Табиғатқа құрметпен қарау – сауапты іс

Елімізде экологиялық мәселелер жыл өткен сайын ушығып келеді. Оларды шешу үшін қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Адамдарды көліктен қоғамдық автобусқа, велосипедке отырғызу үшін де жағдай жасалуда. Бұл қоршаған орта мәселесін шешуге мүмкіндік бере ме? Өзге елдерде қалай? Қоршаған орта мәселесіне қай буын жақын? Жастар ма, ересектер ме? Еліміздегі экономикалық тұрақсыздықтың себебі неде? Осы және өзге де сұрақтармен «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы ҚБ төрағасы, кәсіпкерліктен қоғамдық істерге бет бұрған қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайды аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Өзіңіз негізін салып отырған «Байтақ болашақ» экоальянсы дәл қазіргі сәтте немен айналысып жатыр? Бүгінгі күннің «күйіп» тұрған экологиялық мәселесі қандай?
– Қазақстанда қоршаған орта мәселесі ұмытылған. Соңғы 25 жылда, яғни еліміз егемендік алғалы бері онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Кезінде ядролық бомба, уран сынды әртүрлі радиациялардың қалдығы қалған болса, қазір оны одан бетер көбейтіп жібердік. Елімізде кен байыту, минералды ресурстарды өндіру саласының қатты дамуынан жер асты, жер үсті бар – барлық қоршаған ортамыз ластанды. Ешкім оған көңіл бөлген жоқ. Мысалы, Атырау облысын алайық. Ол жақта қазір экологиялық дүмпу болып жатыр. Бүгінде Каспийде қызыл балықтар жоқ. Төгілген мұнай жердің құнарлылығын жойды. Үлкен зауыттардың түтінінен ауаға күкірт бөлініп жатыр. Егер қалаға барсаңыз, біртүрлі иіс бар екенін бірден байқайсыз. Оған жергілікті халық үйреніп кеткен, бірақ сырттан келгендерге білініп тұрады. Осы жақында Атырау мұнай өңдеу зауыты цехтарының бірінде жарылыс болды. Сол кезде қалада дем алу қиын болды. Біздің экоальянстың сол қаладағы өкілдері ауадағы зиянды заттарды өлшейтін арнайы құрылғы сатып алып, тексергенде ауаның зиянкестігі рұқсат етілген шектен асып кеткен. Бұл – бір ғана Атыраудағы жағдай.
Ал Маңғыстау облысы Ақтау қаласы­ның жанында кеңестік кезеңде уран өндірген. Қазір жұмыс істемейді. Бірақ Кеңес одағы кезінде ауаға радиация тарамауы үшін үстіне су шашып тұратын.  Қазір ол су да жоқ. Кезінде ол жердегі шұбаттан да радиация табылғанын немістер анықтаған. Кейін «бизнеске кедергі болады» деп жауып тастады. Өткенде облыс әкімімен кездескенде, сол жерге қорғасын төсейтіндерін айтқан, бірақ қорғасын жарамайды . Себебі одан радиация өтіп кетеді. Сосын Ақтауда өлі көл бар. «ҚазТрансГаз» құбырларынан өте зиянды газдар ауаға тарап жатыр. Одан бері қарай алсақ, Өскеменде де сондай радиациялы жерді топырақпен көміп, үстіне балаларға арналған саябақ салған екен. Семейдің жағдайы да өте қиын. Арал, Қызылорда, Байқоңыр…
Шымкентте де қоршаған ортаның мәселесі жетіп артылады. Ол жерде адамдар пайда қуып, зауыттарды сала берген. Бірақ шымкенттіктер осыған ләм-мим деместен отыр. Себебі күн көріс көздері – сол. Жақында Түркістан облысындағы бір зауыт көлге мышьяк тас­тап, оны ішкен малдар қырылып қалды. Соған арнайы барып зерттегенімізде аталған зауыттың Қытайдан Қазақстанға әкелінген 50 зауыттың бірі екенін білдік. Сонымен бірге ол жақта қытайлықтарға жатақхана салынып жатыр екен. Бұл мәселені қарауды прокуратурамен бірге бастағанбыз. Кейін олар мәселенің арты саясатқа келіп тірелетінін айтып, орта жолдан бас тартты.
Өзіміз қазір отырған Алматы қала­сына келейік. Қала сайда орна­ласқан. Жан-жағы таумен, тұрғын үйлермен қоршал­ғандықтан, газдың бәрі қаланың дәл үстіне жиналып, тұрғындар тұншы­ғып отыр. Оны әкететін жел жоқ. Мұны тауға немесе Көктөбеге шыққанда көресіз. Қаланың үсті тұман іспеттес болып тұрады. Қазір қаладағы көптеген сәбилер бас сүйек қысымымен туып жатыр. Себебі анасының құрсағында жатқанда оттегі жетпеген.
Біздің жеп отырған тамағымыздың бәрі уланған. Өйткені фермерлер өнімі тезірек пісуі үшін селитра, пестицидтерді аямай төгеді. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан жақтың фермерлері бұл әдісті жиі қолда­нады. Қарбызды жарып қалсаң, іші шіріп кеткен, құрт-құмырсқа… Оны базарда сатады. Базардың санитарлық-эпидемио­ло­гиялық станциялары дұрыс қарамайды, тексермейді.
Медицина саласында да күйіп тұрған мәселелер бар. Бізде гормо­нальді дәрілер көп сатылады. Оларға Еуропада, Америкада тыйым салынған. Себебі адамды тәуелді қылатын наркотикалық қоспасы бар. Қабылдағанда ауруды уақытша басады, бірақ біраз күн өткен соң, қайталанады. Солайша Қазақстан дәрі-дәрмек бизнесінің тәжірибелік алаңы болып отыр.
Осыған байланысты осыдан екі жыл бұрын «Байтақ болашақ» экологиялық альянсын құрдық. Ұйымның бірінші мақсаты – барлық экологиялық ұйым­дардың басын қосып, экологиялық мәселелерді ауқымды көлемде көтеріп, мемлекеттің алдында жауапкершілігі мол ұйым болу. Ұйымның құрметті президенті – Олжас Омарұлы Сүлейменов. Ирак Елекеев, Мұхтар Шаханов сынды көптеген белгілі азаматтар мүше. Осы мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтердік. Құ­зырлы органдарға қозғау салдық. Қайта қаралып жатқан Экологиялық кодекс­ке ұсыныстарымызды бердік. Жаңар­тылған энергия көздері заңы­ның тұжы­рымдамасын ұсындық. Десек те, билік бізді қабылдағысы кел­мейді. Бел­сенді қоғамдық ұйымды қажет­сін­бейді, бәсекелес көреді. Соған байланыс­ты өздерінің ұйымдарын ашты. Бірақ қалай болған күнде де біз әртүрлі саяси, әлеуметтік кедергілерге қарамастан, қимылдай береміз. Біз көппіз. Әлемнің әр шетінде бармыз. Мысалы, жақында Америкадан еліміздің кәсіби бокс­тан тұңғыш әлем чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Жиров келді. Ол қазір қоршаған орта мәселелерімен айналысады екен. Бірге тауға шығып, тазалық жұмыстарын жүргіздік, тал отырғыздық. Бірлесіп энергетика саласы мен су ресурстарын қорғау туралы үлкен экологиялық жобаларды іске асырғалы жатырмыз. Себебі Қазақстанда көптеген су қоймалары ұмыт қалған. Мысалы, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты «Көкжиде құмы» қойнауында жер асты тұщы суы бар. Бүгінде мұнаймен ластанып кетті. Соны тазартсақ деген ойдамыз. Арал теңізінің мәселесін де ұмыт қалдырмадық. Оның тұздары Солтүстік мұзды мұхиттың еруіне әсер етіп жатыр. Теңіз суы көтеріліп келеді. Бұлай жалғаса берсе, көптеген аралдар суға кетеді. Ал Қазақстанға қандай қауіп бар десек, бізде ішетін су қалмайды. Өте қиын жағдай келе жатыр. Осылардың бәрін назарда ұстап отырмыз. Жобалар туралы ақпараттарды экоальянстың әлеуметтік желідегі парақшаларынан көріп, біліп отыруға болады.
– Бизнес идеяларға, стартап жобаларына арналған байқауларда қоршаған ортаны қорғауға байланысты жобалар жиі «жеңімпаз» болып жатады. Ал ондай жо­баларға біздің қоғам дайын ба? Мәселен, бір жылдары Алматы облысында қоқыс өңдеу зауыты ашылған еді. Атырауда да ашпақ болған. Қоқысты сұрыптауға арналған жәшіктерді де көзіміз шалып жүр. Оларға халық қоқысын шынымен сұрыптап тастап жүр ме?
– Қоғам бұған баяғыдан дайын. Ха­лық­ты кінәлай беруге болмайды. Бұл жерде мемлекет, билік шатасып жатыр. Қымбатшылық жағадан алып барады. Ал халыққа бірінші не керек? Тамағы, баспанасы. Оның бәрі қымбат болса, халық күнін қайтып көреді. Бізде таптық айырмашылық жоғары. Бір тап бар – өте бай адамдар. Олар билікке жақын. Ал қарапайым халық кедей өмір сүріп жатыр. Осының бәрі адамдардың ­ашуын тудыруда. Осындай «байтұл түгіл бас қайғы» жағдайда экологиялық мәселелерді кім ойласын?
Негізі қазақ – қоршаған ортаға қамқор халық. Біз – көшпенді халықпыз. Неге көштік? Себебі мал бір жерде жайыла берсе, топырағының шаңын шығарып жібереді. Соның алдын алу, топырақты демалдыру үшін, шөптің шүйгіндігін сақтап қалу үшін басқа жерге көшкен. Бала кезімізде ата-анамыз да «топыраққа түкірме», «көк шөпті жұлма» деп айтып отыратын. Қарап отырсақ, бұл тәрбие арқылы да беріледі екен.
Қоршаған ортаны қорғау – адам­ның рухани дамуының ең жоғары нәти­жесі. Адам рухани жетілгенде ғана айнала­сындағы адамдарға, қоршаған ортаға құр­метпен қарайды. Ислам дінінде «Алланың аманатына қиянат келтірме» дейді. Табиғатты адамзат жаратқан жоқ қой, ол бізбен бірге пайда болды. Демек, Алла­ның бізге берген аманаты. Оған құр­мет­пен қарағанымыз – үлкен сауапты іс.
Осыдан бір жыл бұрын мынадай бір оқиға болды. Екі намазхан жігітпен жабайы иттерге қамқорлық жасайтын ұйымға бардық. Бір әйел иттерге жаны ашып, құшақтап отыр екен. Оған жаңағы бауырларым жиіркеніп қарап тұр. «Ит дәретті бұзады» дейді. Бірақ солай екен деп, оларға қатыгездік жасау – қаншалықты дұрыс іс?
– Жаңа өзіңіз айтып отырған «түкірме», «көк шөпті жұлма» дегеннің бәрі дін арқылы дәстүрімізге енген ғой. Қалай ойлайсыз, дін мен дәстүрдің біте қайнасуынан пайда болған құндылығымыздан алшақтай түскен сайын да, қоғамға немқұрайды қарай бастадық па?
– Қазір дін саяси-манипуляцияға айналған. Ол арқылы адамдарды бас­қарып отыр. Әлемнің қанша елінде болдым, қаншама дін өкілдерін көрдім, барлығы тып-тыныш өмір сүріп жатыр. Тек бізде ғана жік-жікке бөліну күшейген. Біреудің киіміне, біреудің сөзіне қарап бөлінеміз де жатамыз. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді ұмыттық. Шындығында, қазақты бөлген адам – қазақтың жауы…
Десек те, қазір орта жастағы адамдардан гөрі, жастар қоршаған ортаға жақынырақ сияқты. Олар біреудің ойына құрметпен қарайды, стандарттан тыс ойлайды. Ал біздің ұрпақ – атақты өнер сыншысы Әшірбек Сығай айтпақшы, «потерянное поколение». Олар 70-жылдың ар жақ-бер жағында туған. Жастық шағы Кеңес одағы ыдыраған, идеология жоқ, рэкеттер дәуірі жүріп тұрған кезге тап келген. Сол себепті де олардың бойында идеологияға, құндылыққа адал болу қасиеті қалыптаспаған. Олардың бар ойы – ақша табу, бай болу, жайлы өмір сүру. Қарап отырсаңыз, қазір билікте де солар отыр, олигарх болып, байлықты да солар ұстап отыр. Бәрі деп айта алмаймын, көп бөлігі сондай. Қоғамдағы қазіргі жағдайды солар жасап отыр. Жақында ҚР Энергетика министрінің екі орынбасары заң алдында жауапты болды. Екеуі де экологияға жауап беретін. Екеуі де – сол заманның адамдары. Оларға экология туралы түсіндірудің өзі қиын. Ал жастар түсінеді. Василий Жировпен Рес­публикалық физика-математика мектеп-интернатында кездесу өткіздік. Қор­шаған ортаны қорғау, табиғатты аялау туралы сөз еттік. Кездесу соңында мек­теп оқушылары бізге келіп, «Үлкен іспен ай­налысып жатыр екенсіздер ғой» деді. Таңғалдым. Үлкен ағалары түсінбе­ген нәр­сені мектеп оқушылары жақсы ұғынып тұр.
Қазір Жер шарындағы халық саны 8 млрд-қа жетіп қалды. Оның 10 ­пайызы зауыт салғысы, тез арада қалтасын ақшаға толтырғысы келеді. Қоршаған ортаны аямайды. Оларға жол беретін болсақ, осы жүзжылдықта әлем құриды. Мұны бәрі түсініп отыр. Америка, Еуропа елдері, Жапония, Қытай – бәрі қоршаған орта мәселелеріне көңіл бөле бастады. Ал біз, Қазақстан, ­Ресей – жалпы посткеңестік елдер қайда бара жатқанымызды білмейміз. Біздің ­минералды ресурстарымыздың пайдасын белгілі адамдар ғана көріп отыр.
– Жастар деп айтып отырсыз ғой. «Болашақ жастардың қолында» дейміз. Дегенмен, сол жастардың дамуына дұрыс жағдай жасалып отыр ма?
– «Қазақтар жалқау» деп жатамыз. Ол дұрыс емес. Жалқаулық неден пайда болады? Мотивацияның, қызығушылықтың жоқтығынан. Қызығушылық қай кезде болады? Әділдік, шындық болған кезде. Егер көз алдыңызда теңсіздік болып жатса, шындыққа көз жұма қараса, адамдардың салы суға кетеді, ынтасын жоғалтады. Сондықтан біз халықтың дамуына мотива­циялық жағдай жасауымыз керек. Сол кезде біздің жастар өседі, дамиды. Ол үшін дұрыс, әділ экономиикалық саясат жүргізуіміз керек. Мысалы, кәсіп­пен айналысамын деген адамға не керек? Бірінші ниет, екінші қаржы керек. Қаржысыз кәсіп аша алмайды. Өйткені кәсіптің қаны – қаражат. Қаражат ­алайын десе, банктердің проценті үлкен. Соған қарамастан, кепілзат сұрайды. Сөйтіп, кәсіп ашамын деген адам қарызға ақша алады да, бандитизм кезінде «счетчик» деген болатын, сол сияқты банктің процентіне «отырады». Оның бизнесі жүріп жатыр ма, жүрмей жатыр ма, өсімі жүре береді. Ал сол адам үйіне келіп теледидарды қосып қалса, уайым-қайғысыз әлем, ойын-күлкі. Соны көреді де, «елдің бәрі бақытты өмір сүріп жатыр, менің ғана жолым болмайды екен» деп, өзіне қол жұмсайды. Мұндай жағдай көп. Арасында жүрген соң, естіп-біліп жүрміз. Ал өсіп келе жатқан жастарымыз да сондай жағ­дайға тап болса, біз олардан, сәй­кесінше болашағымыздан айырыламыз.
Еуропа, Америка елдерінде қалай? Егер адам кәсіп ашамын десе, банк инс­титуттары оған қуанады. Адамның кәсіп ашуға деген ынтасы пайда болғанына риза болады. Өйткені ол адам кәсіп ашу арқылы жаңадан жұмыс орнын ашады, салық төлейді, ел экономикасының белсендісі болады. Сол себепті де кәсіп бастағысы келетіндерге кеңес беріп, жолын көрсетеді, арзан ақша тауып береді. Оларда процент өте аз. Сосын олар еш уақытта адамның ең соңғы дүниесін кепілдікке алмайды. Адамды қаңғыртып жібермейді. Қаңғыртып жіберу қылмыс болып саналады. Ал бізде қаңғыртып жібереді, оның үстіне проценті жүріп отырады. Біздің шындық – осы. Ал енді жастарымызды қалай тәрбиелейміз? Қай жолға бастаймыз? Олар өздерін-өздері табуы үшін, еркін өмір сүруі үшін кәсіпке қарай бағыттауымыз керек. Ал жаңағыдай жағдайда оларды қанатып аламыз. Кәсіпке жаңа қадам басқан адам оң-солын танымай жатып, қарызға кіріп кетсе, бітті ғой. Сондықтан біз оларға дұрыс жол көрсетіп, жағдай жасауымыз керек. Ал жағдай жасамасақ, 100 шәкіртімізден біреуі мықты ­болып шықса, Қазақстанда қалмайды, ­шетелге кетіп қалады. Бұлай болса, ресурстардан айырыламыз. Сондықтан, қайталап айтамын, жағдай жасау керек. Ол үшін еркіндік болуы керек. Адамдар кәсіп ашса, ертең «біреу тиіседі» деп қорықпауы керек. Мен өзім алғашқы кәсібімді ашқан кезде салық комитетінен қорқатынмын. Ол кезде 19 жастамын. Себебі олар бәрін қорқытып тастаған. Ал негізі олар кеңес беріп, үйретуі керек. Ал егер біз кәсіп ашқысы келетіндерге еркіндік бермесек, жастар қайда барады? Мемлекеттік қызметке, мемлекеттік мекемеге барады. Ал ол жерлер қазір жемқорлық пен ұрлықтың қайнаған ортасы болып отыр.
– Ал Мемлекет басшысының шағын және орта кәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмасы, бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар ше? Олар жайлы не айтасыз?
– Президент шағын және орта кәсіпкерлікті көтеру керек деп айтып жүр. Бірақ бүгінгі күні не көріп отырмыз? 2015 жылы девальвация болды. Теңге екі есеге құнсызданып кетті. Биыл тағы да құнсызданды. Ол – кәсіпкерлерге ауыр соққы. Өзіңіз ойлаңыз, біреу кәсіп ашамын деп, қарыз алады. Оған 5 қой, 10 сиыр сатып алады. Етін, сүтін сатады. Ал девальвация болған кезде ақша құнсызданады да, тауар қымбаттайды. Тауар қымбаттаған соң, өмір сүру шы­ғы­ны да өседі. Содан әлгі адамның несие жабатын портфелі жұқарады. Бұл – бір. Екіншіден, нарық әлсіреп, сатып алушылар азайып кетеді. Пайда азаяды. Сөйтіп, шағын және орта кәсіп­кер­лік бүгінде қиын жағдайға тап болып, құр­дымға кетіп жатыр. Инфляция өте жоғары. Сондықтан оларды дамыту үшін эко­но­микалық тұрақтылық керек. Онсыз ша­ғын және орта кәсіпкерлік дамымайды.
– Сіздің ойыңызша, экономикалық тұрақтылыққа қалай қол жеткізе аламыз?
– Біз, экологиялық альянс, жаңа экономикалық стратегия дайындап жатырмыз. Үш ұсыныс бердік. Біреуі – «Қазақстандық нарық – Қазақстандық кәсіпкерлерге» деген стратегия. Оны іске асыру үшін бес шарт қойдық. Оны іске асырса, біз кәсіпкерлерімізді көтеру арқылы тұрақтылықты қамтамасыз етер едік. Оған билік тарапынан қандай көңіл бөліп отырғанын білмейміз, бірақ оны істемей, біздің экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуіміз қиын.
– Ол қандай бес шарт?
– «Қазақстандық нарық – Қазақ­стандық кәсіпкерлерге» – ішкі кәсіпкер­лер­ді шынықтыру, ішкі брендтерді көбейтуге арналған стратегия. Оны іске асыру үшін ең бірінші бізге кәсіпкер­лер­дің еркіндігін қамтамасыз ету керек. Тек­серушілердің барлығын тоқтату керек.
Екіншіден, мемлекеттен бөлінетін қаражаттар, мемлекеттік қорлар, екінші дәрежелі банктер, қаржы институттары – бәрі өздерінің шағын және орта кәсіпкерлікке беріп отырған қаражатын ашық көрсетуі керек. Сол бойынша министрлер, әкімдер әр фермерге, кәсіпкерге берілген қаражат бойынша халық алдында есеп беруі керек. Сонда олар да нәтижеге жұмыс істейтін болады.
Үшіншіден, сырттан келетін тауар­лар­ға мемлекеттік салықты көбейтуіміз керек. Оны экологиялық стандартқа сәй­кестік, адамның денсаулығына зиян келтірмейтіндігіне қарай көбейтуге болады. Соңғы кезде АҚШ Қытай, Еуропа, Түркиядан келетін тауарларға мемлекеттік салықты көтеріп тастады. Мысалы, Қытайдан келетін тауарға салынатын салықты 25 процентке көбейтті. Соның арқасында бюджетке 300-400 млрд доллардай кіріс кірді. Міне, біз де соны жасауымыз керек. Ішкі нарықты қолдау – мемлекет ұстанымы болуы тиіс. Өйткені бүгінгі күні отандық тауардың өзіндік құны шетелден келген тауардан жоғары болып тұр. Соған байланысты ішкі кәсіпкерлер сырттан келгендермен бәсе­келесе алмай, нарықтан шығып кетіп жатыр.
Төртіншіден, ішкі өнімдерге дотация­лық қолдауларды ойластыру керек. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Кәсіпкерлікті көтерсек, олар жұмыс орнын ашады, жұмыссыздықты азайтады, салық төлейді. Солайша оларға құйылған қа­ражат мемлекетке қайтады. Оның бәрі ашық, транспарентті болуы керек.
Бесінші қадам – жемқорлықты тоқтату керек. Патриот, елді ойлайтын, халықты түсіне білетін адал адамдардың билік жүйесіне келуін қамтамасыз ету керек. Сосын құзырлы мекемелер билікте отырған барлық адамдардың қандай компаниялармен байланысы бар екенін интернетте ашық түрде көрсетуі керек. Ол тексерісте болуы қажет. Бітті. Одан кейін бірде-бір шенеуніктің жемқорлықпен айналысуына мүмкіндік болмайды. Экономикаға бөлінген ақша өзінен-өзі нақты нәтижеге жетеді.
– Қоғамда үлкен қозғалыс тудырған Денис Теннің қазасынан соң халықта еліміздегі жемқорлық, тамыр-таныстық деген қатып қалған жүйенің шеті сетінейтін шығар деген сенім болды. Білуімше, дәл сол жағдайдан кейін сіздің көлігіңіздің де айнасын ұрлап кеткен екен…
– Көлігімнің айнасы ұрланған кезде адамдарға белсенді болу керек екенін көрсеткім келді. Бір айнамен бәрін шулаттық. Министрдің өзі Алматыға екі рет келді. Президент әкімшілігіндегі құзырлы органдардың жетекшісі келіп, жиналыс өткізді. Қоғамдық кеңеспен кездесті. Мемлекет басшысының өзі келіп, қаланы тексеріп кетті. Рейд жүргізілді. Біздің шулағанымыз қандай қозғалыс тудырды, көрдіңіз бе? Ал біздің халық қандай? Шуламайды, «ұят болады» дейді, «бастан құлақ садаға» дейді. Бұлай болмайды. «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Ал мен айнам жоқ екенін көрген бетте бұл жағдайға бірден қала әкімін кінәладым. Қалғандары мені қызықтырмайды. Олар тек орындаушылар ғана. Қала әкімін Президент осы жерге қойды, демек, елдің тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Кезінде маған да ұлттық компанияны басқаруға, облыс әкімінің орынбасары болуға ұсыныстар түскен. Бас тарттым. Себебі жауапкершілігі жоғары еді. Онда барғанда елге пайда әкеле аламын ба, әлде сол жүйеге сіңіп кетіп, халықтың қарғысына қаламын ба деп ойладым. Ал халықтың қарғысына қалу – ең жаман нәрсе. Тарихты ашып қараңызшы, халық қарғысына ұшыраған бірде-бір адам аман қалған емес, ұрпағымен жоқ болып кеткен. Бәрі өз уақытымен. Сондықтан халыққа қызмет етуге келген екенсің, халықты ойла.
Кезінде Кеңес одағында Қазақстан­ның басшылары тек қана айлыққа өмір сүрген. Олжас Омарұлы айтып берген бір оқиға есіме түсіп отыр. Дінмұхамед Қонаев пен жары Жапонияға барған кезде, жеңгей бір ыдысқа қызыққан екен. Сатып алайын десе, 200 доллардай тұрады екен. Оларда ондай ақша жоқ. Сөйтіп Олжас ағадан қарызға 200 доллар алыпты. Олжас ағада ол ақша қайдан бар? Кітаптан алған қаламақысы. Сонда ойлаңыз, Қазақстанның нөмірі бірінші басшысында 200 доллар ақша жоқ. Қандай таза адам!
Халық ақымақ емес, бәрін, кімнің кім екенін біліп отыр. Жай ғана үндемейді. Ызасы ішінде. Ол бір күні жарып шыға­ды. Сондықтан біздің әкімдер, жас ­министрлер, мемлекеттік қызметкерлер хал­қына қызмет етуі керек. Мемлекеттің мүддесі мен өз мүддесін шатастыруға болмайды. Мемлекеттің мүддесі – халықтың мүддесі. Сондықтан да, айнам ұрланғанда бірден әкім кінәлі екенін айттым. Ішкі істер министрі де емес, әкім. Себебі мен осы әкімнің аймағында тұрамын. Менің қауіпсіздігіме әкім жауап беруі керек.
– Сонымен айна не болды? Табылды ма?
– Айна табылған жоқ. Кінәлі адам табылды. Бірақ маған оны көрсетпеді, «жағдайы жоқ екен, сатып жіберіпті» деді. Бұл жерде айнамның табылуы үшін емес, халықтың белсенділігін арттыру үшін шулаттым. Өзіңізді қорғап үйренбесеңіз, ешкім сіз үшін қозғалмайды. Шындықты айтып, шырылдауымыз керек. Сол кезде ғана біз жақсы қоғам құра аламыз. Ал «менің проблемам емес» деп отыра бесрек, ертең сол күн өзіміздің басымызға туады.
– Айнаны ұрлаған адам жазаға тартылмады ма?
– Жазаға тарта алмайсыз. Себебі заң бойынша айна ұрлау – бұзақылыққа жатады. Ол тек қана айна алып беруі керек, түгі жоқ болса, қайдан алып береді?
– Демек, бізде заң әлсіз…
– Бұл жерде былай ғой… Нью-Йорк­тің мэрі Рудольф Джулиани поли­ция комиссары Уильям Браттонмен бірге «Сынған терезелер» деген жобаны іске асырған екен. Олар қайыршылық, төбелес, маскүнемдік сияқты кішігірім мәселелермен күресуге күш жұмсады. Бастапқыда оларды ел-жұрттың бәрі келеке еткен. Бірақ соның нәтижесінде қылмыс саны жылына 2200-ден 1000-ға дейін азайды. Демек, үлкен қылмыс­тар­ды тоқтату үшін кішігірім құқық бұзушы­лық­тарды жою керек. Ал бұзақыларды жауапкершілікке тартуға заң мүмкіндік бермейді. Егер сол жазаны қатайтса, қоғамды түзей аламыз. Сондықтан бұл жерде әкім ойлануы керек.
– Әкім ба, заң шығарушы орган ба?
– Заң шығарушы органдар заңды шығарғанымен, орындайтын әкім ғой.
– Бірақ жауапқа тартатын заң жоқ деп отырсыз ғой?
– Әкім қаланың ішінде нормативті заң қабылдап, іске асыра алады. Оның қолында полиция бар, күш бар. Бәрі қо­лында. Әкім деген – бір аймақтың пре­зиденті. Тек қана жұмыс жасауы керек.
Ең бастысы, халық соны ажырата алмай отыр. Біз, халық құндылықтан ажырап кеткенбіз, байлық, дүние қуып кеттік. Бақыт байлықта деп ойлайтын болдық. Шындығында, бай адамдардың бәрі бақытты емес. Байлық деген – үлкен сынақ, оны ұстай білу де – өнер. Әйтпесе, байлардың көбі неге ұзақ жасамайды? Неге орта жастан аттанып кетеді? Себебі жан тыныштығы, жүрек тыныштығы жоқ. «Байлық-байлық» деп, денсаулық күтілмеген. Денсаулық жақсы болуы үшін қоршаған орта сау болуы керек. Ал бізде қоршаған орта сау ма? Біздің бабаларымыз еш уақытта байлық жинамаған ғой. Көшіп-қонып жүре берген, табиғатты сыйлаған. Әйтпесе, қамал салып алып, отыра берсе болатын еді. Міне, сол арқылы да қазақ өсті, көбейді. Кең байтақ жердің мұрагеріміз. Енді соған ие бола аламыз ба, бұл бізге байланысты.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.