ҮШҚОҢЫРҒА ТУ ТІККЕН БЕКБОЛАТ ӘШЕКЕЕВ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Халық қиналғанда қаһарманын табады. Табанының бүрі, жүрегінің түгі бар рухы берік, ел намысын қорғай білген жан ғана ту ұстап, жанын шүберекке түйіп, қол бастайды.
Бекболат Әшекеев жайлы маған алғаш жан-жақты айтып таныстырған белгілі журналист Есберген Естаев деген ағамыз еді.
1971 жылы Есберген Естаев ағамыз Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакциясына келіп, бізбен әңгімелесіп, өзінің жаңа шыққан «Өмір өткелдері» деген кітабын сыйлаған болатын. Сонда «Ел ауырын – ер көтереді» деген тақырыппен Бекболат Әшекеев жайлы біз біле бермейтін тың деректер жариялапты. Есберген аға өте білімдар, ізденімпаз, архивпен жақсы жұмыс істейтін, ел ішіндегі әңгімелерді жазып алып жүретін алғыр журналист еді. Мен кейін ол кісімен көп әңгімелесіп, сырласып жүрдім.
«Бекболат Әшекеевті Үшқоңырда 1916 жылы хан көтергенін сен білесің бе?» деп мені таңғалдырып, бар жағ­дайды айтып берген. Ол кезде ондай жағдайды айтқызбайтын да, жазғыз­байтын да.
Екінші бір ерекше нәрсе – Бекболат жайлы жыршы, термеші Хамза қажы Екейбаевтың атқарған игі ісін ерекше атап жүруіміз керек.

Бірде ол кісі маған телефон соғып, тез осы «1-май» ауылындағы үйіне келіп кетуімді өтінді.
Дереу келсем, Хамза қажы ағам былай деді:
– Түнде түсіме Бекболат батыр Әшекеев кірді. «Мен елім үшін шаһид болдым, асым берілмей қалды ғой. Хамза балам, саған сол аманат!» деп ақ сақалы желбіреп, маған батасын берді. Үш ат ерттетіп дайындап қойдым. Жүр, ­Бекболат батыр қол жинап, шайқасқан Үшқоңырға шығып, аралап қайтайық, – деді.
Не керек, содан Хамза қажыда тыным болмады. Мен екі ай орталық архивте отырып Бекболат Әшекеев бастаған Үшқоңыр көтерілісі жайлы материалдар жинап, «Егемен Қазақ­стан» газетіне мақала жарияладым.
«1-май» ауылы тұрғындарын жинап Хамза қажы Екейбаев осы ауылдың атын «Бекболат» деп атау жөнінде ұсы­ныс түсіріп, хаттама алып, облыс әкіміне кіріп жүріп, ол жақтан рес­публиканың ономастика комиссиясына хат жолдады. Хамза ағам тікелей өзі сөйлесіп, мені Астанаға жіберді. Тек осы мәселемен ғана сол кездегі мемлекеттік хатшы, атақты жазушы қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында екі мәрте болдым.
Ақыры 2000 жылы «1-май» ауылына Бекболат есімі берілді. Ауыл ­жанына 10 киіз үй тігіп, 10 жылқы сойып ­Бекболат батыр Әшекеевке ас беріліп, Құран бағыштап, құрбан шалынды.
Ата шежіреге үңілсек ол ырысты қалың Дулат, оның ішінде Жаныс, одан Жайлы­мыстан шыққан Есенқұл батырдың ұрпағы.
Есенқұл жауға шапқанда он ұлы бірге ат­танады екен. Есенқұлдың он ұлы: Би­гелді, Баубек, Дайырбек, Бидайбек, Сайбек, Тойынбек, Ақылбек, Бибек, Нүсіпбек, Айдарбектер ешкімге есесін жі­бер­меген көкжал текті батыр, алғыр болып өседі.
Дайырбек дәулетті, сәулетті болады, одан тоғыз ұл туған. Әшеке төртінші ұлы екен. Жасынан барымта-сыдырымтаға бүкіл қырғыз-қазаққа жаужүректілігімен аты шыққан сайыскер, барымташы болыпты. Тезек төреден де, Қоқан ханды­ғы­нан қаймықпай, тіпті солардың кейбір жүйріктерін, топ-тобымен айдап әкеп Үш­қоңырдың жықпыл-жықпылына сүң­гітіп жіберіп, ұстатпайды. Тікелей тиісуге қара ормандай жаужүрек ел-жұртынан сескенген қоқан бектері алдап қонаққа шақырып алып, үзеңгісіне у жағып жібереді. Содан Әшеке орта жолда Шу өзеніне жеткен жерде қаза табады. Сонда уы бойына тарап, ісіп-кеуіп жатқан Әшеке айтыпты:
– Менің атымды түбінде Бекболатжан шығарады, соның төңірегінде болыңдар, – депті өлерінде.
Әшекенің Тұрысбек, Әменбек, Құр­манбек, Бекболат, Албан, Пәзілбек секілді ұлдары шетінен өнерлі, он саусағынан өнер тамған ұста болған.
Бекболат Әшекеев 1843 жылы Үшқоңыр тауында туған. Ол жасынан арабша оқыған, сауатты, көзі ашық, билікке араласып би болған, орысша жақсы білген, ел ішінде қадірлі, сыйлы, әділдігімен аты шыққан, ағайындарының басын қосып, басшылық жасаған, сөзге ұста, бес мезгіл намазын қаза қылмаған Құран оқыған діндар жан болған екен, елі болыстыққа да сайлаған. 1905-1906 жылдары Мекке-Мединеге барып, қажы атанып келген. Немере бауыры Ниязбекұлы Сәт болыс Қарғалыда мешіт сала бастағанда Бекболат бүкіл бауырларымен болысып, бірге салысқан.
***
Бекболат Әшекеевті 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде бүкіл ел-жұрты, Алатаудың күнгейіндегі қырғыздар, Шу бойындағы дүнғандар барлығы бірауыздан басшы сайлап, хан көтереді.
1916 жылғы шілдеде Қазақстан мен Орта Азия халықтарының отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басталды. Көтерілістің пісіп-жетілуіне жалпы отар өмірінің ауыртпалығы, бодан ел-жұртты озбырлықпен қанауы, құнарлы жерлерді қилы сылтаумен «мемлекет пайдасына» жүйелі түрде тартып ала беруі, одан Ресейдің бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуына байланысты үкіметтің империя бұратаналарына шектен тыс алым-салық салуы әсер етті. Ал көтеріліс қи­мылдарының Қазақстан мен Орта Азия халықтары арасында жаппай орын алып, іс жүзінде бір мезгілде шығуына «Ақ патшаның» әйгілі «Июнь жарлығы» – Ресей императоры ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымда қол қойған «Империяның еркеккіндікті бұратана халқын армияның іс-қимылы ауданында қорғаныс құрылыс­тарын және соғыстың қатынас жолдарын салу жөніндегі жұмыстарға, сонымен бірге мемлекеттік қорғаныс үшін қажет кез келген өзге де жұмыстарға тарту туралы» пәрмені себеп болды. Жарлық бойынша тыл жұмыстарына 19-дан 43 жасқа дейінгі қазақтардан 240 мыңға жуық кісі алу белгіленді. Егер сол кездегі қазақ шаруашылықтарының саны 700 мыңнан сәл асатынын ескеретін болсақ, патша жарлығы тұтастай орындалған жағдайда әрбір үшінші шаруашылық өзінің негізгі еңбек етушісінен айырылады екен. Ал мұндай мөлшерде жұмысшы қолын майданның тыл жұмыстарына әкету Қазақстанды ұлттық апатқа ұшыратуы мүмкін еді. Жарлық Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік жаппай наразылық тудырды. Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қалың елдің дариядай толқуы басталды».
Көтерілістің алғашқы ошағы Жетісу облысында пайда болды. Мұнда патша Жарлығына қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында бұқаралық сипат алды. Барлық жерде найза сүңгілермен, қылыш, шоқпарлармен, жекелеген қарапайым аңшы мылтықтарымен қаруланған сарбаздар жасақтары ұйымдастырылды. 17 шілдеде ресми билік Түркістан өлкесінде, оның ішінде Жетісуда соғыс жағдайын жариялады. Патшалық өкімет органдары Жетісуға ірі жазалаушы әскери күштер жеткізе бастады. Тамыз айында 35 рота жаяу әскер, 2 жүздік атты әскер, 240 атты барлаушылар, 16 зеңбірек, 47 пулемет, бірнеше майданнан қайтарылған әскери бөлімшелер, жергілікті казак күштері пайдаланылады. Көтерілісшілерді жазалау үшін облыстағы орыс селолары мен казак станцияларының тұрғындарынан қарулы жасақтар құрылды. Бір жағында – бақайшағына дейін қаруланған, әскери өнердің бар қыр-сырына үйретілген патша әскері, екінші жақта нашар қаруланған, үйретілмеген, әлеуметтік және ұлттық азап­тан шығуға ұмтылған көтерілісшілер жа­сақтары шайқасқа түсіп жатқан болатын.
Қызу қарқынмен лап ете түскен Же­тісу көтерілісіне қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүн­гендер жұмыла атсалысты. Қатар­ла­рына 10 мыңнан астам адам тұрған көте­рілісшілер Самсы төңірегінде жазалаушылар жасағына шабуыл жасап, оларды Верныйға қарай шегінуге мәжбүр етті. Тамызда Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзіп тастады.
Әскери дала соттарының сүйенген «құқықтық» негіздерінің бірі «Жазалау туралы» әскери Жарлығының 279-бабы болды. Онда жалғыз өкім – өлім жазасы туралы ғана айтылады. Мұны Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаумның қолы қойылған құжаттар растайды. Бұл құжаттағы «аяусыз жазалаңдар», «тез арада қамаңдар», «тез арада өлтірілсін». «Көтерілісті басудың бір-ақ жолы бар. Көтерілген болыста бірден бірнеше жүз адамды қырып-жою керек» деген сөздер де – сол қанішер губернатордың нұсқауы. Мұндай қанды операцияларды жазалаушылар әр жерде жүргізді. Казак қылышы мен мылтығынан жазықсыз қырылған қазақтар аз болған жоқ. Шамасы жеткен ел үдере көшіп Қытай ауып кетті. 1916 жылы тамыз-қыркүйек айларында Асы, Самсы, Отар өңірлерінде де казак-орыс жазалаушыларымен қарулы ұрыстар болды. Қордай мен Верный арасындағы барлық пошта стансалары қиратылды. Екей елін кө­теріліске Мақыш Райымбекұлы, ал Шиен­дегі ел-жұртты Өтеп Омарбек Жантаев бастап алып шықты. Күнбатыс Қастек болысындағы көтерілісті Нүке Сатыбеков, Сатай Көбегенов басқарды. Жайылымыс болысында 73 жастағы қарт, ел басшысы Бекболат Әшекеев атқа қонды.
7 шілдеде Үшқоңырда ­Жайылмас қазақ­тарының съезі болады. Отар прис­тавы Гилевтің бірінші тамыз күні жазған хабарына қарағанда, 8 шілде күні Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыстарының мыңнан астам қазақтары Үлкенсаз жайлауына жиналады. Мал санағын жүргізуге келген шенеунік Ивановқа қарсы пікір айтады. «Не істесе де балаларымызды солдатқа бермейміз» деп жазба түрде қарсылық білдіреді. Оған Әміре Төлеубаев бастаған 45 кісі қол қояды. 10 шілде күні тағы да сол Үлкенсазда 5 мың адам қатысқан жиын өткізіледі. Жиналғандар «Патшаға солдат бермейміз, бәріміз бірігіп соғыс ашамыз» деп көпшілікке хабарлайды.
Осы жайында 9 шілде күні Үлкен­сазға барып, «ештеңені біле алмай орал­ған» Ыбырайым Жайнақов 13 шілдеде Верныйға – Меркі, Үлкен Алматы болыстарының әйгілі адамдарын ша­қырады. Жиналыс өткізеді. Басқосуға Тоқаш Бокин де қатысады. Жайнақовтың іс-әрекетін, пиғылын әшкерелейді. «Солдатқа бала беруді шешу үшін Жетісу қазағының басы қосылуын» талап етеді. Ал келесі күні халық қамқоршысы Тоқаш Бокин Үлкен Алматы, Шамалған, Шығыс Қастек болыстарын аралауға аттанады. 12 шілдеде – Мойынқұмда, 14 шілдеде – Үлкен Алматыда, 3-4 тамызда Шығыс Қастекте болады. Ондағы ауыл азаматтарымен сөйлеседі. Көтеріліс басшыларын тағайындайды. Жалынды сөздер сөйлейді. Халықты патшаға қарсы көтерілуге үгіттейді. 17 тамызда Самсы мен Шиен бекеттеріндегі жазалаушы отрядтарға қарсы шыққан көтерілісшілердің басы-қасында болады. Сөйтіп, Самсыда (басшылары – Қасабек Кәкенов, Сырғабек Жалпыетеков, Қасеней Айдарбеков), Шиенде (басшылары – Омарбек Жантаев, Досмұхамбет Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Мойнақ Берденов, Бектұрсын Кебекбаев, Қашаған Ырысқұлбеков), Ақшиде (басшысы – Қарабай Аламанов) болған халық қозғалысына белсене араласады. Сөйтіп, 4 тамыз күнгі Шиенде тұратын Қашаған Ырысқұлбековтің үйінде келіскендей, Самсы-Шиен-Күртібастау-Ақши көте­рілісшілері Ұзынағашқа беттейді. Одан Үшқоңырдағы Бекболат Әшекеевке қосылып, Алматыға шабуыл жасауға бекінеді.
…Бекболат ауылында үш тәулік бойы ел ақсақалдары мәжілістесуде. «Құрық ұстаған малшыны, таяқ алған қойшыны, соқа соңында жүрген егіншіні түгел матап беріп, бала-шағаны аштан қырмаймыз, қарақан басымыз қаңқиып қалмаймыз. Патша өкіметінің Жарлығына қарсымыз» дейді ақсақалдар сөз түйіні.
– Басшы Бекболат! Көтер Әше­кейдің көк туын! Әумин!.. – деп жасы тоқ­санды алқымдаған Қалампырдың Мыңжасары алақа­нын ілгері жайды.
– Кеудесін оққа тоспайтындар атқа мінбесін! – деді Бекболат өзінен бір лебіз күткен қалың топтың шарасыз көздерін шола қарап. – Мылтық атылғанда тауға шаппай, жауға шабыңдар! – деді және біраз ойлана түсіп, қатты-қайырымсыз жауды жақсы білетін Бекболат.
Ел рухы қызылтанау боп сабылып-шалдығусыз-ақ, қол көтермей-ақ, ­Бекболатты бірауыздан басшы сайлап алды. Ақ киізге отырғызып, хан көтереді. Бекболат та жұрт үкіміне жүгінді.
«Алматыдан орыстар шығыпты» деген хабар жұртты біраз сейілткендей болды, асуларға сақшылар жіберіліп, олар екі асудың Шұбарат пен Жамбастың аузын алды, жол бойынан сыбыс тыңдайды, өткен-кеткендерді сұраққа тартады.
– Қайдағы орыс?! – дейді жансыз боп келгені кейініректе әйгіленген бір «жолаушы». – Алматыдан шықтым, ырымға бір орыс көргенім жоқ, – дейді ол сақшыларға.
– Олай болса, жігіттер, тартыңдар, жуық жердегі ауылдан қымыз ішіп ­қай­тайық.
Сол екі арада Алматыдан шыққан жа­залаушы отряд та асуға жетіп қалған. Отряд бастығы – Верный оязының өзі, подполковник Базилевский. Отряд Верный гарнизонының – Симбирск жаяу әскер полкінің солдаттарынан табан астында іріктелгендер. Олар қаланың атты полициясы мен өрт сөндіргіштер дивизиондарының аттарына мінгізіліп, кіші Алматыдағы соғыс қоймасынан (крепостен) қылыш-сайман, оқ-дәрі алысымен-ақ, осылай жө­нелтілген. Жолшыбай Қаскелеңде от­рядқа жолбастау­шылыққа және тілмаш­тыққа бірқауым казак-орыстар қосылды.
…Солдаттар ауыл-ауылды ­аралап бала-шаға демей ұрып-соғып, қылыш­пен турап, еркеккіндікті түгел қыра ­бастады. Алатау етегі қанға бөкті. Бәріне «Бекболат­ты тауып беріңдер» деп тепсінді.
«Халықты қынадай қырып жіберме­сін» деп Бекболат «ел ­басына түскен қор­лыққа шыдамай» өзі келіп, Шамал­ғанда тұратын Төлегенов Балғабектің үйінде жауына беріледі.
Қыркүйектің 7-сі күні губернатор Фольбаумның: «екі күн ішінде тергеліп, сотқа берілсін» деген әмірімен Алматыда (ресми Верныйда), қолма-қол соғыс жағдайындағы заңмен жүргізілген әскери сот процесі өтеді.
Сот мүшелері Бекболаттан бірнеше рет жауап алды. Бірақ халықтың адал ұлы, ержүрек ардагерінің: «Халқым, сендердің ешқайсысыңды да жылатпаймын. Бар кінәні өз мойныма аламын. Сендер үшін құрбан боламын» дегені, айтқанын орындауы оның адамға деген шексіз сүйіспеншілігін, жау алдындағы қайсарлығын, батылдығын, бірбеткейлігін, алдына қойған мақсатына беріктігін байқатады. Бұл ойымызды Бекболаттың тергеушілерге берген мына жауабы да толықтыра түседі. «Ешкіммен байланысым болған жоқ. Көтерілісті өзім ұйым­дас­тырдым» деп өлім тұзағын саналы қарсы алады. Көпшіліктің құрбаны болуға бекінеді.
Бас-аяғы бір күн ішінде әскери сот Бекболат бастаған 13 адамға (ішінде Бекболаттың үлкен баласы Әбділдә бар) ақиқат-айғақсыз ең ауыр жаза – дарға асуды ұйғарды. Бекболат Әшекеевке «заңсыз съезд шақырды», «елді көтеріліске үндеді», «өзін хан жариялады» деп, оны және оның жақын серіктері ­Тамабаев, Бекбатыров, Сыпатаев, Әбдірашев, Сатқынов, Қасымбековті қылмыстың ең ауыр жазасына – дарға асуға үкім шығарды. Үкімді Фольбаум сол күні бекітті.
Бұл қыркүйектің 8-і күні болатын.Қыркүйектің 9-ы күні. Таңазанғы елең-алаңда абақтының көп камераларының бірінен:
– Молданы әкетті! Молданы әкетті! Ләйлаһа иллалаһ! – деп сүрен салған бір тұтқынның жанайғайы шықты. Молдасы – Бекболат. Бекең сол аз күн ішінде абақтыда «молда» атағын алған. Ажал аузында жатса да бес уақыт намазын қаза етпеген, тұтқындар басын сәждеге жығып, өзі имамдық жасаған.
Сәске әлетінде Бекболаттарды мыл­тық кезеніп, қылыш көтерген айдауыл тұтқын­дарды күні бұрын дайындалған жерге ай­дап келді. Губернатор әмірімен төңіректегі дүйім ел осында айдаумен келтірілген. «Көр­­сін, түге! Шошысын! Дәрмені қаш­сын!» деген Фольбаум үкімін іске асырды.
Түркістан генерал-губернаторы ­Куро­пат­киннің сол жылғы 12 желтоқсан­дағы бұйрығы бойынша Жайылмыс ­бо­лысының 23 адамы қосымша тергеуге тартылып, әскери соттың қармағына ілікті. Бас-аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікті» деген айыппен өлім жазасына кесті. Олардың ішінде: Әшекеев (Бекбо­лат­тың ортаншы баласы), Әбішев, Аманбаев, Нұрабаев, Сұлтанов, Аманжолов, тағы басқалары бар. Куропаткин сот үкімін ірікпей 22 ақпанда бекіткен, бірақ сол күндері ­Петроградта Ақпан көтерілісі басталып, ол үкім орындалмай қалды, сонда да елді меңдеген езгілік дерт асқындаған бетінде қала берді.
Үшқоңырда сұрапылда оққа сойыл сермеп, азаттық үшін өлімге жол тарт­қан: Мұсабай Рысқұлұлының, Көпес­бай Бижанұлының, Сағындық Жаныс­байұлының, Иісбай Самалұлы­ның, Әмір Шуақұлының, Сәрсенбек Қошақұлының, Бұғыбай Құрман­бай­ұлының, Сұлтанбай Кебекбайұлының, Елеусіз Бағылұлының, ерен ерліктерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.Бабалар батырлығын, олардың ел үшін өлімге жол тартқан қайсарлығын, біз үшін бітімсіз қалған сол бір қантөгісті білсе екен дейміз.
Бекболаттың азаттық ұраны, көтеріліс дүбірі сарқыла қоймаған 1936 жылы бұл оқиғаны жазушы Дәулетбаев қағазға түсірген (Еркебай Қойшыбаев. Үркіншілік жыл. «Қазақ әдебиеті», №20, 14 мамыр, 1996 жыл; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұрағаты, 76-қор, 510-іс, 385-397-беттер).
Жайылмыс болысындағы көтерілісті дайындаған, оған басшылық еткен Тоқаш Бокин екендігі айқын сезіледі. Бекболат Әшекеевтің соғыс жоспары орасан еді. Оның батыстағы – Ботбай, шығыстағы – Албан, Қырғыздағы – Пішпек, Тоқпақ, Ыстықкөл көтерілістерімен тікелей байланысты болғандығын соттың протоколдары да дәлелдейді.
Ресей Думасының мүшесі, кейін уақытша өкіметті басқарған Керенский бұл 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы көтерілісті басып-жаншудың сорақы асқындағанын «Бұл өмірде мұндай сұмдық геноцид бұрын-соңды болмаған» деп жазды.
Бекболат Әшекеев бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліспен аяқталды. Рас, патша жендеттері бас көтерген қазақты атты, шапты, түрмеге салды, Сібірге айдады, дарға да асты, бірақ тәуелсіздікке деген елдің ұлттық рухын жоя алмады.
Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емес, олармен бірге бейбіт халықты да қатал жазалады. Жалпы Түркістан өлкесі бойынша мәліметтерде мыңдаған көтерілісшілер сотқа тартылып, 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге отыруға кесілді (ҚР ОММ, 46-қор, 1-тізбе, 385-іс, 42-п).
Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам немесе Жетісу өңірінің тұрғылықты халықтарының төрттен бір бөлігі атамекендерін тас­тап кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да Жетісуды мекендеуші тұрғылықты халықтар 1916 жылды тек қана көтеріліс жылы емес, сонымен бірге «Үркіншілік» (үрке көшу) жылы ретінде көп уақыт ұмыта алмады.
Бекболат Әшекеев дарға асылғанда жұрт күңіреніп кетті. Күнде ертеңгісін ел жиылып келіп қараса дарға асылған батырдың табаны жерге тиіп, жерді басып тұрады.
Жібі созылып, денесі ұзарып екі табаны жерді басып тұрғанын көріп қалың жұрт: «Арда ардағымыз-ай, асыл еріміз-ай» деп қан жылайды.
Болыс Сәт Ниязбекұлы Мақыш Райымбекұлы, Омарбек Жантаев, ­Оразалы Күртібаев бастаған жеті наркес­кен өжет жігіттерді жинап:
– Батыр Бекболатымның сүйегін алып келіңдер, не өздерің соның жолында құрбан болсаңдар, өзім жаназаларыңды шығарамын, – депті көзінен аққан жасы сақалынан алты тарам болып ағып.
Мақыштар серіктерімен түн жамылып жүріп, екі казак сақшыны өлтіріп, ­Бекболат батырдың денесін дардан алып кетіп, Сәт болысқа әкеледі.
Сәт болыс шымы қалың жерден ақым қаздырып, өзі Құранын оқып шығарып, көміп, бетін шыммен қайта бекітіп тастайды. Казак солдаттар ары-бері шапқылап іздейді, бүкіл бейіт-зираттарды қарайды, Бекболаттың денесін таба алмайды.
Үшқоңырдың етегінде отырған бүкіл бала-шаға, туыстарын қатаң сұраққа алады. Олар білмейтіндерін айтады.
Барлық бала-шағасын, жақын ­бауыр, туыстарын Верныйға жаяу күйінде айдайды. Жол жөнекей еркек біткеннің бәрінің оң қолдарын ұрып сындырып, ал әйелі мен қыздарының оң көздерін винтовканың штыгымен ағызып жібереді.
Әшеке тұқымы содан соқырлар мен шо­лақтар елі атанады. Кеңес өкіметі орнап, аман қалғандар фамилияларын өзгер­тіп, басқа елге сіңіп кетеді. Қуғын-сүргін алпысыншы жылдарға дейін созылады.
Батырдың дарға асылған жері Боралдай жотасына, кезінде орталық архив директоры Марат Хасанаев, Жамбылов Әлімқұл, Хамза қажы Екейбаевтарды апарып, теледидарға түсіріп, сол жерге құран оқытып, құрбан шалдырған едім.Аруақ, оның ішінде қасиетті әулие, аруақ айтады екен: «Дүниеден өткен соң жүз жыл жерде бо­ламын, жүз жылдан соң елде боламын» деп.
Биыл Қарасай ауданындадағы Бекболат ауылында халық батыры, азаттық үшін арыстандай алысқан, тәуелсіздігіміз үшін жанын қиған Бекболат Әшекеев атындағы саябақ ашылды. Бұл – сол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде құрбан болғандардың рухына арналған лайықты ескерткіш деп бағалаймыз.
Арада 70 жыл өткенде 1986 жылы желтоқсан көтерілісі – сол он алтыншы жылғы көтерілістің заңды жалғасы, рухы қайсар қазақ елінің тәуелсіздікті аңсаған ерекше бұлқынысы еді.
Үшқоңыр тауы толғанып, толғатып 1916 жылдан кейін, арада 24 жыл өткенде бұл қасиетті асқар байтақ тауда маңдайы жарқыраған – Нұрсұлтан есімді ұлды өмірге әкелді. Нұрсұлтан Әбішұлы – еліміздің бағы болып, тәуелсіздігімізді бейбіт жолмен алып берді, Тәуелсіз Қазақстан әлемді мойындатты.
1916 жылы Бекболат батыр Боралдайда дар алдында соңғы сөзіңді айт, патшадан кешірім сұра дегенде:
Рас мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Еңіреген елім үшін соғыс ашып,
Ақ патшаның тұқымын құртпақ ­болдым, – деп қасқайып тұрып, айғай салыпты.
Ал 1986 жылғы желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбекұлы:
«Қазақ деген атым бар,
Атам десең атыңдар!» деп басын имей, тәуелсіздік жолында құрбан болды ғой, қайран ер!
Қайран қайсар рухты, қайтпас қара нардай батырлар осылар емес пе?!
Бекболат Әшекеев басқарған көтеріліс жайлы Зейін Шашкин, Ғ.Сапарғалиев, Есберген Естаев, Х.Тұрсынов, Ғ.Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Балғабек Қыдырбекұлы, Мейрамбек Төлепбер­генұлы, Төлеу Көлбаев, т.б. көптеген ғалым, жазушы, журналистер қалам тербеді, арнайы ғылыми жинақтар шықты. Әсіресе қазір жүзге келген ардагер – қаламгер журналист Үсенбай Тастанбеков ағамыз көп зерттеп, құнды деректерді жазды.
1916 жылғы осы көтерілістің жалынды жыршылары Жамбыл, Үмбетәлі Кәрібаев секілді атақты ақындар ел-жұртын, көтерілісшілерді жігерлендірді. Жамбыл Қастек, Шиен көтерілісшілерінде болып, азаттық жайлы жар сала жырлады, кейін Үшқоңырда күндіз-түні қайсар сарбаздармен бірге болып, жалынды өлеңдерін айтты. Шүкітай және басқа да ақындар көтерілістің бел ортасында жүрді. Иса Дәукебаевтың «Бекболат» ­поэмасы оқулықтарға енгізілді.
Шамалғанның ауылым жағасында,
Кім жетеді асылдың бағасына.
Ардақты аға сен едің, ер Бекболат,
Тұлпар мініп, ел бастап барасың ба? – деп жырлапты Шүкітай ақын. Бүгінгі азат елдің ұрпақтары жетпесе, кім жетеді асылдың бағасына?
Бұл аталарымыздың ерлігі – ұлт-азаттық қозғалысы тарихында батырлық пен батылдықтың, азаттық аңсаған елдің рухының биіктігін танытатын адалдық пен азаматтықтың символына айналды.
Кеше мен бүгін үшін талассаң ертеңің­нен айырыласың. Өткенді құрметтеу – болашаққа үлгі өнеге.
Бағалай білмегенге бақ қонбайды.
Қуана білмегенге құт қонбайды.
Ел-жұртымызға береке-ынтымақ берсін, Бекболаттай арыстарымызды бағалай білейік.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.