ЖЫР САУЛАҒАН ЖӘДІГЕР

Бұдан тура 110 жыл бұрын Мұрат Мөңкеұлының шығармалары татар елінде жарыққа шықты

Қазақ поэзиясының алыбы, әйгілі жыр жүйрігі Мұрат Мөңкеұлының шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәрімовтердің баспаханасында басылды. Бұл өз дәуірінде қазақтың рухани әлеміндегі елеулі жаңалықтың бірі болды. Мұрат Мөңкеұлының көзі тірісінде баршаға танымал жыр дүлдүлі атанғанын, оның өлең-жырлары қолдан-қолға көшіп жүргенін, ел-жұрт жатқа айтқанын, баспа ісін жетік білетін қазақ зиялыларының ақын шығармаларына назар аударғанын осы кітаптың шығуы дәлелдей түседі.
Қай кезде де өркениеттің бесігі саналған Қазан қаласындағы бірнеше баспаханадан жарық көрген қазақ кітаптары авторларының дені ұлттың аса абыройлы адамдары екенін айта кеткен жөн. Солардың бірі – Мұрат Мөңкеұлы ғасырдан астам уақыт ішінде ұлт руханиятындағы ұлы тұлғалардың қатарына қосылып, өзінің шырқау биігіне шықты. Оның өлеңдері Атырау мен Алтайға, Жетісу мен Көкшеге, Арал мен Балқашқа, Алматы мен Америкаға дейін мекен еткен зиялылардың зердесінде жатталды, санасында сараланды. Сол үлгілі үрдістердің бәрі төкпе ақынның ағыл-тегіл жырларын қағаз бетіне түсіріп, тегістеп-түптеп, көп данамен жарыққа шығарып, баспахана өніміне айналдырған қастерлі қадамнан басталған болатын.
Кітап «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталады. Кейбір кітаптарда «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деп те жазылып жүр. Шындығында, жинақтағы «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» деп аталатын өлеңде баяндалғандай, Ғұмар – әйгілі Сырым батырдың немересі. Ғұмардың әкесі – Қазы. Мұрат ақынның Сырым батырға арналған дастаны бар екен деушілер осы дерекке жете үңілмегендіктен қателесіп жүрген болуы керек.

Кітап небәрі 25 беттен тұрады. Мұнда не ақын жырларын ұсынушы­ның, не баспагерлердің жинаққа енген шығармаларға қатысты түсінік­те­месі берілмеген. Тек соңында Кәрімов­тердің баспасынан жуық маңда қандай дүниелер жарық көргені және олардың не туралы екендігі жөнінде мынадай құлақтандыру жарияланған: «Карими (Каримовтер) баспасында бірінші рет басылып, магазиндерде сатылып жатқан жаңа кітаптар және рисалалар:
1) Мың да бір хадис тәржімесі. Қазан тілінде, миллеттестеріміздің хәлдерін баян етеді. Шығарушы: Ш.Х.;
2) Мәнбит әл-мағариф (Білім ошағы). Бастауыш сыныптарының 3-сынып үшін әртүрлі хикметті мақалалар һәм өлең­дер. Татарша оқу. Шығарушы: Ш.Х.;
3) Балаларға үгіт. Бірінші сынып үшін өлеңдер һәм қысқа-қысқа мақалалар. Шығарушы: Ш.Х.;
4) Құран тәпсірі. Қазан тілінде. Әртүрлі (шариғат) үкімдердің түсу, түсіндіру себептері баян етілген. Шығарушы: Шейхислам;
5) Тасрифу-л-калимат әл арабия (Араб сөздерін жіктеу). Ең соңғы жаңа тәртіпте қырық алты қағида бойынша араб тілінің сарфы (грамматикасы). Жетпіс дәрісте көп араб сөздері, түрлі мақалалары бар;
6) Қазақтың жақсы өлеңдері. Бұл кітапта әртүрлі ғибратты өлеңдер жазылды.
7) Таһарат қалай алу керек? Бұл кі­тапта тән, киім тазалау, суларды таза­лау, қатын-қыздардың тазалануы жазылды.
8) Ахуал Қиямет. Қияметте адам­дар­дың бастарына келетін істер жазылды.
9) Ақыл кітабы. Қазақ балалары үшін. Бұл кітапта көп түрлі жақ­сы­лықтар жазылды. Мұсылман­дардың балалары білуі тиіс болған үкімдер жазылды.
10) Бұл кітапта Ибраһим Исаның түрлі кереметтері жазылды.
11) Қисса Мәлік Аждар. Мәлік Аждар палуанның жағдайы жазылды.
12) Дүние үшін ғибратнама. Бұл кі­тапта әртүрлі ғибратты істер жазылды».
Осылайша Мұрат ақынның Қазан қаласынан шыққан алғашқы жинағы сол кездегі барлық баспа өнімдері секілді жар­намалық рөл атқарды. Оның үстіне бұл тізімдегі кітаптардың біразы – қазақ тіліндегі дүниелер. Ал мұндағы «қазан тілінде» деген сөз – «татар тілінде» деген сөз. Яғни, тізімде жоғарырақ тұрған татар тіліндегі кітаптарға байланысты айтылған.
Осы кітапты ғана емес, қазақтың көп­теген рухани құндылықтарын басып шы­ғарып, ұлтымызға зор пайдасын ­ти­гізген ағайынды Кәрімовтер кімдер еді? Татар энциклопедиясы ұсынған интернет мәліметтеріне сүйенсек, «Матбагаи Каримия» деп аталған бұл баспахана ең алғашқы жекеменшік татар баспаханасы болатын. 1898 жылы «Ағайынды Кәрімов­тердің сауда үйі» құрылса, бас­пахана 1900 жылы ашылыпты. Негізін салғандар – ағайынды Мұхаметзян Мингазетдинұлы (1853 жылы туған) және Шарифзян Мингазетдинұлы (1850 жылы туған) Кәрімовтер. Кейін бұларға ағайын-туыс боп келетін басқа да баспагер Кәрімовтер осы шаруаны жалғастырған. Бұл баспахана татар, орыс және қазақ тілдерінде кітаптар және «Таң йолдызы» («Таң жұлдызы»), «Тавыш» («Дауыс»), «Кояш (Күн)» газеттерін шығарып тұрған. Ағайынды Кәрімовтер баспасы 1901-1917 жылдарда жалпы таралымы 20 миллион болатын 1763 басылым шығарған. 1919 жылы бас­пахана мемлекет меншігіне өткен.
Зерттеуші-қаламгер Тауфик Каримов «Қазақ кітаптарының тарихы және татар кітап басушылары» деген мақаласында қазақ кітаптарын зерттеуші Абрар Кари­мул­линнің статистикалық талдауларына сүйеніп, мынадай деректер келтіреді: «1917 жылға дейін Қазанның төрт баспаханасында қазақ тілінде жалпы тиражы 18 миллион 321 мың дананы құрайтын 377 кітап басылған. Атап айтқанда, Қазан университеті баспаханасы 1831 жылдан бастап 176 кітап, ағайынды Кәрімовтер баспаханасы 1902 жылдан бастап 117 кітап, Б.Л.Домбровский баспаханасы 1909 жылдан бастап 75 кітап, ағайынды Шараф (Гильмутдин мен Багаутдин Шарафутдиновтер) 1907 жылдан бастап 9 кітап басқан. Ағайынды Кәрімовтердің сол кезеңде шығарған кітаптарының жалпы саны 790 мың данаға жеткен. Қасиетті Құран да осы баспаханада басылған».
Сөйтіп, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» (1910), Мағжан Жұмабаевтың «Шолпаны» (1912), Спандияр Көбеевтің «Қалың малы» (1913), Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндері» (1914) жарық көрген ағайын­ды Кәрімовтер баспаханасынан Мұраттың алғашқы кітабы басылып шығып, қазақ жеріне жол тартты.
Кітаптың шеті жиектеліп көмкеріл­ген мұқабасында араб қарпімен «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп атауы жазылған. Одан төменіректе жақшаның ішінде «(қазақ тілінде)» деген жазу бар. Етек жағына таман «Матбуға-е Каримия (Каримия баспасы), Қазан. Кәнд мусарәфлары иле» деген түсініктеме берілген. Бұл солардың қаражатымен (сөзбе сөз – қаражатын төмендетуімен) шығарылды деген сөз. Осы түсініктеме соңында 1908 сәнә (жыл) деп көрсетілген. Мұқабаның етегінде кирилл қарпімен «Казань, типографія, т.д. Братья Каримовы, 1908» деп жазылған. Ішкі бетте (титулдық бет) кітаптың атауына «қазақ тілінде» деген ескертпеге және соңындағы кирилл қарпімен берілген түсініктемеге қоса «Бәродәрон Каримиләр мусарәфы иле (Ағайынды Кари­милер қаражатыменен), Мат­буға-е Каримия (Каримия баспасы) Қазанда, 1908 сәнә (жыл)» деп көрсетілген. Араб қарпімен, төте жазумен екі бағанаға орналастырылған мәтіндердің соңында кітаптың аяқталғанын білдіретін «Болды» деген сөз жинақты күрмейтін соңғы толғаудың етегінде оқшау тұр.
Ақын көз жұмғаннан кейін екі жыл өткен кезеңде бұл кітапты кімнің және қалай бастырып шығарғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Жинақтың өзінде бұған қатысты ешқандай мәлімет бе­ріл­меген. Халел Досмұхамедұлы бұл тұста Санк-Петербургте әскери-меди­циналық академияда оқып жүрді. Оның үстіне ғалымның әдебиетке қатысты зерттеулері кейінгі жылдардың үлесіне тиеді. Ол 1924 жылы Ташкенттен шы­ғарған «Мұрат ақынның сөздері» деген кітапта да алғашқы жинаққа байланысты түсініктеме бере қоймайды.
Жалпы, «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деген жинақтағы өлең-жырларды осы жинаққа топтастырған Ғұмар Қараш емес пе екен деген ой келеді. Бірақ бұл тек долбар ғана. Ақын сол жылдарда Қазан баспагерлерімен хат алысып, үнемі байланыс жасап тұрған. Сонымен қатар, көне мұраны зерттеу ісінің білгірі, белгілі ғалым Мақсат Тәжімұратов «Мұрат мұрасын Ойыл (Көкжар) жәрмеңкесіне тұрақты келіп тұрған татарлар жергілікті жұрттан жазып алуы да мүмкін» деген болжамды ұсынады. Бұл да – қисынды жорамал. Мұрат бұл өңірді өте көп аралаған. Жыл сайын жан-жақтан жұрт ағылып келетін Көкжардың базарында ақын талай рет болған. Ол таздың бетке ұстар ақыны Бала Ораз ақынмен осы базарда айтысқан.


«Революцияға дейін Қазанда әртүрлі адамдар қазақ халық әде­биетінің өте көп үлгілерін басып шы­ғарды. Бұл басылымдардың бәрі аса көп қатемен, бұрмаланған түрінде жарық көрген. Сондықтан оны тек дайындығы мол адам ғана пайдалана алады» деп, ­Халел Досмұхамедұлы ескерткендей, бұл жинақ та байыппен оқуды қажет етеді. Ептеген әріп қателері бар. Кейбір өлең­дердің жолдары ауысып кеткен. Оның есесіне Мұраттың кейбір жарық көрген шығар­маларында кездеспеген шу­мақтар, соны тіркестер ұшырасады. Сонымен қатар, түсініксіздеу, танылуы қиын жолдар да кездесіп қалады.
Бұл кітапқа тек Мұраттың шығар­ма­лары ғана енгізілмеген. Мұнда жыр алыбының «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» атты ұзақ өлеңі, «Қазтуған» жыры («Батыр Қазтуған. Мұрат ақыннан жазылды» деп көрсетілген), «Мұрат ақынның заманның түріне шығарғаны» («Үш қиян») деген толғауы ғана жарияланған.
Кітапқа енген олардан басқа дүниелер мыналар: «Жәңгір хан дүниеден қайтқанда Алаша Байтоқ жыраудың айтқан сөзі», «Сұлтан Кенесары батыр қоныстан ауғанда Досқожа ақынның айтқаны», «Беріш Махмуд (немесе Мұхамед) (Махамбет) батырдың сұлтанға айтқаны» (жыр Мұраттан жазып алынды деп көр­сетілген), «Адай Атамбек (Әтембек) ағаларымен араз болғанда Нұрым ақынның айтқаны», «Адай Балуанияз батыр жауда өлгенде айтылған сөздер». Бұдан жоғарыда баяндалған Халел Досмұхамедұлы ескертпесінің дұрыстығына көз жеткіземіз. Бірнеше ақынның шығармасын бір жинаққа топтап, мұқабасына алғашқы тұрған шығарманың атауы бойынша «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп жазылған кітап талдап-таразылап оқуды, текстологиялық сүзгіден жақсылап өткізуді қажет етеді.
Бүгінде баршамызға белгілі Махамбет­­­тің жырлары тұңғыш рет жоға­­рыда аталған жинақта жария­лан­ған. Осыған орай алғашқы ғылыми сипаттама берген зерделі ғалымдардың бірі – Қабиболлла Сыдиықов. Ол Махамбет өлеңдерінің 1989 жылы басылған жинағындағы түсініктемесінде былай дейді: «Қолда бар деректерге қарағанда Махамбет өлеңдері алғаш 1908 жылы Қазан қаласында «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» дейтін жинақта жарық көрген. Ақынның бір топ өлеңдері «Беріш Мұхамед батырдың сұлтанға айтқаны» дейтін тақырыппен топтастырылып, «Мұрат ақыннан жазылды» деген түсінік беріледі. Мұнда Махамбет­тің бірқатар өлең­дері бір-біріне жал­ғас, қыс­қарған түрде жүйе­сіздеу жария­ланған».
Кітапқа енген Махамбет өлеңде­рі­нің бәрін де Мұрат ақын жатқа білген. Мұраттан Ығылман Шөреков жазып алып, батыр ақынның мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген. Бұл жөнінде Махамбеттің өмірі мен өлеңдерін көп зерттеген, ақын жөнінде роман жазған белгілі қаламгер Берқайыр Аманшин: «1837 жылғы декабрьдің жиырмалары шамасында Тайсойған құмында Есенқұл Беріш Бабаттың үйінде болған, сол қыс бойы сол құмда, тағы басқа үйлерде болған мұндай сөз базарларында, қазіргіше әдебиет кештерінде, ақындар мүшәйрасында сол елдің адамдары Махамбет өлеңдерін жаттап алып, одан кейін Беріш Мұрат ақын, Мұраттан Ығылман жазып алу арқылы бізге жетті ғой» дейді.
Сондай-ақ жазушы Ығылманның «Исатай – Махамбет» дастанын жаз­ғанда оның Махамбетке, Мұратқа еліктегенін, солардан көп үйренге­нін атап көрсетеді. Ал Қабиболла ­Сы­диықов жоғарыда аталған Махамбет өлеңдерінің жинағындағы түсінік­те­месінде: «Махамбет өлеңдерін шәкірті Қуан жырау, Кішкене Қо­бы­ланды ақындар жатқа білген. Одан Мұрат ақын үйренген. Мұрат білетін өлеңдерді Ығылман жаттаған. 1925 жыл­ғы жинаққа енген (Ташкент қа­ла­сында басылған «Исатай-Махамбет» жинағы) Махамбет өлеңдері Ығыл­ман айтуынан жазылған. Бұл жи­нақтың ақын өлеңдерінің басылым­дарын дайындағанда бірден-бір сүйенетін сенімді нұсқа болатын себебі сон­дық­тан» деп тұжырым жасайды.
Осы ретте «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» жинағына және басқа басылымдарға сүйене отырып, Махамбет өлеңдерінің текстологиясын жасауға сүбелі үлес қосқан Қ.Сыдиықов Мұрат мұраларын жұртшылыққа таны­туға да көп еңбек сіңіргенін айтуға тиіспіз. Сонымен, Мұрат Мөңкеұлын біз тек ақиық ақын ретінде ғана емес, халық­тың ардақты ұлы Махамбеттің өлеңдерін жұртына шашау шығармай жеткізуші, әдебиет тарихының білгірі, мұратанушы ретінде де бағалауымыз керек. Мұрат пен Ығылманның Махам­­бетті халқымен қайта табыстыруы – қа­лың қазақтың игілігі үшін жасал­ған азаматтық іс. Махамбет – Мұрат – Ығылман сабақтастығы ұлы мұраны бү­гінгі күнге жеткізген қасиет­ті керуен­нің алтын көпірі болып қалды.
Мұрат шығармалары енген ал­ғаш­­қы жинақтың фотокөшір­месі Алма­тының орталық кітапхана­лары­ның сирек кітаптар мен қолжазбалар қо­рында сақтаулы. Ілгеріректе Санкт-Петербургтегі Салтыков-Щедрин атын­дағы кітапханадан алдырған бір көшірме біздің ғылыми жұмысқа пайдаланатын тұрақты нұсқамызға айналды. Кітапша түгел қазіргі әріпке көшірілді. Факсимилие түрінде Мұрат Мөңкеұлының 2013 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген жинағында жарияланды. 1991 жылы «Жазушы» баспасы шығарған төрт ақынның (Қашаған Күржіманұлы, Шынияз Шанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Насихат Сүгірұлы) «Алқаласа әлеумет» жинағындағы «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деген толғау аталған кітаптан алынып енгізілді. Тек білікті ғалым Қабибол­ла Сыдиықұлының текстологиялық түзетулері арқылы жарияланғанын айтуға тиіспіз.
Бұдан соң профессор ­Халел ­Дос­мұхамедұлы ақынның шығар­маларын топтап, 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен кітап етіп бастырып шығарды. Ақын шығармалары 1946-47 жылдарға дейін мектеп оқулықтарына енгізіліп келді. «Қарасай-Қази» жыры жеке кітап болып шықты. Мұраттың өлең-толғаулары «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» жинақтарына, айтыстары әр жылдарда шыққан айтыс жинақтарына енгізілді. Бірақ оның жырларының алғаш баспа бетін көруі бүгінгі мақаламызға арқау болған ««Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деген кітаптан бастау алатынын қаперге алып отыруға тиіспіз.
Сонымен, бұл кітапқа байланысты мынадай қорытындылар жасауға болар еді.
Біріншіден, жинақ ғасыр басында Қазан қаласында шыққан қазақ кітаптарының тізіміне еніп, ұлт­тық жәдігерліктеріміздің қатарын толық­тыр­ғанымен бағалы.
Екіншіден, бұл – Мұраттың ғана емес, қазақтың ақиық ақыны Махамбет Өтемісұлының өлеңдері баспа бетін көрген алғашқы жинақ. Атыраудың ғана емес, алты Алаштың ардағына ай­налған әйгілі жыр жүйріктерінің шы­ғар­­малары елден жырақтағы ағайынды Кәрімовтер баспасынан бірге жарық көруінің символдық мәні бар.
Үшіншіден, Мұрат ақынның бір арнау өлеңі, бір жыры, бір толғауы жарық көрген бұл жинақ кейін түрлі баспалардан шыққан, әлі күнге дейін үзбей басылып келе жатқан шығармаларына алтын бастау болды.
Төртіншіден, бүгінде барша жұрт жақсы білетін Мұраттың «Үш қиян» толғауы­ның алғашқы нұсқасы осы жинақта жарияланды. Ақын өлең­де­­рінің кейінгі басылымдарын әзір­легенде бұл кітаптағы «Үш қиян» да қайта сараланады.
Бесіншіден, бұл бірқатар қате­мен әрі жүйесіздеу шыққанына қара­мастан көне мұраны зерттеумен айналысатын әдебиеттанушы ғалымдар, ескі жазудың мамандары, шығыстанушылар кәсіби тұрғыдан сүзгіден өткізіп пайдаланатын ғылыми әрі рухани байлық болып саналады.
Алтыншыдан, көбіне ауызша жырланған шығармалардың жазбаша үлгімен қағаз бетіне көшіп, халыққа мол таралатын әрі тарихтың жадында жатталатын жәдігерлікке айналуы ақын мұрасының деректік сипатын айқындауға септігін тигізді.
Қорыта айтқанда, «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» атты жинақ еліміздің батыс өңірінің танымал жыр жампоздарының шығарма­ларын топтастырған әрі зар ­заман әдебиетінің белді өкілі Мұрат Мөңкеұлы өлеңдерінің таралуына алғаш жол ашқан аса бағалы құндылық екеніне дау жоқ.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.