ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Жуырда Алматы облысы Қаратал ауданының орталығы – Үштөбе қаласында белгілі қаламгер, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаев атындағы жаңа бақтың ашылу салтанаты өтті. Аталған шара ауданның 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Игілікті шара Кемел Тоқаев мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды.
– Біз қуанышты оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Бұл бақ көрнекті жазушы-журналист Кемел Тоқаевтың 90 жылдығына орай ашылды. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын жырлағандай, елге танымал тұлғаларымыздың есімін ардақтау – ортақ парызымыз. Бұл жерде балалар және спорт алаңы да қарастырылған. Сондықтан Кемел ағамыздың атындағы бақ қараталдықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп сенемін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов.
Мұнан соң Қаратал ауданы­ның Құрметті азаматы Қуандық Әбді­кәрімов, академик Еділ Ерғо­жин, ҚР Журналистер ода­ғы­ның мүшесі Мәкен Өсербаева сөз сөй­леп, қаламгер еңбегін бағалаған жұрт­шылыққа ризашылықтарын білдірді.
Тұлғаға құрмет – құптарлық өнеге. Мұның жас ұрпаққа әсері мол. Ел ертеңі – жас­тар ұлттың ар­дақты азаматтарының ел үшін тын­дырған ғибратты істерінен үлгі алу арқылы бойларына адамдықтың, адалдықтың, арлылықтың нәрін сіңдіре алатыны анық. Жақсы іс жалғасын тапқай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.