Өлеңі ән болып төгілген…

Белгілі ақын Абдрахман Асыл­бек 81 жасқа қараған ша­ғында өмірден өтті.
Ақын есімі хал­қымызға жақсы таныс. Үлкендерді айт­пағанда, мек­тептегі балалардың өзі жырларын жаттап өсті. Ол – жас жеткін­шек­терге арналған көптеген құнды кітап­тардың авторы.
Қаламгер есімін елге танытуда өлең­де­ріне жазылған тамаша әндердің де ықпалы зор болды. Абдрахман аға­мыз музыкаға мәтін жазудың үлкен шебері еді.
Ән дегенде алдымен «Жар-жар» аузымызға ілігеді. Үйленген жастардың тойлары бұл әнсіз өтпейді десек, ешқандай да артық айтқандық емес. Немесе сай-сүйегіңді сырқы­ратар «Желтоқсан желін» алайық. Мейрамбек шырқайтын «Бозтор­ғай» әні қандай! Жүрекке жетіп, көңілді шалқытар осы өшпес, өлмес дүниелердің сөзін жазған А.Асыл­бек болатын. Сазгер қауыммен тығыз байланыс орнатқан ақын үш жүзге жуық әннің өлеңін өмірге кел­тір­ді. Бұл әндер қазіргі таңда қазақ да­ласын шарлап жүр. Шарлай береді де…
Әбекең намысшыл да еді. Әсіресе қазақ тілінің бүгінгі халі қатты толғандыратын. «Қазір қазақ білім де алып, шетелге шығып та жүр. Бірақ соның «қазағым» дейтіні аз. Ұлттық, елдік намыс деген жетіспейді. Тіл, діл, жер – осы үш нәрсе ғой мем­лекетті, елді, ұлтты анықтайтын. Сондықтан менің оларды ойламауым мүмкін емес. Себебі тілім жойылып, сөзім сұйылып, кейінгі ұрпаққа жетпей жатса, ұрпағым өзіме жат боп кетсе, мен не үшін жазамын?» деп еді сұхбаттарының бірінде.
Ұлтының, жұртының қамын жеген ақын, азамат есімі ұмытылмайды. Туған елімен мәңгі жасай береді.

«Ана тілі» ұжымы

Салиқалы ойдың ақыны

Өнерді жанымен, ақындық жүрегімен сезіне білген Абдрахман Асылбектің өмірден өтуі қазақ халқына ауыр тиіп отыр.
Абдрахман Асылбек – әннің та­биғатының негізі мәтінде жат­қа­нын, мәтін арқылы композитор толғанатынын, оны жүрегінен өткізген кезде ғана әуен мен мәтін үй­лесім тауып, халықтың жүрегінен орын алатынын дәлелдеген ақын.
Қазақтың үйлену тойының «Жар-жарын» жаңа заманның үнінде, жаңа заманның тілінде жазған азамат ретінде тарихта қалды. Үйлену, үй болудың өзі – мәңгілік процесс. Той кеше де, бүгін де, болашақта да өте береді. Осы тойдың сәніне ай­налған «Жар-жар» шырқалған сайын ол ақынның жүрегі арқылы өтіп жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Мұндай бақытты ақын өз басынан өткізді.
Абдрахман Асылбек – кеңес өкіметінен бастап келе жатқан кәсіпқой ақын. Салиқалы ойдың ақыны. Менің алғашқы кітабымның бірі «Жазушы» баспасынан Абдрахман редактор болып жүрген кезінде шыққан еді. Сол кезде оның поэзияны жанымен түсінетінін сезіндім.
Адал адам еді. Жаны нәзік. Өз ортасын, өзінің ішкі мәдениетін сақтай білетін жан еді. Қос қанаты – кәсіпқой поэзиясымен қатар, ән өнерін бірге алып жүрген әдебиетіміздің тұлғасы еді. Бұл – ауыр қаза. Поэзияның үлкен қазасы. Отбасына, бауырларына, қазақ еліне қайғырып көңіл айтамын.

Шөмішбай Сариев

Атаққа қызықпады

Абдрахман аға өте сәбижан, таза адам болатын. Ағамыздың шығар­машы­лы­ғының көбі жас ұрпақ тәр­биесіне арналды, балаға арнап өлеңдер жазды. Бұл өзінің ұлтын, елін, жерін шын сүйіп, үлкен атақтарға құмартпай, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына алаңдаудың бір көрінісі деп білемін.
Абдрахман ағаның атағын сонша­лықты биік жерлерден көре алмаға­нымызбен, бүгінгі мектепте тәрбиеленіп жатқан ертеңгі түрлі қызмет тізгінін ұстай­тын өскелең ұрпақтың жүрегінде Абдрахман ағаның жырлары болады деп ойлаймын. Себебі 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі қазақ тіліндегі оқулықтарды қарап отыр­саңыз, Абдрахман Асылбектің өлеңі кірмеген оқулық жоқ.
Ал екінші бір еңбегі, өшпес дүниесі – 300-ге тарта әндерге мәтін жазуы. Біз Тәуелсіз ел болып, жаңа қалыптасып жатқан кезімізде елдің еңсесін көтеретін, отаншылдық, патриоттық рухтағы мәтіндер жазып, оларды әндерге лайықтап, керемет әншілердің орындауында халыққа жолдай білді. Абдрахман ағаның бұл саладағы жұмысы өте бір елеулі еңбек.
Ең соңғы, дүниеден өтер кездегі атқарған ең ірі еңбегі – Құранға тәпсір жазуы. Бұл – әркімнің батылы бара бермейтін нәрсе.
Ардақты ақын өмірде атақ қуған жоқ, биік мансапқа ұмтылған жоқ. Өзінің не істеу керегін анық біліп, сол мақсатпен ғана өмір сүрді.
Ағамыз иманды болсын деймін. Қымбат адам еді…

Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ

Өнердегі әкемдей еді

Абдрахман ағаның мінезі өте жұмсақ болатын, көп сөзге жоқ еді. Әнге өлең жазу, әуеннің бағын аша алатын, мазмұнына дәлме-дәл түсе салатын сөз жазу әр ақынның қолынан келе бермейді. Ол кісімен жұмыс істегеніме он сегіз жылдай болған екен. Шыны керек, басқа ақынға мойын бұра алмай қалғаным да рас. Менің авторлық әндерімнің 70-80 пайызының сөзі Абдрахман Асылбек ағамыздыкі екен. Ол кісі тек маған емес, Алтынбек Қоразбаев ағадан бастап, Бейбіт Оралұлының, Ренат Гайсиннің көптеген әндеріне, тағы да басқа әншілердің әндеріне мәтін жазып берді.
Одан бөлек, көптеген кітаптардың авторы. Балаларға арналған еңбегі орасан зор. Пушкин мен Крыловтың өлеңдерін дәлме-дәл аударды. Сол еңбектеріне төлемақы сұраған жоқ. Себебі тәуелсіз еді, ешкімге жалтақта­май­тын. Жазса, қаржы, табыс үшін жазған жоқ. Өзі сол еңбектерінен нәр алды, қуат алды. Дегенмен, Абдрахман ағаның еңбегі, өкінішке қарай, мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды дей алмаймыз. Өзінің авторлық қоғамнан түскен қаламақысымен ғұмыр кешті. Жазушылар одағында сексен жылдығын атап өтті. Кеше де сол ордадан ақтық сапарына аттанды…
Мен есімді енді жиып отырмын. Туған әкемді жоғалтқандай күйдемін. Мұншалықты тез айырылып қаламыз деп ойладық па…
Ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болсын!

Медеу АРЫНБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. samal

    Осындай қарапайым, өнегелі, тәрбие берер адамдар туралы көбірек жзазып тұрсаңыздар қандай керемет болар еді. Жастарымыз оқып бір түйін жасаса деген ойым бар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.