Ауыл азаматымен ажарлы

Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық. Ақшидегі түйе шаруашылығына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысу, дәлірек айтқанда реті келсе өмірде бір мәрте болса да түйеге мініп көру көптен бері ойда жүр еді. Сол қызығушылық ақыр аяғында мені түйешілер ауылына жетеледі. Бір топ журналист бес мың түйесі бар кәсіпкер азамат Сыдық Дәулетовтың «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығын бетке алдық.
Қаладан 120 шақырымды артқа тастап, Астана-Қарағанды тас жолының сол қапталында орналасқан шаруа қожалығына келген кезде-ақ жайылымда жүрген маң-маң басқан жануар көзге ыстық көрініп, малшы ауылы бізді бірден өзіне баурап алды.
Көліктен түскен бетте Сыдық ­­­Дәу­летовтың өзі қарсы алып, әрқайсымыз­бен жеке-жеке амандық сұрасып, қарапайым­дылық үлгісін көрсеткені кең даланың дарқандығын сездіргендей әсерге бөледі.

Шұбат пен ыстық бауырсақтан дәм татып, Сыдық ағаға жан-жақтан сауалымызды қойып жатырмыз. Сырт көзге томаға-тұйық көрінгенімен, сөзге шешен, тыңдайтын құлақ болса айтары мол азамат екені ә дегеннен-ақ байқалды.
Түйе шаруашылығының тыныс-тіршілігімен, малшы ауылының жай-жапсарымен танысып, көңілге көп дүние түйіп қайттық. Шөп жеген түйенің паңдығы, мөлдіреген ботаның сүйкімділігі өз алдына бөлек әңгіме. «Маң-маң басқан, маң басқан, Шудаларын шаң басқан, Төрт аяғын тең басқан – Түйе деген жануардың» жаратылысы да ерекше-ау.
Өмірдің бұралаң жолын көп көрген, тағдырдың сынағына шыдап, қиындығы мен тауқыметіне төзіп, бүгінде ата кәсіптің рақатын көріп отырған Сыдық Дәулетов «адам баласы бір күн өмірі болса да елге қызмет етуі тиіс» қағидасын берік ұстанады.
«Үкіметке қол соза бермей, қазақ жастары жеке кәсіппен айналысуы керек. Адам баласы өзіне сеніп, еркін өмір сүргені дұрыс. Бізде батылдық жетпей жатады. Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар. Қорықсаң, бизнес­ке барма. Кәсіп оңай емес. Ұры-қары болады, далада ыстық-суықта жүресің, соған төзу керек. Сонда ғана сен шыңдаласың. Мына бейбіт заманда тірлік жасап, адал еңбектенсең ғана тірлігіңнің нәтижесін көресің» деп, бүгінгі қазақ жастарының базарда арба сүйреп, мекеменің есігін күзететініне намыстанатынын жеткізді. «Базардағы жастар қалада жұмыс істейміз деп мақтанады. Істеп жатқан жұмысын көрсең, қалада арба айдайды. Бір мекеменің алдында күзетте тұрады. Ол қазаққа ар емес пе, намыс қайда сонда? Қазақтың ұғымында арбаны атқа жегеді. Арба тартқан қазақты көрдің бе? Күніне 1-2 мың теңге тапқанына малданып, оған кешкісін жора-жолдастарымен бас қосып арақ-шарап ішеді. Оны көрген жастар не тәрбие алады?» деп, арнайы базарға барып, ерінбей сөйлесетінін жеткізді.
«Елу жылда – ел жаңа» дейді. Менің арманым, еліміз өсіп-өніп, ауыл-қала демей, қазақтың балаларының барлығы бақытты, білімді болса екен деймін. Сондықтан базарға барып, олардың әрқайсысымен ерінбей-жалықпай емін-еркін отырып сөйлесе беремін. «Қанша ақша табатынын, не тамақ ішетінін, т.б. сұрап, өмірлерінен сыр шерткенде олар­дың біреуі таяқ жеп жүрген болады, әр­қилы тағдыр кездеседі. Мен олардың бірқа­тарына жұмыс ұсындым. Айына 100-200 мың теңге төлеп, сүтті тегін беремін. Қара­мағымда 200 жұмысшы бар, күніне 400 литр сүт соларға кетеді. Есесіне жұмыс жүреді. Қазір бәрі үйлі-баранды, балалары атқа мініп азамат болды. Сондықтан мен арба сүйреген отбасыны бір жағынан мал бағып, екінші жағынан адам қылсам, ол менің елімді сүйгенім, жастардың бола­шағына алаңдағаным» дей келе, қазір 20 қораның басында әрқайсысында үш үйден деп есептегенде 60 үй отырғанын, мал­шы ауылда бұрынғыдай емес, әр отба­сын­да 4-5 бөлмелі үй барын тілге тиек етті.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, кәсіпкер ауылының өсіп-өркендеуі жолында көп еңбек сіңірген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». 1642-1716 жылдары өмір сүрген Белағаш Ақұлының кіндік кесіп, кір жуған мекені Ақши атырабында ауыл тұрғындары әулие баба кесенесін тұрғызған. Тарих қойнауында қалған тұлғаларды елімен қауыш-тырып, ұрпаққа ұлағат болар істің басында Сыдық Дәулетов жүргенін, бұл кесененің тұрғызылуына осы арада жол көлік апатының көп болуы себеп болғанын ауыл тұрғындары жыр қылып айтады.
Біз мінген көлік «Дәулет-Бекет» ­шаруа қожалығынан шығып, баба басына Құран оқып, Ақши ауылына ат басын бұрдық. Ауыл орталығында түйе сүтін өңдеу кәсіпорны орналасқан. Кәсіпорын жұмысымен таныстық. Жұмысшылар қызу жұмысқа кірісіпті. Бірі шұбаттың құтысына белгі жапсырып, екіншісі арнайы құрал-жабдық арқылы капсуланы салып, құтыға айналдырып ­жатыр. Мұны көргенде шұбаттың құтысын ­дайын күйінде сатып алатын болар деген ойдан бірден арылдық. Шаруашылық басшысының айтуынша, қыс мезгілінде 5 тонна, жазда 10 тонна түйе сүті сауылады. Сүт кәсіпорынға жеткізілгеннен кейін сүзгіден өтіп, қыздырылып, суытылып, т.б. шұбатты дайындау технологиясының барлығы осы жерде іске асады. Шұбаттың екі түрі дайындалатынын айта кеткен жөн. Бірі – кәсіпорыннан өңделіп, қорапталған шұбат, дүкен сөрелеріне қоюға арналған. Екіншісі – атам ­заманнан келе жатқан дәстүрлі шұбат, шұбатханаларда болады. Халық өзіне ұнағанын, қалағанын ішеді.
Халықтың сұранысына орай ауыл орталығынан «Ақ Бота» балабақшасы ашылған. 100 орындық балабақшаның өзге балабақшадан ерекшелігі – балаларға қымыз бен шұбат беріледі. Балабақша бағасы – айына 13 мың теңге. «Ботақан» және «Құлыншақ» атты топтың атауының өзі көңілге қуаныш ұялатады.
Бұл жөнінде кәсіпкер «Қаланың қай балабақшасында балалар шұбат пен қымыз ішіп отыр? Шұбат ішпеген, қымыз ішпеген, қазақи салт-дәстүрді білмейтін бала елін қалай қорғайды, қалай осы елдің азаматы болады, елге қалай жаны ашиды?» деп, әңгімені әріден қозғады. Оның айтуынша, балабақша мен мектеп оқушыларының тағамына, ауруханаларға шұбат пен қымыз қосылуы тиіс. Мемлекет осыған көңіл бөлсе деген арманы бар.
Осы жерде тағы бір мәселені баса айтпаса болмайды. Кәсіпкердің айтуынша, халық таза өнімді ұмытып қалғаны сонша, шұбат пен қымыздың қайсысы таза, қайсысы жасанды екенін айыра алмайтын халге жеткен. Ішкен кезде тіл үйірер дәмі болса болды, оның ар жағында, денсаулығына келер зиянына бас ауырта бермейтініне налиды. Елімізде 80 пайыз жасанды шұбат пен жасанды қымыз бар, оның бір литрі 100 теңге, табиғи өнімнің бір литрі – 500 теңге. Ал шетелден келетін қонақтар керісінше табиғи немесе жасанды екенін бірден ажырататынын, таза өнімде шөптің, т.б. дәмі болатынын айтады. Сондықтан шетелдіктерден сұраныс көп екенін, бірігіп жасап жатқан жұмыстар жайында әңгіме қозғады.
Ұлттың денсаулығын, ұлттың қамын ойлаған ел ағасы ауыл ішінен «Аруана» шипажайын ашқан. Түйе сүті бауыр, асқазан, ішек жолдары және т.б. ауруларға ем. Шипажайда медбике болып жұмыс істейтін Айсұлу Әуезованың айтуынша, сауықтыру-оңалту мақсатын көздеген демалыс орнына емделушілер көп келеді екен. Ашылғанына көп бола қоймаса да Ресейден ем іздеп келушілер бар. Ресейден келген Софья есімді келіншектің айтуынша, 5-ші рет химиотерапиядан кейін дәрігері оған Қазақстанға барып, шұбат ішуге кеңес берген. Қазір интернет заманы, ғаламтордан «Аруана» шипажайын көріп, іздеп келіп, 21 күн емделіп кеткен. Ұнағаны соншалық, қараша ­айында қайыра соғатынын жеткізген. ­Омырауына ота жасатқан, кейін төсек тартып жатып қалған Шонжыдан келген апа түйе сүтін 29 күн ішіп, артынан ­шипажайда 60 күн жатып емделіп шыққан. Корей еліне барып, емделуі тиіс 13 жасар бауыры ауырған қыз баланың 41 күннен кейін корей еліне жіберген тексеріс қорытындысы жақсы нәтиже көрсеткен.
«Кедей – бай, бай – Құдай болсам» дейтін заман. Кедей байысын. Ал бай адам жоқ-жітімге көмектесуі керек. Елдің экономикасының өркендеуіне, елдің еңсесінің тіктелуіне атсалысуы тиіс. ­Шетелге барып қыдырып, бәленбай мың долларға отшашу шашпай, өзі оқыған мектебіне, ауылына қамқорлық жасасын, пайдасын тигізсін. Ауыл шаруашылығын дамытуға, жастарды жұмыспен қамтуға септессін. Менің он жылым ауылымды көркейтуге кетті. Қолымнан келгені – ауылда жоқ, халық зәру дүниені жасауға тырыстым. Мен де ауылдан шаруашылық ашпай-ақ, қалада ашсам да болатын еді. Шаруашылық ашқаннан кейін 17 жылдан кейін ғана, Алматыдан «Сыдық» деген шұбатхана ашып отырмын. Еліміздің ірі қалаларында шұбатханамыз бар. Жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, жоспарымыз көп» деп, шетелге оқуға кеткен жастардың көпшілігі елге қайта оралмайтынын, ал оларды шетелдің жетістігін әкеліп, елге қызмет ету үшін жіберілетінін, осы түйткілді мәселені шешудің жолдарын қоғам болып қарастыруымыз қажет екенін меңзеді. «Мәселен, шетелге оқуға кеткен қыз бала өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып, ол сол елдің ұрпағын өсіреді. Демек, оның ұрпағы сол елдің сойылын соғады. Сонда біздің қазақтың сойылын кім соғады? Керек десеңіз, елге қайтқысы келмей, өзге ұлттың қыздарына үйленіп, сонда қалып қойып жатқан азаматтарымыз да бар. Сонда Қазақстан кімге керек болды? Біз, керісінше, олардың білімдерін пайдаланып, ұрпағымызды көбейтуіміз керек. Сол үшін елді көркейтуге атсалысып, барлығы қолынан келетін іспен айналысуы керек» дейді ұлтжанды азамат.
Шын мәнінде, Сыдық Дәулетовтың ауылын көркейтуге қосып отырған үлесі орасан зор. Біз кәсіпкердің жасап отырған тірлігінің бір парасын ғана сөз еттік. Еліміздің шет жағында, алыс түкпірде жатқан ауылдың тоз-тозы шықты, әлеуметтік жағдайы төмен, мәдениет үйлері, кітапханалары жабылып қалды, ел, жастар жұмыссыз деп жатамыз. Сол елдің азаматтарына Сыдық ағамыздың ісі үлгі болса, қанеки.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.