Ауылым – алтын бесігім

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің мәжіліс залында Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Жиынды университет ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тілектес Есполов ашты.

– Құрметті әріптестер, 2018 жылдың 5 қазан күні Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Оның ерекшелігі – халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатуға қатысты ең өзекті мәселелерді қамтиды. Бүгін біз осы Жолдауды талқылап, Ұлт көшбасшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты ойларымызды, пікірімізді ортаға саламыз, – деді ректор.
Т.Есполовтың айтуынша, ҚР Прези­ден­тінің биылғы Жолдауы әр қазақстан­дық­тардың көкірегінде жүрген өзекті сауалдарға жауап береді. Мемлекет басшысы өзі атап көрсеткендей, бұл Жолдау халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа әлемге, яғни өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеуіміз қажет екенін айқындап көрсетіп берді.
– Өздеріңіз білесіздер, әр ­Жолдау ­сайын ауыл шаруашылық саласына басымдық беріп отыратын Мемлекет басшысы бұл жолы да Қазақстандағы ауыл шаруашылық мамандарын жаппай жаңа технологиялар бойынша оқыту керектігін атап көрсетіп отыр. Жолдауда қамтылған тағы да бір ерекше жаңалық – Елбасының идеясымен республика бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы бас­талды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ауылдардың әлеуметтік ортасын жаңғырту. «Ауылым – алтын бесігім» деп білетін қазақ қоғамы үшін бұл өте маңызды да қажетті бастама деп білеміз. Жалпы республикамызда 6667 ауылдық елді мекен бар. Қазақстан халқының 43 пайызы ауылда тұрады. Ал аграрлық сектордағы негізгі мәселе – экспортқа бейімделген, бәсекеге қабілетті ауыл шаруа­шылық өнімін шығару. Қазіргі таңда ішкі өнімдердің тек 60 пайызын ғана қам­та­масыз етіп отырмыз. 40 пайызы сырт­­тан келеді, – деген ректор осы салада уни­верситет атқарып отырған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап ҚазҰАУ ғылыми-зерттеу университетіне айналу жұмыстарын қолға алып жатыр. 2015 жылы Қазақстандағы ЖОО ішінде бірінші болып агро-технологиялық хаб ашқан. Оның негізгі міндеті – ғылыми өндіріс орталықтарына жаңа технологияларды енгізу. Ректор Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауын да қолдайтынын айтты.
Ал мінбеге көтерілген мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департамен­тінің директоры, ректордың кеңесшісі Бөрібай Жексембин болса, Мемлекет басшысы Жолдауларының тарихына тоқтала отырып, оның нәтижесіне баға берді. «1997 жылы 1 қазанда Елбасы бірінші рет «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағдар­ла­масын халықтың назарына ұсынды. Ондағы көрсетілген ұлы мақсат тәуелсіз және саяси тұрақты Қазақстанды құру болатын. Әрине, ол бағыттар өте орынды еді және сол кезде бос қиял сияқты көрінетін. Осыдан 21 жыл бұрын ұлттық қауіпсіздік, ішкі саясаттың орнықтылығы, нарықтық экономикаға өту, денсаулық, білім саласын, ауылды, энергетикалық қорларды, инфрақұрылымды дамыту, инвес­тиция тарту, кәсіпқой мемлекетті құру сынды алға қойылған міндеттер бүгінде орындалып отыр. Осылайша, Мем­лекет басшысы атқарылатын барлық реформаларды, ішкі, сыртқы саясатты, эконо­микадағы, әлеуметтік саладағы страте­гиялық, тактикалық іс-қимылдарды әр жылы осындай Жолдаулар арқылы белгілеп отырады» деді ол.
ҚР ҰҒА академигі, құрметті ұстаз Рақымжан Елешев те өз ойын ортаға салып, «Биылғы Жолдау халыққа, адам капиталына бағытталған» деген баға берді. Білім сапасын жақсарту мәселесі әр уақытта университеттің назарында екенін айтты. Еліміздегі ЖОО бітірген жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі әлі де төмен екенін ескертіп, оны шешу жолы ретінде суденттердің өндірістік тәжірибесін алдыңғы қатарлы агроөнеркәсіптерде өткізуді ұсынды. Академик қазіргі оқулық сапасына байланысты ойын ашық айтып, олардың саны емес, сапасы маңызды екенін, оны дайындау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шетелдегі ғылыми жетістіктерді пайдалану қажет екенін алға тартты.
Жиында басқа да ғалымдар мен оқытушылар сөз алып, Жолдауға қатысты өз ой-пікір, ұсыныстарын білдірді.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.