Қорғас – достық қақпасы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл қағиданың өзегі ішкі-сыртқы байланыстардың өзара ынтымақтастығы мен сыртқы саясаттың тиімділігінде жатыр. 

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Алматы облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, еліміздің сыртқы экономикалық басымдықтарын жүзеге асыру және «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының озық жобаларын ілгерілету мақсатында арнайы сапар ұйымдастырды.
Құрамында Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка, африкалық континент елшілері мен дипмиссия өкілдері, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, ЭСКАТО, ЕҚЫҰ сияқты бірқатар халықаралық және аймақтық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары, жалпы алғанда 25 мемлекеттен келген 40-тан астам делегация мүшелері Алматы облысында орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына келді.
Шараны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ашты. Облыс әкімі Елбасының кезекті дәстүрлі Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында әңгіме өрбітіп, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтинентальді дәлізінің өлкеге, барша қазақстандықтарға әкелген игілікті істері жөнінде баяндады.
Алматы облысының табиғи-климат­тық ерекшеліктеріне, әлеуметтік-экономика­лық даму бағытына тоқтала отырып, Жетісу өңірі жайлы әңгімеледі. Мәселен, облыс бойынша жалпы инвестиция сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатса, соның 32-сі шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асырылуда. Әкім облыста жұмыс істеп жатқан «Кока-Кола», «Фуд Мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты 20-дан астам трансұлттық компаниялардың табысты жұмыстарын тілге тиек етті.
Сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайдан бастау алатын бұл жолдың батыс Еуропаға дейінгі Орта Азия, Түркия және Парсы шығанағы елдері арқылы өтіп, әлемдік сауда байланысын қамтитынын атап өтті. 2015 жылы 29 маусымда жұмысын бастаған Құрғақ порт арқылы биылғы жылдың 30 қыркүйегіне дейін 235225 контейнер жан-жаққа жөнел­тіл­ген. Алғашқы күннен бастап порт күн сайын 5-6 жүк пойызын қабылдап келсе, жаңа қуатты техникалар мен жабдықтарды іске қосудың нәтижесінде биылдан бас­тап 10-12 жүк пойызын тиеп-түсіріп жөнел­туге мүмкіндік алып отыр. ­Министр «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы эконо­ми­калық аймағының әлемдік сауда байланысы мен халықаралық қарым-қатынасқа әкелер қолайлы әлеуеті жайлы кеңінен баяндап, сондай-ақ Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы сыртқы саясат ведомствосының алдына қойған міндет­теріне тоқталды.
«Мемлекет басшысы көлік-­­логисти­ка саласын бөлек атап өтті. Біз бұл салаға көңіл бөлуді жалғастырамыз, әсіресе Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасын белсенді түрде іске ­асыруын және оның қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасымен өзара әрекеттесуін назарға аламыз. Бүгінгі Қорғасқа жасаған сапарымыз осы маңызды жұмыс бағытымен тікелей байланысты және біздің елдеріміздің ХХІ ғасырдағы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртудағы өзара тиімді ынтымақтастығына жаңа серпін береді деп күтеміз» деді Қ.Әбдірахманов.
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру Қытайдың Шығыс жағалауы – Ляньюньган портынан Қазақстан мен Қытай шекарасындағы құрғақ порт арқылы теміржол және автокөлік жолдары жүйесі арқылы Каспий теңізінен Еуро­па­ға апаратын оңтайлы логистикалық тіз­­бекпен қамтамасыз етілгенін, оның Транс­кас­пийлік халықаралық дәліздің кон­тейнерлік мультимодальды бағыттарын бай­ланыстыратындықтан Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Түркия және Еуропа елде­рі­нің серіктестері үшін қажеттілігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның аса маңызды көліктік-логис­тикалық хабына айналдыру бойын­ша үлкен міндет қойды, осы мақсатта біз «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс», «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәліздерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, «Нұрлы жол» аясындағы жаңа экономикалық саясатты қытайлық «Белбеу және Жол» бастамасымен үйлестіруді, сондай-ақ Қазақстанның өңірлерін «Қытай – Иран» континентаралық ­магистральдарымен және Кавказ бен Ресей арқылы өтетін дәлізімен байланыстыруды көздейміз» деді министр.
Мемлекет басшысының «Төртінші индустриалды революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы­на сәйкес, Үкімет 2020 жылы транзиттік тасымалдан түсетін жыл сайынғы табысты 5 миллиард АҚШ ­дол­ларына дейін ұлғайтуды, контейнерлік тасы­малды 2 миллион ЖФМ-ге ­(Жиырма футтық мөлшер – жүк тасымалы құралда­рының сыйымдылығы өлшемінің шартты бірлігі) жеткізуді, әуе қатынасы арқылы жолаушылар тасымалын 4 есеге ұлғайтуды және транзиттік жолаушылар ағынын 1,6 миллионға жеткізу жоспарлауда.
«Қорғастағы» трансшекаралық серіктес­тікті дамыту Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының негізгі жобалары­ның бірі. ШЫХО өз аумағында Қазақстан және Қытай азаматтарының ресми сапармен іскерлік кездесулерге, Қазақстанда, Қытайда және ТМД елдерінде өндірілетін өнеркәсіптік өнімдермен танысуға, сауда-саттық және сауда келісімдерін жасауға, демалысқа келген үшінші елдің азаматтарының еркін жүріп-тұруына жағдай жасайды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасы Қанат Алпысбаев эко­но­ми­каның тұрақты дамуының инфра­құ­рылымдық негізін қамтамасыз етуде көліктік-логистикалық кешен рөлінің маңыз­дылығын тілге тиек етіп, соңғы 10 жылда Қазақстан көліктік-логистикалық инфра­құрылымға 30 млрд.-қа жуық АҚШ дол­ларын инвестицияланғанын, 2020 жылға қарай 8,4 млрд АҚШ долларын инвестициялау жоспарланып отырғанын, бұл Жібек жолындағы саудаға қосымша серпін беретінін жеткізді. «Қорғас» АЭА-тың көліктік-логистикалық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп, «Бір терезе» қағидаты бойынша кешенді көліктік-логистикалық қызметпен қамтамасыз ету үшін АЭА аумағында «KTZE – Khorgos Gateway» терминалды құрғақ порт кешені жұмыс істейтінін, мұнда Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол қатынасымен жүк тасу, рәсімдеу, қайта тиеу жұмыстары жүзеге асырылатынын айтты.
Қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға Алматы облысының әкімі А.Баталов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ.Алпысбаев толыққанды жауап беріп, олар жан-жақты мәлімет алды. Шараға қатысушыларға Құрғақ порт жұмысы мен оның аумағында салынып жатқан халықаралық астық, цемент зауыттарының, тағы басқа да нысандардың құрылысы бейнефильм, стенділер арқылы таныстырылып, пойыздарға жүк тиеу жұмыстары іс жүзінде көрсетілді. Әрі қарай шетелдік қонақтар «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынты­мақ­тастығы орталығының қызметімен де танысып, жақсы көңіл күймен тарқасты.

Алматы – Алтынкөл –
Қорғас – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.