Ғафудан қалған сөз еді

Мен қазақтың қанатты ақыны Ғафу Қайырбековтің өмірдегі, өлеңдегі інісі ретінде де, бір өзеннің суын ішіп, бір топырақты басқан туысы тұрғысынан да көп араласып, көп сырласқанымды ел біледі.
Сексенінші жылдар ішінде Ғафе­кең­мен «Жұлдыз» журналында қызмет істеудің нәтижесінде ол кісінің көп әңгі­мелерін тыңдап, көкірегімде сақтап, жадымда қалдырған жайым бар. Ғафекеңнің осынау 90 жылдық торқалы тойында Ғафе­кеңнен естіген әңгіме­лерін елге жеткізгенді жөн санадым.

Ғафекеңнің ата-бабалары, өз әкесі хақында

Ғафекеңнің ата-бабалары Торғайда ең бір іргелі рулардың бірінен тараған Арғынның Мерген аталығына жатады. «Мерген» десе мерген дегендей, бұл рудан кешегі кеңес үкіметінің опалаң-топалаң тұсында Ғафекеңнің аталарының аты Торғай жерінде айрықша естілетін еді.
Патша тақтан құлап, кейіннен ел ақ, қызыл болып екіге жарылғанда, Ғафекең­нің аталары қызыл жағын қолдаған.
Аманкелді мен Кейкі патша әскеріне қарсы қол жинап, күрескенде Мергендер қос батырдың соңынан еріп, талай ерлік көрсеткені ел есінде.
Алғашында ақ әскерлері үстем түсіп, Торғай қаласын басып алған тұста, арғынның Хәкімбек Токин бастаған сайыпқыран ерлері – большевик жағына шығып, Кеңес үкіметін қолдады. Алайда атаман Аненков бастаған ақ әскерлері қызылдың большевик жағына шыққан бір топ әскерлерін қолға түсіріп, 17 адамды бір күнде опат қылды. Сол тұстағы большевиктер жағын қолдаған Хәкімбек Токиннің түрмеде жазған хатын Торғай халқы әлі күнге дейін аузынан тастамайды.
Ұлың жатыр ұлықтардың қолында,
Ауыр жаза ақтық үкім мойнында.
Он жеті адам атылуға бұйырылдық.
Жүргеннен соң большевиктер жолында, – деп басталатын өлеңді біз де жаттап өстік. Хакімбек Токин Ғафекеңнің ең жақын туысы. Осы «он жетінің» түгелге жуығы – мергендер.
Қазір сол Токиндер тұқымынан бізге белгілі Тұрсынбек Токин, жазушы Алматыда тұрады.
Міне, көрдіңіз бе, Ғафекеңнің аталары, қандай батыр болған. Олар қан кешу айқаста беті қайтпай, шетінен «шейіт» болды. Бұл туралы Ғафекең өзінің атақты «Большевик ауыл» поэ­масында кеңінен баяндаған. Қазір сол он жеті партизанның сүйегі атылған жері «Партизан сайынан» әкелініп, Торғайдың орталық алаңына жерленді.
Ғафекеңнің өз әкесі Қайырбек оқымысты болған адам. Ол Уфадағы Ғалия медресесін бітіргендердің бірі. Елде дін таратып, молдалық жолда жүргендігі үшін талай жазаланып, ақыры өзінің туған ауылында ажал құшты.
Торғай елінде Ғафекеңнің аталары – Мерген руынан шыққан ұрпақтардың ерлігі, батырлығы туралы аңдыздаған аңыз әңгімелер көп. Мен соларды Ғафекеңнің жанында жүріп, көп естіп, көңілге түйдім.
Бірде Ғафекең өзінің аталарының ерлік істері туралы әңгімелеп отырды. Қасымызда Шөмішбай бар еді. Ғафекең әңгімесінің ұзын-ырғасында аталарының көбісі атыс-шабыс, қан майдандарда қаза болғанын айтып, соңғы сөзін «он жеті» партизанға тіреп: «Осылай менің ата-бабаларым әділдік жолында құрбан болған» деп бірақ тоқтады.
Сол сәтте мен: «Апырай, Ғафеке, сөзіңізге қарағанда Мергендердің көбісі кісі қолынан қаза тапқан екен-ау» деппін.
Сол кезде Ғафекең селк ете қалып: «Әй, Шөмішбай, Серіктің мына сөзі адам­ның зәресін алады екен. Мен бар ғой, Шөмішбай, осы Серікке неге екенін біл­меймін, ұрыса алмаймын. Ұрыссам болды, рақаттанып бір күледі де отыра береді. Сосын қалай ұрсасың, – дегені бар еді. Ал кейіннен Ғафекеңнің осы әңгімесін Шөмішбай талай ортада қызықтырып, әлі күнге дейін айтып жүр.

16 жасында «Райпотребсоюздың» бастығы болған

Ғафекең мектепте өте зерек оқушы­лар­дың бірі болған. Торғайдағы Ы.Алтынсарин өз қолымен салдырған мектепте оқыған. Ол кісінің мектепте оқыған жылдары Отан соғысымен тұспа тұс келген. Содан ол кезде, аудандық салада қызмет істейтін мамандар тапшы болған, бәрі де майданда. Сол себепті райком мектептегі жоғары сыныптың балаларын аудандағы басшылық жұмыс­тарға тартуға мәжбүр болған. Оның өзінде тек жақсы оқитындарын ғана.
Содан не керек, бала Ғафу мектепте математика пәнінен тәуір оқитын, есепке жүйрік балалардың бірі ретінде аудандағы «райпотребсоюздың» бастығы болып шыға келеді.
Қалай дегенмен де, болашақ ақын ғой, ол кезде азық-түлік беру «карточный системамен» жүргізіледі екен. Сол карточканы айға-аптаға бөліп, аз-аздан кезегімен беріп тұру керек болған.
Ақкөңіл бала, болашақ ақын қолына түскен екі айлық нанның «карточкасын» бір сәтте үлестіріп жіберген ғой. Карточка таланып кеткен соң, нан жетпеген халық шу көтерген. Әңгіме райкомға жетеді. Сол кездегі райком хатшысы Дәнен Бөкішев деген кісі екен. Бірден қаһа­рына мініп: «Шақырыңдар әлгі, рай­потребсоюздың бастығын» деген.
Ғафекең айтады: «Ол кезде райком­ның хатшысы деген ханнан кем емес. Қорқа-қорқа райком хатшысының қа­былдауына келдім. Есік ашық тұрған соң кірдім. Дәл алдына баруға батылым жетпей, қабырға жақтағы терезе тұсындағы қатар орындықтар тұр екен, біріне жайғаса кеттім.
«Райком» хатшысы Бөкішев жан-жағына қарамай, бір қағазға шұқшиып бірдеңелерді шұғыл жазып жатыр екен. Бір кезде басын көтеріп, ашық тұрған есікке қарата: «Әлгі райпотребсоюздың басшысы қайда?» деп өктем үн қатты. Есіктен хатшы қыз кіріп келіп, не дерін білмей тұрып қалды. Іргеде отырған мен үн қатып: «Райпотребсоюздың бастығы мен болам» демесім бар ма.
Бөкішев маған жалт қарады. Қанша потребсоюздың бастығы болсам да, киімі көнетоздау, шағын қара баланы көріп, таңғала түсті де, қағазына қайта шұқшиды. Шамалыдан кейін басын көтеріп, қалам­сабын үстеліне қойды. Бөкішевтің жүзіне көзім түсіп еді, о, ғажап, райком секрета­рының көзінен жас шұбырып, бетін жуып кетті. Бір кезде маған шұғыл бұрылып:
– Күнім сендерге қарап қалған ғой, бар, кете бер! – деп бұйыра сөйледі. Мен есіктен атып шықтым. Енді, «Райпотребсоюздағы» өзімнің орныма бара алсамшы. Бөкішевтің «Ал, кете бер, бар!» деген сөзі құлағымнан күмбірлеп кетпей қойды.
Бірер сағаттан кейін, Бөкішевтің бізді басқаратын орынбасары, бір әйел адам еді, атын ұмыттым, кеңсеге келіп елді жинады. Сөйтсем, орынбасар әйелге Бөкішев звондап «Әлгі райпотреб­союздағы қойғандарың тіпті жас бала ғой» депті.
Хатшы әйел: «Басқа амалымыз жоқ, мектептің кәдеге жарар ересегі осы» деген ғой. Содан кейін, Бөкішев басылып: «Жарайды, орнына адам тапқанша істей тұрсын» депті.
Осы әңгімелерді Ғарекең кейде күліп, кейде күрсініп отырып: «Ақыры, орныма адам табылғанша, біраз уақыт отырып, «Райпотребсоюзда» екі-үш жыл көлемінде бастық болғаным бар!» деуші еді.
«Соғыстың бұл да бір сұмдығы ғой!» деп отыратын.

Мына «рюмкені» менің қолыма ұстатып кеткен кім?!

Ғарекең өзі көзі көрген ескі ақын-жазушылар туралы естеліктерді тамсандырып әдемі айтушы еді. Соның бірі – Тайыр Жароков туралы. «Тәкеңмен бас­пада бір бөлмеде отырып жұмыс істедім. Марқұм аса сақ кісі еді. Ол кезде, заман солай, ара-арасында буфетке барып отыратынымыз бар. Ол кісі ешкімді ертпей жалғыз баратын. Себебі ешкім куә болмауы керек. Соның өзінде де күніне бір-екі тартар виносының өзінде жан-жағына екі-үш қарап барып алады екен.
Марқұм, әйелінен қатты қорқушы еді. Оның көзінше арақ-шарапқа жола­майтын. Бір күні Сәбит Мұқановтың үйі қонаққа шақырыпты. Қонаққа шақырылғандардың ең кішісі – ­Зейнолла, өзіміздің Қабдолов екен.
Содан не керек, жолай қонаққа бара жатып, жеңгеміз Тәкеңе: «Анау-мынау емес, Сәбит Мұқановтың үйі, осы жолы ештеңе татпа» деп Тәкеңнің уәдесін алып келген ғой.
Отырыстың алғашқы бөлімінде, Тәкең ештеңе татпай отырған. Содан жұрт үзіліске шыққан. Әйелдер бір топ болып бөлек бөлмеге кетеді. Сол сәтте шақырылған қонақтардың ең кішісі – Қабдоловқа Тәкең «бірдеңе ұйымдастыр» деп ым қағады. Жылдам қимылдайтын Зейнолла ма?
Осы кезде Ғафекең Зейнолланың өзіне тән қимыл-қозғалысын әдемі суреттейді.
«Зейнолла, бірінші, тәрелкені қолына алып, оның іші-сыртына қарап, үстіне ақ қағаз төсеп, стаканды нығыздап орнық­тырады. Содан кейін, асықпай – саспай баппен бөтелкенің тығынын ашып, жай сыздықтатып, стақанға құяды, шыдамы таусылып тұрған Тәкеңе таяу келіп, баппен ұсына бергенде, қас қылғандай, қарсы есіктегі әйелдер ошарылып шыға келеді. Сол кезде сасқалақтап тұрған Тәкең: «Әй, жолдастар, мына стаканды менің қолыма ұстатып кеткен кім?!» депті. Жұрт қыран топан күлкіге қарық болыпты.
Осыны айтып, Тәкеңнің тапқыр­лы­ғына тәнті болған Ғафекең өзі де бір рақаттанып күліп алушы еді-ау!

«Сені Сәбең керемет  мақтады!»

Ғафекең өзінің асыл жары Бәдеш жеңгей туралы көп әңгіме айтушы еді. Қалай танысқаны, қалай қосылғаны, елге барғандығы, поезбен жол үстінде келе жатқандығы, не бір хикаяға бергісіз қызықтарын тамсана айтып отыратын.
– Алғашқы кезде, біздің ақын­дық жүріс-тұрысымызға, қызық оқиға­ларымыз, ерте кетіп, кеш келетін әдеті­мізге, жеңгең Бәдеш көпке дейін үйренісе алмай жүрді. Ол кезде де күнде, жиын күнде той. Және жай жүрмей, ішіміз де бір-екі жүз грамм шырылдап жүреді ғой. Күнде кешігіп келген әйел адамға жаға ма? Әйтеуір, бір дәлел табу керек.
Өзіміз бас қосқан тойларда Бәдеш екеуміз қосылып ән саламыз. Тыңдау­шыны тәнті етеміз. Міне, бұл жолы өзім ғана кешігіп келіп тұрмын. Есік қақтым. Ашулы Бәдеш, алдымен «бұл кім?» дейді. Мен ғой десем, есікті кішкене кешіктіріп ашады. Содан, ойыма қалай келгенін білмеймін. Есіктің сыртында тұрып: «Сәбит Мұқанов, Сәбит Мұқанов» дей беріппін. Бұған таңданған Бәдеш есікті ашып жіберді. Ішке кірген бетте:«Сені Сәбит Мұқанов қатты мақтады» деппін ғой.
Күліп жіберген Бәдештің ашуы тез тарқады.

«Ғабең жамылған»…

Бәдеш жеңгем үйіндегі қай затты да қадірлеп, қастерлеп ұстай­ды. Солардың бірі Ғабең жамылған ақ жамылғы (простина). Оның себебі бар.
– Ғабең, Райсадан кейін де, біраз уақыт жалғыз тұрған. Бір күні іс-сапарға, Мәскеуге ме, Өскеменге ме, әйтеуір, ұшағы кешігіп (қыс күні ғой) ертеңге қалған. Үйіне оралуға көңілі дауаламаған Ғабең Бәдеш жеңгейдің қою шайын ішкісі келіп, Ғафең үйіне келеді ғой. Бәдеш жеңгей дастарқанын жайнатып, шайын қайнатып, Ғабекеңді қатты құрметтейді. Ғафекең екеуі, біраз әңгіме айтып, сыр шертіседі. Таңертең ерте ұшатын болған соң, төсек орнынын аппақ таза күйінде жаңадан жайлап, жайлы кроватта, дем алып, ертесін ақ батасын беріп аттанады.
Сол Ғабең жамылған ақ (простина) жамылғыны Бәдеш жеңешем әлі күнге дейін сақтап келеді.
Бізге «Бұл Ғабең демалып, жа­мылған «простина»» деп айтқанын талай естідім.
«Кісіні қадірлеу, адамды ардақтау, дәстүрді дәріптеу» деген осы емес пе?
Қайран, жеңгелер-ай, десеңші!

Ақын мерейтойына арналды

Биыл ақиық ақын Ғафу Қайырбеков­­тың туғанына 90 жыл. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы­ның ұйымдастыруымен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық балалар мен жасөспі­рімдер театрында ауқымды шара өтті.

Зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында Ғафу Қайырбековтың қайырлы істері туралы сөз қозғаған ақын Ұлықбек Есдәулет әдемі естеліктерімен бөлісті. Ал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Есенғали Раушанов Ғафу Қайыр­беков­тың өмір жолы мен шығар­ма­шылығы туралы баяндама жасады.
Ақынның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға жерлестері, Торғай топырағынан бір топ ел азаматтары, жары Бәдеш Хамзақызы мен ұлы Бақыт Қайырбеков та арнайы келді.
«Ақынын ұмытпайтын, поэзияны сүйетін, ақынын ғана емес, оның жары мен балаларын да естен шығармайтын қазақтың көңілі дарқан ғой. «Әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді дана хал­қымыз. Ақынын ардақтаған ел мәңгі жасасын. Біз сіздермен біргеміз. ­Бү­гінгімізге шүкір етеміз. Осындай құрмет көрсетулеріңізге алғысымызды біл­діріп, аналық ақ батамды бердім, айналайындар» деп толқи сөйледі Бәдеш Хамзақызы.
Ақынның 90 жылдығы аясында Ғафу Қайырбековке арналған мүшәй­раның қорытындысы шықты. Қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Жақып жүлдегерлерді марапаттау рәсімін өткізді.
Қазылар алқасының шешімімен 3-орын Мыңбай Рәш, Әбубәкір Қайран, Нұртас Тұрғанбекке, 2-орын Ғалым Қалибек пен Роза Сейілханға, 1-орын Мағзия Құнапияқызына бұйырды. Ал бас жүлдеге Әлібек Шегебай лайық деп танылды.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.