«Хабардың» жаңа маусымы

Күз мезгілінде еліміздің барлық телеарналарында жаңа маусым бас­талады. Көрермендеріне тың дүниелер әзірлеп, жаңа бағдар­лама­лармен қуантады. Бұл маусымға «Хабар» телеотбасы да үлкен дайындықпен келді. 

«Хабар» телеарнасының ең басты жаңалығы «Балалар Евровиде­ниесін» тікелей эфирден көрсетіп, 25 қараша күні Минск қаласында өнер көрсететін қатысушыны анықтады. Байқаудың 15 жылдық тарихында Қазақстан алғаш рет бағын сынамақ. Албания, Армения, Австралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Мальта және т.б. мемлекеттер қатысатын байқауда Қазақстанның намысын қазылар алқасы мен көрерменнің ортақ шешімі бойынша Данэлия Төлешова қорғайды. Ол украиндық «Голос. Дети» тележобасының жеңімпазы, 2015 жылғы «Детская новая волна» байқауының көрермендер көзайымы. Былтыр «Европа үміті» додасында гран-приді жеңіп алған. Данэлия «Балалар Евровидениесінде» «Өзіңе сен» әнін орындайтын болады. Туынды қазақ және ағылшын тілдерінде жазылған. «Ән – кешегі мен ертеңгіні ойлай бермей, бүгінгіні бағалау керектігі туралы. Әрбір минут, әрбір сәтті сезініп өмір сүру қажет. Қандай да бір арман, мақсат болса, оны дәл сол сәтте іске асыруға ұмтылу керек. Себебі ешкім де оған қол жеткізуге көмектеспейді» дейді Данэлия Төлешова.
«Евровидение – бұл бренд. «Балалар Евровидениесі» де маңызды жоба. Бұл байқау бүкіл әлемге «АББА» тобын және көптеген таланттарды таныстырғанын еске сала кеткім келеді. Балалар Еврови­дениесінің де өз тарихы мен дәстүрі қалыптасып үлгерді» деген «Хабар» агенттігі басқармасының төрағасы Алан Әжібаев Данэлияға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар осы жылы «Хабар» те­леарнасының көрермендері бірнеше әлем­дік форматтағы шоулардың куәсі болады. Солардың алғашқысы «Топ­жарған» вокалдық шоуы. Аталмыш бағдарлама бұған дейін АҚШ («The Four: Battle for Stardom»), Ресей («Успех») және өзге мемлекеттерде жақсы қабылданған. Шоудың басты ерекшелігі талантты төрт қатысушы бірден анықталады. Яғни байқаудың финалистері алғашқы кезеңде белгілі болып, олар әр шығарылым сайын жаңадан келгендердің алдында өзінің жобаға лайық екенін дәлелдеуі керек.
Арнаның тағы бір басты жобасы – «Зерде» интеллектуалдық ойыны. Бұл BBC (Би-Би-Си) телеарнасынан көрсетілетін «Mastermind» шоуының Қазақстандық нұсқасы болады. Бүкіл әлемге танымал хабар Ұлыбританияда 46 жылдан бері эфирге шығып келе жатыр. Бағдарламада ұтыс болмайды, мұнда ойыншылар өздерінің білімі мен ақыл-ойын, зияткерлігін тексеруге келеді. 30 қыркүйектен бастап әр жексенбі шығып жатқан бағдарламаны актер әрі режиссер Бөпеш Жандаев жүргізеді.
Жаңа маусымдағы тағы бір жақсы жаңалық – «Хабар» телеарнасына бұрынғы жүргізушілердің оралуы болды. Зейін Әліпбек, Марат Мұхамедсалиев, Айгүл Мүкей және Досымбек Өтеғалиев сынды қаламы қарымды, ел жүрегінен орын алған дикторлар эфир ажарын аша түскендей. 10 қыркүйектен бастап Зейін Әліпбек «Қорытынды жаңалықтардың» қазақ тіліндегі және Марат Мұхамедсалиев орыс тіліндегі нұсқасын тізгіндеп үлгерді. Ал Айгүл Мүкей дүйсенбі-сәрсенбі күндері «Давайте говорить» бағдарламасында ең өзекті, көрерменнің көкейінде жүрген түйткілі көп мәселені ортаға салуда.
Енді «Миллион кімге бұйы­рады?» шоуы қазақ тілінде жарық көріп жатыр. Естеріңізде болса, интеллектуалдық ойынның қазақ тіліндегі нұсқасы 2004 жылы «Хабар» арнасынан көрсетіліп, екі жылда мыңдаған адам қомақты қаржы ұтқан болатын. Ол кезде ойынның жүлде қоры 5 миллион болса, қазір екі еселеніп, 10 миллион теңгені құрады. Бағдарламаны белгілі тележүргізуші ­Досымбек Өтеғалиев жүргізеді.
«Хабар» агенттігі жыл сайын көрермендеріне оннан аса әртүрлі жанрдағы телесериал ұсынып келеді. Былтырдан бастап қазақ телевизиясында алғаш рет детектив жанрындағы картиналар эфирге шығып, аудитория жақсы қабылдады. Осы дәстүрден жаңылмай күзгі маусымда тың дүниемен басталды. Қыркүйек айында режиссер Асхат Мұсабайдың «Тағы да сүй» ро­мантикалық комедиясы көзі қарақты көрермен назарына ұсынылды. Ал ­1 қазаннан бастап Ғазиза Әбдінабиева басты рөлді сомдайтын «Детектив әже» комедиясы мен «Аға» криминалдық дра­масы эфирге шығуда. Алдағы уақытта «Қарлығаш ұя салғанда», «Бөрі», «Келін­жен», «Шашу», «Біздің қаламгер» сынды телефильмдер көрсетіледі деп жоспарлануда.
Еліміздің тұңғыш киноарнасы «Ел Арна» классикаға айналған жауһар ­туындылар мен бүгінгі күннің үздік картиналарын ұсынады. Алғаш рет арна эфирінде Түркі әлемі және Орталық Азия мемлекеттерінің «алтын қорында» сақталған фильмдер қазақ тілінде көрсетіледі. Тәжік ­туындыларынан бастау алған апталық, Өзбекстан, Әзербайжан фильмдерімен жалғасады.
Жалпы Агенттік телеарналарының жаңа маусымдағы жаңалықтары мұнымен бітпейді. Спорттық шаралар мен халықаралық жобалар, жаңа сериалдар мен деректі фильмдер алдағы уақытта да көрермен назарына ұсынылады.

Гүлнұр ДОСБОЛОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.