Әдебиетке адалдық

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде белгілі көркем әдебиет сыншысы, публицист Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті. Қаламгердің 50 жылдық мерейтойына орай өткізілген іс-шараға белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен оқырмандар қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Тө­ра­ға­сы­ның Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Аман­гелді Кеңшілікұлының кезінде Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев сияқты үлкен жазушыларымыз қалыптастырған дәстүрді жалғастырып келе жатқанына тоқталды. «Қазір қазақ әдебиетінде сыншылық жанры бұрынғы деңгейінен төмендеп кеткені жасырын емес. Бүгінгі мерейтой иесі солардың бірі екені даусыз. Оған қаламгердің «Сөз патшасы», «Рух жыры», ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шы­ғармашылығына арналған «Мәңгілік сәулесі» сияқты еңбек­тері айқын дәлел» деді М.Әшімбаев.
Бүгінгі уақытта әдеби сын жанрына қалам тербеушілердің қатары сиреп қалғанда Аман­гелді Кеңшілікұлының осы салаға қосқан үлесі мол.
«Әдебиет сыны – автор туралы жазу емес, автордың шығармасының мәтінін талдап-талқылау, зерделеу. Бұл үшін білім керек. Амангелдінің сыны – интеллектуалдық сын, мәтіннен жоғары тұрып сөй­лей­тін сын. Ол әдебиет теориясымен қаруланған. Проза мен поэзияға жақын. Ол – жаңа заманның сыншысы. Мен соған қуанамын» деді «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы.
Жиында мерейтой иесінің әкесі, қазақтың белгілі ақыны Кеңшілік Мырзабеков туралы естеліктер де айтылды. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушылар Төлен Әбдік пен Қажығали Мұханбетқалиұлы бастаған қаламгерлер өздерінің ақжарма тілектерін арнады. Белгілі өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашып, кештің ажарын айшықтай түсті.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.