ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДА

Жетісу өңірінде Елбасының бес әлеуметтік бастамасы кең қолдау тауып отыр

Талғар өңіріне арнайы ат басын бұрған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының оқытушысы Руслан Иржанов, ҚР Ұлттық банкі Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиевтың қатысуымен аудандық кітапханада жиын өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға аудан әкімдігінің қызметкерлері, депутаттар, ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастар қатысты. 

Келелі басқосудың мазмұнды да мәнді өтуіне «Алакөл-Қамқор» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.
– Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын және «Мәңгілік Ел» идеясын ілгерілетуге, мемлекеттің зайырлы құрылымын күшейтуге, қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған ақпараттық түсіндіру іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында табиғаты көркем, ырыс-ынтымағы артқан Талғар ауданына арнайы келіп отырмыз, – деп сөз бастаған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының оқытушысы Руслан Самарханұлы ел мерейінің арта беруіне тілектестігін білдірді. – Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанымыз көркейіп, кемелденіп келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы 10 маңызды міндет, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық дамудың жаңа жобалары халықтың рухани кемелденуіне және жарқын болашаққа деген қадамын нығайта түседі. Саяси-әлеуметтік маңызға ие бұл тарихи құжаттардың мән-маңызына тереңдей түсу үшін мұқият оқып қана қоймай, ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру абзал. Бұл орайда, ата салтымызға сай алдыңғы буын ағалардың ақылына жүгініп, жеткіншек жастарды адамгершілікке, кісілік пен кішілікке, ибалы да инабатты болуға баулуға баса назар аударуымыз керек.
Одан соң сөз кезегін алған ҚР Ұлттық банкі Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов:
– Елбасының Бес әлеуметтік бас­тамасында атап көрсетілген «7-20-25» бағдарламасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуді басты мақсат етеді, – деп аталған бағдарламаның жүзеге асу механизмін жан-жақтылы түсіндірді. Оның тиімділігімен қатар, банктермен жасалған келісімшарт негіздері жайлы хабардар етті. Аудан жұртшылығын бас­панамен қамтамасыз ету мақсатында Талғар қаласында бой көтеріп жатқан үйлердің құрылысы туралы баяндап, жергілікті халықты игілікті істен шет қалмауға шақырды.
Маңызды мәселелер қаралған жиында «Көмек» қоғамдық қорының жетекшісі Салтанат Сайранова, аудандық «Талғар» газетінің тілшісі Райхан Болатханқызы сөз алып, баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейтін «7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттарына қатысты ойларын ортаға салды.
Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылу қажеттігін тілге тиек еткен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев өңірде 60-қа таяу көшпелі отырыс ұйымдастырылғанын айтты. Оның барлығы да Елбасының бес бастамасы мен бағдарламалық мақаласын жан-жақты түсіндіруді мақсат етеді.

Ұ.Бөрібайқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.