Әл-ауқаттың өсуі – басты басымдық

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы кезекті Жолдауын жария етті. Ақорда төрінен жолданған маңызды құжатта қандай бағыттарға басымдық берілді, нендей түйткілдерді шешудің қажеттілігі туындады, Президент бұл мәселелердің барлығына егжей-тегжейлі тоқталып, әртүрлі өзекжарды сауалдардың негізіне тоқталды. Жолдауға арналған алқалы жиын еркін форматта өтті.
Үкіметтің, министрліктердің, облыс әкімдері мен өзге де сала басшыларының жұмыстарына да бірқатар сын айтылды. Елбасы көптеген сауалдарды министрлердің, әкімдердің өздеріне төтесінен қойды. Жолдауды жария ету барысынан аңғарылған негізгі мәселе – сапалы әрі уақытылы жұмыс істеу керектігі, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды созбалаңға салмау, ескірген жұмыс тәсілдерінен ­арылу. Алқалы жиында Үкіметтің, министрліктердің, облыс әкімдері мен өзге де сала басшыларының жұмыстарына да бірқатар сын ­айтылды.

Жеткен жетістік аз емес

Елбасы сөз басында еліміздің осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып өтті. Тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқарылғанын, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ­заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еткенімізді, сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізілгенін, Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізгенімізді, сондай-ақ өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халық­аралық серіктес ретінде танылға­ны­мызды, Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірін­ші мемлекет болғанын атап өтті. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел ин­­вестициясы тартылғанын, Дүние­жү­зі­лік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рей­тингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілгенін тілге тиек етті.
Әрине, мұндай жетістіктерге тоқ­мейілсіп қалуға әсте болмайтыны тү­сі­нікті. Өйткені әлем бір орында тұрған жоқ. Бұл үшін қарышты қадамдармен алға жылжып, көздеген межеге қол жеткізу жолында қажырлы жұмыс жасай беру маңызды. Президент соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейгенін, жаһан қарқынды түрде өзгеріп келе жатқанын айтты.
– Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халық­аралық сауда ережелері бұзылуда. Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде.Бүгінде жаһандық және жергілікті проб­лемалар тоғыса түсуде. Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемле­кеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр. Үкімет, әрбір мемлекеттік орган­ның, мемлекеттік компанияның бас­шысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет. Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын, – деп бір қайырды.

Ең төменгі жалақы мөлшері көбейеді

Экономикалық жетістіктің бұрыннан мойындалған қағидасы халық табы­сының өсуі екені белгілі. Бұл мәселеге арнайы тоқталған Елбасы халық табысын өсірудің нақты жолдарына тоқталды. Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адам­ның еңбекақысын тікелей қамтитынын, бюд­жеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетінін жеткізді. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу қажеттігін айтты.
Мұндағы негізгі жаңалықтың бірі –келер жылдан бастап ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байла­нысты болмай­тындығы. Ең төменгі жалақы­ның жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқы­мын­дағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналмақ. Ең төменгі жалақының өсірілуі, сөзсіз, жақсы бастама болғалы тұр. Жан-жақтан қыспаққа алған қымбатшылық, инфляция қарапайым халықтың күнкөрісін қиындатып жіберері хақ. Демек, Жолдау­да берілген тапсырма – бүгінгі күннің өзекті сауалдарының бірін қамтуымен ерекшеленді.
Жолдауда экономиканы ширатудың, кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттары да айқындалды. Мәселен, экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгі­ленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабыл­­дау, бизнесті заңсыз әкімшілік қы­сым­­нан және қылмыстық қудалау қаупінен қор­ғауды арттыра түсу, экспортқа бағыт­талған индустрияландыру мәселесін экономикалық саясаттың негізгі элементі ету, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру, инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлу және т.б. маңызды міндеттер де күн тәртібіне қойылды.

Мұғалімдер мәртебесі туралы заң

Кез келген елдің даму көрсеткіші – оның білім саласының өркендеуімен де өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда отандық білім беру жүйесін одан әрі дамыту маңызды рөл атқарады. Мәселен, биылғы Жолдауда мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту міндеті белгіленді. Шынтуайтына келгенде, білімнің аталған сатысына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келгені рас. Осы жолы біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігі тапсырылды.
Бірнеше жылдан бері білім беру қауымдастығы тарапынан сөз болып келе жатқан қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін биіктетуге байланысты мәселелер осы Жолдаудан кейін оң шешімін таппақ. Елбасының: «Келесі жылы «Педагог­тардың мәртебесі туралы» Заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Ол мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері мен мұ­ға­­лім­­дерді ынталандыратын шаралар қарас­­тырып, жүктемені азайтуы тиіс. Мұғалім­дер­ге барлығын үйіп-төгеді: сай­­лауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-на­сихат та солардың мойнында, бірдеңе істеу қажет болса, тағы мұғалімдер. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Олар­ды артық жұмыс­тан босату керек. Мұ­ғалімдер сабаққа ғана дайындалу керек» деген сөзі көптен бері айтылып келе жатқан түйт­кіл­дің нүктесін қойғандай болды. Енді бұл нақты іс жүзінде орындалса, мұғалім­дер біліктілігінің артып, білім сапа­сына да оң әсер етер еді. Себебі мұғалімдер өзде­­ріне қатысты емес, басы артық шаруа­лардан босайтын болады. Жасырып, жабар несі бар, біздің елде мұғалім мәртебесінің Финляндия, Жапония және тағы басқа елдердегідей болмай тұрғаны рас. Ал аталған мемлекеттердің жетістік сырының бірі осында жатқаны айдан анық. Өйткені мұғалімін құрметтей білген елдің білімі де өрлей береді.
Жоғары оқу орындарының алдына да нақты міндет қойылды. Бұдан былай жо­ғары оқу орнының табыстылығын баға­лаудың басты критерийі – оқу бітірген сту­денттердің жұмыспен қамтылуы, жалақы­сы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясаты да жалғасын табады.

2019 – «Жастар жылы» болмақ

Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі ретінде жастарға көңіл бөлінгенін айтуға болады, яғни 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланбақ. Елімізде жастардың қор­даланған мәселелері аз емес екені белгілі. Солардың барлығы осы жылдың аясында шешімін тауып, ілгерілесе құба-құп.
Мемлекет басшысы шетелге, әсіресе Ресейге кетіп жатқан жастардың көптігіне алаңдаушылық білдірді. «Жарайды, солтүстік өңірлердің жағдайы белгілі. Бірақ соңғы кездері Талдықорған, Алматы облысының жастары да сол жаққа кете бастады. Неге?» деген сауалын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қарата қойды. Ерлан Сағадиев жастар көрші елдерге оқуға кетсе де, көбісі елге қайтып оралатынын, мәселен, бүгінде Ресейге оқуға кеткен жастардың тек жеті пайызы ғана сол елде қалып қойғанын айтты. ­Президент ел ішінде оқу-білім саласына көп көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

                                                 «Полиция адамның көмекшісі болуы керек»

Қоғамымызда құқық қорғау органда­рының қызмет сапасына қатысты тағы­лып жүрген мін аз емес. Елбасы өз Жолдауын­да ішкі істер саласының қызметін жетілдіруге байланысты кешенді тапсырмалар беріп, құқық қорғау органдары­ның жұмысын түбегейлі өзертуді ұсын­ды. «Халық құқық қорғау органдарының түбегейлі өзгеруін күтіп отыр. Полиция жазалау таяқшасы емес, адамның кө­мекшісі болуы шарт» деген сөзі көп­шілік көңілінен шықты. Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша арнайы Жол картасын қабылдау керектігін, оны келесі жылы бастау қажеттігін айтты.
– Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн.Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ полиция академиялары арқы­лы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек. Қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс. Тек үздік­тері ғана қызметін жалғастырады. Үшін­­шіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полиция­ны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн. Полицияның жұмысын сер­вистік модельге көшіру қажет, – деді.
Халықтық мәселелердің ең жанды тұсы – тұрғын үй екені белгілі. «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасының аясындағы ­«7-20-25» бағдарламаның орындалу барысы Президент тарапынан сынға ұшырады. ­Елбасы әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматқа қолдау көрсететінін айтты.
Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да назар аударылды. Бұл – құптарлық бастама. Өйткені ауыл деген – тіл мен мәдениеттің, ұлттық сананың, ұлт­тық құндылықтардың қасиетті ошағы ғой.
Елбасы қорытынды сөзінде әрбір қа­зақ­стандық жүргізіліп жатқан реформа­лардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс екенін айтты.
– Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеу­меттік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдар­ламалардың басты мақсаты – хал­қы­мыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Қазақ­станның бағындыратын биіктері әлі алда.Осы жолда халық сенімі рухымызды жігер­лендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!» деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.