Ұлт байлығы

Тәуелсіздігіміздің тірегі егеменді еліміздің басты қаруы, ұлтымыздың ұлы байлығы, тұғыры – тіл. Елдің – ел болып, халықтың, ұлттың өмір сүруі үшін қоғамға үш-ақ нәрсе қажет. Ол – әдет-ғұрып, діні және тілі. Тіл – ұлттық құжатымыз, халық қазынасы, ұлы шежіресі, яғни ата тегіміздің негізі.

Тіл тағдыры – халық тағдырымен де егіз. Ұлттың тілі болмаса, ол халықтың өмірдегі орны да бос қалып, ізі де, мәдениеті де жоғалар еді. Алаш ардақтысы, тілші ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрт­тың өзі де жоғалады» деген екен. Бұдан түйетініміз – оның қоғамдағы орнының орасан зор екенін, тіл – ұлт байлығы, халық қазынасы, өмірдің шынайы көрінісі екенін танимыз.
Адамзат баласы барлық асыл қасиеттерді тілдің жан тебірентер құдіретті күшінен алады. Ана тілі арқылы бойымызға ұлттық рухтың нәрі тамып, жан дүниеміз толығып, қалыптасып, жеке тұлға өсе, дами келе ұлт деген үлкен бүтіннің кіш­кентай ғана ажырамас бөлігіне айналады. Ұлттық рухта тәрбиеленіп, одан нәр алып, оның дәмін сезініп, сусындап өскен ер азамат өзгеден үйренген нәрсесін бойына таратып, жүрегіне жаратып, тартуға тырысады. Сондықтан жас ұрпақты – қазіргі буынды ана тілінде тәрбиелеп, туған елінің тілінде сөйлеуге, өмір сүруге жетелеудің мәні зор. Бұған бүгінгі қоғам, ата-аналар, ұстаздар қауымы, басшылық, одан қалды Үкімет мүдделі болуға тиіс.
Өкінішке қарай, бұл мәселеде әлі де артта қалудамыз. Оның бірден-бір себебі, елімізде аралас мектептердің саны азаймауда. Сонау жылдары Мемлекеттік сыйлықтың иегері халық жазушысы Фариза апамыз (Оңғарсынова) «Егемен Қазақстанда» «Аралас мектеп – қазақ тілінің жауы» деп мәселе көтерген-ді. Ойланатын, ойландыратын жайт емес пе?
Жалпы бала тәрбиесінің негізі бес жасқа дейін қалыптасады. Осы саладағы мамандар бес жасқа дейін жүргізілген тәрбие, білім бүкіл тәрбие ісінің 90%-ын құрайтынын айтады. Олай болса, бес жасқа дейінгі баланы өз ана тілінде, қазақ тілінде оқып, жазуға тәрбиелеген жөн. Балаға ана тілі – ана сүтімен дариды. «Сүтке сің­ген мінез сүйекпен кетеді» деген қа­натты тіркес те текке айтылмаса керек. Қазіргі тіліміздің дамып жетілуі мен тілдік қолданысымыздың тың да серпінді дамуы, әрине, көз қуантады. Дегенмен, әттеген-ай дегізерлік тұстары да молынан жетіп артылады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өздері орысша тәрбие алса да, ұл-қыздарын қазақ мекте­біне бергендерін көріп, шүкір, қаза­қыланып келеміз деп бөркімізді аспанға атқанымыз рас. Алайда соңғы жылдары қазақ отбасында, балабақшада, мектепте, тіпті қо­ғамда ілгерілеуден гөрі, іркіліс басым сыңай­лы. Қолтығына «Әліппе» қысып, мек­теп табалдырығын аттайтын қара дома­лақтарымыз «Букварды» серік етуде.
Мемлекеттік тіл – еліміздің егемен­дігінің, тәуелсіздігінің белгісі. Оның дамуы ұлтымыз үшін тиімді. Ал ол үшін, ең алдымен, ұл-қыздарымызды қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне жетелеп апаруымыз міндет. Өйткені тіліміздің тағдыры, болашағы, өмір сүру өлшемі өзімізге, яғни қазақтарға тікелей ­байланысты. Әр қазақ өзінің ана тілі алдында борыштар, оған арымен, ожданымен қызмет етуі керек. Ұлтыңның болашағы – ұрпағыңның келешегі, еліміздің ертеңі, ұлттық құжатымыз – туған тілімізді қадірлей білу бәрімізге ортақ міндет. Оның өсіп-өркендеуіне өз үлесіңді қос, мәңгілік Елдің мәңгі өлмес Мәңгілік тілінің иесі – Қазағым! Ол – жазылмаған заң, ата-бабаң аңсаған болашақ ұрпақ үміт ететін тәуелсіздік алдындағы борышың!

Нариманбек ШОЛТЫРҰЛЫ,
ардагер-ұстаз
Бірлік ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.