БАҚ өкілдері бас қосты

«Қазмедиа орталығында» отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да сала өкілдерінің басын қосатын Astana Media Week өтіп жатыр. Аталған шара мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы Қазақстанның рухани жаңғыруының негізгі басымдықтарын орындау мақсатында елімізде жыл сайын өткізіледі.

«Astana Media Week» медиааптасы – кең көлемдегі салалық іс-шаралар сериясы, жыл сайын Қазақстан ­Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен өткізілетін Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға. Шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты.
– Барлығыңызды Astana Media Week салтанатты шарасының ашылуымен құттықтаймын. Елбасымыз отандық медиа саласының дамуына әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Президент Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамның бірлігін нығай­татын, болашаққа сенімді қадам басуын қамтамасыз ететін көпір ретінде көріп отыр. Осымен екінші жыл өтетін ауқымды кең шара еліміздегі ғана емес, аймақтағы медиа нарықты қалыптастыруға және одан әрі дамытуға серпін береді деп сенеміз. Бұл жиын – қазақстандық БАҚ саласының өкілдерінен бөлек, шетелдік әріптестердің де ойларын ортаға салатын алаң. Шараның басты мақсаты – отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты. Жылдан-жылға осы апталыққа қатысуға ықылас білдірген елдердің саны артып келеді. Бұл сіз бен біздің бірігіп атқарып отырған істеріміздің оң нәтижесін беруіне септігін тигізеді деп сенемін. Сондықтан да бұл апталық – қатысушылар үшін озық тәжірибемен алмасып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, жаңа технологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік. Жиынның табысты өтуіне тілектеспін, – деді Д.Абаев.
Ақпарат және коммуникациялар министрі дәстүрлі түрде өтетін шара ауқымды мәселелерде конструтивті диалогқа дайын кәсіби мамандарды ­жинап отырғанын айтты.
– БАҚ саласы қоғамның дамуын­дағы ең маңызды компонентке айналды. Сіздердің әр еңбектеріңіз ақпараттық ландшафты ғана емес, сондай-ақ саясаттан – қаржыға, ауыл шаруашылығынан спортқа дейінгі салалардың дамуына серпін береді. Astana Media Week тек қана журналистерді емес, сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдерін, сарапшыларды, шетелдік қонақтарды жинайды. Бір жыл бұрын осы шара аясында елімізде алғаш рет 100-ден астам продакш-компаниялар үшін контент маркет өтізілді. Республикалық телеарналар «продакшн» индустриямен біріге отырып, көптеген қызықты, креативті дүниелер тудырды. Сонымен бірге Белоруссия, Ресей, Өзбекстан, Түркия өкілдері де қатысады. Бұл алаң дәстүрлі түрде жалғасып, жылдан-жылға маңызы арта түседі деп ойлаймын, – деп сөзін түйіндеді министр.
Шараның бірінші күні медиа-контентке тапсырыс берушілердің, ірі телевизиялық және радио-компания­лар, сонымен қатар өндірістің жеке нарығы өкілдері: продакшн-студия­лардың, шығармашылық ұжым­­дардың, продюсерлік орталық­тардың, ақпарат, медиа-сауық, музыка және кино салаларын­дағы автор­лық жобалардың арасында пәрменді диалогтық алаң құруға арналды. Сонымен қатар білікті мамандардың қатысуымен Media Talks ұйымдастырылды. Онда Рахым Ошақбаев болашақ экономикасы, Ләззат Танысбай медиа менеджмент, Нариман Қойшыбаев өмірді продюссерлеу, Альмира Тұрсын адамның мүмкіндіктері, Азамат Байғалиев фантасттардың дәуірі туралы өз ойларын ортаға салды.
Екінші күнінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұлттық БАҚ баспа нарығының дамуының ең өткір мәселелерін, жаңа конвергентті формаларға өту кезіндегі қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылау мақса­тын­да Қазақстан бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өңірлік Форумын өткізді.
Үшінші күнге Astana Digital Forum жоспарланған. Ол кең спектрлі мәсе­лелер бойынша – сандық маркетинг құрал­­дарынан бастап криптовалюта нарығына шолуға дейін пікір алмасу мүм­кіндігімен халықаралық деңгейдегі спикерлердің сөз сөйлеуіне арналатын болады.
Еске сала кетейік, Astana Media Week апталығы 26 қыркүйек күні басталды. Айтулы шара 28 қыркүйекке дейін жалғасады.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.