СУЫМАЙТЫН КӨҢІЛ

Геннадий Головкин.
Бұл есім бүкіл әлемге танымал. Қазақстандық атақты боксшы. Афина олимпиадасының күміс жүлдегері. Көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Осыған дейін өткізген 23 кездесуінде қарсыласын тұрғызбастай, сұлатып салған. Мұндай жоғары жетістікке жеткен спортшылар жер бетінде өте сирек.

Өмірі жеңілмейтіндей көрінген Генамыз кеше ғана мексикалық ­Альвареспен «шайқаста» есе жіберіп алғандай болды. Былай қарағанда қарсылас жақтыкін таза жеңіс деуге де келмейтіндей. Алайда төрешілер ұйғарымы солай болды. Амал нешік…
Геннадий «жеңілісі» қазақстан­дықтарға оңай тимеді. Үлкен де, кіші де өз көздеріне өздері сенбеді. «Бұлай болуы мүмкін емес» дейді олар. Әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқан жерлестерін мұндай өкінішке қимайтындай.
Қазақ елі Генаны не үшін жақсы көреді? Оны не үшін қолдайды?
Әрине, біріншіден, оның өзі де – сыйлап-құрметтеуге лайықты азамат. Түр-келбетінде адамды тартып тұрар жылылық бар. Қулық-сұмдықтан ада екендігі көзге ұрып тұр. Кішіпейіл, ибалы, қарапайым… Ең бастысы не дейтін болсақ, ол – сөз жоқ отаншылдығы. Жарысқа Қазақ елінің атынан шығып жүр. Генаның арқасында әлем Қазақстан дейтін ел барын да біліп жатыр. Осы үшін де қалай риза болмасқа.
Отаншыл деп жатырмыз. Ол ең алдымен қазаққа жақын. Астанада Елбасының өзі қатысқан алқалы ­жиында жұрт алдына шығып ­былай дегені бар еді: «Әкем орыс, шешем кәріс, мен өзім қазақпын! Жеңістерімді туған еліме, туған халқыма, Президентіме арнаймын!»
Өзге ұлт өкілінің «Мен қазақпын!» деп кеуде керуі – жүрекке қуаныш ұяла­татындай жағдай. Мұндай тоқтамға екінің бірі келе алмайды. Демек, бұл – жүрек сөзі, шын сөз. Дәл осылай деп жар салатын отандастарымыз көп болса, қанекей…
Тағы не үшін дейтінге келетін болсақ. Ол – қазақ шапанын үстінен тастамайтындығы. Шаршы алаңға беттерде, қалың қауымның алдына шығарда өрнекті көк шапанын киіп шығатындығы. Қазақ болғаннан кейін бұған қалай елжіремейсің! «Жарайсың, Гена!» дейміз ақжарма пейілмен.
Спорт – жарыс. Жарыс болған соң жеңіліс те болмай тұрмайды. Бірақ жеңілді екен деп осыған дейін талай белестерді бағындырған жеңімпаздан елі сырт айналмасы анық. Гена да солай. Ол халықтың жүрегінде жеңімпаз болып қала береді. Оған деген ел сүйіспеншілігі ешқашан да суымайды. Өйткені ол туған елінің сүйікті перзенті екендігін ісімен де, сөзімен де дәлелдеген отандасымыз, мақтанышымыз.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.