Әлемдік кеңістікке жол ашады

Бүгінде елімізде латын әліпбиіне көшуге даярлық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар кезең-кезеңімен орындалуда. Жаңа әліпби дегеніміз – тілімізге жаңаша серпін беру деген сөз. Тіліміз көркейсе, елдігіміз де нығая түспек. Еліміздің әрбір өңірінде, аудан-аймақтарында латын әліпбиіне көшуге байланысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстары да жалғасып жатқаны анық. Осы орайда Атырау облысынан келіп түскен бір топ материал­дарды ұсынуды жөн көрдік. Оқырмандар жаңа әліпбиіміздің мәні мен маңызы жайында өз ойларын ортаға салып, тұшымды пікірлерін білдіріпті. 

Қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу. Бұл бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Президентіміз бұл туралы 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде және «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да айтқан болатын. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын жазуына көшудің нақты жолдарын белгілеп, тиісті шараларды қолға алу керек екенін жеткізді.

Бұл қазіргі заман талабы. Әрине, «біткен іске сыншы көп» дегендей, осы мәселеге байланысты айтылып жатқан пікірлер де әртүрлі. Бірақ еліміздің әрбір азаматы латын жазуына көшу әлемдік өркениетке жетудің басты жолы екенін білуге тиіс. Себебі латын қарпі – адамзаттың дамуындағы ең мықты жазудың бірі. Ол ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Тіл білімінің негізін қалаған ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Артық әріптері көп әліпби қолайсыз болады». Осы талапты ескере отырып, біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әрбір таңбаны, әрбір белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл мәселесінде, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. Ол өз сөзінде латын әліпбиіне көшу, ең алдымен, қазақ әліпбиі мен орфография ережелерін реформалауға бағытталғанын және сол арқылы тілдің фонетикасы мен графикасының сәйкестігі қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ең алдымен, тіл тазалығы мәселесі, қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі бодандық жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза казақ әліпбиін калыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Сондықтан да тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефондарымыздың өзінде латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақшаны тере алмай қиналып жататынымыз бар. Себебі латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең.Үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі толықтай латын әліпбиіне көшкен. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға қарыштап, өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Қуантарлығы бүгінде мектеп шәкірттері даярлық сынып, бастауыш сыныптардан-ақ ағылшынша үйренуде. Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Әлеуметтік желілерде де ағылшынша жазатын жастардың дені күннен-күнге артуда. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей көпшілік арасында кең таралып, ауқымы кеңейе түсетініне сенімдімін. Сондықтанда латын әліпбиіне көшуден қорқуға еш негіз жоқ деп ойлаймын. Егер біз қазір ештеңе жасамай жүре берсек, тіліміздің жай-күйі ертең не боларын дәл аңғармасақ та, төмендегідей сөйлемдер көбейе түсетініне көзіміз жетеді. Мысалы, «Институттағы физика-математика факультетінің студенттері онлайн-семинарға қатысты» деген сөйлемдегі өз сөзіміз бен өзгенің сөзін салыстырсақ, болашақтағы сөзіміз қалай боларына күдікпен қарар едік. Біздің тілімізді мұқатқысы келгендер де дәл осындай сөйлемдерді тауып алып, «көзге шұқып» жүргендері де рас. Бірақ қазақ тілінің бай сөздік қоры мен оның кез келген нәзік иірімдерді де дәл жеткізе алатын оралымдылығы мен мүмкіндігі мол екендігін қазақ тілді оқырманға дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен, сөйлемдеріміз дәл жоғарыда айтылған мысалдағыдай дәрежеге жете қоймаса да, тіліміздің болашағын ойламай жүре беруге де болмайтындығын көрсетеді. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері жөнінде зерттеу жүргізген ғалым Н.Уәли айтылған сөзді арнайы таңбалармен жазу мәселесін дыбыс – фонема – графема – әріп байланыстары арқылы түсіндіріп, инвариант – вариант тұрғысынан талдайды.
Сондықтан латын әліпбиіне көшу жұмыс­тарында дыбыс – фонема – графема – әріп байланыстарын терең ­тү­сінетін ғалымдар Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Қ.Күдеринова тәрізді фонолог маман­дардың сөзіне құлақ қойған жөн деп білеміз. Латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Сондықтан әліпби жобасын жасау ісінде латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалым Әлімхан Жүнісбек еңбектерінің маңызы зор деп білеміз. Қазіргі таңда Ә.Жүнісбек бастаған ғалымдар қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) латын графикасымен таңбалап, жаңа қазақ әліпбиін дайындап отыр. Бұған қоса, кірме сөздерді таңбалау үшін «в», «ф», «һ» әріптері де әліпбиге алынуы мүмкін. Себебі бұл әріптер 1938 жылы әліпбиімізге енгізгелі қазақ тілінде әбден орнығып, біздің еркімізден тыс 80 жылға жуық уақыт қазіргі сөйлеу тіліміздегі болып жатқан үдерістерді таңбалап жүр деген көзқарас бар. Сөйтіп, ғалымдар шамамен 31-32 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отырған сияқты. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, шамамен 10 таңбасы алынып тасталынатынан көрсетеді. Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген «щетка», «щи» деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен өзі жойылып кетеді екен. Сондықтан қазір Ә.Жүнісбек, Н.Уәли сияқты ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіріп қана қоймай, бұл жұмысты одан әрі қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру қажеттігін айтып отыр. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады.
Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа ­мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

Г.ҚАЙРЕДЕНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.