Арқада жер жетпейді Бурабайға…

114Ақмола облысына қарасты Көк­шетау қаласынан 90 шақырым жерде туристік маңызы бар әсем Бурабай орналасқан. Бурабай ауданының орталығы – Щучье қаласы. Қала 1939 жылы құрылған. Онда қырық бес мыңға жуық халық тұрады.

Алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабаев жырына қосқан бұл өлке өткен ғасырларда өмір сүрген, Қазақ мем­лекетінің құрылуы мен ұлт-азат­тық күреске аянбай еңбек еткен тұл­ғалардың есімдерімен тығыз бай­ланысты. XVIII ғасырда бұл аймақты ұлы қолбасшы, дипломат, қазақ руларының басын біріктіріп, тұтас елге айналдырған Абылай хан бас­қарған Орта жүз қазақтары ме­кен­деді. Осында хан ордасы орналасты. Тау қырқалары мен орман шо­­ғырлары қоршаған аумақ жиі бо­­латын қақтығыстардан қорғануға ыңғайлы еді.
Қазіргі уақытта Абылай хан алаңында ұлы қолбасшының құр­метіне биіктігі 37 метр болатын монумент орналасқан. Өз дәуірінде хан сол жерде дамылдап, кеңес құрған. Осы жерде оның ұрпақтары – Қасым сұлтан, Кенесары және Наурызбай туып-өскен. «Күңіреніп ой­лағанда Алаш жайын, жырлаймын алты Алаштың Абылайын» деп ақын Мағжанның жырға қосуы тегін­нен-тегін бе еді. Сондай-ақ саяси қайраткер Әбілқайыр Досов, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет Ысмайылов, дәрігер-жазушы Зейін Шашкин, тағы басқалар осы өлкеде туылып, еңбек етті.
Таңғажайып өлкенің емдік қа­сиеті бар табиғатына қызыққан ке­лімсектер қазақ даласына Ресейдің әр губерниясынан ағылып келіп жатты. 1878 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне саяхат жасаған орыс географы және саяхатшысы Иван Яковлевич Словцов: «Көкшетау тауларындай керемет жер қырғыз даласының басқа жерінен табылмас. 20 шаршы шақырым ғана болатын алақандай жерде Алтай мен Кавказды еске түсіретін тау беткейлері, қылқан жапырақты ормандар мен мөлдір көл сулары бір-бірімен тамаша ұштасқан», – деп жазды.
Қазіргі уақытта курортты бел­дем аумағында 83-ке жуық санаторий, 25-тей демалыс үйлері, туристік базалар, 16 балаларды сауықтыру орталықтары жұмыс жасап, онда жылына 40 мыңға жуық адам демалады.
Оқжетпес – етегінен шыңына де­йін 300 метр биіктікті құрайтын пирамида тәріздес жартас. Оқжетпес тауы туралы көптеген аңыздар бізге жетті. Атақты саяхатшы Шоқан Уәлиханов осы өлкеге байланысты аңыздардың 15 түрін жинаған екен. Этнограф-ғалым көптеген аңыздардың жазбаша нұсқасын қалдырып кетті. Соның бірін еске түсірсек, сонау шапқыншылық заманда тұтқынға түскен қалмақ қызы жартастан (ескі атауы Әулиекөл, қазір Қайранкөл) көлге секіріп кете­ді. Сұлудың құлап түскен жерінен таңғажайып Жұмбақтас жартасы пайда болған екен.
Адамша көлбеп жатқан үлкен тау «Жеке батыр» деп аталады. Денесі биік жота, дулыға киген таудай басы ап-анық алыстан көрінеді. Сақалы төсін жапқан, қырықтар шамасындағы ер жігіт ұйықтап жатқан секілді екен.
Бурабай көлінің солтүстік, оңтүстік және батыс жағындағы беткейлерде өскен қарағайлы-қайыңды ормандар қайталанбас ландшафт құрайды. Көлдің ең басты қорегі – Сарыбұлақ өзені. Көлге одан басқа үш бұлақтан су келіп құяды. Бұл бұлақтардың ірісі – Иманбұлағы. Ол бастауын Көкшетау қыратының шығыс беткейінен алады. Аудан аумағымен Аршалы, Жолболды, Қайрақты, Кеңащы өзендері, Арғалы, Жаңасай, Сарымсақты, сонымен қатар аты жоқ бірнеше бұлақ­тар ағып өтеді. Бұл өзендер мен бұлақ­тар уақытша ағын көздері болғандық­тан, көктемгі қар ерігенде және нө­сер жауын суларымен де толысады. Аудандық су көздері халықты сумен қамтуға, техникалық қажеттіліктерге және балық шаруашылығына пайдаланылады. Судың сапасы бұл жердегі көлдерде көптеген тіршілік көздерінің өмір сүруіне септігін тигізеді. Олар: оңғақ, шабақ, мөңке, алабұға, шортан, табан балық, көксерке, сазан, тұқы, таутан.
Гидроминералдары мен балшық ресурстарынан Майбалық көлінде емдік сулар және Балпашсор көлінде шипалы балшық жақсы таралған.
Биологиялық құрылымының ерек­шелігі мен ежелгі жартасты жы­ныс­тарының жер бетіне шығыңқы орналасуы әртүрлі кен байлықтарының болуына септігін тигізеді. Олардың ішінде асбест, алтын, мыс, никель, темір және әртүрлі құрылыс материалдары кең таралған. Бурабайдың та­биғаты қымбат және жартылай қымбат әртүрлі тастарға бай. Бұл жерде яшма, турмалин, аметист, хризопраз, кальцедон, тау хрусталін кездестіруге болады. Аудан аумағының барлық топырағының түрлері 6 агроөндірістік топтарға бөлінеді.
Бурабай ауданының флорасы әртүрлі. Далалы-шалғынды, ор­манды, батпақты шөлді өлкеде өсімдіктердің 170-тен аса түрі өседі. Негізгі орман түзуші ағаштар қайың мен қарағайлар десек те, алайда көктерек, ақ тал, үйеңкі, шегір­шін және бұталы ағаштар да кезде­сетіні қуанарлық жайт.
Щучье-Бурабай курорты айма­ғының дамуы Елбасының жеке қадағалауында. Өйткені 2008 жыл­дың 15 қаңтарында «Бурабай» ар­найы экономикалық аймағын құру туралы Президент жарлығына қол қойған болатын. Щучье көлінің жа­ғалауында әлемдік деңгейдегі бірегей туристік ойын-сауық кешені құрылатын болды. Жобаны іске асыру 7 кезеңге бөлініп, 2021 жылға дейін іске асырылады. Осы кезең ішін­де қазіргі заман талабына сай қонақ­үйлер, тұрғын үй кешендері мен ойын-сауық, сауда орталықтары, сон­дай-ақ мейрамханалар, спорт база­лары мен гольф клубтары салынады.
Бағдарлама жобасы бойынша Щучье қаласы инфрақұрылымының дамуы көзделген. Оларда жол, су құбырларын, канализация, электр желілері мен көлік қатынастарын, жүрдек электр пойызы жолдарын салу жобалары қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ аясында қосымша жұмыс орындары ашылып, табиғи және мәдени мұраларды ұтымды пайдаланып, оларды сақтау шаралары ұйымдастырылған.
Щучье қаласы ғылыми орталық болып саналады. Себебі өткен ға­сырдың 60-шы жылдары осында Қазақ орман шаруашылығы және агромелиорациясы ғылыми-зерттеу институты орналастырылып, оның ұжымы қазіргі кезде Қазақстанның орман алқаптарын сақтау және қалпына келтіруде үлкен ғылыми жұмыстар жүргізіп отыр. Сондай-ақ «Казгипролесхох» институтының бөлімшесі мен республикалық инженерлік тұқым селекциясы орталығы ашылған болатын.
Бурабай ежелден өзінің бірегей де қайталанбас табиғатымен, емдік қасиеті бар климатымен, сонымен қатар ежелгі бай тарихымен әйгілі.
Белгілі әнші, ақын, сазгерлер Біржан Қожағұлұлы, Ақан сері, атақ­ты балуан, әнші, композитор, ақын Нұрмағанбет Баймырзаұлы (Балуан Шолақ), халық композиторы, белгілі әнші Ыбырай Сандыбайұлы (Үкілі Ыбырай), т.б. Көкше өңірінде туып-өскен халық әншілері, ақындары бүкіл шығармашылығын Бурабайдың бауырында одан әрі өрістеткен.
Ұлы ғалым, саяхатшы Ш.Уә­лиханов бірқатар зерттеу жұ­мыс­тарын, сондай-ақ С.Мұқанов «Жұмбақ жалау» романын, арқалы ақын М.Жұмабаев «Батыр Баян» дас­танын, айтулы ақын І.Жансүгіров «Құлагер» поэмасын дәл осы Бу­рабайдың тамаша табиғаты аясында жазған көрінеді.
Бурабай өңіріндегі шөгіп жат­қан буралар бейнесі, әр тасы, әр биігі – Тәңірдің сыйлаған тамаша сыйлықтары. Жер жаннатының көр­кемдігі туралы сипаттамалар бес ғасыр бұрынғы ақын-жыраулардың өлеңдерінде молынан ұшырасады. Мәселен, Шортанды көлі жайлы «қарағайдың басынан шортан шалған» деген сөз қалған. Демек, су айдынының шортандары шоршып, өте жоғары секіретін болғанға ұқсайды. Өкінішке орай, бүгінгі күні Бурабайды айнала қоршаған тұйық көлдердің, атап айтқанда, Үлкен және Кіші Шабақты, Шортанды, Қотыркөл, Жөкей, т.б. көлдерінің суы лайла­нып, тартылуда.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.