Бастамалардың қажеттілігі айқын

Елбасы ұсынған бесінші бағыт бойынша елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жұмыстары Жетісу жерінде толыққанды жүзеге асып жатыр деуге әбден болады. Қазір облыстың 11 ауданында көгілдір отынмен қамту жұмыстарының үлесі 50 пайыз, аяқталуға жақын. 2020 жылы 10 пайыз табиғи отынға қосылуды мақсат еткен облысқа Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма одан әрі тың серпін бермек. Биылғы жылы Талдықорған қаласы толықтай қосылатын газ құбыры желісін оңтүстік-шығыс бағытқа қарай жалғастырып, орталықтан шеткері жатқан Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына да көгілдір отын жеткізу жұмыстары зерделенбек. Облыс әкімдігі тарапынан Үкіметке тиісті ұсыныс енгізіледі. Осылайша табиғи газ желісіне аймақтағы әр ауылдың қосылуына қол жеткізу таяу болашақтағы міндет болып қала бермек. Осы мәселе шеңберінде Көксу ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдос КӨКЕТАЕВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Ауданда газ қосу мәселесі ­қо­мақты қаржы салымын талап етеді, осы жұмыс Көксу өңірінде қандай қарқынмен жүргізілуде? Соңғы жылдары қандай жұмыстар жүзеге асырылды? Қанша қаражат жұмсалды?
– Тіршіліктің қолайлы жағдай­ларын қалыптастырудың басты шарттарының бірі – елді мекендерді газдандыру. Осы ретте орта қысымды жер асты 2,2 шақырым және төменгі қысымды 6,0 шақырым газ құбыры тартылды. Қазіргі уақытта төменгі қысымды тарату желілері жүргізілуде. Балпық би ауылының ішіндегі газбен қамту жұмыстары жеке инвестиция қаражат­тарымен іске асуда. Балпық би ауы­лындағы абоненттер саны – 3354, газ құбыры – 119 км. Тұрғындар саны – 13315 адам. Газ тұтыну көлемі – 21 млн.м3/жыл.
– Қосылу құны қанша теңгені құрайды?
– Қосылудың орташа есеппен бағасы 320 мың теңге. Айтып өтейін, ең алғаш болып Балпық би ауылының тұрғыны Ербол Жапаровтың үйінде жағылған газға куә болдық.
– Ауылдық елді мекендерді толығы­мен газға қосу мүмкін бе? Осы мақсатты жүзеге асыру барысында қандай қиыншылықтар кездеседі?
– Осыдан бұрын айтылғандай, бұл шаруа ауқымды қаржы салымын талап етеді және техникалық жағынан өте күрделі процесс. Дегенмен, алға қойған мақсатты жүзеге асырудың бастамасы ретінде «Жетысу-ОблГаз» ЖШС және инвестор компания «BSPGROUPLTD» ЖШС арасында Концорсиум келісім-шарты жасалды. 2017 жылдың қыр­күйек айынан бастап мердігер мекеме «BSPGROUPLTD» ЖШС-мен табиғи газды тарату құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда ауданға құбыр тартылып, елді мекендер рет-ретімен газға қосыла бастады. Күні кеше аудан аумағында «Балпық би» автоматтандырылған таз тарату стансасы жұмысын бастаған болатын. Аталған станса Балпық би ауылын көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етеді деп күтілуде.
– Аталмыш стансаның құрылысы жайлы айтып өтсеңіз?
– Жалпы бұл станса құрылысы 2016 жылдың соңында аяқталған. Оған жергілікті бюджет есебінен 753,97 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Құрылыс монтаж жұмыстары да өз мерзімінде бітіп отыр.
– Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» атты Қазақстан халқына Үндеуінде ең бірінші тұрғын үй мәселесін қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Аудан бойын­ша осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Нәтижелері қандай?
– Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 80-бабына сәйкес 2018 жылы сәуір айының 09 күні Көксу ауданының «Аудандық тұрғын үй комиссиясын құру туралы» №142 Қаулысы шыққан болатын. Қазіргі уақытта Көксу ­ауданы бойынша 4 санатта 727 азамат тұрғын үй алу кезегіне тіркелген. Олар: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар – 6 адам, жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 82 адам, мемлекеттік және бюджеттік қызметкер – 174 адам, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар – 465 адам.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Әлия ЕРЛАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.