Межелі міндеттер орындалуда

«7-20-25» бағдарламасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарушы органдарға жүктеген бес әлеуметтік жаңа міндеттері серпін ала бастады. Бұқара халықтың қызу қолдауына ие болған Үндеу жария­ланғаннан кейін Алматы облысының әкімдігі, Ұлттық банк, қаржы инс­ти­туттары, «Атамекен» Ұлттық кә­сіп­керлер палатасы, жоғары оқу орындарымен және басқа да мүдделі органдармен келісе отырып, Жол картасын әзірлеген болатын. Бұл, әсіресе баспанаға қол жеткізе алмай, жеткізгендерінің өзі үстемақысы көп банктерге несиесін төлей алмай, белуардан қарызға батқандардың мұң-зарын сәл де болса оңтайландыруға себеп болмақ. Президенттің, қолжетімді баспана «7-20-25» бағдарламасына қатысты биылғы жылы облыста пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемін 1 млн шаршы метрге жеткізу көзделуде.
Бұл бағытта Жетісу өңірінің басшысы Амандық Баталов жол картасы бойынша 2022 жылға қарай тұрғын үй кешендерінің құрылысы есебінен жалпы алаңы 2,3 млн шаршы метр болатын 18456 пәтерлік 953 үй салынады деген жоспарларын жария етті. Бұл жұмысты қарқындатуға екінші деңгейлі банктердің несиелік тұрғын үй құрылысына белсенді түрде тартылуы қарастырылатын болды. Бүгінгі таңда осы «7-20-25» бағдарламасы аясында құрылыс жүргізу үшін қосымша жер алқаптарын бөлу қарастырылуда.

Шағын несие беруді көбейту

Бүгінгі дәуірдің де, уақыт ағымы да кәсіпкерлік салаға ойысқан. Нарық жүйесінің талаптары тым қатқыл. «Қолы қимылдайтынның аузы қимылдайтыны» әлімсақтан белгілі. Алайда екінің бірі кәсіп ашып, оны дөңгелетіп әкете алмайды. Кәсіп жұмысын жаңа бастағандардың көрпесі көсіліп кеткені шамалы. Себебі айтпаса да белгілі. Ашқан кәсібінің керегесін кеңейту үшін қаржы мәселесі қолбайлау болуда. Міне, осы орайда Елбасының кәсіпкерлерді қолдаудағы бастамасы өнім өндіріп, я болмаса, сауда-саттықпен айналысып жүрген шағын кәсіп иелеріне үлкен қолдау болды. Әкім-қараларды жағалап, том-том қағаз жинап, банктердің есігін тоздырып, несие ала алмай жүргендер «Елбасының «Шағын несие беруді көбейту» туралы бастамасы өте құнды» дейді. Бұған дейін де кәсіпкерлерді қолдау мақсатында шағын несиелер беріліп келген болатын. Мысалы, Алматы облысында 2017 жылы 4,3 миллиард теңге болатын 840 шағын несие берілген. Қаражаттың жетпеуінен 3148 адам шағын несие ала алмаған. «Міне, енді Елбасының бастамасына сай, қосымша 20 миллиард теңге бөлу мәселесі көтерілді. «Біз өз кезегінде, осы қаражатты пайдалана отырып, шағын несие алуға ниет білдірген көптеген тұрғындарды қамтитын боламыз» деді, өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы.

Мемлекеттік грант және жатақхана

Әрбір қазақстандық жастар білім алып, біліктілігін арттыруды армандайды. Алайда оның бәрі мемлекеттік грантқа ілігіп кетуі екіталай. Грантқа қол жеткізе алмағандар ақылы оқу орындарын жағалап жүр. Олардың да бағасы аспандап тұр. Мұны әлеу­меттік жағдайы төмен отбасылар көтере алмайды. Әрі оқу ақысын бала-шаға­сының аузынан жырып беріп төлеп отырған ата-аналардың студент балаларының жатақханаға қол жеткізе алмай пәтер жалдап жүргендері де жамбастарына аяздай батып жүргені жасырын емес-ті. Міне, түйінді мәселерді шешуде ­Елбасы тағы да көрегендік танытты деген жастар бұл бастаманы қызу қолдады. Бұл орайда да, Алматы облысының әкімдігі мемлекеттік гранттардың санын арттыру және білімгерлерді жатақханамен қамтуда кешенді жоспарларын бұқараға жария етуде. Мәселен, 2017 жылы облыс мектептерін бітірген түлектердің 3864-і мемлекеттік грантты иеленсе, 2018-2019 жылы оқу жылында бөлінген гранттар саны 2 мыңға артып, грант иегерлерінің саны 5864-ке жететін болады.
Оған қоса облыс әкімінің грантымен жергілікті бюджет есебінен 438 адам оқып жатыр. Биылғы жылы тағы 100 грант беру көзделіп отыр. Білімге құштар жастардың түйінді мәселелерін шешу жіті талқыланып, облыстағы мемлекеттік 9 оқу орнына 10 жатақхана салу қажеттілігі анықталды.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне жатақхана салу үшін Талдықорғандағы Оңтүстік Батыс шағын ауданынан жер телімі бөлінді. Қарасай ауданындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте 2024 жылға дейін университет әкімшілігі студенттерге арнап екі жатақхана салу жоспарлады. ­Сонымен қатар облыстағы 7 колледж­ге де жатақханалар салу көзделуде. Тұрғызылатын жатақханалардағы жалпы орын саны 2650 болмақ. Бұл құрылыстар үшін жер телімдері қарастырылуда.

Газдандыру  жұмысы

Бесінші бастамада айтылған көгілдір отынға қатысты Алматы облысында 11 ауданында газдандыру жұмысы жүрізілуде. Оған 8,5 млрд теңге бөлінген.
«Жетіген» АГБС пен «Байсерке – Жетіген» жинақтаушы газ құ­быры іске қосылғаннан кейін Талғар мен Іле аудандарының 30 мың халық тұратын 8 елді мекені газдандырылады. 2019-2020 жылдары ауылішілік газ бөлу жүйелері құрылысы жобаларының жобалық-сметалық құжаттары дайындалады және 2020 жылға қарай осы жобаларды жеке инвестицияларды тарта отырып жүзеге асыру нәтижесінде Алматы агломерациясындағы 60 елді мекен газбен қамтылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда, Талдықорған қаласында қалаішілік газдандыру жүйесінің бірінші кезегінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, екінші, үшінші кезектің құрылысы басталды. «Алматы – Талдықорған» ­магистралды газ құбырының жүктемесіне қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Соның негізінде Талдықорған қала­сымен қатар маңындағы саяжай­ларды, Текелі қаласын және Қара­тал, Балқаш, Ескелді, Кербұлақ, Көксу аудандарының ауылдарын газдандыруға мүмкіндік туады. Алдағы уақытта «Талдықорған – Үшарал» МГ құрылысы жоспарланып отыр. Ал 2019 жылы шекаралық аудандарға газ құбырын тарту жұмыстары басталады.
Бұл бес бастама әлеуметтік саланы көтеру үшін, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады. Сондық­тан мен тоқталған мәселе­лерге қатысты әр бағыт бойынша нақты жоспарлар әзірленіп, оны жүзеге асыруда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін жандандыра беретін боламыз – деген, облыс әкімі Амандық Баталов Елбасының бес әлеуметтік бастамасы кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында облыс орталығы мен ­аудандарда көмір тапшылығы сезіліп, ұзақ-сонар кезекке тұрған қара халық бір тонна көмірді 40000-ға сатып алғандарын айтып мұңдарын шаққан-ды. Енді көгілдір газдың құбыры тартылып жатқан Талдықорған мен Текелі қаласы мен Ескелді, Көксу аудандарының тұрғындары газға қол жететін күн де алыс емес деп қуануда. Оның арзан-қымбат боларын уақыт еншісіне қалдырдық.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.