«Құс қанаты» талмайды

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Белгілі жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нағашыбек Қапалбекұлы көп ізденіп, терең зерттеп, тарихи тұлғалар туралы көп қалам тербеген жазушы. Жазушының қаламынан шыққан қай шығармасы болсын еліміздің тарихына қосылған сүбелі еңбек, тың тақырып деп бағалауға негіз бар. Қарасай, Наурызбай, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Төле би, Балуан Шолақ, Құртқа тәуіп секілді тарихи тұлғаларды оқырманымен қауыштырып, халқының ыстық қошеметіне бөленіп, абыройын асқақтатып келеді. Құнды еңбектері арқылы елінің алғысына бөленген қаламгердің Ұлттық кітапханада қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр» және түрік тіліндегі «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті.
Жиынды филология ғылымының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан жүргізіп, бүгінгі таныстырылып отырған төрт кітаптың ғұмыры ұзақ болып, жастардың кәдесіне жарасын деген тілегін жеткізді.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев жазушының парасаттылық қасиетін атап өтіп, еңбекқорлығына тоқталды.

«Соғыс жылдарындағы біздің өміріміз, сол кездегі қиын кезеңдер, ағалар мен әкелеріміз әскерге кетіп, олардың ауыр жүгі мойнымызға түсіп, қаршадайымыздан қара жұмыс істеген кездер, соның барлығын мына еңбегінде анық, айқын көрсеткен» деп, жазушының «Суықтөбенің ұлары» кітабындағы көкейкесті мәселелерді, халықтың басынан өткен кешегі ауыр кезеңдер, адам болмысының нәзік қырлары, аянышты тағдыры, қарапайым жандардың тіршілік тынысы, ішкі жан дүниесі, өмірге деген құштарлығы шынайы сурет­тел­генін тілге тиек етті. «Қазір кітап оқымайды дейді, ол мүмкін емес, өйткені біздің тарихымызда болған мәселенің барлығы кітапта қалады, бәріміз кетеміз, ал кітап қалады, жұрт оны іздейді. Мәселен, бір батырдың бейнесін Н.Қапалбекұлының кітабынан көреді» дей келе, жазу­шы­ның еңбектерінің құндылығы мен мән-маңы­зына тоқталды. Еліміз егемендік алғаннан бері талай құнды еңбектің шығып жатқанын, ата-баба­мыздың, батырлардың еңбектері шаң ас­­тында қалмай, жарыққа шығуы тиіс екенін жет­кізіп, қаламгерге шығармашылық табыс тіледі.
Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылы­мының докторы Темірхан Тебегенов: «Қазақтың бай әдеби тілінің қоры, қолданыстары, сөз тір­кестері, жеке сөзге, жеке сөйлемдерге мағына сыйғызатын суреткерлік қасиеті ­Нағашы­бек шығармашылығын даралап тұр. Оның шығармаларында соғыстан кейінгі қазақ отбасыларындағы ауыр хәл, жетімдік, жесірлік сынды тағы басқа сол кездердегі психологиялық ахуалды қазақы ортаның тілімен, қарапайым адамдардың көзімен бейнелеп суреттейді. Әдебиетте оқырман кейіпкерге айналу деген бар. Нағашыбек шығармаларынан да әр оқырман өз тағдырын көреді» деп, жазушы шығармаларына жоғары баға берді.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік ­Отарбаев Түркия елінен арнайы келіп, салтанатты жиынға қатысты. Ол Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының құттықтау хатын оқыды.
– «Сізді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында өтіп жатқан орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар Түркияда түрік тілінде жарық көрген «Құс қанаты» атты кітаптарыңыздың тұсаукесер рәсімімен шын жүректен құттықтаймын.
«Құс қанаты» әңгімелер жинағыңыз түрік оқырмандары тарапынан жылы қабылданып, үлкен қызығушылыққа ие болды. Сонымен қатар бауырлас ел Сізді Анкарада ашылған «Сүйінбай Аронұлы» атындағы саябақ пен ескерткіш және «Жамбыл» атындағы көшенің ашылуына орай ұйымдастырылған халықаралық кон­ференциялар арқылы да жақсы таниды. Сіздің мазмұнды баяндамаларыңыз бен тұ­шымды ойларыңыз екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырып, рухани достығымызды нығайта түсті.
Осы орайда Сізге өзімнің ыстық ықыласым мен зор құрметімді жеткізе отырып, шығарма­шылық табыс және отбасыңызға амандық тілеймін» делінген елшінің құттықтау хатында.
Әрі қарай М.Отарбаев Нағашыбек Қапал­бекұлына түркі мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Анкарадағы Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қоры­ның арнайы сыйлығын табыстады. Кечиөрен муниципалитетінің мэрі М.Актың, Еуразия жазу­шылар қауымдастығының төрағасы Я.Омароғлының, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығының төрағасы О.Баштың және Әлем сөз академиясының тө­рағасы Х.Ивгиннің құттықтау хатын жеткізіп, тұсаукесер қарсаңында Ыстамбұлдан шығатын «Önce Vatan» (Әуелі Отан) газетінің журналисі М.Кемал Саллының «Құс қанатындағы әңгімелер», сондай-ақ Анкарадан шығатын «Anayurt» (Анажұрт) газетінің журналисі ­Орхан Селеннің «Қазақ жазушысы Нағашыбек Қапалбекұлы» атты сараптамалық мақалалары жарық көрген басылымдарды тапсырды. Онда авторлар қаламгердің «Құс қанаты» атты кітабы мен шығармашылық қолтаңбасы туралы, жалпы қазақ әдебиетінің түркі әлеміне тигізер ықпалы жайлы өз ойларын ортаға салады.
«Жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев 25 қазақ жазушысының әңгімелерін аударып, құрастырған «Hüzün Kuşağı – Atayurt’tan Öyküler» (Сырлас буын – Атажұрттан әңгімелер) антологиясынан алғаш рет Нағашыбек Қапалбекұлы­ның «Бір уыс бидай» әңгімесін оқып, үлкен әсер алған едім. Кейін «Құс қанаты» әңгімелер жинағымен танысып шықтым. Біз әдетте түркітілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағы туралы жиі айтамыз. Бірақ көп жағдайда барлығы сөз жүзінде қалып қояды. Менің ойымша, түркі ынтымақтастығы саяси-экономикалық келісімдермен шектелмеуі тиіс, мәдени-гуманитарлық салада да қоян-қолтық араласуымыз керек. Халықтарымыз бір-бірімен жақындасуы қажет. Ол үшін ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып, көп оқуға міндеттіміз. Мысалы, бүгінгі таңдағы Түркияның мәдениеті мен дінінің, өркениеті мен ғылымының қалыптасуы жолында Қожа Ахмет Ясауидің алар орны ерекше. Сол сияқты түркі әлемін біріктіретін үлкен идея біздің әдебиет саласындағы ынтымақтастығымызға байланысты өрбігені орынды болмақ. Ол үшін Түркиядағы кітап дүкендерінде түркітілдес халықтардың әдеби кітаптары сатылмайынша, оларға арналған насихат жүйелі жолға қойылмайынша, түркі бірлігі тек қиял болып қала береді. Егер біз өз мақсатымызға жете алсақ, Нағашыбек Қапалбекұлының «Құс қанаты» сияқты әңгімелері түркі әлемі әде­биетіне қосылған үлкен үлес болар еді» дейді Орхан Селен.
М.Кемал Саллы өз мақаласында жазушының өмір сүрген ортасы, балалық шағы туралы әңгімелей келе, Нағашыбек Қапалбекұлы өз еңбектерінде ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән беретінін атап өтіпті. «Автордың туындылары көп жағдайда қазақтың шежіресіне, әдет-ғұрпы мен таным-түсінігіне негізделеді. Сондай-ақ Сүйінбай, Абай, Жамбыл сияқты тарихи тұлғаларды танытуды өмірлік ұстаным етіп алған. Әсіресе туған жері «Қызыл әскер» ауылында өмір сүрген адамдар шығарма кейіпкерлеріне айналған» дейді журналист.
Жиын барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Ахмади және т.б. сөз сөйлеп, тарихи тақырыпқа қалам тарту екінің бірінің қолынан келмейтінін, Н.Қапалбекұлы үндемей жүріп, үлкен іс тындыратын азамат екенін, жазушының шығармалары еліміздің тарихына қосылған сүбелі еңбек екенін атап өтіп, еңбектері арқылы халықаралық аренаға шыққан тұлға деген баға берді.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің құттықтауын әкімнің кеңесшісі ­Мамай Ахет табыстаса, Қытай Халық ­Республикасынан келген құттықтау хатты У.Қалижан оқып, болашақта жазушының шығармалары қытай тіліне аударылатынын жеткізді. Республикалық «Ақ орда» қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлының құттықтауын төраға орынбасары Қанат Мұсақұлов табыстап, жазушыға ізгі құрметін білдірді.


Жиналғандарға ризашылығын білдірген Нағашыбек Қапалбекұлы алдымен Қазақ­станның Түркиядағы елшілігінің жауапты қызметкері, жазушы М.Отарбаевқа алғыс айтты.
«Осы тұсаукесер рәсімін өткізуге тікелей ұсыныс білдірген Түркиядағы Қазақстанның елшілігінің жауапты қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев бауырымыз болатын. Ол Түркияда «Құс қанаты» атты кітабымның шығуына үлкен ықпал етіп, енді туған жерде, Алматыда осы кітаптың тұсаукесерін өткізейік деді. Аудармашы, жазушы Амантай Ахетовтың аудармасымен «Туман, спустившийся с гор» атты тұңғыш рет орысша кітабым жарық көрді. Сондай-ақ Кәшке батыр жөнінде арнайы зерттеу кітабым қазақ және орыс тілінде жарыққа шықты. Алматы облысының әкімшілігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісу кітапханасы» сериясымен «Суықтөбенің ұлары» атты еңбегімді шығарды. Оған «Суықтөбенің ұлары», «Құт пен жұт», «Ақ шымылдық», «Сүлде», «Үрей» және басқа да сиясы кеппеген тың әңгімелер мен «Жерошақтың түтіні» атты повесть еніп отыр. Осы кітаптардың барлығын басын қосып, арнайы тұсаукесер өткізген азаматтардың барлығына алғыс айтамын» деп, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Қаламгердің бүгінгі күнге дейін 45 кітабы жарыққа шыққан. Мұның жартысына жуығы тарихи, деректі, танымдық кітаптар. Бұл жөнінде жазушы: «Ел біле бермейтін, көпшілік білмейтін, қалың шаңның арасында қалған тарихи тұлғаларды зерттеп, жинақтап, жазып, кітап етіп шығару, кейінгі ұрпаққа аманат ету, менің бір басты парызым сияқты көрінеді. Өйткені оны дер кезінде мен жазбасам, мен зерттеп жарыққа шығармасам, ешкім білмей кетеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты осы мәселені кезек күттірмей қолға алып жатырмын. Көптеген тарихи тұлғалар жөнінде зерттеу кітаптарым бар. Дайын тұрған зерттеулер де бар, осы жұмысты одан әрі жалғастыра беремін» деп, еңбегі бағаланғанын, Қазақстанның төрт университеті профессор атағын бергенін, қаншама марапаттарға ие болғанын қуанышпен жеткізіп, алдағы уақытта осы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретінін айтты.
Тағылымды дүниелерімен оқырманның көкірек көзін ашып, жан дүниесін байытуға өзіндік үлес қосып келе жатқан қаламгердің алар асуы биік болғай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.