ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН БІЛУ – ПАРЫЗ

Түркістан облысында жасөспірім­дер арасында суицидтің алдын алу мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі психо­лог­тардың бірлесе қолға алған және бес кезеңнен тұратын жоба. Әрине, бұл мәселеге ерекше назар аударып, ауқымды жұмыстардың қолға алынуы бекер емес. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің азаймай, көбейе түсуі негізгі себеп болып отырғаны мәлім. 

Деректерге жүгінсек, жастар ара­сында зорлық-зомбылық және өзіне-өзі қол жұмсау көрсеткіші биыл 30-ға артқан. Осы өзекті мәселе, алаң­датарлық көрсеткіш пси­хо­логтардың және облыстық жас­тар ресурстық орталығының қыз­меткерлеріне ой салса керек. Бүгінде өңірдегі 1000-нан астам педагог-психологтың басын қосып, біліктілігін арттыру курсын ұйымдастыруда. Өңірде зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізген мамандардың дерегінше, биыл сегіз айда 230-ға жуық жастың күйзелісті жағдайы тіркелген, оның ішінде 157-сі суицидке оқталса, 72 әрекет қайғылы жағдаймен аяқ­талған. Облыста 2016 жылы жастар арасында 369 өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркелген (228-і оқтал­ған, 141-і аяқталған), 2017 жылы 381 жасөс­­пірім суицид әрекетке бар­ған. Оның 245-і оқталған, 136-сы қайғылы аяқтал­ған. Мамандар суицидтің нақты себептерінің 85 пайызы белгісіз күйде қалатынын айтады.

Суицидтің алдын алуға бағытталған жаңа жоба

Жоғарыдағы деректерді жария етерде екі ойлы болғанбыз, себебіне сәл кейінірек тоқталамыз. Дегенмен, ­«ауруын жасырған – ажалсыз өледі» деген атам қазақтың сөзін алға тарта деректерді келтіріп отырмыз. Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы ­Береке Дүйсебековтің айтуынша, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде көбінесе отбасындағы жағдай балаларға кері әсерін тигізіп, психологиялық тұрғыдан келеңсіз жағдайларға алып келетіні анықталған. Ондай отбасылардың көбінде әкесі ішімдікке салынған немесе бұрын сотты болған. «Үлкен өмірге қадам баспай жатып, қыршынынан қиылғандардың неге ондай қадамға баратынын өңірдегі сала мамандарымен бас қоса отырып зерттедік. Алғашқы зерттеу жұмыстары Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты елді мекендердің тұрғындарына жүргізуден басталды. Бұл пилоттық жоба аясында тұрмыс жағдайы төмен және ауыр мінез-құлықты балаларды бақылауға алдық. Бірінші «тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, отбасылардың әлеуметтік жағдайын зерттедік. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдарындағы психологтармен кездесіп, мектептерді араладық. Сөйтіп, жан басына шаққанда психолог мамандарға балалар санының артық келетінін, олардың арнайы бөлмелермен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмегеніне көз жеткіздік. Біліктілігіне тоқталсақ, кейбір мұғалімдер сырттай оқыған болып шықты. Яғни осы мәселені шешу мақсатында бүгінгі ­заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы педагог-психологтардың біліктілігін арттыру курстарын өткізуді қолға алдық» дейді Б.Дүйсебеков. Өңірдегі барлық мектептегі психологтарды арнайы курс­та оқыту көзделіп отыр. Бұл орайда мұғалімдер «Energy» республикалық педагогикалық-психологиялық ­дамыту мен «Reframe» тұлғалық дамыту орталықтары өткізіп жатқан біліктілігін арттыру курсына қатысуда. Ал оқыту бағдарламасын Алматы қаласының «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры, ҚМҚПУ-нің «Теориялық және практикалық психология» кафедрасының профессоры, PhD докторы Күлмаш Елшібаева, «Reframe» тұлғалық дамыту орталығының директоры Гүлжан Вероцкая, Айнұр Батырбекова, Гүлмира Шалғынбаева сынды тәжірибелі психологтар жүзеге асыруда. Жоба осы курстың нәтижесі арқылы өңірдегі суицид пен зорлық-зомбылық дерегін екі есеге төмендетуге немесе ең төменгі көрсеткіште ұстауға бағытталған. Оқыту бағдарламасы бойынша қатысушы педагог-психологтар «психология ғылымының бағыттары», «психодиагностика», «жеке консультация жүргізу тәсілі мен методикасы», «баланы жан-жақты зерттеу», «қазақстандық баланың типологиясы», «ата-аналармен жүргізілетін жұмыс форматы мен әдістері», «калибрлеу», «нейро-лингвистикалық бағдарламалау», «көзқарас, сөз, эмоция­лар, стереотиптер мен ойлау стратегия­сы», «психикалық дамуға бағытталған әдістерді қолдану» тақырыптарында кеңінен теориялық және практикалық бағытта біліктіліктерін жетілдіруде. Жоба 5 кезең бойынша жүзеге асады. Алғашқы кезеңінде зерделеу жұмыстары жүргізілген соң, бағдарламалары мен методикалық әдістері нақтыланған. Оқыту курстары – аталған жобаның үшінші кезеңі. Мұғалімдер алған білімдерін тәжірибе жүзінде тексеріп, оның нәтижесі облыс көлемінде ұйымдастырылатын барлық қатысушыларға арналған форумда, яғни жобаның соңғы кезеңінде талқыланбақ. Мұғалімдерге күнделікті жұмыстарына пайдаланатын бейнероликтер мен арнайы нұсқаулық құралдар берілген. Аталған жоба аясында мектептердегі зорлық-зомбылық мәселесі де назардан тыс қалмайды. Бұл ретте психологтар жобаның «100 бала» бағыты бойынша тәртібі нашар оқушылармен жұмыс істеп, оқу жылында бақылауға алуда. Жобаны жүзеге асырушылар атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтиже беретініне сенімді.

Мінез-құлықты орта қалыптастырады

Бүгінде облыстағы педагог-психолог­тардың біліктілігін арттыру мақсатында оқыту курстарын ұйымдастырып жатқан «Reframe» тұлғалық дамыту орталығының директоры Гүлжан Вероцкаяның мәлім­деуінше, жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюіне негізінен орта кінәлі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының үлесі зор. Бұл орайда Гүлжан Ералықызы социология ғылымындағы «Вертер синдромын» алға тартты. Иә, бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, қаныпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Мәселен, өзіне-өзі қол салу әрекеті. Маманның айтуынша, ақпарат құралдарының суицидті жаппай жұртшылықтың қаперіне сала беруінде өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені күйзеліске түскен, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам, теледидардан немесе ғаламтордан суицид жасағандарды көргенде өзінің әрекетін ақтай бастайды. Яғни «мен ғана емес екенмін, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен» деген сияқты кереғар оймен өзін жұбатады. Психолог мұндай қайғылы тақырыптарды жіті назарға іліктіріп, соған екпін қойып, маздата беру орнына барынша шектеп, тіпті, тыйым салса да артық емес деп санайтынын білдірді. «Тағы бір деректі айта кетелік, сонау 1774 жылы жарық көрген Иоганн Вольфганг Гетенің «Жас Вертердің азаптары» атты романтикалық повесі шығармашылық талабы бар жас баланың «дарынды терең де таза сезімдерімен және өткір ақылымен, өзінің фантастикалық армандарында жоғалып, нәтижесіз ойлары мен бөлінбеген үмітсіз махаббаты себебінен өз басынан атқаны» туралы болатын. Бұл кітап өз уақытында Еуропа елдерінде өте танымал болды. Алайда авторға әсерлі оқырман балалардың өзіне қол жұмсауы бойынша кінә тағылды. Сондықтан Үкімет мүмкін болатын имитациялық өзін-өзі өлтірулердің болуынан қауіптеніп, кітаптың сатылымдағы даналарын жоюға шешім шығарды. Көп ұзамай имитациондық өзіне-өзі қол жұмсау әсерін білдіретін «Вертер эффектісі» деген термин қалыптасты. «Вертер эффектісі» бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзіне-өзі қол жұмсау мәселелерінің көрінісі мен жасөспірімдердің суицид жиілігінің жоғарылауы арасындағы нақты статистикалық өзара байланысымен расталады. Сонымен қатар егер мектепте бір жасөспірім өзіне қол жұмсаса, онда басқалары да оның көрсеткен үлгісіне еретіні белгілі. Яғни «Вертер эффектісі» теориясы бойынша, адамдар қиын жағдайға тап болғанда, осыған ұқсас жайтты басынан кешірген басқа адамдардың қарекетіне қарап, үстірт шешім қабылдайды. Ал әлі оң-солын танымаған жасөспірімнің еліктегіш-солықтағыш келетінін жақсы білесіз. Бұл орайда, өкінішке қарай, ғаламтор, оның ішінде кейбір сайттар жарияланымы – осы тектес теріс ықпалдар мен агрессия немесе қарапайым жауапсыздыққа үйрететін жерге айналып отыр. Сондықтан соңы қайғыға ұласатын қарекетке баратындардың саны немесе оқиғасы туралы ақпарат жариялауда жағдайды жан-жақты саралап барып шешім қабылдауға кеңес берер едім. Мысалы, кей мемлекеттерде суицид туралы ақпарат құралдарында жариялауға тыйым да салынған» дейді Г.Вероцкая. Алдағы уақытта психологтар қауымдастығы бұл тақырыпты да қозғамақ және тиісті орындарға нақты ұсыныстарын жолдамақ.
Ал бүгінде бірнеше кезеңмен облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан жоба соңғы бес жылға зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілген соң дайындалыпты. Жобаны әзірлеуде Түркістан облысындағы жағдай зерттелген, көрші Қызылорда облысында атқарылған жұмыстар да назарға алынған, әлемдік тәжірибе де талданып, ескерілген. Жоба бойынша бірінші кезекте мектеп психологтары біліктілігін жетілдіруде. Бұл өңірде алғаш рет қолға алынып отырған іс-шара. Осылайша облыс аумағындағы 1300-дей педагог-психолог біліктілігін арттырады. Психология саласындағы ­заманауи әдістер мен тиімді техникаларды меңгереді. Алғашқы кезеңде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бағдарламалар мен методикалық әдістерге, одан кейін теориядан практикаға баса мән беріледі. Бүгінде балаға қалай сөйлеуді, эмоцияларды калибрлеуді үйретіп жатқан орталықтың тағы бір көздегені – мектеп жүйесіндегі психологтардың жұмысын жақсарту арқылы баланың спортқа, білімге, еңбекке деген қызығушылығын арттыру. «Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарынан келген мектеп психологтары белсенді, көп білгісі келеді, жағдайдың оң өзгерісін қалайды. Жалпы барлық психологтар кәсіби деңгейге бет бұрып, өзгеріп жатыр. Негізгі проблемаларды қозғаумен қатар, онымен қалай күресу қажеттігін де айту маңызды. Бұл орайда біз оқыту курсында тақырыпты ашып, практикалық тұрғыда көрсетудеміз. Айта кетейін, бұл Қазақстан бойынша бірінші жоба. Шығармашылық жағынан даму да көзделіп отыр. Бұл орайда нейролингвистикалық оқулықты қазақшаға аудардым. Қоғамдық қор ашып заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу де алдағы жоспарларымыздың бірі. Бүгінде аудандарда жоба шеңберіндегі «100 бала» бағыты жүзеге асырылуда. Әр ауданда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде анықталған, психологиялық көмек­ке мұқтаж 100 бала бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыс про­фессор К.Елшібаеваның жетекші­лі­гімен іске асуда. Яғни мықты психологтар бірлесе отырып, жұмыс істеудеміз. Оқыту бағдарламасын да бірлесе әзірледік. Барлық жұмыстар облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Суицидке итермелейтін жалғыз себеп – орта дер едім. Мінез-құлықты, теріс қадамға апаратын ойларды орта ғана қалыптастырады. Яғни ортаны өзгертуіміз немесе баланың ортаға қарым-қатынасын, көзқарасын өзгертуіміз қажет. Баланың ішкі ресурс­тарын оятып, өзіне-өзі көмек бере алатындай дәрежеге жеткізуіміз керек» дейді орталық директоры.

Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі денсаулық сақтау мекемелерінің де басты назарында. Мысалы, Шымкент қаласындағы №3 емханада арнайы мамандар мен басқарма және барлық емхана бас дәрігерлерінің қатысуымен өткен «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстелді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Bіlіm foundatіon» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Жасөспірімдерге дер кезінде қажетті көмек беру үшін қала бойынша 351 дәрігерді арнайы оқыту көзделген. «Жасөспірімдер арасында денсаулық және өмірлік дағдыларды қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы биылғы жылдың наурыз айынан бастап қолға алынған болатын.

Орталық психологтары да суицидке итермелейтін «бар бастау және себеп – орта мен отбасыда» дегенді айтады. Егер отбасы тату тұрып, бір-бірін қолдап, ашық сөйлесе алса, бала өмірді жақсы көреді. Керісінше, ата-анасы ұрысса, әкесі ішіп, анасына күш көрсететін, материалдық жағдайы төмен отбасыда бала өзін кінәлі сезіне бастайды. Кішкентай кезінде көп сын естіген бала да өзіндік «менін» жоғалтып алады екен. Мамандардың айтуынша, қазір ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылыққа беріліп кеткен. Баласына көп көңіл аудармайды. Әсіресе қазақ отбасылары балаларымен бірге отырып, ашық сөйлеспейді. Сондықтан бала ойын айтуға именеді. Қатарластарына айтайын десе, олардың да ақыл-деңгейі өзімен шамалас. Міне, осылайша бала тұйықталады.

Психологпен бірге психиатрдың да көмегі қажет

Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі денсаулық сақтау мекемелерінің де басты назарында. Мысалы, Шымкент қаласындағы №3 емханада арнайы мамандар мен басқарма және барлық емхана бас дәрігерлерінің қатысуымен өткен «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстелді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Bіlіm foundatіon» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Жасөспірімдерге дер кезінде қажетті көмек беру үшін қала бойынша 351 дәрігерді арнайы оқыту көзделген «Жасөспірімдер арасында денсаулық және өмірлік дағдыларды қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы биылғы жылдың наурыз айынан бастап қолға алынған болатын. Бағдарлама бойынша қаладағы мектептер мен колледждердің педагог-психологтары арнайы оқытудан өтті. Астанадан арнайы келген мамандар жергілікті дәрігерлермен кездесу өткізді. Бұл дертпен тұрақты күресіп келе жатқан «Bіlіm foundatіon» қоғамдық қорының өкілдері жаңа тәсілдің тиімді тұстарын айтып берді. Дәрігерлер күйзелісте жүрген балаларды анықтап, оларға дер кезінде көмек беру, алдын алу үшін мамандарды оқытып, даярлауға осылайша ерекше мән беріп отыр. Сондай-ақ мамандар жаңа оқу жылында отбасы жайында психологиялық тест ұйымдастырған. Өйткені бала өзінің отбасын қағаз бетіне түсіру арқылы үйіндегі тыныс-тіршілікті көрсетіп, ата-ана алдындағы дәрежесін суреттейді. Сол арқылы баланың ішкі дүниесін психологтар анықтап, тиісті жұмыстарын атқарады. Әсіресе психологиясы өзгеретін 8-11 сынып оқушылары мамандардың басты назарында болады екен. Ал дәрігерлердің айтуынша, суицидке барған адамды психологиялық тұрғыдан оңалту жеткіліксіз. Өзін қоғамның өгей баласы сезініп, күйзеліске түскен жанға психологпен бірге, психиатрдың да көмегі ауадай қажет. Сондай-ақ дәрігерлер жасалынған суицидтердің 98 пайызында психикалық бұзылыстың бар екендігі анықталғанын, өзін-өзі өлтірген 90% жасөспірім бұл қадамға бару кезеңінде түрлі психикалық дағдарыстарды басынан өткеріп жүргенін айтады. Ал олардың жартысы кем дегенде соңғы екі жыл ішінде психикалық ауыр қиындықтармен бетпе-бет келген.
Психологтар ата-аналардың жауапкершілікті жақсы сезініп, негізгі екі көрсеткішке назар аударуы қажет екенін айтады. Ол – тәбет және ұйқы. Осыған ересектердің көңіл бөліп жүргенін қалайды. Қажет болған жағдайда уақтылы психологтың көмегіне жүгініп, алдын алу керектігін ескертеді. «Баланың бойында өзіне сенбеушілік, кері эмоциялар болады. Барлығына көмек қажет деп айтпаймыз, бірақ депрессивті жағдайды анықтауға мүмкіндіктері бар. Әлеуметтік желілерді міндетті түрде тексеру қажет. Кіммен араласып, кіммен сөйлескенін бақылап отыру да маңызды. Біздің психологтардың көбісі педагогикаға беріліп кеткен. Ақыл-кеңес айтуға басымдық береді. Ал біздің мақсат баланың психологиялық көңіл күйін, денсаулығын назардан тыс қалдырмай, бойындағы қабілетін ашу, өмірге құштарлығын, білімге қызығушылығын ояту» дейді «Reframe» тұлғалық ­дамыту орталығының ­директоры Гүлжан Ералықызы.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.