Ұсыныстарыңызды ризашылықпен қабылдаймыз…

«Ана тілі» газетінің 2018 жылғы 26 шілде – 1 тамыздағы №30 (1444) санындағы Әсел Сарқыттың «Тіл сақшысы» айдарында Министрліктің ресми веб-сайтына жасаған шолуын зейін салып оқығанымызды хабарлаймыз.

Мемлекеттік тіл – қазақ тіліміздің қолдану аясын кеңейтуде атқарып жатқан жұмыстарымыздың қоғам ­назарынан тыс қалмай, оның сынға түсуін заңды деп санаймыз. Сіздердей жанашыр бұқаралық ақпарат құралының конструктивті пікірі мен ескертулері осы жұмысты нығайтуда Министрлік үшін аса маңызды.
Веб-сайт қызметтерді сақтап, оларды жинақтайтын үлкен қор. Оны толықтырумен Министрліктің түрлі департаменттері мен құрылымдық бөлімшелерінің көптеген қызметкерлері айналысады. Қазақтілді материалдарымыздағы олқылықтарды көрсеткеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Осы жұмыстың жалғасуын және жалпы дипломатиядағы мемлекеттік тілдің деңгейін арттыру жөніндегі ұсыныстарыңызды ризашылықпен қабылдаймыз.
Дипломаттарды, журналистерді, қала берді тұтастай қоғамның алдында қазақ тілінің қоғамдық-саяси тұрмыс-тіршілікте қолданылуын қамтамасыз ету жөнінде қыруар жұмыс күтіп тұр. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ана тіліміздің Қазақстанның дипломатиялық қызметтің басты коммуникациялық құралы ретінде бекітілуіне ерекше көңіл бөледі. Осы мәселе қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының ректорларымен және жетекші журналистерімен жуырда өткен кездесу барысында да талқыланған болатын.
Қазіргі таңда барлық ресми ісқағаздарын жүргізу және дипломатиялық ноталарды жазу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен бірге соңғы ширек ғасыр ішінде Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын және басқа тілдерді тең дәрежеде меңгерген дипломаттардың жаңа буыны пайда болғанын айырықша атап өткен жөн.
Алайда ана тілімізді қоғамдық-саяси ақпаратты жет­кі­зудің негізгі құралы ретінде қалыптастыру жолында объек­тивті қиындықтардың бар екенін мойындау қажет. Мысалы, Министрліктің баспасөз қызметіне сауалдардың көпшілігі орыс тілінде келеді. Бұл біздің қоғамымыз бен журналистеріміздің халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат мәселелерін талқылауда мемлекеттік тілге басымдық бермейтінін аңғартады. Осындай жағдайда қазақ тіліндегі сапалы контентке деген сұраныс қайдан пайда болсын? Бұл сұранысты біз бірлесе туғызуымыз қажет. Саясат, экономика мен қоғамдық өмір туралы ана тіліміздегі ақпаратқа деген қызығушылықты ынталандыруымыз керек.
Бұл мәселе бойынша Сіздермен барынша ынтымақтасуға дайынбыз.

Т.ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҚР Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық ақпарат
комитетінің төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.