Қалыптасқан терминдерді өзгерту қажет пе?

Қазақ тілінің ұлттық терминологиялық жүйесін жасау, қалыптастыру, тұрақтандыру мәселелері – қоғамдағы мәдени-әлеуметтік жағдайлардың және ғылым-білімнің дамуымен тығыз байланыста болатын аса маңызды мәселе. Тіл саласында, оның ішінде терминология саласында талқыға салып, ақылдасып, шешімін табуы тиіс түйткілді мәселелер жетерлік. Оны бір отырыстың немесе жиынның аясында түгел қамту мүмкін емес.
Қандай да тіл болмасын, сол тілдің терминдік жүйесін жасау – ғылым мен білімді сол тілде жазып-жасаудың, оқыту және дамыту істеріне алдын ала дайындықпен, тұрақты түрде кірісудің негізі, бастауы десек болады.

Еліміздегі терминологиялық жұмыстардың басым бөлігі – салалық терминология мәселелері болып табылады. Салалық терминологияны дұрыс қалыптастыру үшін әрбір саланы жеке-жеке алып, оның терминдерін жан-жақты қарастыру керек екендігі белгілі. Ал салалық терминді жасау, түзу немесе бір тілден екінші бір тілге аудару сол саланың атау-түсініктерін дұрыс анықтап, іріктей білуден басталады. Сондықтан нақты саланың өзіне ғана тән төл және негізгі түсініктері, оның әртүрлі өндірістік жұмыстары барысында жиі қолданылатын атаулары ғана таңдалып алынуы шарт. Былайша айтқанда, әр салалық сөздік сол салаға ғана қатысты, сол саланы танып-білуге негіз болатын атаулар жүйесін толық қамтуы керек. Бүгінгі таңдағы қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту, оның мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыру істерінің бір тетігі осы терминдік жүйеде жатса керек-ті.
Тәуелсіздігімізді алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бергі уақытта термин түзу ісі айырықша қарқынмен жүргізілді деу­ге негіз бар. Бұрындары аударылмай келген көптеген терминдер қазақ тілінде сәтті баламаларын тапты. Жеке-жеке ғылым салалары бойынша жарық көріп жатқан сөздіктермен қатар, 2000 жылы «Рауан» баспасынан 31 томдық сөздік шықты. Ғылыми басылымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әртүрлі жиын­дар мен конференцияларда, семинарларда, дөңгелек үстелдерде және т.б. термин мәселесі қазір де жан-жақты талқылануда.
Осы ретте еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының білікті де білімді, тәжірибелі сала маман-ғалымдарының басын қосып, әрбір салалық терминдерді барынша қамтып, ұлттық үлгіде беруге тырысушылық байқалған 30 томдық сөздікті құрастыру барысы жөнінде айта кеткен жөн болар. Үш жылға созылған сөздік құрастыру жұмысының басы-қасында болғандықтан, ол кезде қаншалықты қиын да күрделі әрі жауапты іс атқарылғандығын қазір айту оңай. Академик А.Құсайынов жетекшілік жасаған бұл науқанды іске сала мамандарымен қатар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бір топ қызметкері де атсалысты. Осы жұмыс барысында қандай да сала болмасын, белгілі бір терминнің қазақша баламасын дөп басып, дәл беру үшін қаншама уақыт, күш-жігер, тіпті бір-екі күнге созылып кететін отырыс жайын айтсақ та жеткілікті. Басты мақсат – терминдерді мүмкіндігінше қазақ сөзімен, қазақ тілінің құралдарымен жасау және нақты салаға қатысты ұлттық ұғым-түсініктерді де беру болды. Мұны тәптіштеп айтып отырған себебіміз – сондай қажырлы еңбектердің нәтижесі ретінде қабылданған, біртұтас ғалымдар қауымы көз майын сарқып жасаған кейбір терминдерге, атауларға деген қазіргі кезде екіұдай пікірдің қалыптасуы. Бұл ретте, мәселен, музей – мұражай, архив – мұрағат, процесс – үдеріс, процент – пайыз, тенденция – үрдіс, композитор – сазгер, пианино – күйсандық және т.б. атауға болады.
Әрине, кез келген істің мүлтіксіз атқа­рылуы мүмкін емес, жетіспейтін жақ­тары, кемшіліктері болады. Дегенмен, сонау А.Байтұрсынұлы бастаған кезеңдерді айтпа­ған­ның өзінде, кейінгі тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық терминологияға қатысты еңбектерді, онда жасалған тың тұжырымдарды, терминдерді қазақ тіліне аударып, бекітіп, біріздендіруге, қазақ тілінде салалық құжаттарды, стандарттарды әзірлеуге қатысты жұмыстарды, салалық сөздіктерді, тіпті жекелеген авторлардың ұсынысымен қолданысқа сәтті еніп, тұрақтанып кеткен термин-атауларды біз ерен еңбектің жемісі, ерік-жігердің нәтижесі, ұлтжандылықтың бірден-бір нышаны ретінде қабылдауымыз керек. Терминдерді жарлық-қаулылардың күшімен қолданысқа енгізіп, тұрақтандыру мүмкін емес. Ол уақыттың еншісінде. Уақыт өте келе, сәтті терминдер жігі білінбей, өз-өзінен қолданылып кете береді. Ал сәтсіз дегендері, синониммен берілетіндер екшеліп келіп, белсенді қолданылатын біреуіне тоқтайды. Бүгінгі таңда тұрақтанып, халықтың құлағына сіңісті болып кеткен терминдерімізді қайта өзгертіп, «бұл олай емес, былай болуы керек» деуіміз көңілге қона ма? Қалай болғанда да, отыз жылға жуық уақыт аралығында іске асырылған қыруар еңбектің жетістіктерін жоққа шығармағанымыз жөн. Өйткені терминжасамның бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелері аз емес. Өкінішке қарай, терминология мәселесі мемлекеттік деңгейде қаншалықты өзекті болса да, А.Байтұрсынұлы Тіл білімі институты, оның ішінде Терминология бөлімі тарапынан ұсынылатын жобаларға әзірше жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр, яғни гранттық қаржыландыруға ілінбей келеді. Ол жобалар елеп-ескерілсе, бірқатар түйткілді мәселелер сөзсіз шешімін тауып қалар еді.
Жалпы, ел алдындағы ең басты мәселе – латын графикалы ұлттық әліпбиімізді жасап, оңтайландырып алу. Оның сыртында қаншама ереже-заңдылықтарды тыңнан негіздеу, жаңадан жасау, оқулықтар, оқу құралдарын жазу, кірме терминдерді беру мәселесі және т.б. сияқты қыруар шаруалар кезек күтіп тұр. Міне, бар күш-жігерді, жер-жерлердегі адами күштерді осы бағыттарға жұмылдыру қажет деп ойлаймыз.

Нағима ӘШІМБАЕВА
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.