інжу Әсетқызына берілсе, ІІ орын Шардара ауданынан келген жас дарын Назым Рахманәлінің, ІІІ орын Төле би ауданының жас тіл шебері Әли Қайратұлының еншісіне бұйырды. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы қазағы қалың оңтүстік өңірде тұратын барлық өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді түсінеді, біледі. Облыстық деңгейдегі ресми жиындардың барлығы дерлік қазақ тілінде өтетіні сондықтан да болар. Өңір тұрғындары тіл білгеннің пайдасы мол екеніне, «қазақ тілі елдерді біріктіретініне» көз жеткізуде. Яғни Қазақстанда ешкімді де қазақ тілін білуге тиіссің деп мәжбүрлемейтіндігін, әр ұлт өзінің тілін, мәдениет, салт-дәстүрін дамытуға барлық мүмкіндігі бар екендігін айтқан Елбасының «мемлекеттік тіл қазақ тілін адамдардың басым бөлігі түсінген жағдайда ол бірігудің, жақындасудың белгісі болар еді» деген сөзін де жадынан шығарған емес. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс екенін атап өтті. «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген бүгінде тың бастамалар жүзеге асырылып жатқан бағдарламалық мақалада. Иә, біз жоғарыда мысал ретінде айтып өткен байқаулар – өңірде тілді дамыту, мәдениетті өркендету мақсатында атқарылып жатқан істердің бірі ғана. Бүгінгі таңда облыста 736 мәдениет және өнер мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Оның iшiнде: 428 кiтапхана, 258 мәдениет үйі мен клуб мекемелері, 25 музей, 1 көркемсурет галереясы, 8 кәсіби театр, 7 саябақ, 3 орталық, облыстық филармония, «Оңтүстікфильм», «Оңтүстік-Цирк», «Түркістан сарайы» мекемелері, көрме орталығы бар. Яғни осыншама мекеменің жұмысын тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен, негізгі іс-шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы аясында өткізіліп жатқанын айта кетелік. Мысалы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді насихаттау, тұрғындар арасынан сөз өнеріне жақын, тілге шешен азаматтарды іздеп табу мақсатында «Кәнеки, тілім, сөйлеші!» облыстық шешендік өнер байқауы өткізіліп, облыстың аудан, қалаларынан 15 үміткер қатысты. Бағдарламалық мақала аясында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты 35 облыстық мәдениет және өнер ұйымдары арнайы жоба бекітіп, тиісті жұмыс атқаруда. Мысалы, «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Түркістан облысының киелі жерлер географиясы», «Оңтүстік-тарихи-рухани орындар мекені» жобалары, «Туған ел – туған жер» базалық бағыты бойынша «Біздің көршілер», «Ұлттық киімдер» жобалары, «Төле би» атты 10 сериалы деректі фильмінің, «Ордабасы – бірліктің туы», «Түркістан», «Оқсыз» атты анимациялық фильмдерді шығару және тағы басқа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.


Сондай-ақ Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен аталған бағдарламаның орындалуына бағытталған іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, кезең-кезеңімен орындалуда. Бағдарламаның үшінші кезеңін іске асыру мақсатында облыстың 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Бағдарламаның бірінші бағыты облыста «мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі» нысаналы индикаторы бойынша биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 92,4%-ға жеткен болатын. Биыл тілдерді дамыту саласы бойынша 16 іс-шара және «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден 2000 адамды өткізу жоспарланған. Ал бағдарламаның екінші бағыты – «мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту» бойын­ша мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі артып келеді. Елбасының идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында алғашқы тоқсанда облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізіліп, 7 мектептің, 2 елді мекеннің, 50 көшенің атауы талқыланып, жалпы 59 ұсыныс қаралған. Ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі де артып келеді. Облыста 20 этномәдени бірлестік жанынан құрылған 11 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Аталған мектептерде 1377 этнос өкілі өз ана тілдерін оқып-үйренуде. Айта кетелік, облыстағы 1029 жалпы білім беретін мектептің 750-і қазақ тілінде, 9-ы орыс тілінде, 15-і өзбек тілінде, 4-уі тәжік тілінде, 251-і аралас тілде білім береді.


Өңірде өткізілген іс-шараларға қатысушылардың белсенділігі мен жауапкершілікті жоғары сезінуі де көп жайтты аңғартады. Яғни өңірдің әрбір мәдениетті азаматы өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін білу – парыз, ал мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деп түсінеді.

Е.ӘБЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.