«АҚЫНДЫҚ пен ҰСТАЛЫҚ ҚОС ҚАНАТЫМ…»

(Белгілі ақын, он саусағынан өнер тамған  Серікбай ОСПАНОВПЕН сұхбат)

– Қостанайдағы қазақы өңір жайлы сөз болғанда, көз алдымызға ұл­тымызға Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков секілді біртуар тұлға­ларды берген киелі Торғай тұра қалады. Қателеспесем, сіз де осынау қа­сиетті топырақта дүниеге келген жоқсыз ба?
– Оныңыз рас. Киелі Торғай – ұлтымыз үшін ыстық мекен. Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, ол жақта қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан қаншама ұлы тұлғалар дүниеге келді.
Мен де Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының бұрынғы Шилі ауылындағы Балдай деп аталатын жасыл жайлауда туып-өстім. Өзімнің «Балдай таудың баурайында» деп аталатын өлеңдер жинағымда осы киелі жерге деген перзенттік ­махаббатымды өрнектеуге тырыстым.
Содан кейін Қамысты ауданын­дағы Бестау орта мектебін бітірдім. Қайда жүрсем де өзімнің кіндік қаным тамған елді мекенді бір сәт те ұмытқан емеспін.
– Өзіңіз кезінде мектеп бітірген соң, туып-өскен Шилі кеңшарында аға пионервожатый болып еңбек жолыңызды бастапсыз.
– Бестау орта мектебін ойдағыдай тамамдаған соң, балалық шағымның ізі қалған Шилі кеңша­рын­дағы сегіз жылдық мектепке аға пионер-вожатый болып барғаным рас. Өздеріңізге белгілі, ол кездері білім ордаларында талап өте жоғары еді. Әлгі қызметті бастаған кезде өзіміздің шәкірттерімізге қай жағынан болсын үлгі көрсетуге тырысатынбыз. Үсті-басымыз мұнтаздай таза болатын. Шалбарымыздың қыры сынбайтын. Әрбір сөйлеген сөзімізге аса мән беруші едік. Сондықтан да болар, ұл мен қыздардың алдында беделіміз жоғары болды.
– Жұртшылық сізді, ең алдымен, сөз құдіретін түсінетін талантты ақын ретінде біледі. Өлеңді неше жастан бастап жаздыңыз?
– Мен поэзияға ерте ден қойдым. Сонау сағымдай бұлдырап артта қалған мектеп қабырғасындағы 4-ші сыныптан бастап өлең жаздым. Ең алғашқы өлеңім «Туған жер» деп аталады. Оған ауылымның қадір-қасиетін, көркем табиғатын арқау еттім.
Осы тырнақалды тұңғыш жыр жолдарым Жан­­гелдин аудандық «Социалистік ауыл», содан кейін облыстық газетте жарық көрді. Әрине, ол күндерде қуанышымда шек болған жоқ. Мұндай жоғары көңіл-күйді қазір арамызда жүрген қаламдас бауырларымның бәрі де уақытында бастан кешті.
Шыны керек, сол алғашқы басылымда шық­қан өлеңім маған қанат бітірді. Содан бастап, әде­биетке деген құштарлығым артты. Мектеп кітап­ха­насындағы ұлы жазушылардың шығарма­ларын бас алмай оқитын болдым.
Ақын болу үшін көп іздену керек екендігін де түсіндім. Сондықтан Торғайда өскен біртуар дарындар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қайнекей Жармағамбетов және басқа елге кеңінен танымал ақындардан көп үйреніп, тағылым алдым.
Олар ауылға келгенде жандарынан табылып, шығармашылық сапарларда бірге жүріп, дәмдес, сырлас болдым. Бұл көрнекті тұлғалардың әдебиет, жалпы поэзия туралы ой-пікірлерін тыңдаудың өзі біз секілді темір қанат жастарға үлгі еді.

Жастық шағымның куәсі

– Сіздің замандастарыңыз кезінде сонау Ала­таудың баурайындағы әсем қала Алматыда оқып, өздері армандаған мамандығын игеруге талпынатын. Ақын Серікбайды да елімізге кеңінен танытқан осы сұлу шаһар емес пе?
– Иә, біз Алматыға мәңгілік қарыздармыз. Өйткені сонау қиырдағы ауылда ержеткен мен секілді бозбалалар өздерінің армандарына осы қалада жүріп жетті. Таңдаған мамандықтарын игеріп, шығармашылық биікке көтерілді.
Өзім де осы шыңдары аспанмен таласқан шаһар­ға арман қуып келіп, сонда 30 жылдан астам ғұмыр кештім. Сондағы еліміздегі ең іргелі оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің журналистика факультетін бітірдім. Осында қалып, республикалық Қазақ радиосында «Ауыл өмірі» редакциясының редакторы ретінде талай хабарларды дайындап, эфирге шығардым. Сол радиода жүрген кездерімде «Ән шырқайық» деп аталатын бағдарламаның «Айдың үздік ән мәтінінің» авторы ретінде арнайы дипломмен марапатталдым. Осының бәрі де менің шығармашылық жағынан шыңдалуыма ықпал етті.
Ұзақ жылдар бойы «Жалын» баспасында редактор, редакция меңгерушісі сынды қызметтерді атқарған кездерімде де республикамыздың әр түкпірінен келген талантты жастардың алғашқы жинақтарын, ақын-жазушылардың көптеген ел есінде қалған туындыларын шығаруға өзімнің септігімді тигіздім.
– «Қазір ақындар бір-бірінің кітап­тарын оқы­майды» деген сөз бар. Бірақ менің байқауымша, сіздің қолыңыздан кітап түспейтін секілді. Мынау үйіңіздің қабырғаларындағы сөрелерді алып тұрған жинақтар да көп жайдан хабардар етсе керек.
– Әр ақын – өзінше бір әлем. Мен ғұмырымды кітапсыз елестете алмаймын. Осы уақытқа дейін 40-тан астам кітап жазыппын. Оның отызы – таза поэзия. Қалғандары – ғылыми еңбек, оқу құралы, әдістемелік кітаптар. Монографияларым да жеке жинақ болып жарық көрді. Тіпті «Қазақ ақындарының публицистикасы» деп аталатын еңбегім де шықты.
Ал «Ақындар әлемі» атты кіта­бымда, жалпы ақындықтың қыр­лары мен сырлары жан-жақты баян­далады. Мұнда мен өзіміз пір тұтып, жинақтарын студент кезден көз майын тауыса оқыған ұлы ақындардың өмірі мен шығармашылығын тікелей байланыстырамын. Оның әдебиет танытқыштық жағы да мол. Осы туындыны қолға алған жігіттер мен қыздар әдебиетке адалдық танытады деген ойдамын. Өйткені шығармашылық жұмыстың тауқыметі де жетеді. Ол оқырманын ойландырмаса, жарқын істерге жігерлендірмесе, жан дүниелерін рухани жағынан байытпаса, берері жоқ арзан туындының кімге қажеті бар?
Өзін нағыз шығармашылық адамы деп есептейтін кез келген азамат бұрынғы ұлы ақындармен қатар, өздерінен кейінгі жастардың да поэзияларынан сусындап, олардан да үйреніп отырады. Мен де, күнделікті газет-журналдарды былай қойғанда, әдебиетте өздерінің жазу өрнегін қалыптастырып келе жатқан жас жігіттер мен қыздардың кітаптарын үнемі қадағалап отырамын.


Ұсталықты әкемнен үйрендім

– Секе, сізді замандастарыңыз ақындық қарым-қабілеттеріңізбен қатар ұста ретінде де жоғары бағалайды. Өйткені қолыңыздан шыққан домбыра, жасалған бесік, сандық, үйге таптырмайтын есіктер өзінің жоғары сапалылығымен де дараланады. Мұндай кез келген адамға бұйыра бермейтін қасиет кімнен дарыды?
– Біздің қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Ол өмірде әбден дәлелденген шындық. Қандай өнер болмасын, атадан балаға мирас болып қана қоймайды, тұқым қуалайды екен. Соған өзімнің 70-тен асқан кезімде көзім әбден жетті. Бұлай деуге менде толық негіз бар. Мәселен, менің атам Құрыш сонау бір жылдарда ағаштан түйін түйген шебер болыпты. Одан осы өнер әкем Оспанға дарыған. Әкем туралы сөз болғанда, тағы да сонау балалық шағымның ізі қалған Шилі ауылына аз-кем шегініс жасауға тура келеді. Бұл аудандағы ырыс-берекесі тасыған қазақы ауыл еді. Әкемді жергілікті халықтың сыйлайтындығы соншалық, ол сонадайдан көрінсе, жерлестері «ағаш шебері келе жатыр» деп, оған ерекше ілти­патпен сәлем береді екен. Көпке белгілі, қазақи ауылдағы ағайындар самаурынмен шай ішетіндігі аян ғой. Әкем марқұм сол қалың жұрт­шы­­лықтың көңілін қалдырмай, самаурынға аса қа­жетті мұржаларды қаңылтырдан ерін­бей жасап беретін.
Ол кісіні кешегі қанды майданды бастан кешкен соғыс ардагері ретінде де күллі аудан басшылары құрметтейтін. Неміс жендеттерімен болған шайқаста сол қолынан айырылды. Бірақ оған бола ешқашанда рухы түскен емес. Қанды шайқасқа қатысқанын бұлдаған жоқ.
Өзім үйдегі жалғыз ұл болған­дықтан ба, үнемі әкемнің жанында жүретінмін. Ол домбыра, бесік, күнделікті тіршілікке қажетті шана, арбаларды жасаған кездері қасында отырып, әлі кішкентай ойын баласы болсам да, оның қолынан шыққан дүниелерге ерекше зейін қоятынмын.
Кезінде ардақты әкеме арнап «Мұра» деп аталатын поэма жаздым. Онда:
«Қалдырғысы келді ме екен ол мұра?
Домбыра тарту әлде арманы болды ма?
Жалғыз қол боп оралып әкем майданнан,
Қарағайдан жасап берді домбыра» деген жолдар бар.
Әкемді қазір ерекше сағынышпен жиі еске аламын. Адам баласы тірі кезінде бір-бі­рі­­нің қадірін біле бермейді ғой. Ол мен 8 жасқа тол­­­ғанда бақилық болды. Бірақ оның түр-түсі, іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы әлі күнге дейін менің көз алдымда. 5 жасқа келгенімде, әкем Оспан кәдімгі қа­ра­ғайдан домбыра жасап бергені мәңгілік жадымда қалды.
Осы күнге дейін әке үмітін ақтауға барымды ­салып келемін. 4-сыныпта асқар таудай әкемнің үлгісі бойынша шана жасап, барша ауылдастарымның ақ батасын алдым. Алматыдағы университеттің журналистика факультетінің ІІ курсында оқып жүрген кезімде қарағай ағашынан ойып, домбыра жасадым. Қа­зақтың бұл ұлттық аспабы – жастық шағымның куәсі, барша студент достарымның көңілінен шықты.
Кейін осы домбырамды Қостанай қаласындағы нұржантанушы, танымал өнер иесі әрі әнші, марқұм Сыздық Әбілғазин аттай қалап, сұрап алды. Өзімнен үлкен кісінің өтінішін қимай, сыйладым…
– Сіздің 1996 жылы Алматыдағы «Өнер» ­баспасынан «Шебердің қолы ортақ» сериясымен «Бесік» деп аталатын шағын кітапшаңыз жарық көргені де белгілі. Бұл таптырмайтын дүние ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын жұртшылық арасында лезде тарап кетті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл сөзіңіздің де жаны бар. Осы «Бесік» деп аталатын шағын кітапша, шынында да, барша қандастарымызға ұнаған секілді. Сондықтан болар, тез тарап кетті. Әлі күнге дейін оны сұрап, үйіме еліміздің түкпір-түкпірінен телефон соғатындар жеткілікті. Болашақта оны тағы да баспадан шығарсам деген ойым бар.
Өйткені бесік – халқымыздың күнделікті тұрмысында ғасырлар бойы қолданылып келген аса қажетті әрі қастерлі үй мүліктерінің бірі. Оның қазақтың отбасындағы дүниеге шыр етіп келген нәрестенің күтіміне, тазалығына өте қолайлы екендігін де ешкім жоққа шығара алмас.
Мен осы еңбегімде бесіктің қалай жасалатын­дығын, оның жабдықтарын, кішкентай нәрестені бесікке қалай бөлеу керек екендігін, жалпы оның ұлтымызға тигізер пайдасы хақында баяндауға тырыстым.
– Кейінгі ұсталыққа ден қойып жүрген інілеріңізге тағылым болсын, домбыра жасаудағы өзіңіздің тәжірибеңізбен де бөлісе кетсеңіз? Оған қажетті шикі­затты қайдан аласыз? Ұлттық құндылық­тары­мыз­дың сапасы жөніндегі пікіріңізді де білсек?
– Ең алдымен, оқырман бауырларыма айтарым, бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құнды заттарымызды мен тек ақша табу үшін ғана емес, ой еңбегінен шаршаған кездері бойымды сергітіп, демалу үшін жасаймын.
Күнделікті қызметтен үйге оралған соң, ас-суымды ішіп алып, өзімнің шеберханама барамын. Сонда отырып домбыра, бесік, сандықтарды ­жасауды қолға аламын. Өзім жер үйде тұратындықтан жұмыс істеуіме өте қолайлы. Мұндай кездері маған ешкім де кедергі жасамайды. Үй ішіндегілер де оған әбден үйренген. Бұл аталған бұйымдармен қатар, қазақтың ежелден келе жатқан астау, ожау және басқа да ұлттық заттарды дайындаймын. Тіпті бесіктің шүмегін де сүйектен жасаймын. Сондай-ақ домбыраны да жөндеп, қалпына келтіретін өнерім бар.
Мен үшін істелген заттарымның сапасы аса маңызды. Сол себептен домбыра жасауды қолға алғанда оның дыбыс-үнінің құлаққа аса жағымды болу жағына көбірек көңіл бөлемін. Домбыраны кез келген адам шерткен кезде ол сыңғырлап тұруы керек.
Өзімнің ұзақ жылдардан түйгенім, қызыл ағаштан жасалған домбыраның үні ғажап. Өкінішке қарай, ол қолға түсе бермейді. Сонымен қатар жаңғақтан, қарағаштан, алма ағашынан істелінген ұлттық аспап та сапалылығымен дараланады. Үйеңкі мен қарағай да ыңғайлы. Қыз қарағай бет тақтайға өте қолайлы. Шеберханада ұсталыққа берілгенім соншалықты, түннің бір уағына дейін отыратын кез­дерім аз емес. Оның іші әрқашан пайдаланылатын құрал-сайман, үлкенді-кішілі нәскүрік, іскенже, ара, балға, түрлі пышақ пен басқа заттарға толы.
– Менің пайымдауымша, осындай ұлттық аспаптарды жасау үшін оған психологиялық дайындықты айтпағанның өзінде, тыңғылықты ізденістер қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Өзіңіз, ұсталыққа кіріспес бұрын, қандай еңбектерге сүйендіңіз? Қостанайда сіз секілді домбыра жасаумен шұғылданатын қазақтың жігіттері бар ма?
– Өзімнің өткен кезеңдерде көңілге тоқығаным, ізденбейтін, жалқау адамнан ештеңе шықпайды. Ол үшін барлық зейініңді, білім-білігіңді, қарым-қабілетіңді біржола сол жолға бағыттауың керек. Сондықтан әлгі ұлттық аспаптарды қолға алмас бұрын, өз басым, көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің «Алтын домбыра туралы аңыз», белгілі ғалым, көпке танымал зиялы азамат Сағатбек Медеубекұлының «Домбыра» деп аталатын кітаптарын бірнеше рет қайталап оқып шықтым.
Содан кейін зердеме түйгенімді тәжірибемен күн­делікті ұштастыруға тырыстым. Осы уақытқа дейін жасаған домбырама, бесігіме, сандығыма және басқа да заттарыма орынсыз сын айтып, қай­та­рып берген адам болған жоқ. Соған қарағанда, бұл кә­сіпке де өзімді біршама төселіп қалған секілді сезінемін.
Қостанайда менен басқа домбыра жасаумен айналысып жүрген өнер майталмандары бар­шы­лық. Мен олардың қатарына ҚР Мәдениет қайраткері, І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Қабдол-Мәжит Иманов пен суретші Мұхамедқали Рахалиевті қосар едім.
Қазір бұл екеуі де домбыра жасаудың хас ше­бер­лері. Олардың қолынан шыққан дүниелерді өнер адам­дары да іздеп жүріп алады. Сол домбыралармен сах­нада әуелете ән шырқап, баршаға насихаттап жүр.
Орайы келгенде, өзім тек домбыра ғана жасап қоймай, қойдың және ешкінің ащы ішектерін иіріп, ішек те дайындайтындығымды айтқым келеді. Мұндай ішек тағылған домбыраның дыбысы қа­шанда ерекшеленіп тұрады. Бұл да менің бойым­дағы көпшілікке ақтара бермейтін сырымның бірі.
«Әке көрген оқ жонар» демей ме? Қазір менің жиырма төрт жастағы ұлым Жәнібек те сонау бала кезімдегідей менің қасымнан қалмай, домбыраны қалай жасауды кәдімгідей үйреніп алды.

«Сағындым Алматымды» білмейтін қазақ жоқ

– Асыра мақтағаным емес, сіздің өзге ақындардан бір ерекшелігіңіз, лирикалық өлеңдеріңіз әрдайым әнге сұранып тұрады. Сондықтан да болар, қаншама әнге сөз жаздыңыз. Осы жөнінде бірер сөз?
– Қазір өткенге көз жүгіртіп отырсам, 300-ден астам әнге сөз жазыппын. Әрине, олардың әрқайсысы менің жаныма жақын, жүрегіме ыстық. Осы өлеңдерімді ұнатқан қазақтың белгілі композиторлары Алтынбек Қоразбаев, Ескендір Хасанғалиев, Ермұрат Үсенов, Қалибек ­Деріпсал­диндер тамаша әндерді дүниеге әкелді. Олар әлі күнге дейін халықтың жадында, ­талантты әншілер сахнада шырқаған кезде ағайындар ризашылығын қол шапалақтау арқылы білдіріп жатады.
Сондай халықтың құрметіне бөленген туын­дымның бірі, Қазақстанның халық артисі, аса дарынды әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әнін бұл күндері кім білмейді? Бұл ән радиодан берілгенде немесе әншілер құйқылжыта орын­дағанда кез келген бауырымыз еріксіз ұйып тыңдап қалады.
Мен, әсіресе балалық, жастық шағы сол әсем қалада өткен кешегі бойжеткен мен бозбала Алматыға деген сағынышын осы әнмен басады деп ойлаймын. Соған қарағанда, оның мәтіні де тыңдар­манның көңілінен шықса керек. Себебі ән мен мәтін үйлесім тапқан кезде ғана ол шығарманың ғұмыры ұзақ болады.
Жалпы бұл әннің қалай дүниеге келгендігі жайлы кезінде Алтынбектің өзі де айтқан болатын. Ол 1974 жылы жазылды. Кейін Ресейдің Халық артисі Валентина Толкунова Қазақстанға келген бір сапарында оны екі тілде орындап, күллі қазақ елінің тыңдарманын таңғалдырған еді.
Сонымен қатар өзімнің туған жерім Шилі – менің мәңгілік өлеңдерімнің алтын арқауы. Сондық­тан осы кіндік қаным тамған ауылға деген сүйіс­пеншілігім мен перзенттік махаббатымды өзімнің «Шилі өзен» деп аталатын өлеңімде шынайы жеткізуге тырыстым. Осы өлеңге байланысты «Шилі өзен» деп аталатын тамаша ән дүниеге келген болатын. Оның авторы – Мұхтар Сәдібеков. Осы керемет әнді қазіргі эстрада жұлдыздарының бірі, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Айжан Нұрмағамбетова нәшіне келтіріп орындап жүр. Сол әнді тыңдап отырған кезде өзім ерекше толға­ныс­қа түсіп, менің азамат болып қалыптасуыма ай­тар­лықтай еңбек сіңірген ардақты әке-шешем, туған-туыс­қандарым мен бауырларым көз алдыма елестейді.
Сондай ел мойындаған, яғни менің сөзіме жазыл­ған әндердің бірі – Ескендір Хасанғалиевтің «Ауыл­ды аңсау» деп аталатын туындысы. Өйткені бұл ән де әлі күнге дейін барша жұртшылықтың жүрегін баурайды.
Сонымен қатар ел сүйіктісіне айналған «МузАрт» тобының орындауындағы «Асыл жазым-ай» деп ата­латын ән де жан дүниеңді қозғайды. Олардың ше­­бер­ліктерінің арқасында ол да сахнадан түспей келеді.
Қостанайда тұратын талантты әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің менің сөзіме жазылған «Айлы түнде», «Аққу ұшып барады» секілді әндері де қай қазақтың болсын рухани қазынасына айналды. Оны ұлтымыздың күміс көмей, жез таңдай әншісі Ғазиза Жұмекенова тамаша орындайды.
– Сіздің өзіңіздің ақындық, ұсталық қырларыңыз­бен қатар әншілік және композиторлық, күйшілік қабілетіңіз де көпшілікке белгілі. Осы жайлы да қысқаша баяндап берсеңіз?
– Қазақта «әу» демейтін адам бар ма? Мен де домбыраға қосылып, өзімнің әндерімді орындаймын. Осы кезге дейін біршама ән де шығардым. Олардың қатарында анама, әпкеме, жарыма арнал­ған «Жан апа», «Түбіт қолғап», «Сабырлым», «Қоңыр гүл», «Туысқандарым», «Тобыл ағады», «Шилі» және басқа да әндерім бар. Домбыраны да бір кісідей тартамын. Кезінде қазақтың айтулы ақыны Ғафу Қайырбеков «Біздің Серікбай әнші әрі күйші» деп мені рухтандырып отыратын. Өмірде де осы ағамның сөзіне сай болуға талпынып келемін.
– Кейбір қаламгерлер Алматыға жете алмай жатқан кезде сіз Қостанайға оралуыңызды қалай түсіндірер едіңіз?
– Мен Алматыда оқу бітірдім. Барлық шығарма­шылық ғұмырым сонда өтті. Алайда 1997 жылы туған жерім Қостанайға кішкентайдан тал шыбықты ат қылып мінген жан достарымның шақыруымен келдім. Бірақ қоныс аударғаныма еш өкінбеймін.
Әрине, мұнда оралған соң, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің жур­налистика факультетінде жас кадрларды даяр­лауға ғалым ретінде үлесімді қостым. Кандидаттық диссертация қорғадым. Профессор атандым. ­Кафедра меңгерушісі болдым. Кейін қазіргі мемлекеттік педагогикалық университетіне ­ауыстым.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырайдың артында қалдырған рухани мұраларын зерттеуге ерекше көңіл бөлдім. Мысалы, «Ыбырай Алтынсарин әлемі» деп аталатын кітабым үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәртебелі сыйлығына ие болдым. Сондай-ақ еңбегім бағаланып, Ы.Алтынсарин және А.Байтұрсынұлы атындағы медальдарды кеудеме тақтым. Көп жылғы төккен маңдай терім зая кеткен жоқ. «Ерен еңбегі үшін» және бірқатар ме­дальдар осы сөзімнің жарқын айғағы. Былтыр Қос­танай қалалық мәслихатының шешімімен «Қос­танай қаласының құрметті азаматы» атағы маған салтанатты түрде тапсырылды. Ең бастысы, бай тәжірибем, көргенім мен түйгенімді шығар­машыл жастардың бойына сіңіруді алдыма мақсат етіп қойдым. Шәкірттерім осы еңбегімді ақтап келе жатқандығы қуантады. Ақын ретінде үнемі ізденіс үстіндемін. «Балауса» деп аталатын рес­пуб­ликалық қаламгерлер байқауында жүлделі болдым. Басқа да жыр мүшәйраларына қатысып тұрамын.
– Біз сіздің ең алғашқы тыңдаушыңыз да, сын­шыңыз да, ақылшыңыз да Гүлзада жеңгеміз деп естиміз. Сонан соң өзіңіздің ұл мен қыздарыңыз ­жө­нінде де оқырманның білгені дұрыс шығар?
– Меніңше, ақын-жазушы, әнші-күйші, ком­по­зиторлардың жары қашанда олардың тіршіліктегі тірегі, ақылшысы әрі жанашыры болу керек. Олар ота­­­ға­­ларының жан дүниесін қас-қабақтарынан терең түсініп, өмірде қолдап, қуаттап отырса, нұр үстіне нұр.
Өзімнің тағдыр қосқан жұбайым Гүлзада ­Мешіт­бай­қызы – қазақтың аяулы да ардақты перзенті. Менің қаламгер, ғалым болып жүргенім де соның арқасы деп ойлаймын. Ол – филология ғылымының кандидаты. Бұл күндері Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде студенттерге дәріс береді. Шығармаларымды компьютерге басады. Кітаптарымның корректоры да өзі. Адамның ғұмырының сәні де, мәні де ұрпағы емес пе? Біз де қос ұл мен екі қызға қолымыздан келгенше, уақыт талабына сай тәрбие беруге тырыстық. Тұңғы­шым – Сәкен облыс орталығында тұрады. Үйлі-баранды. Айгүлім де отбасылы. Гүлнәрім де бақытты шаңырақтың алтын ұйытқысы. Сүт кенжем Жәнібек Оңтүстік Кореяда тұрады. Осы балаларымнан немере және шебере сүйіп отырмыз.
– Өмірде ұстанған қағидаңыз бен алда тұрған шығармашылық жұмыс жоспарыңыз жайлы да тілге тиек етсеңіз?
– Басты қағидам – кіршіксіз адалдық. Мақтан­ғанды жаным сүймейді. Өмірімде қанша әнге сөз жазған, көптеген кітаптары шыққан белгілі қаламгер болсам да, осы уақытқа дейін көпшіліктің алдында өзімнің шығармашылығым жайлы асыра айтуды ұната қоймаймын. Өзім ақындықтан гөрі, адамгершілікті жоғары қоямын.
Шығармашылық адамы қарап отыра алмайды. Ойда жазсам деп жүрген ғылыми еңбектерім, өлеңдерім аз емес. Қолым боста домбыра жасайтын өнерімді одан әрі жалғастыра түспекпін. Дүниежүзі қазақ халқын осы киелі ұлттық аспабымыз арқылы таниды емес пе?!
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Қостанай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.