Көгілдір отынға зәрулік болмайды

«Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді». Рас, бұл нақылға қарап, ата-бабамыз патшасы көреген елдің тозбайтындығын ертеде айтып кеткендігін көреміз. Бұл нақыл бүгінгі күнде де өзекті болып тұр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта еліміз түрлі оқиғаларды бастан кешірді. Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел келешекті көздеп жүргізген саясатының арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі көпшіліктің қолдауына ие болып, нақты тапсырмалар бойынша Үкімет жұмыс жүргізуді бастап кетті. Соның бірі – елді мекендерді газдандыру.
Көгілдір отын – әр үйдегі тұрмыстық жағдайды жеңілдетіп қана қоймай, ауданның, облыстың экономикасына оң әсерін тигізеді. Яғни шетелдік немесе отандық инвесторлар алдымен өңірдегі жағдайға қарайды. Газ, су, электр жүйелерін басты назарға алады. Айталық, ертеректе газбен қамтылған көршілес Іле, Талғар, Қарасай аудандарының кәсіпкерліктен түсетін салығы біздің ауданмен салыстырғанда бірнеше есеге артық. Яғни шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс саласы жақсы дамыған. Ауданымыз да бірнеше жылда солардың көшіне ілесері сөзсіз. Себебі ауыл шаруашылығында көгілдір отынның атқарар рөлі орасан зор. Сонымен қатар жылыжай өсіруде табиғи газ – таптырмас құрал.
Елбасының саясаты қашан да дамуға бас­тайды. Мұны күнделікті өмірде көріп, біліп те жүрміз. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» студенттерге, баспанасыздарға, жалақысы төмен азаматтарға және кәсіппен айналысушыларға жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ айтылған бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана жүзеге асатындығын айтты. Енді бәріміз халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында атқарылып жатқан іске бірге атсалысайық!

А. Мергенбаева,
Алматы облыстық мемлекеттік архиві Еңбекшіқазақ аудандық
филиалының мұрағатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.