БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне жүгінсек, соңғы бес жылда елімізде мүгедектер саны 7,5%-ға артқан. Оның ішінде кез келген жерде болатын жарақаттар – 10,3%. Сондай-ақ балалар мүгедектігі маңызды проблемалардың бірі болып қалуда және өршіп келеді. Деректерге қарағанда, туа біткен аномалиялар (32,5%), жүйке жүйесі аурулары (23,7%), психи­калық ауытқулар (11,1%) негізгі себеп­тері болып табылады. Өкінішке қарай, балалар жарақатының салдары да кей жағдайда мүгедектікке алып келеді.

Соңы өкінішке ұласып жататын балалар арасындағы жарақаттардың себебін анықтау үшін біз, алдымен –дәрігерлердің деректері мен пікірлерін білген едік. Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында соңғы жылдары балалар арасындағы сүйек жарақаттары біршама азайған. Мұндай нәтижеге балалар жарақатының алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу барысында қол жеткізілген. Дегенмен, мамандардың айтуынша, балалар жарақатына негізгі себептердің бірі – жол-көлік оқиғасы болып отыр. Жол ережелерін сақтау, келеңсіз жағдайлардың алдын алу шаралары білім беру мекемелерінде жиі түсіндірілетіні, ата-аналарға ескер­ті­летіні мәлім. Алайда оқушы­лар көшеде жүру ережелерін жиі бұзады екен. Бұл орайда, мамандар оған балалардың естігенін емес, көргенін көбірек қайталайтыны басты себеп болып отырғанын айтуда. Қалаған жерінде жолдың қарсы бетіне жүгіріп өте салады. Өйткені мұндай көріністі олар күнде көреді. Оны көріп тұрған үлкендер де ескерту жасамайды. Тіпті «машина аз жерде жүгіріп өте сал» деп кеңес беретіндер де бар. Көлігімен жылдамдықты асырып жүйіткитіндер де жеткілікті. Асығыстықтың сал­да­рынан көшені кесіп өткен оқушылар жарақаттары көбейіп, балалар өміріне төнген қауіп азаймай тұр. Сондай-ақ спорттық жара­­қат­­тармен аурухана төсегінде жатып емделетін жасөспірімдер де аз емес. Қыс ауасында тауға барып, шаң­ғымен сырғанауға әуес балалар байқаусызда балтыр, сан сүйектерін шытынатып, сындырып алса, операциясыз ем жүргізу мүмкін болмайды. Спорттың жекпе-жек түрлерімен шы­ныққан балалардың бар күшін әлімжеттілікке жұмсап, қатарластарын соққы жұмсап жарақаттайтындары да бар. Мұны бұзықтыққа да балауға болар. Бірақ тыйылмаған тентектік бала жарақатының басты себебіне айналуы әбден мүмкін.
– Медицинада иық сүйегінің төменгі жарақаты деп аталатын қолдың сынуы бірінші орында тұр. Сосын балалар сан сүйегінің сынуына көбірек ұшырайды. Облыстық балалар ауруханасында осындай жарақатпен жатып емделетіндер аз емес. Біз көп жағдайда консервативті ем жүргіземіз. Орнына келетін болса саламыз. Қажеттілік туындаса сан, балтыр, бұғана, қол сүйектеріне, балалар жарақатының барлық түріне операция жасаймыз. Кейде ет қысылып қалады, ұсақталып сынады. Ондай кезде сүйекті жинамаса болмайды. Омыртқаның қисаюы сияқты ақауы бар балаларды ғана Астана қаласына – Ана мен бала ғылыми-зерттеу орталығына жібереміз, – дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасының жарақат-ортопедия бөлімінің меңгерушісі ­Асхат Өсербаев.
Жол-көлік оқиғасынан бөлек алғашқы орында тұратын тұрмыстық жарақаттардың түрлері де көп. Үй жағдайындағы жарақат­тардың бірқатарын ата-ананың қатысуымен және олардың бақылауынсыз орын алған оқиғалар құрайды. Дегенмен, әке-шешесінің не үлкендердің араласуымен болатын келеңсіздіктердің ішінде балаларға күш қолданып жарақаттап жататындардың арамызда аз да болса бар екені өзекті өртейді. Денесінде түрлі жарақаттары бар балалар өзге адамдардың не құқық қорғау органдары қызметкерлерінің араласуымен жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп жататыны жасырын емес. Ондай жаралы балалармен тек травматолог, ортопед дәрігерлер ғана емес, психолог мамандар да жұмыс істейді. Өйткені олар – тұрмыс-тауқыметі жүйкесін жұқартқан, жекіп ұрысқандарымен қоймай қол жұмсап та жататын ата-аналарынан зардап шегушілер. Мойындағымыз келмесе де, тіл алмаған баласын тәртіпке шақырудың жолы осы екен деп таяқтап алатындардың бар екенін айтуға тиіспіз. Әрине, олардың көбі баласының басын жарып, бір жерін майып қылып қоямын деп ойламайды. Ашумен соған қалай барғанын, ауыр жарақаттағанын аңғармай қалуы да мүмкін. Дегенмен, әдейі жарақат салатындар да жоқ емес. Соңғы кездері ата-аналары жарақаттаған балалар көбейді. Туыстарынан зардап шеккен ұл-қыздың ауруханада ем қабылдап жатқаны жөнінде ақпарат ашық айтыла да бастады. Бұл осы бағытта өткен жылы құрылған облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма қызметкерлерінің тиісті органдармен отбасылық жанжалдардың себеп-салдарын анықтау жұмыстарының нәтижесі болса керек. Өйткені аталған басқарма өңірде зорлық-зомбылық фактілеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында еліміздің Бас прокуратурасымен бірлесе қолға алынған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы аясында тіркелмейтін, арызданбайтын оқиғалардың көптігін әшкерелеген болатын. Айғаймен, ұрыспен басталып, соңы бір-біріне қол жұмсауға дейін жалғасатын тұрмыстық жанжалдардың салдары балалардың жанын ғана емес, денесін де жарақаттауы мүмкін. Бірақ, өкініштісі – ондайлар көбінде уақытылы анықталмай, асқынған соң ғана дәрігер көмегіне жүгінгенде белгілі болып, ауруханаға жеткізіліп келеді.
Дәрігерлер балалар арасында кездесетін тұрмыстық жағдайдағы жарақаттың бір түрі – биіктен құлауды екіге бөліп қарастырады. Бірі – үйдің үлкендері балаларды «салмағың жеңіл ғой» деп жеміс ағаштарынан жеміс-жидек теруге өрмелетуі, сатымен жоғарылатуы барысында байқаусызда орын алып жатады. Яғни төбеден құлап қалып, аяқ-қолын, денесінің басқа да мүшелерін, тіпті кейде басын да жарақаттауы мүмкін. Расын айту керек, мұндай жағдайларда, әсіресе ауылдарда ата-аналар көбінде аяқ-қолы майып болған балаларын сынықшыға алып барады. Ондайлар травматологиялық пунктері көп қалада да аз кездеспейді. Жедел жәрдем шақырып, дәрігердің көмегіне жүгінбейтіндерді өз қамдарын көбірек ойлайды деуге де болатын шығар. Олар дәрігерге қаралуды артық шығын санаса, енді біреулер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеп-тексеруінен қашады. Сөйтеді де тез жазылады деп ойлайтын оңай жолы – сынықшыға барады. Медициналық білімі жоқ сынықшылардың жағдайды одан бетер ушықтырып, баланың жарақатын асқындырулары жиі кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, облыстық аурухана­ның жарақат бөлімінде ем қабылдап жатқан жасөспірімдердің басым бөлігі сынықшыға барып, жарақаты жазылмай асқынып кеткен соң барып жедел жәрдеммен осында жеткізілгендер екен. Мамандар мұндай жарақаттардың жазылуы да ұзақтау болатынын жасырмайды.
Әрине, балалар жарақатын болдырмау, алдын алу маңызды, дегенмен, дер кезінде және сапалы ем алудың да алар орны ерекше. Бұл орайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Шымкентте балалар жарақатын емдеудің жаңа тәсілін енгізіпті. Нәтижесінде бұған дейін жасалып келген операция уақыты 2-3 есеге дейін үнемделіп, жарақат алған бала бір жетіге жетпей-ақ айығып үйіне шығарылуда. Облыстық аурухананың 35 төсек орынды жарақаттар бөлімінде үш травматолог науқастарды емдеу ісімен айналысады. Ал сегіз травматолог дәрігері кезекшілікпен қабылдау бөлімінде жұмыс істейді. Осы аурухана құрамындағы емханада екі ортопед маманы қызмет көрсетеді. Амбулатория жағдайында жолдамамен келетін науқастарға диагностикалық кеңестер беріледі. Қажеттілік туындап жатса, жарақаттар бөліміне алып келеді. Операция жасау керек болса, мамандар кеңесіп, бірге шешім қабылдайды. Биыл ерте көктемнен бастап Түркістан облысының балаларымен қатар, Шымкент қаласының 18 жасқа дейінгі азаматтарын жаңа технологиялық инновация тәсілімен жарақаттарынан айықтырып келе жатқан №1 қалалық балалар ауруханасында шұғыл жарақат бөлімінің ашылғанына төрт жылдан асты. Балалар жарақаты, ортопедия және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Еркебай Бектаевтың айтуынша, заман талаптарына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған емдеу мекемесіндегі травматолог, ортопед мамандар Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу, Қорған қалаларында біліктіліктерін арттырып, Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығында кәсіби шеберліктерін шыңдаған. «Перинаталдық орталықтар мен перзентханалар, балалар ауруханалары облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығы үнемі жіті бақылауында болды. Шымкент өз алдына республикалық маңызы бар дербес қала атанғанға дейін басқарма басшысы Мұқан Егізбаев №1 қалалық балалар ауруханасының соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықталуына көп күш жұмсады. Нәтижесінде бүгінде операцияны тері асты арқылы арнайы құралдардың көмегімен жасауға көштік. Операция барысы арнайы аппаратпен онлайн режимде қадағаланады. Жаңа тәсіл баланың денесінде ешқандай тыртық қалдырмайды» дейді Еркебай Тәліпбайұлы. Балалар ауруханасы аптасына жеті күн, тәулік бойы тынымсыз қызмет етеді. Дәрігерлер сынық жарақаттарына жасалатын жаңа тәсілдің арқасында көптеген кішкентай науқастарға тіпті гипс салудың да қажеті жоқ екенін айтады. Остеосинтез әдісінің көмегімен дене жарақатын алған балаларға ауыр операция жасау қажет емес. Оның үстіне жарақат алған балғындар санаулы күннің ішінде аяққа тұрып кетеді. Балалар жарақатының алдын алу, асқындармай емдеу бағытында оңалту бөлімшесінде 3 дәрігер жұмыс істейді. Сонымен қатар бөлімше меңгерушісінен бөлек тағы 4 дәрігер бар. Олар кестеге сәйке кезекшілік бойынша дәрігерлік көмектерін көрсетеді. Төртеуі де операция жасап жүрген білікті мамандар. Жарақат алған бала түнде түссе де кейінге қалдырмай операция жасалады. Сан сүйекке жүргізілетін инновациялық хирургиялық ем 40 минуттан аспайды. Ал балтырға жасалатын операция 15 минутта, қол сынса 20 минутта аяқталады. Яғни бұрынғыға қара­ғанда операция уақыты екі-үш есеге қысқарған. Бөлімше меңгеру­шісінің айтуынша, соңғы жылдары облыстық денсаулық сақтау бас­қарма­сы­ның қолдауымен бірнеше травматологиялық бекеттер ашылған. Халықтың медициналық таным-түсінігі дұрысталып, денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауы жылдан-жылға артып келеді екен. Нәтижесінде травмпункттерге барып, жарақаттың алдын алу бойынша кеңестер, дәрі­герлік нұсқаулар алуға келетіндер кө­бейген. Оларға жол ережелерін қатаң сақ­тау жарақаттың алдын алатыны үнемі түсіндіріледі екен. Жарақаттың алдын алудың тағы бір жолы – ауырмаса да денсаулықтарын тексертіп тұру керектігі айтылады. «Бұрынғы әдіспен операция жасайтын болсақ, сынған сүйекке пластик орнату үшін аяқ не қол терісін 10-15 сантиметр кесуімізге тура келетін еді. Оның қиындығы көп. Жазылған соң орнында үлкен тыртық қалатын. Қазір инновациялық әдіспен жасалатын операция кезінде 1-1,5 сантиметр ғана тілік жасалады. Әрі қарай сол тесік арқылы біз сияқты құрылғының көмегімен арнайы темір сынған жерге енгізіледі. Электронды оптикалық құрылғының (ЭОҚ) көмегімен монитордан көріп тұрып, сынған сүйектің орнына келген-келмегенін анық көре аламыз. Кейін арада 7-8 ай өткенде сүйек толық біткеннен кейін сол тесік арқылы баланың аяғына салынған сүйекті қайтып алып тастаймыз. Өйткені өсетін организмде оны қалдыруға болмайды. Ешқандай тыртық та қалмайды, тесілген тері тез бітіп кетеді» дейді Е.Бектаев.
Жаңа жылдан бастап осындай электронды оптикалық құрылғы Түркістан облыстық балалар ауруханасына да орнатылмақ. Мұнда 35 төсек орынды травматология және ортопедия бөлімі жұмыс істейді. Аудандар мен ауылдарда, қалаларда түрлі дене жарақаттарын алған 18 жасқа дейінгі азаматтарға медициналық көмек көрсетеді. Жарақат алғандар көбінде аудандардан келеді екен. Сондықтан оларға аудан орталықтарында алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Егер жарақат алған балаға көмектесу ­аудан жағдайында мүмкін бол­мағанда, облыстық балалар ауруханасына ­ауыстырып жатады. Мұнда келген соң дәрігерлердің жіті бақылауына алынып, медициналық тексерулерден өткізіледі. Қажет болған жағдайда консервативтік ем жүргізіледі. Егер де сынған сүйекті орнына келтіру қиын болса, онда операция жасалады. Олардың арасында балтыр, иық, бұғана сүйектерінің сынуы көптеп кездеседі екен. Қала тұрғындары да дәрігерлік көмекке жүгініп жатады. Бұған дейін облыс орталығы болған шаһардың тұрғындары жедел жәрдеммен қала­лық травматологиялық пунктерге жеткізіледі. Олардың арасында дәрігерлік көмектің келіп жетуін күтпей-ақ, травмпункттерге өз көліктерімен жететіндер де бар. Содан әрі қалай жарақат түріне қарай №1 Шымкент қалалық балалар ауруха­насының травматология және ортопедия бөліміне, облыстық балалар ауруханасына жеткізіледі. Бірақ бас-сүйек, ми жарақаты болса, міндетті түрде облыстық балалар ауруханасына жөнел­тіледі. Өйткені облыс тұрғындары мен Шым­кент қаласының халқына қызмет ететін нейро­хирургиялық орталық осында орналасқан.
Түркістан қаласында да балалар ауруха­насының құрамында травматология және ортопедия бөлімі бар. Онда балалардың жатып емделуіне толық жағдай жасалған. Облыс орталығы болған соң алдағы уақытта Түркістан қаласындағы балалар ауруханасына айрықша көңіл бөлініп, кеңейтілмек. Сосын облыстық балалар ауруханасына түрлі жарақаттармен дәрігерлік көмек іздеп келетін Кентау қаласы мен Созақ, Отырар аудандарының тұрғындары жаңа облыс орталығына жолданатын болады. «Жарақатты емдеу оның асқынғанынан болатын дерттердің алдын алу болып табылады. Сондықтан біз де жарақаттың алдын алушылар болып саналамыз. Дерт дендеп, соңғы кезеңіне жеткенде дәрігер де дәрменсіз болуы мүмкін. Заманауи медициналық құрылғылардың көме­гімен диагнозын дәл анықтағанымызбен ауруды өткізіп алып емдеу оңай болмайды. Бала да азаптанады. Қиналғанын көру кімге қажет? Өкінішке қарай, ата-аналар ауруханаға балаларын алып келгенде бізге дейін сынық­шыға, тәуіпке апарғандарын жасырады. Айтпайды. Оны балалардың өздерінен біліп жатамыз. Қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, тұрғындардың өз бетінше емделуі тыйылар емес. Қалай болғанда да ата-ана жарақат алған баласын, алдымен – дәрігерге апарғаны абзал. Ана мен бала денсаулығына аса мән беретін, соған сай барлық жағдайды жасап жатқан облысымыздың емдеу мекемелерінде білікті мамандар жұмыс істейді. Тек маманның тағайындаған емін мүлтіксіз орындау жеткілікті. Сондықтан адамдардың сынықшыдан гөрі дәрігерге көбірек сенім артқаны өздеріне жақсы» дейді облыстық балалар ауруханасының жарақат-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Асхат Өсербаев. Расында да, сынықшыға бару бала үшін қосымша жарақат болып табылады. Оның үстіне олардың ешқайсысы кепілдік бермейді. Қисық бітіп, жарақаты асқынғандар ауруханаға келіп жатады. Ол кезде сүйекті орнына келтіру де, орнына түссе де бітіп кетуі өте қиын болады. Сондықтан да бала жарақат алса, әуреге сала бермей бірден ауруханаға алып келгені дұрыс. Мұнда қай уақытта болса да кезекші дәрігерлер болады. Рентген аппаратына түсіріп, нақты диагнозын жылдам қоя алады. Бүгінгі дәлелді медицинада ата-анасына баласының жарақатын айтып қана бермей, сонымен қоса түсірілімін көрсетеді де. Қалай салғанын да қарап көз жеткізуге болады. Қажеттілік туындаса, ауруханаға жатқызып, дәрігерлік бақылауға алады. «Сынықшыдар әртүрлі байламдармен қысып ­тастайды. Сүйек қисық бітіп кеткен арада жара пайда болады. Операция ­жасайын десек, жара кедергі жасайды. Оның жазылуын күтейін десеңіз, уақыт өтіп жатыр. Осындай келеңсіздіктер, кедергілер біздің жұмысымызда аз кездеспейді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, телеарна, радиолар арқылы қанша айтып түсіндіріп жатсақ та травматологтардың кеңестеріне құлақ асатындар көп емес. Көбісі естіп-біліп тұрса да орындамайды. Жұрт операция жасап, баламды қинап қояды деп, емхана, ауруханадан қашып сынықшыға апарады. Соңында қайтып бізге келіп жатады. Қазірдің өзінде сынықшылардың көмегіне жүгініп, бір ай өткізіп алған екі кішкентай балаға операция жасадық. Бір-екі күнде олар үйлеріне шығарылады. Көрсеңіз, жаныңыз ауырады. Олар – үш жастағы сәбилер» дейді Асхат Орақбайұлы.
Ата-ана бақылауынсыз қалған балалар қауіпті жерлерде ойнап, жарақат алып жатады. Тіпті кейде қауіпті аймақтар – қараусыз қалған құрылыс алаңдарында биіктерге көтерілулерді қызық көретіндер бар. Бұлардың қатарына жаз мезгілінде шомылу орындарына барып, бассейнге биіктен баспен сүңгитіндерді қосуға болады. Бас, мойын жарақаты осындай жағдай­лар­да орын алып жатады. Мамандардың мә­лім­деуінше, балалар жол-көлік жарақаты маусым­дық және уақытша сипатта болады. Яғни жол-көлік оқиғалардың негізгі бөлігі мамырдан бастап маусым, қыркүйек айларында, яғни балалар қараусыз қалған демалыс кезінде тіркеледі екен. Сондай-ақ оқиғалардың басым бөлігі аптаның соңғы күндері – жұмадан бастап жек­сенбіге келетіні де көп жайтты аңғартады. Бұл ата-аналар үйде болғанның өзінде де, балалар өз бетімен жүреді деген сөз. Дәрігерлер ата-ана­лардың әрдайым балалары үйден қашан шы­ғатынын, қайда және қалай өз уақыттарын өт­кі­зетінін біліп отыруы тиіс екенін айтуда.Яғни ата-аналар өз балаларының қауіпсіздігі үшін жеке жауапты болатынын есте ұстауы тиіс.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.