МҮСІЛІМ ДАЙЫРБЕКОВ: БАЛА КҮНІМНЕН НАМЫС АЛАУЫН ЖАҒЫП КЕЛЕМІН

Атақты Төле бидің жетінші ұрпағы, кешегі Кеңес заманының «жағымсыз қаһарманы», сол кездерде «Алтын адам» деген айдар тағылған Мүсілім Дайырбековтың өмір жолы қайран қалдырады. Ол Д.Қонаев, А.Асқаровтың замандасы, танысы болғаны үшін темір торға қамалып, 1986-дағы желтоқсаншылардың сол жақтағы тағдырына куә болған. Бүгінде «Мұхаммед Хайдар Дулати»,  «Демеу-Жан», «Қазақстан стоматологтарының орталық клубы» Қоғамдық қорларының президенті. Қайырымдылық жасаудан алдына жан салмайтын, спорттың, бокстың жанашырымен тағдырының осы бір «тосын сыйға» толы шақтары туралы аз-кем сұхбат құрған едік. 

– Тіс дәрігері болсаңыз да, тағды­рыңыз қатардағы дәрігерлерден ерекше…
– Жастайымыздан қиыншылықта өстік. Соғыстан кейінгі балалармыз ғой. Жағдайымыз ауыр еді. Балалар мектепке жалаңаяқ баратынбыз. Тек қыздар мен совхоз бастықтарының балалары ғана аяқтарына бірдеңе іліп барғандай болатын. Сөйтіп, аяқтан сыз өтіп, өкпе қабынып, бірнеше ай оқуымды үзуге тура келген күндер болды… Десе де әкеміз соның бәріне мойымауға, адалдың еңбегін жемеуге, тірі жан баласына қиянат жасамауға тәрбиеледі. Кейін үлкендердің кеңесімен тіс дәрігерін даярлайтын медициналық техникумға оқуға түстім. Оны бітірген соң, жолдамамен Алматыға келдім. Осында Алматы медицина институтының стоматология факультетінде білімімді жетілдірдім.
Мен ешқашан адамның қыз­ме­тіне, шеніне қарап араласқан жоқ­пын. Қызметтік сатысының жоғары болғаны үшін жан баласына жағым­пазданған кезім болған емес. Тек жаны жайсаң адамдарға жақын жүрдім, солармен сырлас болуға ұмтылдым.
– Сізді көпшілік Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаров сынды ел тізгінін ұстаған азаматтармен қатар жүрген дос-таныстары ретінде біледі. Әңгімемізді сол біртуар азаматтармен таныстығыңыз туралы бастасақ… Ол кісілер жайында бүгінгі ұрпақ білмейтін естеліктеріңіз де бар шығар?
– Мен Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевпен ол кісі қызмет бабында жүргенде араласпадым. Тек зейнеткерлікке шыққанда танысып, аралас-құралас болғаным рас. Інісі Асқармен араластым. Дегенмен ел ішінде мен туралы «Димекеңе алтыннан бюст жасапты» деген алып-қашпа әңгімелер бар, оның бәрі – бос сөз.
Дінмұхаммед Ахметұлы Саяси Бюроның түрік халықтарының ішінде бірінші мүшесі болды. Ол кісі өзінің тазалығымен, адамгершілігімен, азаматтығымен, саясаткерлігімен біздің тарихымызда үлкен орын алды. Нысапшылдықтың эталоны болды. Ешқандай дүние жинамады, қызылға қызықпады. Өте таза, пәк адам болып өтті. Ондай болу барлық адамның қолынан келе бермейді. Көбі дүниеге келгенде әлсіз, жылтырға құмар болады, қалай сұғынып кеткенін білмей қалады. Димекең ондай болған жоқ. Сол себепті де есімі ұлт жүрегінде алтын әріптермен жазылып қалды.
Ал Асанбай Асқарұлымен аралас­қаным рас. Ол кісінің күйеу баласы менің қол астымда жұмыс істеді. Бір күні сол күйеу баласы мені қонаққа шақырды. Барсам, Асанбай Асқарұлы да бар екен. Таныстық, әңгімелестік. Мен тарихи тақырыптарды қалай жақсы көрсем, ол кісі де дәл сондай екен. Сөзіміз бірден жараса кетті. Ол өте алғыр адам болды. Асекең туралы бір досымның ағасы айтқан естелік есімде. Ол Мәскеудегі КОКП ОК-да бір сектордың бастығы еді. Сол айтады: «Бір күні еңбек демалысында жүрсем, бөлім бастығы ­хабарласты: «Ертең бізге бір мықты тұлға келеді. Келіп, сол кісіні тыңда. Оның айтқаны бәріңе керек болады» деді. Бардым. Келген Асанбай Асқаров екен. Екі сағаттан артық сөз сөйлесе де, бір рет те қағазға қараған жоқ. Дауыс мәнері қандай! Левитанның дауысындай болатын. Не деген эрудиция?! Аузынан шыққан әр сөзін ұйып тыңдадық. Оның білімділігіне, жүріс-тұрысына қарап, қазақта қандай ғажайып, мінсіз адамдар бар екеніне көзіміз жетті» дейді.
Асанбай Асқарұлы аздап қатал­дау еді. Сұсты болды. Көпшілік сонысынан именетін. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, бәрін ортақ тәртіпке бағындыратын. Соның арқасында Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстарын көркейтіп кетті. Дегенмен, қаталдығын орынды көрсететін. Компартияның екінші хатшысы орыс болған ғой. Сол бір жиналыста Асанбай Асқаровқа бір ұйымның басшысы да, орынбасары да қазақ болғаны үшін «әңгіме» айтыпты. Сонда Асекең мұндай ереженің нақты қай заңда жазылғанын сұрап, басшысы да, орынбасары да, бас бухгалтері де орыс ұйымдардың көп екенін, баршаға ортақ тәртіп болуы үшін сол адамдарды да жұмыстан шығару керек екенін айтыпты. Сонда анау кісі үндей алмай қалыпты. Бұл туралы жұрттың бәрі біледі.
Қазақтардың бір сорлы жеріміз бар. Біз мықты адамдарды өзіміздің руымыздан көргіміз келеді. Әйтпесе, Кіші жүз де, Орта жүз де, Ұлы жүз де таланттан кенде емес қой. Десе де көпшілік «Әттең, Димаш Ахметұлы біздің рудан емес», «Әттең, Асанбай Асқаров та бізден емес» дейді. Сөйтіп, өздерінің руынан болмағаны үшін-ақ олар туралы айтылған қаңқу сөзге сенеді. Өздерінің руынан басқа бір адам шықса екен деп, іздейді. Бұл турасында Қадыр Мырза Әлінің бір мақаласы ұнады. Жалпы алғанда мағынасы: «Қазақ барлығын өзіне тартады. Ол – біздің сорлылығымыз. Мен Батыс Қазақстаннанмын. Елге барғанда: «Қазақты кім билесін?» деп сұрасам, 70 проценті – «біздің рудан» деп жауап береді, 10 проценті – «Кіші жүз», тағы бір оншақты проценті «Ақылды адамдар билесін» дейді. Сол «ақылды адамдар билесін» дейтін топ аз болып тұр» дегенге саяды. Қазақтар неге үш жүзге бөлінген? Анау Тәуке ханның заманында да, одан бұрындары да, оның екі себебі болған. Біріншісі – салық жинау үшін. Батыстан Шығысқа дейін созылған ұлан-ғайыр атырапта салық жинау қиын болатын. Сол себепті де тұрғындарды топтастырып, үшке бөлген. Екіншісі – соғыс бола қалса, әскер жинап алу үшін. Ал орыстар болса, сол бөлінгенімізді пайдаланып, арамызға от жағу арқылы бір-бірімізге қарсы қойып, бізді биледі. «Бөліп ал да, билей бер» деп, біздің сорлылығымызды пайдаланды.
Мен Төле бидің жетінші ұрпа­ғымын. Біздің әулеттің аналары – Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке бидің немере-шөбелері. Тек бір рет Ұлы жүз бен Қожа араласқан. Сондықтан да болар, әкем: «Қазақты бөлуге хақымыз жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейді». Қазақтың үлкені – ағам, кішісі – інім» дейтін. Сондықтан да Димекең мен Асекеңді белгілі бір рудың адамы ретінде танитындарға қарсымын. Олар екеуі де – қазақтың біртуар азаматтары, ұлтқа ортақ ұлы тұлғалар.
Саяси басшылардан бөлек, ғарышкерлермен де етене араластым. Мәскеулік атақты генерал Чембровскиймен туған ағамдай араластым. Ол – атышулы «Катюшаны» ойлап тапқандардың бірі. Бірнеше жыл ғарышкерлер комитетін басқарды. Басқа ғарышкерлермен де араласып кетуіме сол кісі себеп болды.
– Сол Дінмұхаммед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың ісін сізге жаппақ болып, сотталған да екенсіз…
– Иә, сотталып шыққаным рас. 1983 жылы бас дәрігер болып қызмет атқарып жүрген едім. Мен туралы «үйінен алтын толы қап табылды», «Қонаевқа алтыннан бюст жасапты», «Мәскеуге барғанда ұшақ трапында кілем жайып қарсы алыпты» дегендей ұзын саны жиырмадан астам әңгіме шықты. Барлығы да жала еді. Менің кеңестік заманның қоғамдық қалыбына тән емес бір ғана айыбым болды. Ол – елдің бәрін жалақыға тәуелді етіп қойған заманда емін-еркін қимылдағаным, жоқшылыққа бой алдырмағаным шығар. Сол кездегі КГБ басшысы Кмалдиновке осыным ұнамады. Менің ісіммен айналысу үшін 16 тергеуші тағайындалды. Оның жетеуі мәс­кеуден келген еді. Сонда маған «Қонаевқа, оның көмекшісі Дүй­сетайға, Асқаровқа бәле жап, сонда сені бостамыз» дегендері де болды. Мен оған көнбедім. Ол ­туралы Димаш Ахметұлы да өзінің естеліктерінің бірінде: «Жігіттердің басына іс түсіп, қиналғанда өз жағдайларын жеңілдету үшін бір-бірін сатты. Ешкімді сатпай, бар ауыртпалықты өз мойнымен көтерген бір адамды білемін. Ол – Мүсілім. Арнайы қызметтің араласпайтын жері жоқ. Ол жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы: «Дайырбеков – қауіпті қылмыскер, жұрттың бәрін сатып жатыр» деп мәлімдеме жасағанда, сеніп қалған едім. Тергеу жұмысы аяқталысымен оның ісін алдырып, оқып көрдім. Мүсілімнің ешкімді сатпағанына көзім жетті» деген. Кейін өзімен кездесіп, сөйлескенде де: «Мүсілім, айналайын, сенімен бұрын араласпасақ та, сені жақсы білемін. Адал жігіт екенсің, ешкімді сатпадың» деді. Шынында да, менің бар кінәм – ешкімді сатпағаным еді. Сол үшін 12 жылға бас бостандығымнан ­айырды. Соның алты жарым жылын түрмеде өткіздім. Сол уақыттың ішінде Кеңес одағы кезіндегі барлық абақтыны шарлап шыққан болармын? КГБ-ның әйгілі Лефортовасы, «Матросская тишина», «Бутырка», Мордавиядағы Потьма, Яваса, Леплей, Самара, Құсмұрын… Осылай тізе беруге болады. Менің темір тордан тірі шықпауымды қалады ма, кілең баскесерлермен отырғызатын. Сол кезде спортқа бейімділігім көмектесті. Ешкімнен таяқ деген жоқпын. Керісінше, мүйізділердің мүйізін қағып алатынмын. Түрменің медпунктінде жұмыс істедім. Бір-бірімен төблесіп, тісі, жағы сынғандарға ота жасап, емдейтінмін. Әлсіздерге қол ұшын созып жүрдім. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі болғанда мен Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде отырған едім. Сондағы қазақтарды да көтеріп жібереді деп қорқып, мені Мордовияға ауыстырды. Сол абақтыға «желтоқсаншы» деген ­айыппен бірнеше жігітті де қамады. Ішінде Құрманғазы деген жігіт есімде қалыпты. Алматыдағы Өнер институтында оқиды екен. Астың ең жаманын, жұмыстың ең қиынын, киімнің ең ескісін соларға беретін. Соларды қақпайлап, тамағын жөндеп бергізуге тырыстым, киімдерін бүтіндеп беруге барымды салдым. Қазақтарға күн көрсетпейтін бандиттерден қорғадым… Одан бөлек Астрахань, Саратов, Омбы, Қазақстан қазақтарының басын қостым. Үнемі бірге жүретінбіз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, татарлар – барлығымыз бірігіп кеттік.
Сосын Асанбай Асқаровпен көрші камерада болдым. Соны білгенде оған: «Аға, мойымаңыз. Бәрі де жақсы болады» деп дауыстағаным бар. Ол кезде Асекең үндемеген еді. Кейін бостандыққа шыққанда сол сөзімді естігенін, бірақ оған дауыстап сөйлеуге тыйым салынғандықтан, жауап бере алмағанын айтып, көзіне жас алған еді.
– Аға, әдетте, темір тордың ар жағынан шыққан адам психологиялық тұрғыдан өзгеріске ұшырап, зардап шегіп шығады. Одан шыққан соң, қоғамға қосыла алмай кетеді, ішкілікке салынып кетеді деген…
– Иә, мен ондай адамдарды көп көрдім…
– Ал сіз, керісінше, қайырымды­лықпен айналысып, рухани дүниенің жанашыры болып шықтыңыз. Сіздің сол алты жарым жыл ішінде психологиялық тұрғыдан сынып кетуден не сақтады?
– Мені сақтаған бірінші – Құдай, екінші – үш жүздің аруағы. КГБ адамдары қолымды қайырып, әкетіп бара жатқанда әкем: «Айналайын, сені үш жүздің аруағына тапсырдым» деп бата берді. Сол үш жүздің аруағы қолдады.
Абақтыдан азаттық шыққан соң қатардағы дәрігер болып қызмет еттім. Бір күні жаңадан поликлиника ашылатынын естідім. Сол қызметке шақыртылдым. Менен бөлек үміткер 5-6 адам болды. Бәрінің жанкүйерлері бар еді. Тек қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Гүлшара Қасымова ғана менің қолымнан іс келетінін білетін. Бірақ аудандық атқару комитеті, аудандық партия комитеті – бәрі маған қарсы болды. Мені жаңылдыратын, шалындыратын сұрақтар қойды. «Түрмеден шыққан адам моральді тұрғыда бас дәрігер бола ала ма?» деп сұрады. Мен: «Ондай сұрақты Рейганға да қойған. Рейган: «Мен барлық рөлдерді ойнадым. Президентті де ойнап шығуға тырысамын» деп жауап берген. Ол Президентті керемет қылып ойнап шықты да. Бұл да – менің бұрын ойнап кеткен рөлім» дедім. Барлығы ду күлді. Басқа сұрақтарына да мүдірмей жауап бердім. Сөйтіп, жұрттың бәрі менің жағыма шығып кетті. Сөйтіп, осы поликлиникаға (қазіргі «Шипа-Дент» стоматологиясы) бас дәрігер болып тағайындалдым. Ол кезде мұның қабырғасы қаланғанымен, іші бітпеген екен. Аяқтауға Үкіметте ақша жоқ. Сөйтіп, жоғарыдан келе­тін қаражатты күтіп отырмастан, «Алматықұрылыстың», «Алматы жылу жүйелерінің» бастығын, телефон желісінің бас инженерін көмекке шақырдым. Барлығы менің таныс­тарым еді. Ол кезде мұнда жарық та жоқ болатын. Құрылыстан қалып кеткен қораптардың үстіне газет төсеп, достарымды жайғастырдым. Ақылдастық. Аяғымызға резеңке етік киіп, жертөлеге түссек, ондағы судың деңгейі етігіміздің қонышына сәл жетпейді екен. Оны бірнеше күн сордырып, тазалап, құбырларын өзгерттік. Жолдас­тарым барлығын тегін жасады. Кейін Гүлшара Қасымова: «Бітіп тұрған поликлиникаға кіре алмай отырған адамдар бар. Ал Мүсілім бітпеген поликлиниканы іске қосты. Іскерлігінің арқасы» деп мақтады.

Тек дәрігерлік қызметпен айналысып қана қоймай, шетелдегі: Ингушетиядағы, Астраханьдағы, Самарадағы, Челябиндегі, Бар­науыл­дағы қазақтардың елге көшуге қолғабыс еттім. Сол келгендердің бір қызына үйлендім. Жаман кемпірім – солардың бірі. Қазір екеуіміз – шөбере сүйіп отырған ата мен әжеміз.
– Сіз туралы Брежневтің тісін салған деген аңыз бар…
– Ол – өтірік әңгіме… Мен бала күнімнен қазақтың намысы бар жерде жүрдім. Сегіз олимпиадаға, Әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарына, турнирлерге бардым. Өзімнің сегіз спорт түрінен разрядым болған.
– Әңгіме ауаны спортқа ауғанда, сұрайын. Соңғы уақытта ел ауызын­да жүрген жекпе-жек Головкин-­Альварес кездесуін көрген боларсыз? Қандай баға бересіз? Жұрт шу­лағандай әділетсіздік болды ма?
– Негізі бәрі адал өтті. Геннадий Головкин жеңілді. Бір сарапшы төрт раунд Головкин, сегіз раунд ­Альварес жеңді деп баға берген. Тағы бірі бес раундты Головкинге, жетеуін Альвареске берді. Бірақ Головкин шаршы алаңда қолын көтеріп, бетіп жауып бокстасуы керек еді. Бірақ олай істемеді. Себебі бауырын қорғады. Альварес бауырдан соғудан нокаутер болатын. Содан да GGG бетінен көп соққы алды.
– Бүгінгі бокстың деңгейі қандай деп ойлайсыз? Кешегі Джакартада өткен Азия ойындарында боксшыларымыз екі күмісті қанағат тұтты…
– Біздің боксшыларымызды қысты. Себебі қазақ төреші жоқ. Бұрын болатын. Қазаққа әді­лет­сіздік жасайын десе, солардан тартынатын, ұялатын. Қазір еш­кім жоқ. Сосын Джакартаға мық­тылардың бәрі барған жоқ қой. Ауыр салмақтағыларды жібермеді. Бокстың деңгейі төмен деп айта алмаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.