АЙТЫС – АСЫЛ МҰРА

Соңғы уақыттарда топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы – айтыстың бағы жанып келеді. Жыр жарысы жиі өткізілетін болды. Осының өзі ана тіліміз –
қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне ықпал етері анық.
М.Әуезов «Айтыс – халық ауыз әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі мол күрделі жанрдың бірі» деген екен.
Айтыс әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің бірегей түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойларына жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен.
Жұртшылықты сүйсіндірген ақындар айтысы жақында Алматы қаласында өтті. Ол –
«Алатауым – алтын ұям» деп аталды. Оған қатысқан жиырма ақын Алматыны, шаһардың жаңа аудандарының бірі – Алатау ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігін жырмен өрнектеді. Сондай-ақ қала оқырмандарының шамшырағы, ашылғанына отыз жыл толып отырған «Алматы ақшамы» да назардан тыс қалмады.
Айтыс барысында қамтылмаған тақырыптар кемде-кем. Онда қол жеткізген жетіс­тіктерімізбен қатар, орын алып отырған кемшіліктер, ана тіліміздің, латын қарпінің жайы, білім, денсаулық, мәдениет саласындағы жайттар сөз болды. Төлеген Жаманов, Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртай, Жансая Мусина секілді және басқа да ақындардың жыр көкпары көпшілік көңілінен шықты. Асыл мұра – айтысымыз қанатын кең жая берсін деп тілейміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.