«Топжарған» үздігі атануға әркімнің мүмкіндігі бар

23 қыркүйектен бастап «Хабар» телеарнасында «Топжарған» музыкалық шоуы эфирге шықты. Аталмыш жоба бірінші күннен көрерменнің қызығушылығын оятып, әр жексенбі аудиторияны экран алдына жинауда. Жобаның басты ерекшелігі – әр шығарылымы финал. Яғни, өткен аптадағы үздік төрттік осы аптада түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл жобада Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, композитор Ренат Гайсин және рэпер Baller сынды кәсіби мамандар қазылық етеді. Аталған байқаудың ерекшеліктері туралы Роза Рымбаевмен аз-кем әңгімелестік.  

– Роза Қуанышқызы, жоба қатысушыларын бағалау кезінде неге мән бересіз? Қатысушының қандай қасиеттеріне назар аударасыз?
– Бірінші кезекте, әрине, музыкалық талғамы мен дауысы. Себебі бұл – әншінің вокалдық қабілетін анықтайтын байқау. Дауысымен қатар қатысушының бойында артистік таланты, көрерменді өзіне баурап алар қасиеті болса нұр үстіне нұр. Мінезді, білімді, музыкалық бағыты ерекше, әнді өзгелерге ұқсамайтындай етіп ұсына алатын қатысушыларды тыңдау да – бір ғанибет.
Сонымен қатар көрерменнің талғамы деген түсінік бар. Егер әділқазылар қатысушының дауысы, музыкалық және кәсіби біліміне көбірек назар аударса, көрермен артистік қабілетіне, тұлғаның ерекшелігіне қарайды. Сол себепті қазылар мен көрермен берген баға сәйкес келмей жатады.
Оның үстіне, дайындық барысында тамаша өнер көрсеткен адам, сахнада қобалжып, жақсы нәтиже көрсетпеуі де мүмкін. Сондықтан қатысушы өзгелермен терезесі тең болуы үшін тәжірибелі болғаны жақсы.
– Яғни қатысушыларға «Топжарған» сахнасында өнер көрсету үшін таланттан бөлек тәжірибе де керек пе?
– Тәжірибелі болмаса да, талантымен есте қаларлықтай жарқын болуы керек. Жоба барысында шеберлігін шыңдайды, репертуарын кеңейтіп, басқа қатысушылармен сайысқа түседі. Мұның өзі – үлкен тәжірибе. Талант, дауыс, талғамы болмаса бәрі бекер. Сонымен қатар әр бағдарлама сайын өзінің жаңа қырын көрсетуі, әмбебап болуы керек. Біздің мақсатымыз – кәсіби орындаушыны табу. Әділқазылар әсіресе осыған баса назар аударады. Музыкалық деңгейі төмен адам жеңімпаз бола алмайды. Сонымен қатар жеңген адамның біздің елімізді өзге мемлекеттерде танытатын басқа да халықаралық байқауларға қатысуы мүмкін ғой, сондықтан өзінің ойын жеткізе алатын сенімділік керек.
Қатысушылардың ән таңдауы ғана емес, әнді лайықты орындауы да маңызды. Таңдаған әнін қалай орындағанына, әнге жаңа тыныс бере білгеніне, өзінің дауыс ерекшелігіне сай ұсынғанына байланысты. Мысалы, джаз жанрында әнді әрлей білген Жеңіс Нұрғалиев өзін жақсы көрсете білді. Ол бізге бұрыннан таныс әнді басқаша ұсынды, сондықтан оның әнін тыңдау қызық болды.
– Қалай ойлайсыз, жоба қатысушыға не береді?
– Бірінші кезекте мыңдаған көрерменнің ықыласы. Жобаға қатысушылар – бірінен-бірі өткен мықтылар. Мұны көрермен бағалар деген ойдамын. Екінші жа­ғынан, бәлкім, жобадан кейін олар өз бағыты мен продю­сер табар. Сондай-ақ көптеген бағдарламаларға ша­қыру алып, жылдың жаңалығы болуы да ғажап емес.
– Қазақстанда вокалдық шоулар өте көп, «Топ­жарған­ның» ерекшелігі қандай?
– Иә, түрлі жобалар бар, бірақ біздің жобаның ерекшелігі – кәсіби қазылар мен көрермен қазылығының болуы. Қатысушылар кәсіби әділқазылармен бірге көрерменге де ұнау керек. Менің ойымша, бұл – әділ баға. Сонымен қатар әр шығарылым – финал, қатысушылар жобада қалу үшін барын салып күреседі. Ал жаңа келгендер финалдың үздік төрттігін ысырып, орнына таласады. Яғни байқаудың ішіндегі – байқау. Бұл қиын әрі қызық және сонысымен өзге байқаудан ерекшеленеді. «Топжарғанның» артықшылығы да осында. Менің ойымша, көрермен жаңа жұлдыздармен танысады. Әрине, кімнің жеңімпаз атанарын жобаның соңында білеміз. Егер әнші өз жолын тауып, сұранысқа ие болып жатса, жобаның мақсатына жеткені және біз лайықты әншіні таба білдік деп есептеуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ұлжалғас НАЯТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.