Лесновка қашан Талды болады?
Алматы облысы Талды ауылдық округіне қарасты Лесновка ауылының атауы әлі күнге дейін қазақшаланбай келеді. Бір кездері оны Талды, Талдыбұлақ деп өзгерту туралы ұсыныстар болған, бірақ…
Лесновка – Талды ауылдық округінің орталығы. Бұдан бөлек мұнда Еңбекші, Нағарашы ауылдары да бар. Округ орталығында қазіргі таңда 340-тай үй бар. Оның 99 пайызы – қазақтар. Ауылдық округ әкімі Мұрат Сейсенбековтың айтуынша, Лесновканың атын қазақшалау туралы мәселе бұрын көтерілген екен. Бірақ тұрғындардың пікірі екіге бөлініп, 100 пайыз қолдау таппағандықтан кейінге қалдырылыпты. Бұл кезде округ әкімі де басқа адам болған.
Мәселенің мәнісін біле түсу үшін Лесновка ауылындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасымен хабарластық. Сатқынбай Бердібеков ақсақалдың айтуынша, ауыл атын Талды деп өзгерту туралы мәселе алғаш рет 2001-2002 жылдары көтерілген. Ол кезде бұл кісі мектеп директоры болған. «Ауылдың атын қазақшалау туралы ұсынысты ол кезде аудандық, облыстық ономастикалық комиссия бекітпеді. Мектептің мөрін «Талды ауылы» деп жасатып едік, кейін бір адамдар: «Үкіметтің қаулысы, ономастикалық комиссияның шешімі жоқ болса да, өздерің жасап алыпсыңдар, сендерді сотқа береміз» деген соң, қайтадан өзгерткенбіз» дейді ақсақал.
Ауылдың атын қазақшаға өзгертуге кімдердің қарсы шығып жүргенін сұрадық. «Осы жерде жастайынан өскен, мемлекеттік қызметкер, ауданның әкімі, колхоз, совхоздың бастығы, бұрын ауданның бірінші хатшысы болған, қазір зейнеткер бір-екі ағамыз бар. Сол кісілер келіп, жиындарда ауылдың атын өзгертпеу туралы сөйлейді, оларға ешкім қарсы шықпайды. Сонымен, пікір екіге бөлініп, кейінге шегеріле берді» деді С.Бердібеков.
Ақсақалдың айтуынша, Лесновка атауының тарихи мәні бар. Адамдар жаппай Қытайға өте бастаған кезде осы жерде қызыл әскер мен ақтардың арасында біраз шайқас өткен, штаб құрылған. Соған байланысты бұл жердің аты өзгертілмейтіні жөнінде Кеңес үкіметі кезінде қаулы шыққан екен. «Оның тарихы сондай. Бірақ қазақша атауымыз керек. Оны өзгерту үшін ауыл тұрғындарының жалпы жиналысының шешімі керек қой. Әкіммен келісіп отырып, ауылдағы үлкен ақсақалдарды шақырып, жиналыс өткізіп, шешімін ауданға өткізейік. Ертең хабарлас. Мен әкіммен осы мәселе жөнінде кеңесейін» деді ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Келіскен күні хабарластық. Қария ауыл әкімімен кездесіпті. Жиналыс өткізуге келісіпті.
Жедел ауыл әкіміне хабарластық. Осы мәселе бойынша қашан жиналыс өткізетінін білмекке. «Жиын өткізу туралы ақсақалдың ұсынысын бірінші рет естіп отырмын. Бірден ештеңе айта алмаймын. Бірақ қоғамдық ұйымдардан, халықтан ұсыныс болып жатса, қай кезде де жиналыс өткізуге даярмын. Мысалы, қазір Нағарашы ауылының атауын Жерұйық деп өзгертуге байланысты облыстық ономастика комиссиясына ұсыныс жасадық» дейді әкім.
Хош, сонымен Лесновканың атауы Талды болуы үшін алдымен ауыл тұрғындары бір тоқтамға келуі керек екен. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Тұрғындардың да дәл осы шешімде төрт көзі түгел бір байламға тоқтаса, Талды болар күн де алыс емес секілді. Ал әзірге Лесновкаға Нағарашының жолын берсін дейміз.
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»