КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ШАҺАР

Елбасының тарихи шешімімен Түркістан қаласы облыс орталығы болып жария­ланғалы халықтың көңілі бір серпіліп қалды. Өйткені Түркістан – ұлттық санамыздың жаңғыруы. Түр­кістан – байтақ тарихымыз. Бұл орайда зиялы қауым өкілдері де өздерінің пікірлерін білдіріп, аймақты дамыту турасында ойларын ортаға салуда. Жаңа облысты аяғынан тік тұр­ғы­зып, өркендетуге жаңа идеялар мен тұжы­рымды ұсыныстардың керек екені рас.
Қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов Түркістан ұғымы күллі түркі дүниесіне ортақ рухани һәм қастерлі есім екенін айтады.

– Біріншіден, көнеден келе жатқан арысы түркі дүниесіне, берісі қазақ хандарына астана болған шаһардың кейінгі ұрпақ үшін, қазіргі еліміздің саяси ұстанымына айналған жаңғырудың іс жүзіндегі көрінісі үшін аса маңызы бар. Расын айтқанда, біздің рухани қайнарымыз – Түркістан. Егер бұл мекен қадірлі-қасиетті болмаса ұлтымыздың ұлылары Есім хан, Абылай ханнан бастап, бұл жерді өздеріне мәңгілік мекені ретінде таңдамас еді. Екіншіден, аталмыш шешімнің экономикалық та қажеттілігі бар. Түркістан өлкесі жылы райлы, адамдар өмір сүруге қолайлы. Сол себепті онда орта және шағын бизнесті дамыту арқылы елдің әл-ауқатын жақсартуға болады. Әрі қарай сабақтай айтсам, экономика жақсарса, халықтың демографиялық өсімі артады, тұрмысы жақсарады. Демек, бұл қазақ қоғамы үшін – экономикалық, саяси, рухани үшжақты пайдасы бар шешім, – дейді.
Ал кәсіпкер Әбілдәбек Жазылбек облыс орталығының Түркістанға көшірілуінен оң­түстік жұрты үлкен үміт күтетінін, өйткені шағын шаһар болашақта алып аймаққа айналарына сенімді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірде өндіріс көркейеді. Біршама жұмыс атқарылады, ел жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде экономикасы ілгері дамиды.
Кәсіпкердің айтуынша, аймақта турис­терге көрсететін дүниелер көп. Мысалы, бір жылда миллионға жуық турист келеді. Ал егер облыс орталығы болса, тіпті көп келеді. Сол арқылы облыстың экономикасын көтеруге болады. Жақында ғана миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашқан Шымкент шаһары экономикалық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ ретінде еліміздегі ең ірі үшінші мегаполис болып дами береді. Сонымен қатар Астана мен Алматы сияқты ірі қалалар санатына Шымкенттің де енуі алдағы уақытта оң өзгерістерге бастама болмақ. «Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайы жақсарып, инфрақұрылымдармен халықты қамтамасыз ету деңгейі көтеріледі деген сөз. Елбасы Шымкент тұтас Орталық Азия аймағына инвестициялар, технология­лар және интеллектуалдық ресурстарды тартатын жаңа орталық болатынын қадап айтты. Мегаполис салтанатына сай зәулім тұрғын үйлер, балабақша мен мектеп, ­аурухана көптеп салынатыны анық. Осының нәтижесінде Шымкент бұрынғысынан да көркейіп, қайта түлеп, жаңғыратыны сөзсіз» дейді Ә.Жазылбек.
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторанты Нұртас Смағұловтың пікірінше, Елбасының тікелей тапсырмасымен Қазақстан үкіметінің Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған шараларының салдарынан бүкіл оңтүстік аймақтың қарқынды экономикалық және мәдени дамуға бет алатыны айдан анық. 2018 жылдың 1 қыркүйегінде Парламенттің біріккен палаталарының отырысында ­Елбасы: «Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды» деген сөзінің саяси салмағы бар. Себебі жаңадан ашылған облыс орталығы Түркістан қаласының құрылысына шетелден оның ішінде құрылыс индустриясында орасан зор халықаралық тәжірибесі бар бауырлас Түркия республикасының инвесторлары атсалысады. Сонымен бірге Тәуелсіздік жылдарында құрылыс саласында жоғары нәтижеге жеткен отандық құрылыс компанияларына барынша мүмкіндік беріледі.
Енді бұл аймақта жаңа жұмыс орындары мен бірге өнеркәсіп орындары мен өндіріс ошақтары ашылады. Оңтүстік өңір – еліміздің халық тығыз қоныстанған аймақ. Халықтың еңбек жасауға деген құлшынысы жоғары. Жергілікті халықтың негізгі бөлігі ауылшаруашылыққа негізделген жұмыс орындарын және жеңіл өнеркәсіп орындарында жұмыс жасайды. Сауда-саттық пен ұсақ бизнес саласының даму динамикасы басқа өңірлерге қарағанда біршама алға кеткен. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын қолдауға бөлінетін субсидия мәселесінде осы облысқа ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Қазақстанның өзге өңірлері жылына бір рет қана егістік өнімдерін жинаса, Түркістан облысының жылына екі рет егістік өнімдерін жинауға мүмкіншілігі толық бар. Елордамыз Астана қаласымен бірге Қарағанды және солтүстік облыстарды ауылшаруашылық өнімдері мен жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге Түркістан облысының экономикалық мүмкіншілігі мен қуаты толық жетеді. Сонымен қоса Созақ ауданы аумағында мал шаруашылығын өркендетіп дамытуға мүмкіндік бар, – дейді Н.Смағұлов.
Ол, сондай-ақ туризм кластерін құрып, көршілес мемлекеттер мен Еуропа елдерін және Түркия, Ресейден туристерді көбірек тартуға болатынын, соған сай жергілікті жерлерде жұмыс орындарын ашуға да мүміндік жасалатынын тілге тиек етті.
«Нұр Отан» партиясының саяси жұмыс департаментінің директоры Данат Жумин Шымкент миллионер қала ретінде ресми жарияланып, республикалық маңызы бар қала атануы еліміз үшін де, облыс пен қала үшін де өте жақсы жаңалық екенін тілге тиек етті.
– Шымкент әкімдігі қазіргіден де қар­қынды даму үшін қажет мәртебеге ие болды. Себебі бұрын қаланы дамытуға байланысты жұмыстар облыстық әкімдікпен келісілетін. Ал бұған қосымша уақыт қажет. Барлық іс-әрекет қажет деңгейінде шешілмей, әр қадам облыс басшылығы арқылы шешіліп келді. Мысалы, қалалық жолаушылар көлігі бөлімінің жұмысын алайық. Қаладағы автобус бағыттарының жұмысын оңтайландыру үшін шаһардағы жолаушылар ағымын зерделемек болдыңыз дейік. Жауапты мамандар облыс әкімдігіне барып, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейтін. Бұрынғы ОҚО-ның жалпы ішкі өнімін алып қарар болсақ, оның көп бөлігі Шымкент қаласы мен Созақ ауданына тиесілі еді. Созақта уран өндіріледі. Ал басқа аудандардың облыс экономикасындағы үлесі өте аз. Шымкенттің облыстан бөлінуі нәтижесінде аудандардың дамуы өңір басшыларының басты мақсатына айналды. Яғни ол аудандар мегаполистің «көлеңкесінен» шықты. Түркістан, Сарыағаш және басқа да аудандардың дамуы қарқын алады, – дейді Д.Жумин.
Оның айтуынша, Қазақстанға көршілес ел Өзбекстанның экономикасы да дамып келеді. Шымкенттен 100 шақырым жерде – Ташкент орналасқан. Бұл, бір жағынан, мол мүмкіндіктер ашқанымен, екінші жағынан – біраз тәуекел туындауы мүмкін. Қазақстанның солтүстік аймақтарының тұрғындары Ресейдің дамыған өңірлерімен көрші өмір сүрудің қандай екенін жақсы біледі. Челябинск, Екатеринбург, Новосібір секілді қалаларға еліміздің Қостанай, ­Петропавл, Өскемен қалаларынан қаншама адамдар кетті. Егер Астана болмағанда, елден көшіп кеткендер саны одан да көп болар ма еді. Қазақстанның оңтүстігінде біз кем дегенде Ташкенткен кем түспейтін жағдай құрып, ал ең дұрысы, синергия құруымыз керек. Ал республикалық мәртебесі бар қала осы бағыттағы маңызды қадам болмақ.

Сұлтан ҚАЗЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.